«Белсенді азаматтық ұстаным»Farabi University

«Белсенді азаматтық ұстаным»

5 қараша, 2025

 

2025 жылдың 5 қарашасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Дінтану мамандығының 1-курс студенттері эдвайзер С.М. Каупенбаева және пән оқытушысы Н. Мұқанның бастамасымен белсенді азаматтық ұстаным танытып, Тұрақты дамудың 1-ші мақсаты – «Кедейлікті жою» қағидаттарын қолдау аясында әлеуметтік тұрғыдан осал, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасына қайырымдылық көмек көрсетті.

Іс-шараның мақсаты – Тұрақты дамудың 1-ші мақсаты «Кедейлікті жою» аясында әлеуметтік осал және табысы төмен отбасыларға нақты қолдау көрсету, олардың базалық қажеттіліктерін қанағаттандыруға үлес қосу, студенттер арасында әлеуметтік жауапкершілік пен қайырымдылық мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ жастардың белсенді азаматтық ұстанымын нығайту.

Аталған бастама табысы төмен және өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға нақты материалдық қолдау көрсету арқылы кедейліктің салдарын жеңілдетуге, олардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталды. Студенттер отбасының күнделікті тұрмыстық қажеттіліктерін ескере отырып, алғашқы қажеттіліктегі азық-түлік пен тұрмыстық тауарларды сатып алып, мақсатты әрі нәтижелі көмек көрсетті.

Отбасы мүшелері көрсетілген жанашырлықты шынайы ризашылықпен қабылдап, анасы мен баласы студенттерді ерекше жылылықпен қарсы алды. Студенттердің баламен еркін қарым-қатынас орнатып, көңіл көтеруі тек материалдық емес, сонымен қатар моральдық-психологиялық қолдау көрсетудің де маңызын айқындады. Бұл қамқорлық отбасының қоғамнан оқшауланбай, әлеуметтік қолдауға ие екендігін сезінуіне ықпал етті.

Аталған іс-шара халықтың әлеуметтік осал топтарының негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз етуге, кедейлік тәуекелінде өмір сүріп отырған отбасыларға қолдау көрсетуге және әлеуметтік әділеттілік қағидатын нығайтуға үлес қосты. Сонымен қатар, мұндай бастамалар студент жастардың мейірімділік, әлеуметтік жауапкершілік және азаматтық белсенділік сияқты құндылықтарын қалыптастырып, кедейлікті жою жолындағы қоғамдық ынтымақтастықтың маңызын көрсетеді.