ҚЫСҚЫ МЕКТЕП: ЖАС ҒАЛЫМДАРДЫҢ ҒЫЛЫМИ БРЕНДІ ЖӘНЕ ПОСТДОКТОРЛЫҚ МҮМКІНДІКТЕР (ЦУР 4 – Сапалы білім)Farabi University
Референдум 15 марта

ҚЫСҚЫ МЕКТЕП: ЖАС ҒАЛЫМДАРДЫҢ ҒЫЛЫМИ БРЕНДІ ЖӘНЕ ПОСТДОКТОРЛЫҚ МҮМКІНДІКТЕР (ЦУР 4 – Сапалы білім)

22 қаңтар, 2026

Қазақ ұлттық университетінің химиялық физика және материалтану кафедрасының меңгерушісі, PhD, доцент Тауанов Жандос Төрегелдіұлы Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен жас мамандардың біліктілігін арттыруға арналған Қысқы мектепке тәжірибелі спикер ретінде қатысып, жас ғалымдарға арналған екі негізгі модуль бойынша өз тәжірибесімен бөлісті.

Қысқы мектеп аясында «Ғылыми нәтижелерді насихаттау» бағыты бойынша 50-ден астам жас зерттеуші, докторанттар мен магистранттар қамтылды. Спикерлік сессиялар жас ғалымдардың ғылыми мансабын саналы түрде жоспарлауына, академиялық ортада көрінуін арттыруына және халықаралық мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға бағытталды.

Бірінші модуль «Жас ғалымның жеке ғылыми бренді» тақырыбына арналды. Дәріс барысында жеке ғылыми бренд ұғымы, зерттеушінің өзін академиялық кеңістікте позициялауы, нақты ғылыми бағытты таңдау және оны халықаралық ғылыми трендтермен байланыстыру мәселелері қозғалды. Сондай-ақ ғылыми конференцияларда белсенділік таныту, сұрақ қою мәдениеті, воркшоптарға қатысу, жетекші авторлармен кәсіби хат алмасу, review мақалалар мен special issue жобаларына қатысу сияқты практикалық тетіктер түсіндірілді.

Екінші модуль постдокторлық бағдарламалар және докторантурадан кейінгі ғылыми мансап тақырыбына арналды. Бұл бөлімде Қазақстандағы постдокторантура мүмкіндіктері, университеттік және гранттық бағдарламалар, сондай-ақ шетелдік постдок позициялар, халықаралық ғылыми орталықтар мен зерттеу топтарына қосылу жолдары кеңінен талқыланды. Қатысушыларға постдокқа өтінім беру талаптары, ғылыми портфолио дайындау, жарияланым стратегиясы және ғылыми желі қалыптастыру жөнінде практикалық ұсынымдар берілді.

 

PhD, асс. проф., Тауанов Ж.Т.