- Басты бет
- Жаңалықтар
- Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Актуарлық математика» білім беру бағдарламасы «Атамекен» рейтингінде екінші орын алды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Актуарлық математика» білім беру бағдарламасы «Атамекен» рейтингінде екінші орын алды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Механика-математика факультетінің «Есептеу ғылымдары және статистика» кафедрасына қарасты 6B05401 – Актуарлық математика білім беру бағдарламасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» әзірлейтін 2026 жылғы білім беру бағдарламаларының ұлттық рейтингінде екінші орынды иеленді.
Аталған рейтинг аясында университеттің B055 – «Математика және статистика» бағыты бойынша даярлайтын бағдарламалары еліміздің жетекші білім беру бағдарламалары қатарынан көрінді. Бұл нәтиже университеттегі білім беру сапасының жоғары деңгейін және түлектердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін айқын дәлелдейді.
Бағалау барысында білім беру бағдарламасының сапалық көрсеткіштері (24%), студенттердің оқу жетістіктері (16%), бағдарламаның жалпы тиімділігі (11%) және түлектердің мансаптық перспективалары (49%) сияқты негізгі критерийлер ескерілді. Осы көрсеткіштердің жиынтығы бойынша университеттің қорытынды балы 3,56-ны құрады.
Айрықша назар аударарлық көрсеткіш — түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі. Рейтинг деректеріне сәйкес, Актуарлық математика бағдарламасының түлектерінің 78%-ы мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан, ал жұмыс іздеу уақытының орташа ұзақтығы 1,14 айды құрайды. Бұл университет даярлайтын мамандардың еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие екенін көрсетеді.
Мұндай нәтижелерге қол жеткізу университеттің жүйелі академиялық саясатының, заманауи білім беру бағдарламаларының және математика мен статистика саласындағы іргелі ғылыми мектептердің жемісі болып табылады. Университет студенттерге теориялық біліммен қатар деректерді талдау, математикалық модельдеу, статистикалық әдістер мен заманауи есептеу технологияларын практикалық тұрғыда қолдану дағдыларын қалыптастырады.
«Атамекен» рейтингі жыл сайын Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп жасалып, жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларын 17 негізгі критерий бойынша бағалайды. Бұл жетістік Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың стратегиялық даму бағытының дұрыстығын, профессор-оқытушылар құрамының кәсіби деңгейін және студенттердің жоғары дайындық сапасын тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.
Кафедра ВНиС
Басқа жаңалықтар