- Басты бет
- Жаңалықтар
- КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМАЛАР ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯНЫҢ ОТЫРЫСЫНА ҚАТЫСТЫ ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ-ДЫҢ ПРОФЕССОР-ОҚЫТУШЫЛАР ҚҰРАМЫНЫҢ ПІКІРІ
КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМАЛАР ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯНЫҢ ОТЫРЫСЫНА ҚАТЫСТЫ ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ-ДЫҢ ПРОФЕССОР-ОҚЫТУШЫЛАР ҚҰРАМЫНЫҢ ПІКІРІ
Іргелі реформалар тірегі

Қазақстанда ағымдағы жылдың 24 қаңтарында Конституциялық комиссия өз жұмысын бастады. Бұл қадам елдегі конституциялық реформаларды жүйелі әрі институционалдық деңгейде іске асыруға бағытталған маңызды саяси шешім ретінде бағалануда. Комиссияның құрылуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған саяси жаңғыру бағытының логикалық жалғасы болып табылады.
Комиссия құрамына 120-дан астам адам енгізілді. Олар — жетекші саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің, кәсіподақтар мен үкіметтік емес ұйымдардың, Парламент депутаттарының, заңгер-ғалымдардың, бизнес және корпоративтік сектордың, медиа, ғылыми және мәдени зиялы қауымның өкілдері. Мұндай кең репрезентативтік құрам комиссия жұмысының қоғам үшін ашық әрі жария түрде жүргізілуін бастапқы кезеңнен-ақ қамтамасыз етеді.
Комиссия қызметінің басты ерекшеліктерінің бірі – оның ашықтығы. Отырыстар Конституциялық соттың ресми сайты мен әлеуметтік желідегі парақшаларында тікелей эфирде көрсетілуде. Бұл азаматтарға талқыланып жатқан мәселелермен тікелей танысуға және ұсынылып отырған өзгерістердің мәнін түсінуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, комиссия жұмысы туралы жедел әрі жүйелі ақпарат тарату мақсатында «Конституциялық реформа – 2026» арнайы Telegram-арнасы іске қосылды. Комиссия мүшелерінің өздері де әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, кәсіби және азаматтық көзқарастарын ашық білдіруде. Осылайша, Конституциялық комиссия қызметі қоғамнан оқшау емес, қоғаммен тұрақты диалог жағдайында жүзеге асуда.
Ұлттық құрылтайдың соңғы отырысында Мемлекет басшысы ұсынған реформалардың мазмұны мен ауқымы олардың техникалық түзетулер емес, мемлекеттің саяси архитектурасын терең жаңғыртуға бағытталғанын көрсетті. Ұсынылған өзгерістердің саны мен мәні жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар деуге негіз береді.
Осындай жауапты әрі күрделі процесті арнайы құрылған Конституциялық комиссия арқылы жүргізу — ойластырылған әрі қисынды шешім. Бұл құқықтық өзгерістердің саяси, әлеуметтік және институционалдық тұрғыдан теңгерімді болуына мүмкіндік береді.
Комиссияны 2022 жылғы реформадан кейін қайта жандандырылған Конституциялық соттың Төрағасы басқарып отырғаны да айрықша мәнге ие. Бұл шешім Мемлекет басшысының конституциялық дамуға формалды емес, институционалдық және ұзақ мерзімді көзқараспен қарайтынын көрсетеді.
2022 жылғы конституциялық реформа елдің саяси жаңғыруындағы бетбұрыс кезең болды. Ол басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға, билік тармақтарының тепе-теңдігін нығайтуға және мемлекеттіліктің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталды. Қазіргі бастама — сол реформалардың табиғи жалғасы.
Конституциялық комиссияның құрылуы мен құрамы Мемлекет басшысы ұсынған «Әділетті Қазақстан», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әртүрлі пікір – біртұтас ұлт» қағидаттарымен толық үндеседі. Комиссия құрамында түрлі көзқарастағы, әр буын мен сала өкілдерінің болуы – шешімдердің біржақты емес, кең қоғамдық консенсусқа негізделіп қабылданатынының белгісі.
Конституциялық комиссияның құрамындағы барлық мүшені жеке танимын деп айта алмаймын. Дегенмен, комиссия қатарында ғылым мен білім саласын басқарған, елге белгілі ғалымдар, мемлекеттік жүйеде кәсіби шеберлігін дәлелдеген мамандардың, сондай-ақ халықаралық дипломатия мен ғылыми дипломатия саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың бар екені ерекше қуантады. Бұл – қабылданатын шешімдердің тек саяси емес, зияткерлік және стратегиялық тұрғыдан да салмақты болатынына сенім ұялатады.
Осы тұрғыдан алғанда, Президенттің бастамасымен жүзеге асып жатқан саяси реформалардың нақты нәтиже беретіндігіне деген сенім күшейе түсті. Конституциялық комиссияның кәсіби әрі теңгерімді құрамы бұл реформалардың қағаз жүзінде қалмай, ел дамуына шынайы серпін беретініне негіз қалайды.
Нұрзада Бейсен,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Физика техникалық факультетінің деканы
Обновление преамбулы Конституции

Обновлению преамбулы Конституции, озвученная депутатом Мажилиса Унзилой Шапак, важна не только с точки зрения юридической техники или идеологического обновления. В её основе — более глубокий вопрос: какие ценности мы считаем базовыми для будущего Казахстана и какую модель ответственности закладываем для граждан и государства.
Особого внимания заслуживает тезис о сохранении природы и экологии как общей ценности общества и государства. Это принципиальный момент. Экология в данном контексте перестаёт быть узкой отраслевой темой и становится элементом национальной идентичности и гражданской культуры.
Экологическая культура — это не только бережное отношение к природе. Это: понимание долгосрочных последствий решений; готовность ограничивать сиюминутную выгоду ради будущих поколений; уважение к пространству, в котором мы живём — от двора и реки до всей территории страны.
Закрепление экологических и культурных ценностей на уровне преамбулы Конституции формирует нормативную рамку ответственности. Гражданин в таком государстве — не пассивный получатель благ, а соучастник сохранения общего наследия. Это напрямую влияет на повседневное поведение: от отношения к отходам и водным ресурсам до участия в общественных обсуждениях градостроительных и инфраструктурных решений.
Для Казахстана с его уникальными экосистемами, уязвимыми природными зонами и сложным климатическим контекстом экологическая культура — это вопрос не абстрактной этики, а национальной безопасности и устойчивого развития. Именно поэтому логично, что идея «Справедливого Казахстана» и принцип «Закон и Порядок» дополняются ответственностью перед будущим и сохранением природной основы жизни.
Важно и то, что экологическая культура тесно связана с наукой, образованием и инновациями, о чём также говорится в инициативе. Без научного знания, экологического просвещения и системного образования невозможно сформировать осознанное общество, способное принимать сложные решения в условиях климатических и ресурсных вызовов.
В этом смысле обновлённая преамбула может стать не просто символическим текстом, а ценностным ориентиром, задающим направление развития: от потребительского отношения к природе — к цивилизационному пониманию ответственности.
И если Конституция — это общественный договор, то включение экологической культуры в её идеологический фундамент означает признание простой, но ключевой истины: будущее Казахстана начинается с ответственности каждого — перед страной, природой и теми, кто придёт после нас.
Алия Актымбаева,
декан факультета географии и
природопользования КазНУ им.аль-Фараби
Зайырлы мемлекет қағидатының маңызы артып келеді

Конституциялық реформа жөніндегі комиссия ұсыныстарының бірі – зайырлылық қағидатын Ата заңда нақты және айқын бекіту. Бұл өте өзекті және уақтылы бастама. Бұл қадам Қазақстанның демократиялық даму жолында аса маңызды. Өйткені мемлекеттің дінге бейтараптығын құқықтық тұрғыдан нығайту – қоғамдағы тұрақтылықты, теңдікті және адам құқықтарын қорғауды күшейтеді. Қазіргі Конституцияда зайырлылық принципі көрсетілгенімен, оның ашық емес тұстары құқық қолдануда түсінбеушіліктер мен екіұштылықтар туғызады. Бұл өз кезегінде дінді саясиландыру қаупін арттырады. Ал ұсынылған өзгеріс мұндай қатерлерді жоюға мүмкіндік бермек.
Дін мен мемлекеттің арақатынасын тікелей нормамен бекіту арқылы біз мемлекеттік биліктің бейтараптығын қамтамасыз етеміз. Бұл әртүрлі дін өкілдеріне, атеистерге және басқа сенім ұстанушыларға тең көзқарасты орнатады, ар-ождан бостандығын шектемей, керісінше оны нығайтады. Мысалы, қоғамдық пікірталас кезінде көтерілгендей, бұл өзгеріс экстремизм мен радикализмнің алдын алуға да септігін тигізеді. Мемлекет дін мәселелерінен аулақ тұрып, азаматтардың құқықтарын бірдей қорғайтын болады.
Халықаралық тәжірибе бұл ұсыныстың тиімділігін дәлелдейді. Белгілі заңгер Серік Ақылбай атап өткендей, Германияның Конституциясында мемлекеттің дінге бейтараптығы нақты жазылған: мемлекет ешбір дінді ресми түрде қолдамайды, бірақ дін бостандығын қорғайды. Бұл Германиядағы әртүрлі конфессиялардың бейбіт қатар өмір сүруіне жағдай жасаған. Түркияның Конституциясында да зайырлылық қағидаты мемлекеттің негізгі принципі ретінде бекітілген, бұл діннің саяси жүйеге араласуын болдырмай, қоғамдық тұрақтылықты сақтайды. Қырғызстанның Ата заңында да діннің мемлекеттен бөлектігі тікелей көрсетілген, бұл Орталық Азиядағы көршіміздің демократиялық реформаларындағы маңызды қадамы болды және адам құқықтарының халықаралық стандарттарына сәйкестендіруге көмектесті.
Бұл ұсынысты қолдау – Қазақстанның зайырлы мемлекет ретіндегі имиджін күшейтеді және халықаралық қоғамдастықтағы беделін арттырады. Жалпы алғанда, бұл ұсыныс Конституциялық комиссия жұмысының мәнін арттырып, реформалардың сапасын көтереді деп есептеймін.
Бекжан Мейірбаев,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
философия және саясаттану факультетінің деканы
Құқықтық жүйені сапалық деңгейге көтеру

Қазақстанда адам құқықтарын қорғау, отбасы институтын нығайту және сот билігінің тәуелсіздігін арттыруға бағытталған ауқымды конституциялық өзгерістер талқылануда. Бұл мәселелер Конституциялық комиссияның кезекті отырысында қаралған Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жиынтық жобасынан айқын көрініс тапты.
Комиссия отырысында ұсынылған түзетулер ең алдымен Конституцияның адамның жеке басына қол сұқпаушылық, негізгі құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ сот билігінің тәуелсіздігіне қатысты нормаларын едәуір күшейтуді көздейді. Бұл өзгерістер Ата Заңды заман талабына бейімдеуге, адамға бағдарланған құқықтық саясатты институционалдық тұрғыда бекітуге бағытталған.
Жоба таныстырылымы барысында Бақыт Нұрмұханов – Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты төрағасының орынбасары – ұсынылып отырған өзгерістердің тұжырымдамалық негіздеріне жан-жақты тоқталды. Оның айтуынша, «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» деп аталатын бөлімге жаңа атау беру ұсынылып отыр және бұл атау бөлімнің мазмұнын әлдеқайда толық әрі жүйелі қамтиды.
Ұсынылған конституциялық новеллалар адамның ең жоғары құндылық екені туралы іргелі қағидатқа сүйене отырып, құқықтар мен бостандықтарды іске асырудың әрі оларды қорғаудың кепілдіктерін күшейтуді мақсат етеді. Бұл – Конституцияның гуманистік сипатын арттыруға бағытталған түбегейлі қадам.
Бақыт Нұрмұханов өз сөзінде аталған өзгерістердің мазмұнын нақтылай келе, олардың өмір сүру құқығын абсолюттік деңгейде бекітуді, адамға бағдарланған мемлекеттік саясатты орнықтыруды көздейтінін атап өтті. Сонымен қатар, адамның жеке басына қол сұқпаушылықты күшейту, «Миранда ережесінің» конституциялық деңгейде бекітілуі, цифрлық дәуір жағдайында жеке мәліметтерді қорғау, ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау тетіктерін нығайту, әлеуметтік құқықтарды кеңейту және құқықтық айқындық қағидатын бекіту сияқты маңызды жаңашылдықтар ұсынылып отыр. Қазіргі уақытта Конституцияның сот әділдігіне арналған бөлімінде көзделген кейбір нормалар адам құқықтарын қорғаудың тікелей кепілдігі ретінде қайта қаралып, «Негізгі құқықтар» бөліміне көшіріледі және жеке баптар аясында жүйеленеді. Бұл сот төрелігінің адам құқықтарын қорғаудағы рөлін күшейтуге бағытталған.
Комиссия отырысында ерекше назар аударылған мәселелердің бірі – неке мен отбасы құндылықтарын конституциялық деңгейде күшейту. Бұл ұсыныс қоғамның тұрақты дамуының іргетасы саналатын отбасы институтын қорғауға, сондай-ақ әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға бағытталған. Сонымен бірге қоршаған ортаны қорғау жөніндегі конституциялық міндеттемелер де кеңейтіліп, нақтылай түсу көзделіп отыр.
Атауы жаңартылған «Сот жүйесі. Прокуратура. Құқық қорғау тетіктері» бөлімінде де елеулі өзгерістер ұсынылды. Олар сот ісін жүргізу нысандарын кеңейтуге, әділеттілік пен сот тәуелсіздігінің конституциялық қағидаттарын нығайтуға, сондай-ақ сот жүйесіндегі кадрлық мәселелерді шешуге бағытталған. Бұдан бөлек, Конституциялық комиссия мүшелерінің назарын адвокатураның құқықтық мәртебесін айқындайтын жеке баптың енгізілуі аударды. Бұл түзету азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауда адвокатураның рөлін институционалдық тұрғыда күшейтуге мүмкіндік береді.
Сөз соңында Бақыт Нұрмұханов «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» деп аталатын жаңа бөлім Ата Заңның мәтінін ең үздік халықаралық тәжірибеге сәйкес жаңартуға, оның тұтастығы мен жүйелілігін сақтай отырып, құқықтық реттеудің сапасын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Осылайша, Конституциялық комиссияның кезекті отырысында ұсынылған өзгерістер Қазақстанның құқықтық жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеруге, адам құқықтарын қорғау мен отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.
Уәлихан Ахатов,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Заң факультетінің деканы
Оң өзгерістерге жаңа қадам

Комиссияның алғашқы отырысы ұйымдастырушылық әрі мазмұндық тұрғыдан тиісті деңгейде өтті. Бұл жиын комиссия қызметінің бастау нүктесі ретінде маңызды рөл атқарып, алдағы жұмыстың негізгі бағыттары мен жұмыс форматын айқындауға арналды. Күн тәртібіне енгізілген мәселелер мемлекеттің конституциялық дамуы аясында жоғары өзектілігімен ерекшеленді.
Талқылаудың ашық форматта өтуі және қоғам тарапынан ұсыныстардың белсенді түрде түсуі жүзеге асырылып жатқан реформаларға деген сенімді арттырып, Қазақстандағы саяси жаңғырудың диалог пен келісім қағидаттарына негізделе отырып іске асып жатқанын айқын көрсетті. Бұл өз кезегінде билік пен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтуға, қабылданатын шешімдердің легитимділігін арттыруға ықпал етті.
Аталған өзгерістер парламенттің рөлін күшейтуге және сайланған өкілдердің саяси әрі құқықтық жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, вице-президент институтының өкілеттіктері мен оның саяси жүйедегі орны жан-жақты қарастырылып, мемлекеттік басқару тетіктерін нақтылау, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтау және жауапкершілік аясын айқындау мәселелеріне ерекше мән берілді.
Жалпы алғанда, елде кемелденген, жүйелі және ұзақ мерзімді перспективаға негізделген институционалдық реформаларды жүзеге асыруға бағытталған айқын әрі дәйекті беталыс қалыптасып келе жатқаны байқалады.
Жанна Ермекова,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Экономика және бизнес жоғары мектебі,
Қаржы және есеп кафедрасының доценті м.а.
Бас құжаттың маңызы бөлек

Қызлордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысы конституциялық өзгерістердің сяяси мәнін ашып көрсетіп, қоғамда үлкен қызығушылық тудырғаны белгілі.
Бүгін, яғни 24 күні, Конституциялық комиссия өз жұмысын бастады. Оның құрамына жетекші қоғамдық бірлестіктердің (партиялар, кәсіподақтар, ҮЕҰ), Парламент депутаттарының, конституционалист-заңгерлердің, бизнес-қоғамдастық пен корпоративтік сектор, медиа саласы, ғылыми және мәдени зиялы қауым өкілдерінің атынан 120-дан астам адам кіргені аян болды. Әрине, мұндай өкілдік қоғам алдындағы толық ашықтықты білдіріп, отырыстардың Конституциялық соттың ресми сайтында және аккаунттарында тікелей трансляциялауы қамтамасыз етілмек. Сондай-ақ, «Конституциялық Реформа 2026» арнайы telegram-арнасы құрылады. Комиссия мүшелерінің көпшілігі әлеуметтік желілердің белсенді пайдаланушылары, ендеше, олар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қолға алынғған өзгерістер мен түзетулерді көпшілік назарына ұсынып отырады.
Бір анығы, ұсынылған өзгерістер аса маңызды, олардың саны соншалықты көп, сондықтан оларды қабылдау жаңа Конституцияны қабылдаумен тең болғалы тұр. Мысалы, 2022 жылғы конституциялық реформа елді саяси жаңғыртудың негізгі кезеңіне айналдырып, мемлекеттіліктің тұрақтылығын нығайтуға, басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталып еді. Мемлекеттігіміздің даму логикасын терең түсінетін Президентіміз Қ.-Ж.Тоқаев демократиялық реформаларды қоғамның түбегейлі сұраныстарына сай қалай жалғастыру керектігі жөнінде айқын көзқарастарын ұсынып келеді.
Комиссия құрамы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына сәйкес жасақталып, құрамына 120-дан астам кірген. Жұмыс барысында азаматтардан келіп түскен барлық ұсыныстар ескеріледі деп күтілуде. Гендерлік теңгерім сақталып, өз саласының кәсіби әйелдері – ғалымдар, басқарушылар, кәсіпкерлер біріктірілгені қуантады. Сонымен бірге, өңірлік бөлініс те ескеріліп, жергілікті мәслихаттардың төрағалары, қоғамдық кеңестердің өкілдері, басқа да білікті мамандар тізімді толықтырған.
Еліміздің алдағы дамуы мен өркендеуінің темірқазығы саналатын Бас құжатымызды сүзгіден өткізіп, қайта бір саралайтын комиссия жұмысына сәттілік тілейміз!
Бекжан Әшірбай,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Журналистика факульттетінің аға оқытушысы
Ел дамуының жаңа кезеңі

Бүгін Астанада онлайн форматта өткен Конституциялық реформа жөніндегі Комиссияның алғашқы отырысы – қоғамның құқықтық санасы мен мемлекеттік жауапкершілігі тоғысатын маңызды белес екенін атап өткім келеді. Мұндай сәттерде біз құқық үстемдігін және биліктің легитимділігін жаңаша пайымдауға жол ашатын тарихи кезеңді көріп отырмыз.
Конституция – елдің құндылықтық өзегі, қоғамдық келісімнің заңдық көрінісі, азаматтың қадір-қасиеті мен еркіндігін қорғаудың негізгі кепілі. Сондықтан оны жетілдіру мұқият талдауды және ең бастысы – шынайы қоғамдық қатысуды талап етеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 20 қаңтарда Комиссия құру туралы Жарлыққа қол қоюы – конституциялық дамудың жаңа бір жауапты бағытын айқындаған шешім. Бұл бастама мемлекетіміздің саяси және құқықтық жаңғыру үдерісін институционалдық тұрғыдан бекемдей түседі.
Комиссияның төрағасы ретінде Конституциялық Соттың төрағасы Э.Азимованың бекітілуі де символдық әрі мазмұндық тұрғыдан мәнді: конституциялық өзгерістердің өзегінде құқықтың рухы, әділет идеясы және Негізгі заңның тұрақтылығы тұруы тиіс. Ал Комиссия төрағасының орынбасарлары ретінде Мемлекеттік кеңесші Е.Қарин мен Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаеваның белгіленуі реформаның тек құқықтық-техникалық түзетулер деңгейінде қалмай, саяси жүйе, қоғамдық коммуникация, азаматтық қатысу мәдениеті тұрғысынан кешенді қарастырылатынын аңғартады.
Комиссия жұмысының басталуымен бірге қоғамдағы ең маңызды нәрсе – азамат үнінің естілуі. Әрбір конституциялық жаңғырудың құндылығы оның қаншалықты ашық, инклюзивті және дәлелді түрде талқылануымен өлшенеді. Осы тұрғыда азаматтардан екі мыңнан астам ұсыныс пен өтініштің түсуі – ел азаматтарының өз мемлекетіне бейжай қарамайтынын, құқықтық болашаққа қатысты ұстанымын ашық білдіруге дайын екенін көрсететін маңызды белгі. Бұл – азаматтық белсенділіктің, құқықтық жауапкершіліктің айғағы.
Э. Азимованың Комиссия алдындағы міндетті «Негізгі заңның іргелі қағидаттарын сақтай отырып, заманауи сын-қатерлерге лайықты жауап бере алатын конституциялық баптауларды қамтамасыз ету» ретінде сипаттауы – ғылыми-құқықтық логикаға толық сай тұжырым.
Шынында да, конституциялық реформаның мәні – өткенді жоққа шығару емес, құқықтық сабақтастықты сақтай отырып, қоғамның өзгермелі сұранысына жауап бере алатын тұрақты әрі өміршең жүйені қалыптастыру. Конституциялық тұрақтылық пен жаңару – бір-біріне қарсы ұғымдар емес; керісінше, екеуі үйлесім тапқанда ғана мемлекет пен қоғам дамуының берік құқықтық іргетасы қаланады.
Бүгінгі бастама – ел дамуының жаңа кезеңіне, әділдікке, құқық үстемдігіне қадам басу. Сондықтан Комиссия жұмысына сәттілік тілей отырып, қоғамды сабырлы әрі жауапты қатысуға шақырамын. Себебі конституциялық реформаның ең үлкен өлшемі – оның мәтінінде ғана емес, сол мәтін арқылы қоғамда әділет пен сенімнің орныға түсуінде.
Жанар Кегембаева,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы,
профессор-зерттеуші
Жаңа көзқарас, нақты реформалар
Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысы еліміздегі жүйелі институционалдық өзгерістердің маңызды кезеңі. 2026 жылғы конституциялық реформа жекелеген түзетулермен шектелмей, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікке, қоғамның басқару үдерісіне қатысуын кеңейтуге және мемлекеттік институттардың есептілігін арттыруға негізделген орнықты басқару моделін қалыптастыруды көздейді.
Комиссия отырыстарының ашық форматта, тікелей эфирде өтуі – қабылданатын конституциялық шешімдерге деген қоғамдық сенімді күшейтіп, ашықтық пен жариялылық қағидаттарының нақты іске асырылып отырғанын көрсетеді.
Спикерлер қатысқан талқылауда жоғары білім беру саласының қазіргі жағдайы анық көрінді. Олардың сөзі осы жүйеде шешімін күтетін күрделі мәселе бар екенін көрсетті. Біліктілік дайындауға қойылатын талаптың әртүрлілігі, академиялық ортаның ішкі ұстанымы, оқу бағдарламасының еңбек сұранысына толық сәйкес болмауы саланың даму қарқынын тежеп отыр. Бұл салаға жаңа көзқарас және нақты іс қажет екені айқын байқалады.
Талқылау барысында білім сапасын бағалаудың қарапайым рейтингпен немесе сыртқы белгімен шектелмеуі туралы ой жиі айтылды. Нақты нәтиже, кәсіби ортаға бейімделу деңгейі, ғылыми жұмыстың тиімділігі, қоғамдық ортаға бағытталған бастама мазмұны сияқты көрсеткіш шынайы бағалауға негіз бола алады. Бұл тәсіл саланың ішкі тәртібін де, мұғалім мен студент арасындағы жауапкершілікті де күшейтеді.
Қазіргі буынның сұранысы да осы пікірдің маңызды бөлігі. Бүгінгі студентте теорияға ғана емес, практикалық дағдыға, талдау қабілетіне, жаңа технологиямен жұмыс істеуге деген нақты қажеттілік бар. Бұл өзгеріске бейімделу барлық білім беру мекемесіне ортақ міндет. Талқылауда айтылған ой осы өзгерістің уақыт талабынан туғанын көрсетеді.
Жалпы пікір жоғары білім беру саласының жаңаша бағыт пен жүйелі реформаға мұқтаж екенін дәлелдеп тұр. Спикерлердің көтерген мәселесі орынды және уақытылы. Маңыздысы осы ой нақты іске айналуы. Бұл бағытта қабылданатын шешім елдің адами әлеуетін қалыптастыруға тікелей әсер етеді.
Конституциялық реформа – бұл бір жолғы саяси науқан емес, елдің ұзақ мерзімді дамуына негіз қалайтын жүйелі әрі жауапты процесс.
Гаухар Қайранбаева,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, География және табиғатты пайдалану факультетінің аға оқытушысы
Конституциялық комиссия жауапкершілігі мол

Бүгін Конституциялық комиссия өз жұмысының алғашқы отырысын бастады. Комиссия төрағасы Эльвира Азимова оның қызметін «айрықша миссия» деп бағаласа, төрағаның орынбасары Ерлан Қарин: «Конституциялық комиссияның құрылуын тарихи оқиға деуге болады», – деп атап өтті.
Конституциялық комиссияны құру – Мемлекет басшысының ойластырылған әрі қисынды қадамы. Комиссия құрамына жетекші қоғамдық бірлестіктердің (партиялар, кәсіподақтар, үкіметтік емес ұйымдар), Парламент депутаттарының, конституционалист-заңгерлердің, бизнес-қоғамдастық пен корпоративтік сектордың, медиа саласының, ғылыми және мәдени зиялы қауым өкілдерінің атынан 120-дан астам адам енді.
Мұндай кең өкілдік комиссия жұмысының бастапқы кезеңнен-ақ қоғам үшін барынша ашық болуын қамтамасыз етеді. Ашықтықты арттыру мақсатында бірқатар қосымша шаралар да көзделген. Ұсынылып отырған өзгерістердің маңыздылығы мен ауқымы соншалық, оларды қабылдау іс жүзінде жаңа Конституцияны қабылдаумен тең.
Айта кету керек, 2022 жылғы конституциялық реформа елді саяси жаңғыртудың негізгі кезеңіне айналып, мемлекеттіліктің тұрақтылығын нығайтуға және мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталды.
Конституциялық комиссияны құру үдерісі, оның құрамы мен жұмыс регламенті Мемлекет басшысының негізгі идеологиялық ұстанымдарын толық көрсетеді.
Комиссияны жасақтаудағы басты өлшемшарт – кәсібилік. Комиссия мүшелерінің барлығы да мол тәжірибеге ие, оның ішінде заңнамалық қызмет саласындағы тәжірибесі бар мамандар.
Иманбай Жұбай,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
журналистика факультетінің аға оқытушысы
Халық Кеңесі – шынайы демократия көрінісі

Конституциялық реформаның комиссия мүшелерінің екінші отырысын бақылап отырып, ел үшін шынайы өзгеріс әкелетін бағыттардың бірі – Халық Кеңесін құру екенін айқын көрдім. Мемлекет басшысы ұсынған реформалардың ішінде бұл бастама ерекше мәнге ие. Себебі, ел мүддесін тікелей білдіретін жоғары азаматтық мінбер.
Халық Кеңесінің маңызы оның бірнеше ерекшелігінде айқын көрінеді. Біріншіден, ол азаматтық қоғамның үнін білдіреді. Кеңес құрамына белсенді азаматтар мен қоғамдық-саяси бірлестіктер кіреді, бұл әрбір адамның, әрбір қауымның пікірін тыңдайтын ашық алаңға айналады. Екіншіден, Кеңестің өкілеттігі мен құрылу тәртібі Конституциялық мәртебемен бекітілгендіктен, оның ұсыныстары мен шешімдері мемлекет үшін салмақты, маңызды болып саналады. Үшіншіден, Халық Кеңесі елдегі бірлікті нығайтуға, стратегиялық реформаларды іске асыруда халықтың пікірін ескеруге бағытталған жаңа институт ретінде көрініс табады.
Ата заңға жеке бөлім ретінде енгізілуі – Халық Кеңесінің мемлекеттік басқарудағы рөлін айқындайды. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты көрінісі. Менің ойымша, осындай бастамалар арқылы мемлекет пен азамат арасындағы байланыс бұрынғыдан да нығайып, елдің дамуына тың серпін берері сөзсіз. Халықтың әрбір пікірі – мемлекет үшін құнды, ал Халық Кеңесі сол құндылықты жүзеге асыратын нақты институтқа айналады деп сенемін.
Елдің әрбір азаматы өз пікірін білдіру арқылы мемлекет өміріне тікелей қатыса алатынын сезіну – шынайы демократияның көрінісі. Сондықтан Халық Кеңесі тек формальды орган емес, ел болашағына әсер ететін, халыққа қызмет ететін маңызды институт ретінде бағалануы тиіс.
Ермахан Шайхыұлы,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
журналистика факультетінің аға оқытушысы
Ортақ мүдде

Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның жұмысын бастауы еліміздің дамуы үшін маңызды әрі жауапты кезең болып табылады. Бұл үдеріс Конституцияны тек заңдар жиынтығы ретінде ғана емес, қоғамды біріктіретін ортақ құндылықтар жүйесі ретінде жаңаша пайымдауға мүмкіндік береді.
Қоғамдық талқылауда дін мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазақстан Конституциясы мемлекеттің зайырлы сипатын және әр азаматтың ар-ождан бостандығын берік негізде бекітеді. Алдағы реформалар осы қағидаттарды сақтай отырып, қоғамдағы өзара түсіністік пен тұрақтылықты одан әрі нығайтуға бағытталуы маңызды. Діннің қоғамдық өмірдегі орны құқықтық тепе-теңдік пен өзара құрмет аясында айқындалуы қоғам бірлігін күшейтеді.
Мәдениет пен ұлттық құндылықтар реформалар аясында біріктіруші фактор ретінде қарастырылуда. Қазақстанның көпэтносты және көпконфессиялы сипаты мәдени әралуандықты қоғамның байлығы ретінде қабылдауға негіз береді. Мәдени мұра мен тарихи сабақтастықты сақтау – ортақ болашаққа деген сенімді арттыратын маңызды негіз. Бұл тұрғыда мәдениет қоғамдық келісімді тереңдететін ортақ кеңістік рөлін атқарады.
Конституциялық реформалардың негізгі мақсаты – әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру. Құндылықтар мен құқықтардың үйлесімділігі адам қадір-қасиетін басты орынға қою арқылы қамтамасыз етілуі тиіс. Мұндай тәсіл азамат пен мемлекет арасындағы сенімді нығайтады.
Жалпы алғанда, конституциялық реформалар дін мен мәдениет салаларындағы қоғамдық үйлесімді сақтауға, құқықтық өркениетті дамытуға және қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған маңызды мүмкіндік болып табылады. Реформалардың табысты болуы олардың ашықтығына, қоғамдық диалогқа және азаматтардың ортақ мүддесіне қызмет етуіне байланысты.
Сәмет Байжұма,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, философия және саясаттану факультетінің Дінтану және мәдениеттану кафедрасының оқытушысы
Құқықтық жаңғырудың қоғамдық маңызы

Қазақстанда 2026 жылы басталған конституциялық реформалар елдің құқықтық жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып отыр. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін құрылған Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырыстары қоғамда қызу пікірталас тудырып, реформалардың мазмұны мен бағытына қатысты жаңа сұрақтарды алға шығарды.
Бұл реформалардың басты ерекшелігі — олардың институционалдық өзгерістерге бағдарлануында. Конституцияға енгізілетін кез келген түзету саяси декларация ретінде емес, нақты құқықтық тетік ретінде жұмыс істеуі тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, комиссия алаңында көтеріліп жатқан заң шығарушы билікті жетілдіру, қоғамдық қатысуды кеңейту және билік тармақтарының өзара тепе-теңдігін нақтылау мәселелері уақыт талабынан туындаған орынды ұсыныстар деп бағалауға болады. Сонымен қатар, реформалар процесінде инклюзивті тәсілдің қолданылуы ерекше назар аударады. Комиссия құрамына тек мемлекеттік органдар өкілдерінің ғана емес, сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуы — реформалардың легитимділігін арттыратын маңызды фактор. Бұл жағдай Конституцияны тек билік институттарының құжаты емес, бүкіл қоғамның ортақ әлеуметтік келісімі ретінде қабылдауға мүмкіндік береді.
Конституциялық реформалардың табысты болуы олардың мазмұнына ғана емес, іске асу тетіктеріне де тікелей байланысты. Егер ұсынылған өзгерістер қосымша заңнамалық актілермен нақты әрі жүйелі түрде бекітілмесе, олардың практикалық әсері шектеулі болып қалуы мүмкін. Сондықтан Конституцияға енгізілетін нормалардың құқықтық анықтығы мен тікелей қолданылуы басты қағидат ретінде сақталуы тиіс. Реформалардың ұзақ мерзімге бағдарлануы да аса маңызды. Конституциялық өзгерістер қысқа мерзімді саяси жағдайларға бейімделмеуі қажет. Керісінше, олар мемлекеттік басқарудың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, болашақ ұрпақ үшін орнықты құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталуы тиіс. Бұл ретте ғылыми қауымдастықтың, сала мамандарының және тәуелсіз сарапшылардың рөлі айрықша.
Қазіргі конституциялық реформалар Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде дамуына ашықтық, ғылыми негізділік принциптері мен қоғамдық қолдау өлшемі сақталған жағдайда ғана толық жүзеге асады. Сондықтан Конституцияға қатысты кез келген өзгеріс кең талқылаудан өтіп, қоғамның сеніміне ие болуы — құқықтық жаңғырудың басты шарты.
Айнұр Құрманалиева,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры,
Дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі
Демократия жағдайындағы қоғамдық диалог
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев V-ші Ұлттық құрылтайда Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтай өздерінің тарихи миссияларын табысты аяқтағанына тоқталып, енді саяси жаңғырудың жаңа сатысында жалпыұлттық диалогты жүзеге асыратын жоғары консультативтік орган мәртебесіне ие, кең ауқымды пікіралмасу платформасы болатындай жаңа институт ретінде Қазақстанның Халық кеңесін құруды ұсынған болатын. Сонымен қатар, мұндай жалпыұлттық биік саяси мінбердің құрылымы мен қызметі қандай болуы тиіс екенін де нақтылап берген еді.
Қазақстан Президенті өзі тағайындайтын 126 мүшесі бар Халық кеңесі 42 этномәдени орталықтардың өкілінен, азаматтық қоғамның ірі қоғамдық бірлестіктерінің 42 өкілінен, мәслихаттар мен аймақтардағы қоғамдық кеңестердің 42 өкілінен теңдей жасақталмақ. Яғни, қоғамның белді үш саласының өкілдерінен құралып, өкілдік демократияның жарқын үлгісіне айналмақшы. Ал Кеңес төрағасын оның мүшелері сайлайды, оның қоғамдық негізде жұмыс істеп, ротация арқылы тағайындалатын екі орынбасары, сондай-ақ хатшылық меңгерушісі болады. Халық Кеңесінің жоғары органы жылына кемінде бір рет шақырылатын сессия болады.
Халық кеңесінің қызметіне келер болсақ, қазір бұл мәселе Конституциялық реформалар жөніндегі мемлекеттік комиссияның талқылауынан өтуде. Себебі Халық Кеңесінің мәртебесі мен құрылу тәртібі Ата заңның арнайы бөлімімен және конституциялық заңмен реттеледі.
Аталған мемлекеттік комиссияның 3-ші отырысында әлем елдеріндегі консультативті құрылымдардың оң тәжірибелерін ескере отырып құрылатын Халық кеңесі қызметінің үш негізгі бағытын ел конституциясында бекіту ұсынылуда:
1. Кеңес ішкі саясаттың негізгі бағыттары, қоғамдық келісім, бірлік және ынтымақтастық мәселелері, сондай-ақ базалық қағидаттар мен жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейтін болады;
2. Халық кеңесі Құрылтайға заң жобаларын енгізу құқығына ие болады, бұл қоғамдық сауалға нақты заңнамалық нормаларда көрініс табуға мүмкіндік береді;
3. Кеңес кең қоғамдық заңдылықты және азаматтардың тікелей қатысуын талап ететін мәселелер бойынша шешім қабылдау құралы ретінде республикалық референдум өткізу туралы бастама көтере алады.
Көріп отырғанымыздай, Халық Кеңесіне заң шығаруға бастамашылық ету құқығы берілуге тиіс деген Мемлекет басшысының ұсынысы ескерілген. Бұл шынында оның саяси-құқықтық мәртебесін айтарлықтай арттыратыны сөзсіз. Яғни, өкілдік демократия жағдайындағы қоғамдық диалог алаңы ретінде туындайтын Қазақсанның Халық кеңесі ел халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган болмақ.
Сейілбек Мұсатаев,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының профессоры, саяси ғылымдарының докторы
Жаңа саяси модернизация
Саяси модернизация кезеңінде мемлекеттік институттардың трансформациясын бақылау кез келген маман үшін кәсіби қызығушылықпен қатар, жауапкершілік пен міндет.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының соңғы курс докторанты ретінде мен үшін елдегі құқықтық реформалардың динамикасы мен шешім қабылдау тетіктерін зерделеу күнделікті сараптамалық жұмысымның ажырамас бөлігіне айналды.
Бүгінгі цифрлық технологиялар саяси транспаренттіліктің жаңа деңгейін орнатты. Маңызды мемлекеттік шешімдердің қалай пісіп-жетілетінін тікелей эфир арқылы бақылап, процестің ашықтығына көз жеткізуге мүмкіндік бар. 26 қаңтарда өткен Конституциялық комиссияның кезекті отырысы да осы ашықтықтың айқын көрінісі болды. YouTube-тегі тікелей эфир арқылы Астанадағы комиссияның жұмыс барысына куә бола отырып, Негізгі заңға енгізілетін өзгерістердің тек техникалық емес, құндылықтық тереңдігін де бағамдауға мүмкіндік туды.
Отырыстың алғашқы бөлімінде спикерлер реформаның тұжырымдамалық бағыттарын айқындап, Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Президент пен Вице-президент мәртебесінен бастап, Конституциялық сот пен адвокатураның рөліне дейінгі ауқымды өзгерістерді қамтитын салыстырмалы кестені таныстырды. Әсіресе, Преамбуланың құндылықтық рөліне басымдық берілуі бұл жолғы реформаның айрықша сипаты болмақ.
Талқылаудың екінші кезеңі секциялық форматта жалғасып, құқық қорғау жүйесі мен саяси институттардың қызметі егжей-тегжейлі талқыланды. Эфир барысында байқағаным комиссия мүшелері тек ұсыныстарды тыңдап қана қоймай, әр баптың саяси салдарын талдап өтті. Тіпті күн тәртібінде алдын ала көрсетілмесе де, жергілікті өзін-өзі басқару блогында аудандық мәслихаттардың рөлін енгізу туралы бастамалар көтерілді. Жиын соңында жиырмадан астам сарапшы өз ойларын ортаға салып, дебаттық сипаттағы жұмысты қорытындылады. Қазіргі уақытта заңгерлер мен тиісті мамандар осы айтылған түзетулерді құқықтық қалыпқа түсіріп, бірыңай жоба мәтінін әзірлеу үстінде екен.
Мұндай іргелі реформалар тек заңгерлер мен саясаттанушылардың ғана емес, бүкіл қоғамның назарында болуы тиіс екенін түсінсек қой... Елдің саяси мәдениетін жаңа белеске көтеру үшін әрбір азаматтың басты құжаттағы өзгерістерді қадағалап, процестің мәнін түсінуі маңызды. Саналы қатысу мен азаматтық бақылау ғана реформаның өміршеңдігін қамтамасыз етіп, мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа әлеуметтік келісімнің берік іргетасын қалайды.
Шынар Бақытжан,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының докторанты
Реформалардың жаңа кезеңі

Бүгін Конституциялық комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырыста Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Конституциялық реформа комиссиясының мүшелеріне Ата Заңға енгізілетін өзгерістердің жиынтық жобасын таныстырды. Қысқаша ақпар берейін:
Бұл құжат азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдардан және сарапшылардан түскен барлық ұсыныстардың негізінде әзірленгенін жеткізген Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, жаңартылған Конституция жобасында Преамбула, 11 бөлім және 104 бап бар. «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты екі жаңа бөлім енгізілген. Тағы 4 бөлімнің атауы өзгерді.
Жалпы, өзгерістер мен толықтырулар Ата заңның барлық бөлімдерін қамтып, 77 бапқа түзетулер енгізілді. Бұл Конституция мәтінінің 84%-ын құрайды. Естеріңізге сала кетейін 2022 жылғы Конституцияға енгізілген өзгертулер 33 бапқа қатысты болған. Яғни биылғы өзгерістердің қандай ауқымды екенін байқап отырмыз. Әрине сондықтан осындай өзгерістер әрине референдум арқылы шешілуі қажет.
Жалпы жиынтық жоба білікті заңгерлер мен лингвистерден құралған жұмыс топтарында қатар пысықталуда деп сенемін. Себебі Қазақстан қазір реформалардың жаңа кезеңінде тұр. Мұқият зерттеп, зерделеп оң өзгерістерге қадам басуымыз қажет!
Әкежан Кеңесов,
ҚазҰУ