Білім беру саласындағы жасанды интеллект: мүмкіндіктері мен келешегі
2024 жылғы 24 қаңтарда Қазақстан Республикасы Президентінің жасанды интеллект пен цифрлық трансформацияны дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында «Физикалық химия, катализ және мұнайхимия» кафедрасының ұйымдастыруымен «Білім беру саласындағы жасанды интеллект: мүмкіндіктері мен келешегі» тақырыбында халықаралық деңгейдегі қысқы мектеп өтті. Іс-шара гибридтік форматта Аюсай шатқалындағы TAU HUB коворкинг орталығында ұйымдастырылды.
Қысқы мектепке әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, сондай-ақ LUPIC халықаралық жобасы аясындағы SeoulTech университеті (Корея Республикасы) қатысты. Сонымен қатар, Өзбекстан және Қырғызстан университеттерінен онлайн форматта қатысушылар қосылып, жалпы саны 50-ге жуық адамды құрады.
Іс-шараның мақсаты – химия саласына деректер ғылымы мен жасанды интеллект құралдарын енгізу арқылы пәнаралық зерттеу құзыреттерін дамыту, жаңа буын зерттеушілерін қалыптастыру және университеттер арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастықты нығайту.
Қысқы мектеп аясында деректерге негізделген ғылым (Data-Driven Science), жасанды интеллект құралдары, озық деректер талдауы мен суперкомпьютерлік есептеулер, сондай-ақ химияны оқытудағы білім беру инновациялары қамтылды. Спикерлер химия, экология, білім беру және пәнаралық зерттеулердегі жасанды интеллекттің мүмкіндіктері мен халықаралық тәжірибелер бойынша мазмұнды баяндамалар жасады.
Іс-шара барысында қатысушылар арасында өзекті мәселелер бойынша белсенді пікірталас өтті. Қорытынды бөлімде факультет деканы Мөлдір Акимжанқызы мен кафедра меңгерушісі Ермек Айтқазыұлы халықаралық қысқы мектептің білім беру саласындағы цифрлық құзыреттерді дамытуға, инновациялық тәсілдерді енгізуге және академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге маңызды үлес қосқанын атап өтті.
Химия және химиялық технология факультетінің әлеуметтік-тәрбие жұмыстары жөніндегі декан орынбасары Жақсылықова Гүлбану Жақсылыққызы
Басқа жаңалықтар