Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі
ҚР ҒЖБМ Ғылым комитеті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Қазақстан гуманитарлық-саяси конъюнктура орталығы
2026 жылғы 23 қаңтар күні сағат 11:00-де «Азаматтық қоғамның саяси мәдениетінің эволюциясы, трендтері мен перспективалары: Қазақстан және шетел тәжірибесі» тақырыбында Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция «Қазақстандағы әлеуметтік-саяси процестер (1980-2020): демократияландыру тәжірибесі және Әділетті мемлекеттің қалыптасуы» тақырыбындағы ғылыми-зерттеу бағдарламасын іске асыру шеңберінде (ҚР ҒЖБМ ҒК бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру) ұйымдастырылады.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның мақсаты – 1980-2020 жылдардағы Қазақстанның әлеуметтік-саяси трансформациясын зерттеудің нәтижелері мен өзекті зерттеушілік тәсілдерін талқылау, демократияландыру, саяси мәдениеттің эволюциясы, азаматтық қоғам институттарының дамуы және Жаңа Қазақстан (Әділетті Қазақстан) идеялары контекстінде «Әділетті мемлекет» тұжырымдамасының қалыптасуын сараптау.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция тақырыптарының негізгі ғылыми бағыттары:
1. Қазақстандағы әлеуметтік-саяси үдерістерді 1980-2020 жж. динамикасында тарихи-саясаттанулық талдау.
2. Трансформация жағдайындағы саяси мәдениет пен қоғамның құндылықтық бағдарларының эволюциясы: сенім, қатысу, ынтымақ, легитимділік, азаматтық жауапкершілік.
3. Саяси мәдениеттің әлеуметтік-саяси процестердегі және қоғамды демократияландырудағы рөлі.
4. Қазіргі әлемдегі саяси мәдениет модельдерін салыстырмалы талдау.
5. Азаматтық қоғам институттары: ҮЕҰ, қоғамдық бірлестіктер, кәсіподақтар, бастамашыл топтар – даму және орнықтылық тетіктері.
6. Саяси партиялар және партиялық жүйе: өзгерістер, бәсекелестік, мүдделерді өкілдік ету, қоғам және мемлекетпен өзара іс-қимыл.
7. Мемлекет және қоғам: өзара әрекеттесу модельдері, жария саясат, басқарушылық реформалар және олардың демократияландыру мен әлеуметтік әділеттілікке ықпалы.
8. Жастардың саяси белсенділігі және азаматтық тәрбие: «Адал азамат» тұжырымдамасы, жастар саясаты, жастардың қоғамдық ұйымдар мен саяси үдерістерге қатысуы.
9. Ұлттық бірегейлік және символдық саясат: естелік даталар мен қоғамдық рәсімдердің, соның ішінде Республика күні мерекесінің саяси топтасу мен азаматтық өзіндік сананы нығайтудағы рөлі.
10. Жаңа Қазақстан – Әділетті Қазақстан аналитикалық тұғырнама ретінде: реформаларды қайта пайымдау, қоғамдық күтулер және демократия мен әділетті қоғамды одан әрі дамыту перспективалары.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның жұмыс тілдері: қазақ, орыс, ағылшын.
Баяндама мәтіндерін 2026 жылғы 15 қаңтарға дейін өткізу қажет. Баяндама мәтінінің көлемі 6 беттен аспауы тиіс. Конференциядан кейін халықаралық ғылыми конференция материалдарын жинақ түрінде басып шығару көзделіп отыр.
Материалдарды төмендегі электронды поштаға жіберу керек: markhabat-nur@mail.ru, gpcenter2007@gmail.com
Жауапты тұлға: Нуров Мархаббат Мешитбекович, тел.: +77052907789
Мақала талаптары: Мақала мәтіні MS Word бағдарламасында теріледі, Times New Roman қарпі, 14 кегль, 1 интервалдан кейін, тасымалданбай, ені бойынша туралау. Жиектері: барлығы - 2 см, азат жол - 1,25. Мәтіндегі бөлімдерді қалың және курсивпен, астын сызып жазуға болмайды.
Мақаланың басында тақырыпты және автор/авторлар туралы мәліметтер (ғылыми дәрежесі, ғылыми атағы, лауазымы, жұмыс орны, электрондық поштасы). Төменде 1 интервалдан кейін 14 шрифтпен баяндаманың тақырыбы қазақ және орыс тілдерінде көрсетіледі.
Әдеби дереккөздерге сілтемелер [1, б. 15] тура жақшаның ішінде көрсетілгендей сандармен беріледі. Әдебиеттер тізімі негізгі мәтіннен кейін беріледі. Файл doc немесе docx пішімінде сақталады. Файл атауы автордың тегі бойынша беріледі. Мысалы, Айдаров.doc.
Тіркеу: 10:00- 10.50. Конференцияның жұмысы: 11:00 – 17:00
Өтетін орны: Алматы қ., Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасы, Әл-Фараби даңғ., 71/27, 409-конференц-зал.