- Басты бет
- Жаңалықтар
- Ұлттық құрылтайда Арал теңізінің тағдыры көтерілді: Президент жаһандық экологиялық қауіпке назар аударды
Ұлттық құрылтайда Арал теңізінің тағдыры көтерілді: Президент жаһандық экологиялық қауіпке назар аударды
Қызылорда қаласында өтіп жатқан V-ші Ұлттық құрылтай барысында Қазақстан Президенті Қ. Тоқаев әлемдік ауқымдағы экологиялық апатқа айналған Арал теңізінің тағдырына арнайы тоқталып, оның жаһандық ауқымдағы өзектілігін атап өтті. Мемлекет басшысы Аралдың хал-ахуалы әлі мүшкіл екенін және оны тек Қазақстанның шеңберінде қарауға болмайтынын айтты. Бұл тұрғыда Президентіміз «Арал мәселесін қозғамай кету мүмкін емес. Арал теңізін құтқару әлі де бүкіл адамзат үшін өте маңызды міндет болып отыр. Мен бұл мәселені халықаралық алаңдарда бірнеше рет көтергенмін», – деді.
Бұған дейін де Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаев Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттерінің басшылары кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде 2050 жылға дейін Орталық Азия аймағында экологиялық апаттың алдын алу шаралары қабылданбаса, құрғақшылықтың зардабы аса ауыр болатынын ескерткен болатын. Яғни, «Орталық Азияның қауіпсіздігіне жаһандық климаттық өзгерістер, судың азаюы орын алуы мен суармалы судың жетіспеушілігі қауіп төндіреді. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, біздің аймақтағы температура планетадағы орташа деңгейден әлдеқайда жылдам өсуде. Бұл Арал теңізі бассейніндегі негізгі су көзі болып табылатын мұздықтар аймағының қысқаруына әкеледі. Олардың көлемі соңғы 50 жылда 30 пайызға қысқарды. Сарапшылардың бағалауы бойынша, 2050 жылға қарай Орталық Азиядағы құрғақшылық жылына ЖІӨ-нің 1,3 пайызын құрауы мүмкін, бұл шамамен 5 миллион ішкі «климаттық» мигранттардың пайда болуына әкеледі» деп нақты дәйектермен мәселенің қандай зардаптарға ұрындыратынын көрсетіп берген еді.
Орталық Азия – аридті (құрғақ, шөлейтті) климаты бар аймақ. XIX ғасырдың аяғынан бастап аймақ бойынша орташа жылдық температураның тұрақты өсуі байқалады, 2080 жылға қарай бұл көрсеткіш 3-5 °C-қа артады деп болжануда. Соңғы 30 жылда Орталық Азия аймағындағы таулардағы мұздықтардың көлемі жылына 1,1 % еру жылдамдығымен 37 %-ға азайған, сонымен бірге таулы аймақтардың ормандары жойылуда. Мұның бәрі климаттың өзгеруімен бірге ілесе жүретін құрғақшылық пен шөлейттенуге, лай көшкіндері мен сел жүруіне ұласып, қыс мезгілінде қардың орнына жаңбыр жауып кетуден туындайтын төтенше су тасқындарының, шаңды және құмды дауылдардың көбеюіне ықпал етуде. Орталық Азия да табиғи және техногендік сипаттағы әр түрлі экологиялық проблемалары көп аймақ саналады: құрғақшылық, өзен-көлдер суының тартылуы, шөлейттену мен топырақтың тұздануы жалғасуда, арагідік бөгеттердің бұзылуы және өндірістік апаттар орын алып отырады. Бұл аталған ауқымды проблемалар Орталық Азия елдерінің халқы мен экономикасына зиян келтіріп, аймақтағы тұрақтылыққа қауіп төндіруде.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда соңғы кездері жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыс нәтижесінде Арал теңізінің солтүстік бөлігін – Көк Аралды сақтап қалу мүмкін болғанына тоқталды. Бұл тұрғыда Қ. Тоқаев теңізді қалпына келтіру жобасы басталғаннан бері бес жыл өткенін еске салып, Арал өңірінің экожүйесін қалпына келтіру бойынша жүйелі жұмысты жалғастырудың маңыздылығын және халықаралық қоғамдастықты бұл мәселені шешуге тартудың қажеттілігін ерекше атап өтті. Бұрынғы өткен Ұлттық құрылтай отырыстарында көтерілген мәселелер мен қабылданған шешімдер өмірде шынайы жүзеге асып жатқанын ескерсек, Арал теңізінің болашағына қатысты игі істер де өзінің оң нәтижесін береді деген сеніміміз мол.
Мұсатаев Сейілбек Шаяхметұлы - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының профессоры, саяси ғылымдарының докторы
Басқа жаңалықтар