Сапалы білім – тұрақты дамудың негізі
Іс-шара Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) 4-мақсаты – «Сапалы білім» аясында ұйымдастырылды. «Сапалы білім — тұрақты дамудың негізі» атты кәсіптік бағдар беру іс-шарасы 2025 жылғы 25 желтоқсанда офлайн форматта өтті. Іс-шараның серіктесі Алматы қаласының №203 жалпы білім беретін мектебі болды. Негізгі мақсат – оқушыларға болашақ мамандықты саналы таңдауға бағытталған кәсіптік бағдар беру.

Іс-шара барысында «Болашақ мамандықты таңдау – жарқын болашақ кепілі» тақырыбы аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің білім беру бағдарламалары таныстырылды. Оқушыларға қазіргі және болашақтағы сұранысқа ие мамандықтар, ҚазҰУ-ға мемлекеттік грантқа түсу талаптары, грант түрлері мен оқу барысындағы жеңілдіктер туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сонымен қатар химия және химиялық технология факультетінің отандық және шетелдік оқытушы-профессорлық құрамы, білім беру бағдарламаларының маңыздылығы мен мүмкіндіктері, студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуына жасалған жағдайлар фото және бейнеэкскурсиялар арқылы көрсетілді. Факультет зертханалары, заманауи құрал-жабдықтар, студенттердің ғылыми жетістіктері мен студенттік өзін-өзі басқару мүмкіндіктері туралы кеңінен баяндалды. Халықаралық ынтымақтастық аясында академиялық ұтқырлық бағдарламалары арқылы жақын және алыс шетелдерде білім алу жолдары таныстырылып, химия және химиялық технология факультетінің түлектерінің болашақ жұмыс орындары мен өндіріс орындарымен байланысы көрсетілді. Білім беру бағдарламалары жөніндегі ақпарат мұғалімдер арқылы оқушылардың ата-аналарына да жеткізілді.
Іс-шараға Алматы қаласының №203 жалпы білім беретін мектебінің 11-сынып оқушылары мен мұғалімдері – 21 адам, сондай-ақ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аналитикалық, коллоидтық химия және сирек элементтер технологиясы кафедрасының доценттері М.Ж. Керимкулова мен А.О. Адильбекова қатысты.

Іс-шараның нәтижесі мен тиімділігі жалпы білім беретін мектептің оқушылары, мұғалімдері және ата-аналары үшін болашақ мамандықты таңдауда маңызды ақпарат көзі болғандығымен айқындалды. Оқушылар ҰБТ-ға арналған бейіндік пәндердің комбинациялары, сол комбинациялар арқылы таңдауға болатын білім беру бағдарламаларының саны мен түрлері, оқу процесі және болашақтағы мүмкіндіктер туралы көптеген сұрақтар қойып, үлкен қызығушылық танытты. Бейіндік пәндер комбинациясы бірнеше мамандықты таңдауға мүмкіндік беретін жағдайда, алынған ақпарат негізінде оқушылар саналы әрі жауапты шешім қабылдай алады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік гранттарды тиімді пайдалану сапасын арттырып, ел болашағы үшін білікті маман даярлауға ықпал етеді. Тұрақты даму мақсаты – сапалы білім беру және сапалы маман даярлау бағытын күшейте отырып, бүгінгі саналы таңдаған оқушының ертең ел болашағына қызмет ететін сапалы маман болып қалыптасуына негіз қалайды.
Басқа жаңалықтар