Қазақстанның жаңа Конституциясы: жасанды интеллект дәуіріндегі саяси жаңғырудың бірегей мысалыFarabi University

Қазақстанның жаңа Конституциясы: жасанды интеллект дәуіріндегі саяси жаңғырудың бірегей мысалы

31 қаңтар, 2026

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасының жариялануы тек құқықтық реформаның басталуы ғана емес. Бұл құжат кең көлемді академиялық талқылауларға жол ашатын маңызды саяси кезең болып отыр. Конституциялық реформа жөніндегі Комиссия ұсынған құжат жан-жақты талқылаудың нәтижесі болып саналады. Ол азаматтардың, саяси партиялардың, сарапшылар қауымдастығының пікірлерін қамтыды.

Алайда халықаралық қатынастар, саяси ғылым және қазіргі дипломатия саласындағы зерттеушілер үшін бұл реформаның мәні неде?

Әлемдік тәжірибеде конституция жасауда қоғамның кең қатысуы сирек кездеседі. Дегенмен, Қазақстан жағдайында ерекшеліктер анық көрінеді:

процеске мемлекеттік институттар, сарапшылар, саяси партиялар тартылған;

азаматтардың қатысуы цифрлық платформалар арқылы институционалданған;

Комиссия отырыстары ашық түрде онлайн-трансляцияланды.

Бұл моделді сараптамалық деңгей, цифрлық ашықтық және азаматтардың институционалданған қатысуының синтезі деп сипаттауға болады. Посткеңестік кеңістікте мұндай тәжірибе ғылыми қауымдастық үшін жаңа құбылыс.

Естеріңізге сала кетсек, реформаның бастау нүктесі — 2025 жылдың 8 қыркүйегінде Президент Тоқаев жариялаған бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастама болды. Салыстырмалы саясаттану тұрғысынан бұл бірнеше себеппен қызықты: Қазақстан осындай модельді саналы түрде таңдай отырып, жаңа органның функционалды мүмкіндіктерін кеңейтті. Оған заң шығару, қорғаныс, халықаралық қызмет және басқа да маңызды өкілеттіктер беріледі.

Конституция жобасында сөз бостандығы, ақпарат алу және тарату еркіндігі, шығармашылық қызмет, сондай-ақ интеллектуалдық меншік құқығын қорғау жөніндегі кеңейтілген нормалар ерекше орын алады. Әсіресе маңызды ережелер:

ақпаратқа қол жеткізу құқығы;

цензураға қойылатын шектеулер;

онлайн-коммуникацияларды қорғау;

зорлық-зомбылық пен өшпенділікті насихаттауға тыйым.

Бұл нормалар халықаралық қатынастар мен дипломатия зерттеулерінде цифрлық егемендік, деректерді басқару және онлайн-кеңістіктің құқықтық реттелуі сияқты бағыттарды талдау үшін маңызды жаңа өрісті ашады.

Конституция жобасында екі ерекше институт пайда болады:

1) Вице-президент. Оның рөлі саяси жүйе ішіндегі үйлестіруді және халықаралық қызметтегі өкілеттілікті кеңейтуді көздейді. Бұл президенттік басқару жүйелерін салыстырмалы зерттеу үшін маңызды жаңа деңгей.

2) Қазақстан Халық Кеңесі. Классикалық парламенттік орган болып саналмайтын, бірақ заң шығарушылық бастама құқығы бар халық өкілдігі институты. Мұндай модель Орталық Азия ғана емес, бүкіл посткеңестік кеңістік үшін де жаңа институционалдық феномен ретінде қаралуы мүмкін.

Конституцияның жаңа Преамбуласы да ерекше назар аудартады. Онда:

мемлекеттік тұрақтылық пен тарихи сабақтастық,

адами капитал,

білім, ғылым және инновациялар,

этносаралық келісім,

табиғатқа жауапкершілікпен қарау сияқты құндылықтар алдыңғы қатарға шығады. Бұл — ұлттық даму бағытының ауысуының белгісі: индустриялық мемлекет моделінен — білім мен инновацияға негізделген жаңа даму парадигмасына көшу.

Саяси теория контекстінде бұл “гуманистік дамудың конституциялық моделі” ретінде бағалануы мүмкін, ал мұндай ұстаным өтпелі мемлекеттердің негізгі заңдарында өте сирек кездеседі.

Жалпы алғанда, Қазақстанның жаңа Конституциясы:

қоғамның қатысуын күшейтетін,

мемлекеттік институттарды жаңғыртатын,

цифрлық құқықтарды нығайтатын,

елдің идеологиялық негізін қайта анықтайтын

саяси жүйенің кешенді трансформациясын көрсетеді.

Бұл реформаны халықаралық қатынастар мен дипломатия саласындағы зерттеушілер үшін маңызды ететін нәрсе — цифрлық модернизация жағдайында жаңаша форматтағы реформа үлгісі қалыптасуда. Бұл модельді зерттеп, салыстырып, аймақтың болашақ саяси эволюциясын болжауда қолдануға болады.

Автор / Author:
Малтабаров Арсен Аскарұлы (Arsen Askaruly Maltabarov)
Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының оқытушысы
Халықаралық қатынастар факультеті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Фотосурет көзі: https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/press/news/details/1152063?lang=ru