ТДМ 5 «Гендерлік теңдік»Farabi University

ТДМ 5 «Гендерлік теңдік»

15 желтоқсан, 2025

БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 5-мақсаты – «Гендерлік теңдік» аясында және гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы бағытталған жаһандық «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 белсенді күн» халықаралық кампаниясын қолдау мақсатында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультеті, мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасы 1-курс студенттерімен speaking talk форматындағы тәрбиелік-танымдық кездесу ұйымдастырды.

Іс-шара кафедра меңгерушісі, профессор міндетін атқарушы Усеинова К.Р. мен PhD докторы Абдуллина С.Х. жетекшілігімен өткізілді. Кездесуге арнайы шақырылған спикер ретінде Алматы қаласының Дағдарыс орталығының өкілі қатысып, студенттерге гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу, құрбандарға көрсетілетін құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек тетіктері туралы жан-жақты ақпарат берді.

Кездесу барысында гендерлік теңдіктің құқықтық және әлеуметтік маңызы, адам құқықтарын қорғау мәселелері, тұрмыстық және психологиялық зорлық-зомбылықтың түрлері, сондай-ақ қоғамда зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастырудың өзектілігі кеңінен талқыланды. Студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты өмірлік жағдайлар бойынша пікір алмасуға мүмкіндік алды.

Мұндай форматтағы ашық диалогтар жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға, сондай-ақ болашақ заңгерлердің кәсіби және адами құндылықтарын нығайтуға бағытталған маңызды алаң болып табылады. Іс-шараға қатысушылар гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күресте әрбір азаматтың белсенді ұстанымы мен саналы көзқарасының маңыздылығын ерекше атап өтті.

Аталған бастама университет қабырғасында «Саналы ұрпақ» құндылықтарын ілгерілетуге, қауіпсіз және әділетті қоғам құруға үлес қосып, Қазақстан Республикасында БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру жолындағы жүйелі жұмыстардың бір бөлігі болып табылады.

ЦУР5 #ГендерлікТеңдік #16БелсендіКүн #StopGenderViolence #КазНУ #ЗаңФакультеті #СаналыҰрпақ

"Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық" кафедрасы