Әдебиеттанудағы жаңа тенденциялар және халықаралық тағылымдама тәжірибесі
Адам дамыған сайын әдебиеттің өнер және әдебиеттанудың ғылым ретінде жүгі ауырлайды. Себебі, әдебиеттің негізгі обьектісі – адам. Бүгінгі оқырманның жан дүниесі, санасы, дүниеге көзқарасы, құбылыстар мен жаратылысқа деген сезімі мен әсері, көңіл-күйі, құндылықтары өзгерді, әртүрленді, күрделенді. Бұл үрдісті жазу және зерттеу маңызы күн сайын артуда. Аталған мәселені негізге алсақ, бүгінгі әлемдік әдебиеттану ғылымында қазақ әдебиеттану ғылымының орны айқын болуы керек. Әлемдік толқынға ілесе алу маңызы алға шығады. Себебі, әдебиеттану ғылымындағы зерттеу обьектілері, әдістер мен тәсілдер, пәнаралық байланыстарда үлкен өзгерістер болып жатыр. Осы жаңа тенденцияларға ілесу – жас әдебиеттанушыларға жаңа тәжиірбелерді игеру, шетелдік тағылымдамалардан өту, жаңа материалдарға қол жеткізу қажеттілігін туғызады.

Филология факультетінің қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының «8D02304 – Әдебиеттану» білім беру бағдарламасы бойынша 2-курс докторанттары Елдос Екпін, Тойбазар Аяжан, Алмасханқызы Арайлым, Тұрдәлі Талғат 2025 жылдың 03 қарашасы мен 02 желтоқсан аралығында Ұлыбританияның Престон қаласында орналасқан Орталық Ланкашир университетінде (University of Central Lancashire) ғылыми-зерттеу тағылымдамасынан өттік.
Ғылым жолындағы әрбір маңызды қадамның артында үнсіз бағыт беріп, тағдырлы сәттерде демеу бола білген тұлға тұрады. Кейде бір адамның ақыл-парасаты мен жанашырлығы талай жас зерттеушінің ғылыми тағдырын айқындап, тұтас бір бағыттың дамуына серпін береді. Осындай үлкен істің бастауында тұрған тұлғалардың бірі – филология ғылымдарының докторы, профессор Темірболат Алуа Берікбайқызы.

Осы үрдістің жүйелі әрі нәтижелі өтуінде профессор Алуа Берікбайқызының ғылыми көрегендігі, ұйымдастырушылық қабілеті мен шәкірттеріне деген ерекше жауапкершілігі айқын көрінді. Ұстаздың ұйымдастыруы, кеңесі, бағыт-бағдары арқылы біз үлкен дайындықпен, толы жігермен, жақсы көңілмен тағылымдаманы бастадық.
Ғылыми-зерттеу тағылымдамасының негізгі мақсаты – диссертациялық жұмысымыздың тақырыбына сәйкес халықаралық ғылыми тәжірибені меңгеру, заманауи әдебиеттану теорияларымен терең танысу және шетелдік ғылыми ортада зерттеу жүргізу дағдыларын жетілдіру болды. Тағылымдама аясында зерттеу тақырыптарымыз бойынша жүйелі жұмыстар атқарылды.
Тағылымдама бағдарламасына сәйкес университеттің орталық кітапхансында ғылыми ізденіс жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, төмендегі бағыттар бойынша ғылыми материалдар жинақталып, талданды:
Классикалық және заманауи зерттеулер қарастырылып, поэзиядағы интертекстуалдық байланыстарды талдауға арналған теориялық база кеңейтілді;
Қазіргі қазақ және ағылшын әдебиетін (поэзия мен проза үлгілерін) салыстырмалы әдебиеттану тұрғысынан қарастыруға қатысты еңбектер зерделенді;
Қазіргі поэзиядағы көркемдік трансформация, жанрлық гибридтілік, поэтикалық тілдің жаңаруы мәселелеріне арналған ғылыми мақалалар мен монографиялар оқылды.
Зерттеу жұмыстарымен қатар, аталған университет профессорларының курстарынан өттік. Бізді қызықтырған дәрістердің қатарына, герменевтиканың бір бағыты рецептивтік эстетика болды. Бұл қазіргі әдебиеттану ғылымында, соның ішінде батыс әдебиетінің сыны мен әдебиеттануында пайда болған заманауи бағыт. Бұл бағыттың түп негізінде – өнер туындысы тек көркем мәтін мен оқырманның өзара әрекеттесуі барысында ғана қалыптасады деген идея жатыр. Бұл құбылысты зерттеудің мақсаты – қоғамда қалыптасқан құндылықтардың уақытпен қалай өзгеретінін, қайсысы сақталып, қайсысы жаңаратынын байқау.
Осы аталған әдеби үрдістерге байланысты шетелдік оқытушылардан дәріс тыңдау, оларды талдау, сондай-ақ теориялық және тәжірибелік зерттеулер жүргізу біз үшін аса маңызды. Сонымен қатар, Scopus деректер базасында индекстелетін халықаралық ғылыми журналға мақала әзірлеу мақсатында заманауи ғылыми мақалаларға талдау жасалып, зерттеу тақырыптарымызға қатысты теориялық және әдіснамалық ұстанымдар айқындалды.
Тағылымдама барысында оқытушылар мен студенттер қатысқан ғылыми кездесулерге, пікірталастарға қатысып, халықаралық академиялық ортадағы ғылыми коммуникация тәжірибесі меңгерілді.
Ғылыми-зерттеу тағылымдамасы барысында төмендегідей нақты нәтижелерге қол жеткізілді: диссертациялық зерттеулерімізге қажетті өзекті ғылыми дереккөздер мен теориялық материалдар жинақталды; қазіргі әдебиеттанудағы батыстық ғылыми бағыттар мен әдістер терең меңгерілді; ғылыми-зерттеу және академиялық жазылым бойынша кәсіби тәжірибеміз кеңейді; шетелдік ғалымдармен және жас зерттеушілермен ғылыми байланыстар орнатылды; халықаралық ғылыми ортада зерттеу нәтижелерін таныстыру және қорғау дағдымыз артты.
Жалпы алғанда, ғылыми-зерттеу тағылымдамасы барысында жинақталған материалдар мен алынған тәжірибе диссертациялық зерттеу жұмысымыздың ғылыми деңгейін арттырып, оны сәтті аяқтауға берік негіз болады деп есептейміз. Тағылымдама нәтижелері алдағы уақытта ғылыми мақалалар жариялауға және диссертациялық жұмыстың теориялық-әдіснамалық бөлімін тереңдетуге мүмкіндік береді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының «8D02304 – Әдебиеттану» білім беру бағдарламасының 2-курс докторанттары Тойбазар Аяжан, Елдос Екпін, Алмасханқызы Арайлым, Тұрдәлі Талғат.