Заң мен тәртіп — әділетті қоғамның негізі: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да құқықтық мәдениет мәселелері талқыландыFarabi University

Заң мен тәртіп — әділетті қоғамның негізі: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да құқықтық мәдениет мәселелері талқыланды

5 қараша, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультетінде БҰҰ-ның «Сапалы білім беру» (ТДМ №4) мақсаты аясында маңызды онлайн іс-шара өтті. 2025 жылғы 5 қарашада Құлжанова Ару Райханқызының жетекшілігімен ұйымдастырылған «Заң және тәртіп — әділетті қоғамның негізі» тақырыбындағы кураторлық сағат студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыруға және олардың бойында азаматтық жауапкершілік сезімін қалыптастыруға бағытталды. Жиын барысында құқық үстемдігінің мемлекеттік даму мен қоғамдық тұрақтылықтағы шешуші рөлі, заңды сақтаудың маңыздылығы мен азаматтық белсенділік мәселелері терең талқыланды.

Студенттер шынайы өмірден мысалдар келтіре отырып, сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтың алдын алу жолдарын қарастырды. Іс-шара жетекшісі Құлжанова Ару Райханқызының бастамасымен ұйымдастырылған «Әділеттілік үшін заңды бұзуға бола ма?» атты пікірталаста қатысушылар екі топқа бөлініп, өз ұстанымдарын дәлелдермен қорғап шықты. Бір тарап заңды қоғам тұрақтылығының мызғымас кепілі ретінде қарастырса, екінші тарап моральдық дилеммалар мен ар-ұждан мәселесіндегі ерекше жағдайларға талдау жасады. Мұндай формат студенттердің сыни ойлау, дәлелді сөйлеу және пікір алмасу дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді.

Бұл бастама университеттің халықаралық деңгейдегі беделі мен THE Impact Rankings рейтингіндегі позициясын нығайтуға тікелей ықпал етеді. Құқықтық сауаттылығы жоғары, әділетті қоғам құруға дайын бәсекеге қабілетті мамандар даярлау университеттің ғылыми әлеуетін арттырып, қоғамдық сенімді нығайтады. Осындай іс-шаралар талантты жастар мен білікті профессорларды тарта отырып, университеттің экономикалық тұрақтылығы мен серіктестік байланыстарының кеңеюіне негіз болады.