«Құрылтай» және «Халық кеңесі»Farabi University

«Құрылтай» және «Халық кеңесі»

26 қаңтар, 2026
ТДМ-16 Елдік мәселе, тағдырcал тақырып болғасын бүгінгі комиссия отырысына да ерекше құлақ түрдік. «Құрылтай» және «Халық кеңесі» бөлімдеріне қатысты нормалардың талқылануы конституциялық реформаның мазмұндық әрі тұжырымдамалық кезеңге өткенін көрсетеді. Бұл тек Парламент құрылымын өзгерту туралы мәселе емес, елдегі өкілді және консультативтік биліктің жаңа сәулетін қалыптастыруға бағыттаоған қадам. Солай түсіндік.
Бір палаталы Парламентке көшу заң шығару үдерістерінің дәстүрлі тетіктерін және депутаттық корпустың жауапкершілік жүйесін қайта қарауды талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, біртұтас жалпыұлттық округ, пропорционалды сайлау және депутаттардың белгіленген өкілеттік мерзімі саяси ашықтық пен институционалдық тұрақтылықты арттыруға деген ұмтылысты білдіреді.
«Құрылтай» атауының өзі ерекше мәнге ие. Бұл тек құқықтық ұғым ғана емес, ел тағдырына қатысты маңызды шешімдер кеңес арқылы қабылданатын тарихи дәстүрге сүйенетін символдық атау. Осы ұғымның қазіргі конституциялық кеңістікте қолданылуы ұлттық саяси мәдениет пен заманауи парламентаризм қағидаттарын үйлестіруге бағытталғанын аңғартады.
Халық кеңесін жоғары консультативтік орган ретінде құру бастамасы да маңызды. Басты мақсат – мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты кеңейту, қоғамдық бірлестіктер мен белсенді азаматтарды елдің стратегиялық дамуын талқылау ісіне тарту. Бұл қоғамның саяси процестерге қатысуын арттыру үшін өте қажет.
Құрылтайдың да, Халық кеңесінің де мәртебесі мен өкілетін конституциялық заңмен бекіту көзделіп отырғаны да аса маңызды. Мұндай тәсіл жаңа институттардың қызметін нақты құқықтық аяда айқындап, олардың функцияларының бұлыңғыр болуына жол бермейді.
Қоғамдық коммуникациялар мен медиа саласы тұрғысынан алғанда, бұл өзгерістер ерекше назар аударуды талап етеді. Саяси жүйенің жаңаруы қоғамдық пікірдің қалыптасуына, бұқаралық ақпарат құралдарының рөліне және сарапшылардың реформаларды түсіндірудегі жауапкершілігіне тікелей әсер етеді.
Жалпы алғанда, талқыланып отырған нормалар мемлекеттік басқарудың ашық, құрылымды әрі диалогқа арналған жаңа моделін қалыптастыруға деген ұмтылысты көрсетеді. Бұл өзгерістердің табысты болуы жаңа институттардың қоғам үмітін ақтап, шынайы өкілдік пен кеңес алаңына айналуына байланысты.