Huawei компаниясы Huawei Annual Awarding Ceremony аясында жыл қорытындыларын шығардыFarabi University

Huawei компаниясы Huawei Annual Awarding Ceremony аясында жыл қорытындыларын шығарды

5 қаңтар, 2026

Huawei компаниясы жыл сайынғы Huawei Annual Awarding Ceremony салтанатты рәсімін өткізді. Аталған іс-шара Қазақстанның 48 жоғары оқу орнынан келген өкілдерді біріктірді, олардың базасында Huawei ICT академиялары табысты жұмыс істеп келеді. Шара жыл қорытындыларын шығару, үздік академияларды, оқытушылар мен студенттерді марапаттау, сондай-ақ елдегі АКТ-білім беруді дамытудың болашақ бағыттарын талқылау үшін маңызды алаңға айналды.

Салтанатты рәсімнің құрметті қонақтары қатарында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Ринатовна Щеглова, «Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы Арман Айтуғанұлы Ашкин, сондай-ақ Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары мен проректорлары болды.

Іс-шараның салтанатты бөлімінде Динара Щеглова Huawei компаниясына студенттердің жасанды интеллект саласындағы құзыреттерін дамытуға бағытталған AI-SANA ұлттық білім беру бастамасын іске асыруға қосқан елеулі үлесі үшін алғыс хаттар табыстады. Осы бастама аясында Huawei жасанды интеллект бойынша үш курсты локализациялап, оларды қазақ тіліне аударып, Huawei Talent Online платформасында тегін оқуға қолжетімді етті.

Салтанатты рәсімнің басты оқиғаларының бірі Huawei ICT Competition 2025–2026 ұлттық финалының қатысушыларын марапаттау болды. Студенттер Network, Cloud және Computing бағыттары бойынша бақ сынап, заманауи цифрлық технологиялармен жұмыс істеудегі жоғары практикалық дағдыларын көрсетті. Cloud бағыты бойынша жеңімпаздар — Ziani Louay, Мереке Нұрай (КБТУ) және Арайлым Амангелдіқызы (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) атанып, қазақстандық студенттердің жоғары деңгейде дайындалғанын дәлелдеді.

Сонымен қатар Ашимов Ескендір Қалмұхамбетұлы студенттерді даярлаудың жоғары деңгейі, Huawei курстарын білім беру үдерісіне тиімді енгізуі және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де АКТ бағыттарын белсенді ілгерілеткені үшін Instructor of the Year номинациясы бойынша ерекше марапатқа ие болды.

Жыл қорытындысы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті үздік университеттер қатарына еніп, Best Performed University 2025 беделді марапатына ие болып, АКТ-білім беру және халықаралық ынтымақтастық саласындағы көшбасшылық позициясын тағы да растады.