- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯСЫНЫҢ ЖОБАСЫНА ҚАТЫСТЫ ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ-ДЫҢ ПРОФЕССОР-ОҚЫТУШЫЛАР ҚҰРАМЫНЫҢ ПІКІРІ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯСЫНЫҢ ЖОБАСЫНА ҚАТЫСТЫ ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ-ДЫҢ ПРОФЕССОР-ОҚЫТУШЫЛАР ҚҰРАМЫНЫҢ ПІКІРІ
КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КОМИССИЯ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯНЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖОБАСЫН ДАЙЫНДАДЫ

Конституциялық реформа жөніндегі комиссия кезекті отырысында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының алғашқы жобасы қаралды. Бұл – елдің саяси-құқықтық жүйесін жаңғыртуға бағытталған ауқымды өзгерістердің нақты институционалдық деңгейге көтерілгенін көрсететін маңызды қадам.
Жаңа Конституцияның жобасын әзірлеу барысында соңғы алты ай ішінде азаматтардан, қоғамдық ұйымдардан, саяси партиялар мен сарапшылардан келіп түскен ұсыныстар жан-жақты талданды. Сонымен қатар комиссия мүшелерінің пікірлері, ескертулері мен ұсынымдары да толық ескерілді. Осылайша құжат қоғамның нақты сұранысы мен заманауи даму талаптарына сүйене отырып дайындалды.
Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов жаңа Конституцияның құрылымына тоқталып, Конституция кіріспеден (Преамбуладан), 11 бөлімнен және 95 баптан тұратынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Конституцияның Преамбуласы толықтай жаңартылып, онда еліміздің тарихи жолын айқындайтын, бүгінгі бағыты мен болашағына бағдар беретін жалпыұлттық құндылықтар көрініс тапқан. «Преамбулада Қазақстан халқының бірлігі, мемлекеттің тәуелсіздігі, тарихи жауапкершілік пен келешек ұрпақ алдындағы міндеттері айқын көрініс тапты. Бұл – Конституцияның рухани және идеялық өзегі», – деді ол.
Сонымен қатар жаңа Конституция жобасында адами капиталды дамыту, білім беру, ғылым мен инновацияны қолдау мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде конституциялық деңгейде бекітілді. Бұл – ұзақ мерзімді даму логикасына сай келетін, елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған түбегейлі жаңашылдық.
Егемендік пен аумақтық тұтастық – өзгермейтін құндылықтар
жаңа Конституция жобасында мемлекеттің іргетасын құрайтын қағидаттарға ерекше мән берілген. Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, Конституцияның «Конституциялық құрылыстың негіздері» атты бірінші бөлімінде Қазақстанның мемлекеттік ұйымдастырылуын айқындайтын негізгі ережелер нақты әрі айқын тұжырымдалған.
Құжатқа сәйкес, Қазақстан Республикасы – унитарлық мемлекет, ал басқару нысаны президенттік республика деп нақты бекітілді. Бұл – бұрын ғылыми және сараптамалық ортада көтеріліп келген басқару нысанын айқындау қажеттілігіне берілген нақты жауап.
Егемендік, тәуелсіздік, унитарлық сипат, аумақтық тұтастық және басқару нысаны ешқашан өзгермейтін құндылықтар ретінде белгіленіп, Конституцияның бастапқы нормаларында бекітілді. Бұл – мемлекеттің тұрақтылығы мен беріктігін қамтамасыз ететін мызғымас негіз.
Комиссия отырысында мемлекеттік биліктің бастауы туралы қағидат та қайта қаралды. Конституцияның 4-бабында егемендіктің иесі және мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – Қазақстан халқы екені нақты әрі шегеленіп жазылды.
Сондай-ақ «республикалық референдум» ұғымы «жалпыхалықтық референдум» деп өзгертіліп, халықтың билікті тікелей жүзеге асыру тетіктері айқындалды. Енді халық билікті жалпыхалықтық референдум мен еркін сайлау арқылы тікелей жүргізеді және өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді деген норма тұжырымдалды.
Жалпы алғанда, Қазақстанның жаңа Конституциясының алғашқы жобасы – қоғам сұранысына негізделген, мемлекеттің болашақ дамуын көздейтін және халықтың рөлін күшейтуге бағытталған кешенді құжат. Алдағы уақытта бұл жоба әлі де жан-жақты талқыланып, толықтырылып, кемелдене түсетіні сөзсіз.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
заң факультетінің деканы
Уәлихан Ахатов
КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМА – МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ МОДЕЛІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДА МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ

Конституцияға енгізілуі жоспарланып отырған өзгерістер – уақыт талабы әрі саналы қоғамның сұранысы. Ұсынылып отырған конституциялық реформалар тек саяси-құқықтық сипатта ғана емес, сонымен қатар тікелей экономикалық маңызға да ие. Себебі олар елдегі әлеуметтік-экономикалық шешімдер қабылданатын институционалдық ортаны айқындайды.
Ең алдымен Парламенттің рөлін күшейту және билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу неғұрлым теңгерімді әрі болжамды экономикалық саясат жүргізуге алғышарттар қалыптастырады. Экономикалық тұрғыдан алғанда, бұл институционалдық тәуекелдердің төмендеуіне, заңнама сапасының артуына және бизнес пен инвесторлар тарапынан сенімнің нығаюына ықпал етеді. Сонымен қатар билік сабақтастығының сақталуы мен заңнамадағы қайшылықтардың азаюы шетелдік инвесторлар үшін де елдің инвестициялық тартымдылығын арттырады.
Азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған өзгерістердің маңызы ерекше. Экономикалық теория тұрғысынан алғанда, меншік құқықтарының, еңбек ету құқығының және әділ сотқа қолжетімділіктің қамтамасыз етілуі тұрақты экономикалық өсім мен кәсіпкерліктің дамуының негізгі шарттары болып табылады.
Сондай-ақ тежемелік әрі тепе-теңдік тетіктерінің институционалдық тұрғыда күшеюі мемлекеттік басқарудың тиімділігін және бюджеттік тәртіпті арттыруға ықпал етеді. Ұзақ мерзімді перспективада бұл мемлекеттік шығыстардың сапасына, әлеуметтік бағдарламалардың тиімді іске асырылуына және өңірлік дамуға оң әсерін тигізеді.
Жалпы алғанда, ұсынылып отырған конституциялық өзгерістерді қазіргі заманғы сын-қатерлер мен елдің стратегиялық даму мақсаттарына сай келетін, орнықты, ашық әрі экономикалық тұрғыдан тиімді мемлекеттік басқару моделін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам ретінде бағалауға болады.
Жанна Ермекова,
Экономика және бизнес жоғары мектебі факультетінің деканы, э.ғ.к., доцент м.а.
КОНСТИТУЦИЯНЫҢ ЖАҢА ЖОБАСЫНДА АДАМ ҚҰҚЫҒЫ МЕН БОСТАНДЫҒЫНА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛДІ

Жаңа Конституция жобасында адам құқығы мен бостандығы тұңғыш рет елдің негізгі басымдығы ретінде жарияланып отыр. Бұл идея Конституцияның бүкіл мәтіні өн бойында бар.
Конституцияның «Негізгі құқықтар, бостандықтар және міндеттер» бөлімінің нормаларын әзірлеу кезінде адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы, Қазақстан тарапынан ратификацияланған халықаралық фактілер мен басқа да жалпыға бірдей танылған халықаралық құжаттардың талабы барынша ескерілді. Нәтижесінде адам мен азаматтың жеке, әлеуметтік-экономикалық және саяси құқықтарының мазмұны толықтырылды, жаңа қырлары ашылды. Олардың іске асырылуы мен қорғалуына берілген кепілдік анағұрлым нығайды.
Жаңа Конституция жобасында адамның негізгі құқықтарын қорғауға басымдық берілген. Мысалы, өмір сүру құқығының абсолюттілігі, жеке тұлғаға қол сұқпау, цифрлық дәуірде жеке деректерді қорғау, сондай-ақ «Миранда ережесі» бекітіліп отыр. Сонымен қатар жоба сөз бостандығы, ғылыми, техникалық және шығармашылық еркіндік, интеллектуалдық меншік құқықтарын қорғау мәселелерін қамтиды.
Бұдан бөлек, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударылған. Мәселен, дін мен мемлекеттің бөліну қағидаты бекітілген. Рухани және діни оқу білім беру ұйымдарын қоспағанда, білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты жарияланады.
Сонымен қатар неке – ер мен әйелдің ерікті және тең құқықты одағы деген ереже енгізілген. Бұл көзқарас әйелдердің құқықтарын қорғауды және дәстүрлі құндылықтарды нығайтуға бағытталған.
Конституция жобасы – жарты жыл бойы тәжірибелі заңгерлердің, сарапшылар қауымдастығы мен депутаттардың атқарған қажырлы еңбегінің нәтижесі. Ата заңға енгізілген ұсыныстар барлық бөлімдерді және 77 бапты қамтып отыр. Яғни мәтіннің 84 пайызын құрайды.
Қанат Әуесбай,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы
КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМАЛАР КОМИССИЯСЫ: БАСТЫ ҰСЫНЫСТАР МЕН ҚОҒАМДЫҚ ТАЛҚЫЛАУ

Соңғы аптада елімізде Конституцияға өзгерістер пакетін талқылайтын Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның бірнеше отырысы өтті. Бұл отырыстардың мәні – тек жекелеген баптарды түзету емес, мемлекеттік басқару архитектурасын жаңаша құрастыруға бағытталған ірі конституциялық жаңғырту пакетін пысықтау. Кей ақпараттарда ұсынылатын түзетулер 77 бапты қамтып, Конституция мәтінінің шамамен 84 пайызына әсер етуі мүмкін екені көрсетілді.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер ретінде бірпалаталы Парламент «Құрылтай» үлгісіне көшу, вице-президент институтын енгізу, «Халық кеңесі» мәртебесін Конституцияда бекіту, құқықтар мен бостандықтар блогын жаңарту, аумақ тұтастығы қағидаты және «өзгермейтін нормалар» болды.
Комиссия талқылаған ең ірі бағыттың бірі – Парламентті бірпалаталы үлгіге көшіру және оны «Құрылтай» атауымен бекіту туралы ұсыныстар. Бұл бастама бұған дейін Президенттің саяси реформалар логикасымен байланыстырылып, комиссия отырыстарында кең талқыланғаны айтылды. Маңыздысы – заң шығару жүйесінің құрылымы өзгерсе, заң қабылдау үдерісі, партиялық бәсеке, депутаттық жауапкершілік сияқты тетіктер де қайта теңшеледі.
Талқылаулардың тағы бір өзегі – вице-президент лауазымын конституциялық деңгейде бекіту және оның өкілеттіктер аясын айқындау. Бұл ұсыныс «жаңа басқару контурының» бір бөлігі ретінде қарастырылып отыр. Бастысы – атқарушы биліктегі сабақтастық, жауапкершілікті бөлу және дағдарыс жағдайындағы басқару тұрақтылығы сияқты сұрақтар осы институтқа тікелей тіреледі.
Отырыстарда тағы бір мәселе – Халық кеңесін Конституцияда жеке бөліммен бекіту ұсыныстары да талқыланды. Ақпараттарға сәйкес, ол жоғары консультативтік орган ретінде сипатталып, құрамы мен жұмыс тәртібі жеке конституциялық заңмен реттелуі мүмкін. Сонымен бірге Халық кеңесіне заң шығару бастамасы құқығын беру туралы да айтылған. Негізгісі қоғамның пікірін мемлекеттік шешімдерге «институционалдық арна» арқылы қосу, азаматтық қатысу формаларын кеңейту мақсатымен байланыстырылып отыр.
Комиссияда адам құқықтары бөліміне қатысты түзетулер де көтерілген. Мәселен, жарияланған материалдарда неке мен отбасы құндылықтарын конституциялық деңгейде күшейту, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау міндетін нақтылау жайы аталады. Бастысы – бұл өзгерістер азаматтардың конституциялық құқықтары, олардың қорғалуы және кей жағдайларда құқықтарды шектеудің мақсаттары мен шектері туралы құқықтық айқындыққа әсер етеді.
Ақпарат алаңында Қазақстан аумағының тұтастығы мен қол сұғылмайтыны туралы норма өзгермейтіні де нақты айтылған. Қоғам үшін ең сезімтал тақырыптардың бірі – аумақтық тұтастық мәселесі. Бұл бағытта «қызыл сызықтың» сақталатыны жөнінде түсінік берілді.
Қысқасы, комиссия отырыстарындағы негізгі бағыттар үш ірі блокқа тоғысады: 1) Басқару жүйесін қайта құру: бірпалаталы Парламент «Құрылтай» және вице-президент институты. 2) Қоғамдық қатысуды институционалдандыру: Халық кеңесінің мәртебесі, заң шығару бастамасы секілді тетіктер. 3) Құқықтар мен құндылықтар блогын нақтылау: отбасы, экология және құқықтық кепілдіктердің күшеюі.
ӘЛІМ МЫЛҚАЙДАРОВ, Г.Ғ.К.
ГЕОГРАФИЯ, ЖЕРГЕ ОРНАЛАСТЫРУ ЖӘНЕ КАДАСТР КАФЕДРАСЫ
КОНСТИТУЦИЯНЫҢ ЖАҢА ЖОБАСЫ ҰСЫНЫЛДЫ

Конституциялық комиссия жаңа Конституцияның жобасын ұсынды.
Бұл кезекті «өзгерістер мен толықтырулар» ғана емес, мәні жағынан жаңа Конституцияның жобасы ұсынылды.
Ең алдымен ұсынылып отырған жоба құрылымдық тұрғыдан да, мазмұны жағынан да бұрынғы Негізгі заңнан түбегейлі ерекшеленеді. Преамбула толықтай жаңартылған, ал Конституцияның 95 бабының 77-сі қайта қаралған. Конституциялық теория тұрғысынан алғанда, мұндай ауқымдағы қайта қарау «редакциялық түзетулер» немесе «жекелеген өзгерістер» шеңберінен шығып, конституциялық модельдің жаңартылуын білдіреді.
Жаңа жобада мемлекеттің стратегиялық бағдарлары адам капиталы, білім, ғылым және инновациялар, мемлекеттік дамудың негізгі бағыттары ретінде бекітілуі – Конституцияны ұлттың ұзақ мерзімді даму философиясын айқындайтын құжат ретінде қарастыруға көшудің белгісі.
Сондай-ақ мемлекеттік биліктің институционалдық архитектурасы қайта құрылуда. Бірқатар бұрынғы институттардың мазмұны өзгеріп, жаңа конституциялық органдар мен бөлімдер енгізілген. Конституцияның жеке бөлімдері ретінде Құрылтай, Қазақстан Халық кеңесі, Конституциялық соттың айрықша орны айқындалып отыр. Бұл өзгерістер мемлекетті басқарудың классикалық үлгілерін заманауи саяси-құқықтық талаптарға бейімдеуге бағытталған.
Ерекше назар аударатын тағы бір мәселе – Конституцияға өзгерістер енгізу тәртібінің қайта қаралуы. Енді Негізгі заңды өзгерту тек Президенттің шешімімен және жалпыхалықтық референдум арқылы жүзеге асырылуы көзделіп отыр. Бұл Конституцияның тұрақтылығын арттырып қана қоймай, оны халықтық егемендіктің нақты құқықтық көрінісіне айналдыруға бағытталған қадам.
Алдағы кезеңде бұл жоба қоғам талқысына ұсынылады. Бұл – Конституцияның тек заңгерлер мен саясаткерлердің емес, бүкіл қоғамның ортақ құжаты екенінің тағы бір дәлелі. Конституциялық комиссияның әрі қарайғы жұмысы азаматтардың пікірін ескере отырып жалғасады, ал бұл өз кезегінде жаңа Конституцияның легитимділігі мен өміршеңдігін айқындайтын маңызды фактор болмақ.
Жанар Кегембаева,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы,
профессор-зерттеуші
ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖҮЙЕНІ ЖАҢҒЫРТУ

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы – елдің құқықтық жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды тарихи құжат. Ол азаматтар, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардың ұсыныстарын ескере отырып әзірленіп, кең қоғамдық талқылауға ұсынылды. Жоба адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, мемлекеттік басқаруды жетілдіруге және қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған.
Жаңа Конституцияда адам және оның құқықтары ең жоғары құндылық ретінде айқындалып, білім, ғылым мен инновациялардың стратегиялық маңызы белгіленген. Сондай-ақ билік өкілеттіктерін қайта қарастыру, бірпалаталы Парламент құру және қоғамдық институттардың рөлін арттыру көзделеді.
Сонымен қатар Конституция жобасы мемлекеттік билік органдарының өкілеттігін қайта қарастырып, жаңа басқару тетіктерін енгізуді көздейді: бірпалаталы Парламенттің құрылуы, Қазақстан Халық кеңесі рөлінің күшеюі және жаңа институттар арқылы қоғам мен мемлекеттің өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру.
Бұл құжат еліміздің тұрақты дамуы мен әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық негіз болмақ және алдағы уақытта жалпыхалықтық референдумда қаралуы жоспарлануда.
С.Нарбаева,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Киберқауіпсіздік және криптология
кафедрасының аға оқытушысы
КОНСТИТУЦИЯДА НЕКЕГЕ ҚАТЫСТЫ НОРМАНЫ БЕКІТУ ОТБАСЫ ИНСТИТУТЫН ҚОРҒАУДЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕДІ

Қазақстан Республикасында мемлекеттік биліктің бірден-бір көзі және мемлекеттiк тәуелсіздіктің иесі – халық. Бұл қағида Конституциялық комиссияның бесінші отырысында ерекше назарда болды.
Комиссияның бесінші отырысында Конституцияның бірқатар баптарын қайта қарау жөніндегі бастамалар талқыланды. Ұсынылып отырған өзгерістердің мақсаты – мемлекеттік тәуелсіздікті нығайту, тікелей демократия механизмдерін кеңейту және дәстүрлі құндылықтарды нормативтік түрде бекіту болып табылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бірінші проректоры, профессор Еркін Дүйсенов Конституция мәтінінде терминологиялық сәйкессіздіктер мен стилистикалық бұрмаланулар бар екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл мәселелер мемлекеттік және құқықтық құрылыс міндеттерін ескере отырып, Конституцияның кейбір баптарын жүйелі әрі концептуалды түрде қайта қарауды талап етеді.
Сонымен қатар ерекше назар Конституцияның 3-бабының 1-тармағына аударылды: «Мемлекеттік биліктің бірден-бір көзі және мемлекеттiк тәуелсіздіктің иесі – халық болып табылады». Еркін Ерманұлының айтуынша, бұл формулировка халықтық егемендік принципінің мәнін толықтай көрсетеді және халықаралық стандарттарға, соның ішінде Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пакт талаптарына сәйкес келеді. Сол сияқты мұндай тәсіл бірқатар демократиялық елдердің конституциялық тәжірибесінде бекітілген.
Тікелей демократияны дамыту контексінде профессор жалпыұлттық референдумның рөліне де ерекше мән берді. «Жалпыұлттық референдум азаматтардың тікелей ерік білдіруінің ең жоғары формасы болуы тиіс және қоғамның саяси жүйеге сенімін нығайтуға тиімді құрал болмақ», – деп атап өтті ол. Бұл тұрғыда Швейцария, Ирландия және Италия тәжірибесіне сүйенді, онда референдумдар тұрақты демократиялық модельдің маңызды элементі болып саналады.
Сонымен қатар ұсыныстардың бөлек бөлімі дәстүрлі құндылықтарды және ұлттық бірегейлікті сақтау мәселелеріне арналды. Профессор өз ғылыми еңбектерінде және қоғамдық баяндамаларында 27-бапты, яғни некеге қатысты бапты нақтылаудың маңыздылығын бұрыннан көтеріп жүрген. Оның пікірінше, Конституцияда некені ер адам мен әйелдің одағы ретінде бекіту дискриминациялық емес, қорғаныс сипатына ие. Сондықтан аталған норманы Конституция деңгейінде бекіту отбасы институтын құқықтық қорғаумен қамтамасыз етеді, қоғамның мәдени және рухани негіздерін сақтауға ықпал етеді және ұлттық бірегейлікті нығайтады. «Бұл құқықтарды шектеу туралы емес, Қазақстан қоғамына тарихи тұрғыдан тән негізгі құндылықтық бағдарларды бекіту туралы», – деп түсіндірді профессор.
Осылайша Конституциялық комиссияның отырысында көтерілген ұсыныстар халықтық егемендік, тікелей демократия және дәстүрлі құндылықтар принциптерін өзара толықтыратын тұрақты мемлекеттің конституциялық даму моделін қалыптастыруға бағытталғанын көрсетеді.
Нұрзада БЕЙСЕН,
физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор
БАСҚАРУШЫЛЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯ РЕТІНДЕ ҚАРАСТЫРЫЛУЫ ТИІС

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай алаңында конституциялық реформаның басталғанын жариялап, осы өзгерістерді әзірлеу және талқылау мақсатында арнайы конституциялық комиссия құрылғаны белгілі. Комиссия жұмысының нәтижесінде ұсынылған өзгерістер Қазақстан Республикасының басқару жүйесіне институционалдық және ұйымдастырушылық тұрғыдан елеулі ықпал ететін кешенді реформалар пакетін қамтиды.
Ұсыныстарға сәйкес, елде бірпалаталы парламенттік құрылым енгізіліп, атқарушы билік жүйесінде вице-президент лауазымы бекітіледі. Сонымен қатар бұрынғы Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы ассамблеясының қызметін тоқтатып, олардың орнына 126 адамнан тұратын Халық кеңесін құру көзделіп отыр. Халық кеңесінің барлық мүшелерін Президенттің тағайындауы басқару жүйесінде жаңа консультативтік-институционалдық тетіктің қалыптасуын білдіреді.
Менеджмент тұрғысынан алғанда, аталған өзгерістер мемлекеттік басқарудың архитектурасын қайта құрумен тікелей байланысты. Бірпалаталы Парламентке көшу басқару шешімдерін қабылдау тізбегін оңтайландыруға бағытталған қадам ретінде қарастырылуы мүмкін. Бұл жағдайда шешім қабылдау жылдамдығы, рәсімдердің қысқаруы және басқарушылық циклдің тиімділігі алдыңғы орынға шығады.
Вице-президент институтының енгізілуі стратегиялық басқару сабақтастығын, жоғары деңгейдегі өкілеттіктерді бөлу мен жауапкершілікті нақтылауды талап етеді. Мұндай модель басқаруда өкілеттіктерді делегирлеу, стратегиялық және операциялық функцияларды ажырату тұрғысынан жаңа басқарушылық механизмдерді қалыптастыруды қажет етеді.
Ал Халық кеңесінің құрылуы мемлекеттік шешімдерге кеңесші сипаттағы қатысу тетігін институционализациялауға бағытталған. Басқару теориясы тұрғысынан бұл — stakeholder management және кеңес беру арқылы басқару (consultative governance) элементтерін күшейтуге бағытталған модель. Алайда оның тиімділігі кеңестің функцияларының айқындығына, шешім қабылдау процесіне ықпал ету деңгейіне және есептілік тетіктеріне тікелей байланысты болады.
Жалпы алғанда, ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер құқықтық қана емес, ең алдымен басқарушылық трансформация ретінде қарастырылуы тиіс. Олардың табысты іске асуы өзгерістерді басқару, институционалдық бейімделу, басқару процестерін қайта жобалау және кадрлық даярлық сияқты менеджменттік құралдардың тиімді қолданылуына тәуелді.
Осы тұрғыдан алғанда, конституциялық реформаларды жүзеге асыру кезеңінде нормативтік шешімдермен қатар, басқару жүйесінің ұйымдастырушылық дайындығына ерекше назар аудару қажет деп есептеймін.
Гүлжиһан СМАҒҰЛОВА,
профессор міндетін атқарушы
КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫ – БІРЛЕСКЕН ЕҢБЕК НӘТИЖЕСІ

Менің ойымша, жаңа Конституция жобасында адам құқықтары мен бостандықтарының мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде белгіленуі – Қазақстанның құқықтық дамуындағы маңызды әрі уақтылы қадам. Бұл қағидат Конституцияның барлық бөлімдерінде көрініс тауып, мемлекеттің адамға бағдарланған саясатын айқын көрсетеді. Жоба Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы мен Қазақстан ратификациялаған халықаралық құқықтық құжаттардың талаптарын ескере отырып әзірленген. Соның нәтижесінде азаматтардың жеке, әлеуметтік-экономикалық және саяси құқықтарының мазмұны кеңейіп, оларды іске асыру мен қорғаудың құқықтық кепілдіктері күшейтілді.
Әсіресе өмір сүру құқығының абсолюттілігі, жеке тұлғаға қол сұқпаушылық, цифрлық дәуір жағдайында жеке деректерді қорғау және «Миранда ережесінің» Конституцияда бекітілуі құқықтық мемлекеттің маңызды көрсеткіші деп санаймын. Сонымен қатар сөз бостандығы, ғылыми және шығармашылық еркіндік, интеллектуалдық меншік құқықтарын қорғау мәселелерінің қамтылуы қоғамның зияткерлік дамуына оң әсер етеді. Жалпы алғанда, Конституция жобасы заңгерлер мен сарапшылардың, депутаттардың бірлескен еңбегінің нәтижесі және ол азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде одан әрі дамуына бағытталған маңызды құжат деп есептеймін.
Гүлқыз ЖИДЕҚҰЛОВА,
Киберқауіпсіздік және криптология кафедрасының қауымдастырылған профессоры
КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЖОБА ЗАҢНЫҢ ҮСТЕМДІГІНЕ БАҒДАРЛАНҒАН

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасына берілген түсіндірме бағыттары Ата заңға тек формальды өзгерістер енгізу емес, мемлекет пен қоғам арасындағы сапалық тұрғыдан жаңа конституциялық келісімді қалыптастыруға ұмтылыс жасалып отырғанын көрсетеді.
Біріншіден, басқару нысанын нақтылау.
Қазақстан Республикасының президенттік республика екендігін Конституция деңгейінде тікелей бекіту көп жылдар бойы қалыптасқан теориялық және практикалық түсініксіздікті жояды. Республика ұғымы басқару нысаны ретінде және республиканың нақты моделі – парламенттік, президенттік, аралас – Конституциялық құқық теориясында әртүрлі санаттар болып табылады. Ұсынылып отырған редакция «Күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет» моделінің логикасына сай келеді және саяси жауапкершілікті бөлуде айқындықты қамтамасыз етеді.
Екіншіден, әкімшілік-аумақтық құрылым.
Әкімшілік-аумақтық құрылымды құқықтық реттеу деңгейін конституциялық заң дәрежесіне көтеру принциптік маңызға ие. Бұл, бір жағынан, ерекше құқықтық режимдерді енгізуге құқықтық негіз қалыптастырса, екінші жағынан, мемлекеттің унитарлығының, аумақтық тұтастығы мен шекараларының мызғымастығына институционалдық кепілдік береді. Осылайша, экономикалық икемділік конституциялық «қызыл сызықтармен» үйлесім табады.
Үшіншіден, егемендік және халық.
Айрықша назар аударуға тұрарлық мәселе – Конституцияда халықтың мемлекеттік биліктің бастауы ғана емес, егемендіктің бірден-бір иесі екендігін бекіту. Бұл – декларативтік тұжырым емес, іргелі құқықтық қағида. Егемендік өзінің табиғаты бойынша бастапқы және құрылтайшылық сипатқа ие және одан туындайтын мемлекеттік органдарға тиесілі бола алмайды. Осы арқылы халықтық егемендікті институционалдық егемендікпен алмастыру қаупі жойылады.
Жалпы алғанда, жоба Қазақстанның тәуелсіздігін қалыптастыру кезеңіндегі Конституциядан кемелденген мемлекет Конституциясына өтуін көрсетеді. Ол заңның үстемдігіне, институционалдық тұрақтылыққа және биліктің қоғам мен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігіне бағдарланған.
Бұл жоба төңірегіндегі қоғамдық және ғылыми пікірталас – қажетті әрі заңды құбылыс. Дәл осындай талқылау арқылы нағыз конституциялық сана мен Ата заңға деген сенім қалыптасады.
Саида Асанова,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
заң факультеті деканының орынбасары, PhD
БЕРІК ҚҰҚЫҚТЫҚ ІРГЕТАС ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ӨЗЕКТІ ҚҰЖАТ

Жаңа Конституция жобасында адам құқықтары мен бостандықтарының мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде айқындалуы – Қазақстан Республикасының құқықтық, демократиялық және әлеуметтік мемлекет ретіндегі дамуын нығайтатын маңызды стратегиялық қадам. Аталған қағидат Конституцияның мазмұнында жүйелі түрде көрініс тауып, мемлекеттің адамға бағдарланған саясатын айқындайды.
Конституцияның негізгі құқықтар мен бостандықтарға арналған бөлімін әзірлеу барысында халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған нормалары мен Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық келісімдердің талаптарының ескерілуі – ұлттық заңнаманың халықаралық стандарттарға сәйкестігін арттырады. Нәтижесінде адам мен азаматтың жеке, әлеуметтік-экономикалық және саяси құқықтарының мазмұны кеңейтіліп, оларды іске асыру мен қорғау тетіктері күшейтілген.
Жоба аясында өмір сүру құқығының абсолюттілігі, жеке тұлғаның қол сұғылмаушылығы, жеке деректерді қорғау және қылмыстық процестегі «Миранда ережесінің» бекітілуі азаматтардың құқықтық қорғалу деңгейін арттыруға бағытталған маңызды құқықтық кепілдіктер ретінде бағаланады. Сонымен қатар сөз бостандығы, ғылыми және шығармашылық еркіндік, интеллектуалдық меншік құқықтарын қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылған.
Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға, зайырлы мемлекеттілік қағидаттарын сақтауға, неке институтының ер мен әйелдің тең құқықты және ерікті одағы ретінде белгіленуіне қатысты нормалар қоғамдағы тұрақтылықты, әлеуметтік әділеттілікті және дәстүрлі құндылықтарды нығайтуға бағытталған.
Конституция жобасы отандық және халықаралық құқықтық тәжірибені ескере отырып әзірленген. Ол мемлекеттің құқықтық негіздерін жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге және Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді дамуына берік құқықтық іргетас қалыптастыруға бағытталған маңызды нормативтік-құқықтық құжат болып саналады.
Фарида ГУСМАНОВА,
Компьютерлік ғылымдар кафедрасының доценті
КОНСТИТУЦИЯНЫҢ ЖАҢА НҰСҚАСЫ ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ ҚҰРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН

2026 жылғы 26 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысында елдің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне жол ашатын бірқатар маңызды бастамаларды жариялады. Мемлекет басшысы ұсынған бұл реформалар қоғамдағы саяси, құқықтық және әлеуметтік өзгерістердің логикалық жалғасы ретінде Конституцияның мазмұнын заман талаптарына сай жаңғыртуды көздейді.
Осыған орай, 2026 жылғы 30 қаңтарда Конституцияға реформа жүргізу жөніндегі арнайы комиссияның отырысында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы таныстырылды. Негізінен, ұсынылып отырған мәселелер мемлекетті басқарудың ашықтығын арттыруға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нақты әрі тиімді қорғауға бағытталған.
Бірпалаталы, 145 депутаттан тұратын Құрылтайдың құрылуы және пропорционалды сайлау жүйесінің енгізілуі партиялардың жауапкершілігін күшейтіп, саяси бәсекелестікті дамытады. Бұл Парламенттің шынайы өкілді орган ретінде қоғам мүддесін толық қамтуына мүмкіндік береді.
Қазақстанның Халық кеңесінің құрылуы – қоғам мен билік арасындағы тұрақты диалогты нығайтатын маңызды қадам. Заң шығару бастамасы құқығына ие консультативтік орган ретінде ол азаматтардың үнін мемлекеттік шешімдер қабылдау процесіне тікелей жеткізе алады.
Вице-президент институтының енгізілуі мемлекеттік басқару жүйесінің сабақтастығын күшейтіп, халықаралық және қоғамдық байланыстарды жүйелі дамытуға жол ашады. Ал адвокатура, зияткерлік меншік және кінәсіздік презумпциясы сияқты құқықтық кепілдіктердің Конституция деңгейінде бекітілуі құқықтық мемлекеттің негізін одан әрі нығайтады. Сондай-ақ «Миранда ережесінің» енгізілуі мен азаматтардың жағдайын нашарлататын заңдарға тыйым салу адам құқықтарын қорғаудың халықаралық стандарттарына жақындағанымыздың айқын белгісі.
Жалпы алғанда, Конституцияның жаңа нұсқасы әділетті құқыққа негізделген және азаматқа бағдарланған мемлекет құруға бағытталған. Аталған конституциялық жаңғырту тек құқықтық құжатты өзгерту емес, сонымен қатар қазақстандық қоғамның саяси мәдениетін тереңдетуге және демократиялық қағидаттарды орнықтыруға бағытталған жүйелі реформа ретінде бағалануы тиіс.
Рашева Г.К.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының доценті м.а., PhD
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯСЫНЫҢ ЖОБАСЫНА ҚОҒАМДЫҚ ЖӘНЕ САРАПТАМАЛЫҚ ТҮСІНІКТЕМЕЛЕРДІҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ

Жаңа Конституция жобасы: негізгі идеялар мен түбегейлі өзгерістер жаңа Конституция жобасы – Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде кемелденгенін, қоғам мен мемлекеттің жаңа даму кезеңіне өткенін көрсететін стратегиялық құжат. Ол ұлттық болмысты, тарихи сабақтастықты және болашаққа бағытталған құндылықтарды біртұтас жүйеге біріктіреді.
Преамбулада Қазақстан халқының мызғымас ұлттық құндылықтары айқын белгіленген. Унитарлық мемлекет, шекараның мызғымастығы мен аумақтық тұтастық – ел егемендігін, қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін басты қағидаттар ретінде бекітіледі. Сонымен қатар «Әділетті Қазақстан», «Заң мен тәртіп» құндылықтары, адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығы, этносаралық және конфессияаралық келісім, білім, ғылым, инновация, экология және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік жаңа қоғамдық келісімнің өзегіне айналады.
I бөлім – «Конституциялық құрылыстың негіздері» мемлекеттіліктің іргетасын нақтылайды. Қазақстанның басқару нысаны – президенттік республика екені айқын жазылады. Халық тек биліктің қайнар көзі ғана емес, сонымен бірге егемендіктің жалғыз иесі екені конституциялық деңгейде нақтыланады. Бұл – биліктің халыққа тиесілі екенін түбегейлі бекітетін қағидатты норма.
Заңдардың кері күші болмайтыны, азаматтардың жағдайын нашарлататын нормалардың қолданылмайтыны бекітіледі. «Республикалық референдум» ұғымы «бүкілхалықтық референдум» болып өзгеріп, халық бірлігі басты шарт ретінде айқындалады.
II бөлім – Негізгі құқықтар: бостандықтар мен міндеттер жаңа мазмұнмен толықтырылған. Өмір сүру құқығы абсолютті құқық ретінде танылады, жеке бостандық, ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау, жеке өмірге қолсұқпаушылық, дербес деректерді қорғау күшейтіледі. Еңбекке құқық, неке ұғымының нақты анықтамасы, білімнің зайырлы сипаты және табиғатты қорғау – азаматтың конституциялық міндеті ретінде бекітіледі.
Мемлекеттік билік жүйесі түбегейлі жаңғыртылады. Парламент орнына Кұрылтай енгізіледі – бірпалаталы, кәсіби, партиялық негіздегі өкілді орган. Президенттің өкілеттігі бір реттік мерзіммен шектеледі, вице-президент институты енгізіледі, биліктің сабақтастығы айқын регламенттеледі. Президенттің ерікті түрде отставкаға кету мүмкіндігі бекітіліп, билік – қызмет ету екені айқындалады.
Қазақстан Халық кеңесі – халықтың мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган ретінде енгізіледі. Ол заң бастамасын көтеруге және бүкілхалықтық референдум ұсынуға құқылы.
Конституциялық соттың мәртебесі күшейтіліп, Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін тәуелсіз орган ретінде бекітіледі. Оның шешімдері түпкілікті және міндетті болады. Конституцияға өзгерістер енгізу тәртібі түбегейлі өзгереді: бұдан былай Конституцияға түзетулер тек бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданады. Бұл Конституцияны саяси конъюнктурадан қорғап, оны халықтың тікелей еркімен байланыстырады.
Жалпы алғанда, жаңа Конституция жобасы – әділетті, заң үстемдігі орнаған, адамға бағытталған, жауапты және болашаққа сеніммен қарайтын Қазақстанның құқықтық негізі. Ол мемлекеттің емес, халықтың Конституциясы болуға бағытталған.
Талғат БАЛАШОВ,
Азаматтық құқық және
азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы
кафедрасының меңгерушісі, з.ғ.д.,
профессор м.а.
ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ: ХАЛЫҚТЫҢ МҮДДЕСІ – МЕМЛЕКЕТТІҢ НЕГІЗІ
Қазақстан Республикасы тәуелсіз, біртұтас, құқықтық мемлекет ретінде өзінің тарихи жолын жалғастырып, жаңаша даму кезеңіне қадам басуда. Елдің саяси, әлеуметтік және экономикалық өмірінде реформаларды іске асыру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жаңа Конституцияның қабылдануы – уақыт талабы.
Жаңа Конституцияда халықтың мүддесі, ұлттық бірлік, заң үстемдігі және әділдік принциптері айқын көрсетілген. Ол елдің тарихи дәстүрлері мен заманауи құндылықтарын үйлестіре отырып, Қазақстанның тұрақты дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін стратегиялық бағыттарды айқындайды.
Халық пен мемлекет арасындағы байланысты күшейту Конституцияда халық тек биліктің көзі ғана емес, сонымен қатар мемлекеттегі суверенитеттің иесі ретінде белгіленді. Бұл жаңа деңгейдегі азаматтық жауапкершілік пен демократиялық қатысуды көрсетеді.
Құқықтар мен міндеттердің теңгерімі – жеке құқықтар мен бостандықтар ғана емес, сонымен қатар азаматтардың конституциялық міндеттері де айқындалды: табиғатты қорғау, заңға бағыну, азаматтық қоғамға қатысу.
Сот жүйесі мен құқық қорғау – Конституциялық сот, адвокатура сияқты институттар тәуелсіздік пен заңдылықты сақтайтын механизм ретінде айқын белгіленді. Экономикалық даму мен инвестиция тарту – аймақтарда арнайы құқықтық режимдерді енгізу мүмкіндігі конституциялық деңгейде бекітілді. Бұл экономиканы дамытуға және инвестиция тартуға жағдай жасайды.
Сыртқы саясат пен халықаралық қатынастар – Қазақстан бейбітшілік пен өзара сыйластық принциптеріне сүйеніп, халықаралық құқық нормаларын басшылыққа алады.
Қазақстан Халық кеңесі құрылып, ол халық мүддесін қорғаушы және маңызды ұсыныстар енгізуші орган ретінде белгіленді.
Құжаттың заманауи сипаты – білім, ғылым, инновация, экология, мәдениет сияқты стратегиялық бағыттар басымдыққа алынды, бұл мемлекет болашағына бағдарланғанын көрсетеді.
Қарашева Ж.Т.,
PhD
ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ БЕРІК ІРГЕТАСЫ
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы – ел тарихындағы маңызды қоғамдық-саяси оқиғалардың бірі. Бұл құжат мемлекет дамуының жаңа бағытын айқындап, демократиялық қағидаттарды нығайтуға және халықтың билікке деген сенімін арттыруға бағытталған.
Жаңа Конституцияның негізгі өзегі – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Конституциялық реформалар азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуына жол ашып, мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтерді. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты жүзеге асуы.
Сонымен қатар Ата заңда билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік пен тежемелік жүйе айқын күшейтілді. Президент өкілеттігінің бір бөлігінің Парламентке берілуі, Мәжілістің ықпалының артуы және жергілікті өзін-өзі басқару институттарының дамуы – елдегі саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған маңызды қадамдар. Бұл өзгерістер биліктің ашықтығын қамтамасыз етіп, шешім қабылдау үдерісіне қоғамдық бақылауды арттырады.
Жаңа Конституцияда әлеуметтік әділеттілік мәселесіне де ерекше назар аударылған. Табиғи ресурстардың халық игілігіне қызмет етуі, әлеуметтік осал топтардың құқықтарын қорғау, заң алдындағы теңдік қағидалары нақты бекітілді. Мұның барлығы қоғамдағы тұрақтылықты нығайтып, азаматтардың болашаққа деген сенімін күшейтеді.
Сондай-ақ Конституциялық соттың құрылуы – құқықтық мемлекетті дамыту жолындағы маңызды жаңалық. Бұл азаматтардың өз құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы мүмкіндігін кеңейтіп, заң үстемдігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Қорытындылай келе, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы – елдің саяси жаңғыруын қамтамасыз ететін, әділетті әрі жауапты қоғам қалыптастыруға бағытталған стратегиялық құжат. Ол халықтың еркімен қабылданып, мемлекет дамуының жаңа кезеңіне жол ашты. Жаңа Конституцияны қолдау – әділетті Қазақстанды бірге құру жолындағы ортақ міндет.
Айтжанова Гүлнара,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессор ассистенті
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖАҢА АТА ЗАҢЫ ЖОБАСЫНЫҢ ЖАРИЯЛАНУЫ

Естеріңізге сала кетсек, конституциялық реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда бірпалаталы Парламент құру жөніндегі бастамасының негізінде туындаған болатын. Президент бұл идеяны 2025 жылғы 8 қыркүйекте өзінің халыққа арнаған жыл сайынғы жолдауында елдің саяси жүйесін кешенді жаңғырту және жасанды интеллект дәуірінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі оң серпін беру мақсатында айтқан болатын.
2026 жылдың 26 қаңтарында Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Ата заңының жобасын жариялады. Бұл ел тарихындағы маңызды әрі тағдырлы қадам. Жаңа Конституция жобасы мемлекет дамуының жаңа кезеңіне сай әзірленіп, саяси жүйені жаңғыртуға, демократиялық институттарды нығайтуға және халықтың билікке деген сенімін арттыруға бағытталған.
Жоба азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуді, заң үстемдігін қамтамасыз етуді және әділетті қоғам құруды басты мақсат етіп қояды. Сонымен қатар билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік пен жауапкершілікті арттыру, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, азаматтық қоғамның рөлін күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылған.
Комиссия жаңа Ата заңды әзірлеу барысында қоғам пікірін ескеруге, ашықтық пен жариялылық қағидаттарын сақтауға басымдық берді. Бұл құжат әрбір азаматтың мүддесін қорғап, елдің тұрақты дамуына құқықтық негіз қалыптастыруды көздейді.
Жаңа Конституция жобасының жариялануы халықтың мемлекет басқару ісіне белсенді қатысуына мүмкіндік беретін, әділетті әрі заманауи Қазақстанды қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама болып табылады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология және биотехнология факультетінің ұжымы Қазақстан Республикасының жаңа Ата заңының жобасын қолдай отырып, білім мен ғылым саласында елдің дамуына өз үлесін қосады.
Дамира Юсаева,
биология және биотехнология факультетінің Зоология,
гистология және цитология кафедрасының доцент міндетін атқарушы
ЖАҢА ДАМУ БАҒЫТЫ АЙҚЫНДАЛУДА
Қазақстан Республикасының Конституциясына ұсынылып отырған өзгерістер мен толықтырулар елдің саяси жүйесін жаңарту жолындағы ауқымды конституциялық реформаның заңды жалғасы болып табылады. Аталған үдеріс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында жарияланған бірпалаталы Парламент қалыптастыру бастамасынан бастау алады. Президент бұл идеяны жасанды интеллект дәуіріндегі жаһандық сын-қатерлер жағдайында тиімді, икемді әрі заманауи мемлекеттік басқару моделін құру қажеттілігімен түсіндірді.
Реформаның басты ерекшеліктерінің бірі – оның кең ауқымды қатысушылық сипаты. Конституциялық түзетулерді әзірлеу барысында азаматтық қоғам құрылымдары, саяси партиялар, ғылыми орта мен сарапшылар қауымдастығы белсенді түрде тартылды. Алты айға жуық қоғамдық талқылаулар кезінде e-Otinish және eGov платформалары арқылы екі мыңнан астам ұсыныстың келіп түсуі өзгерістердің ашық әрі жария түрде жүргізілгенін дәлелдейді.
2026 жылғы 21 қаңтарда құрылған Конституциялық комиссия реформаны жаңа мазмұндық деңгейге көтерді. Оның құрамына 130 өкілдің енгізілуі қоғамның әлеуметтік, аймақтық және кәсіби алуандығын барынша қамтуға бағытталды. Комиссияға Конституциялық сот төрағасының жетекшілік етуі құқықтық негіздің беріктігін арттырса, Мемлекеттік кеңесші мен премьер-министр орынбасарының қатысуы билік тармақтары арасындағы үйлесімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етті.
Комиссия отырыстарының ашық форматта өткізіліп, тікелей эфир арқылы көрсетілуі және бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жариялануы реформаның демократиялық мазмұнын күшейтті. Жалпы алғанда, Конституцияға енгізіліп жатқан өзгерістер мен толықтырулар эволюциялық сипаттағы терең құқықтық жаңғыруды білдіреді. Олар адам құқықтарына негізделген, ашық әрі инклюзивті мемлекет құруды мақсат етеді. Ұсынылған жоба мемлекеттік сабақтастықты сақтай отырып, білімге, ғылымға, инновацияға және адами әлеуетке сүйенетін жаңа даму бағытын айқындайды.
Сәбит Тұрсынбек
Химиялық физика және материалтану кафедрасының аға оқытушысы, доцент м.а., PhD
ХАЛЫҚТЫҢ ЕРКІН БІЛДІРЕТІН ҚҰЖАТ
Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасы еліміздің дамуы үшін маңызды кезеңдердің бірі деп ойлаймын. Бұл құжат мемлекеттің болашағын айқындайтын негізгі қағидаттарды жаңаша қарастыруға бағытталған.
Жоба мазмұнынан адам құқықтары мен бостандықтарына ерекше мән берілгенін, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге деген ұмтылысты көруге болады. Қоғамдағы әділеттілік, заңның үстемдігі және азаматтың қадір-қасиеті сияқты құндылықтардың Конституция деңгейінде айқын көрініс табуы өте маңызды оң қадам.
Сонымен қатар жаңа Конституция жобасы мемлекеттік биліктің ашықтығы мен жауапкершілігін арттыруға бағытталғанын аңғартады. Билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайту, өкілді органдардың рөлін күшейту және азаматтық қоғамның қатысуына кеңірек мүмкіндік беру – елдің демократиялық дамуы үшін қажет негіздер.
Маңыздысы – бұл жобаның ашық түрде ұсынылып, көпшілік талқылауына шығарылуы. Әр азаматтың пікір білдіруге мүмкіндігі болуы Конституцияның шын мәнінде халықтың еркін білдіретін құжатқа айналуына жол ашады. Мұндай ашық диалог қоғамдағы сенімді күшейтіп, ортақ жауапкершілік сезімін қалыптастырады.
Әрине, кез келген ірі өзгеріс терең ой мен жан-жақты талдауды талап етеді. Дегенмен бүгін ұсынылып отырған бастамалар еліміздің құқықтық мемлекет ретінде дамуына, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға және ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған деп сенемін.
Аққу Мүксинова
Азаматтық құқық, азаматтық іс жүргізу
және еңбек құқығы кафедрасының аға оқытушысы
ЖАҢА ЖОБА ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ РЕФОРМАЛАРДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІН АЙҚЫНДАЙДЫ
Жаңа Конституция жобасы еліміздің құқықтық, демократиялық және әлеуметтік мемлекет ретінде дамуын одан әрі нығайтатын маңызды қадам болып отыр. Онда адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің басты басымдығы ретінде бекітіліп, олардың мемлекеттік саясаттағы жетекші рөлі нақты айқындалған. Конституцияның «Негізгі құқықтар, бостандықтар және міндеттер» бөлімі халықаралық құқық нормаларына, сондай-ақ Қазақстанның ратификациялаған халықаралық шарттарына негізделіп, қазіргі заманғы құқықтық талаптар мен әлеуметтік қажеттіліктерді есепке алады.
Жаңа жобада өмір сүру құқығының абсолюттілігі, жеке тұлғаның қол сұғылмаушылығы және цифрлық кеңістікте жеке деректерді қорғау қағидаттары айқын түрде бекітілген. Сонымен қатар әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау және отбасы институтын нығайтуға ерекше назар аударылған, бұл қоғамдық тұрақтылық пен әлеуметтік әділеттіліктің маңызды кепілі болып табылады. Сөз бостандығы, ғылыми және шығармашылық еркіндік, зияткерлік меншік құқықтарының қорғалуы азаматтардың шығармашылық және интеллектуалдық әлеуетін толық іске асыруға жағдай жасайды, сонымен бірге инновациялық дамуды ынталандырады. Конституцияда мемлекет пен діннің бөлінуі, сондай-ақ білім беру жүйесінің зайырлы сипаты нақты бекітіліп, олар елдің тұрақты дамуы мен әлеуметтік келісімнің маңызды кепілі ретінде қарастырылған. Жаңа жобада адам құқықтарын қорғауға арналған құқықтық кепілдіктердің кеңейтілуі Қазақстандағы демократиялық реформалардың жаңа кезеңін айқындайды.
Сондай-ақ мемлекеттің цифрлық даму мен инновациялық технологияларды енгізу жағдайында құқықтық кепілдіктердің кеңейтілуі ерекше маңызға ие болып отыр. Бұл азаматтардың жеке өміріне, әлеуметтік және экономикалық қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді және Қазақстанның халықаралық стандарттарға сай құқықтық жүйесін нығайтуға және әлемдік қауымдастықта сенімді серіктес ретінде орнығуына жағдай жасайды. Жаңа Конституция жобасы осылайша адам құқықтарын қорғауды, әлеуметтік әділеттілікті және мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз ететін кешенді құқықтық базаны қалыптастырады. Бұл еліміздің тұрақты дамуы мен азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды негіз.
Айдана Кәрібаева
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті
Ақпараттық жүйелер кафедрасының доцент м.а., PhD
ЖАҢА ӨЗГЕРІСТЕРДІҢ ЖАҢАЛЫҒЫ КӨП

Преамбулада бекітілген тұжырымдар мемлекеттің құқықтық, саяси, әлеуметтік негізіне сапалық өзгерістер енгізетін ұзақ мерзімдік стратегиялық бағыттарды айқындауы тиіс. Осыған байланысты қарастырғанда ғылым мен білімге, гендерлік саясатқа қатысты ұстанымдар алдағы уақытты Ата заңның қоғамды қандай бағытта дамытатының кепілі бола алады. Ең әуелі ғылым мен білімнің функциясы қоғам өркениетің өлшемі және ұлттық дамудың жаңаша таңдауы болады. Ол қазіргі заманғы бәсекеге қабілеттілікті арттырып қана қоймай, адам капиталдың сапасын жетілдіруге, жаңа экономикалық қатынастардың орнығуына негіз бола алады. Сонымен бірге интеллектуалды еңбектің рөлі күшейіп, ықпалы артады. Ғылым мен білім шынайы басты құндылық болған елде ғана өркениеттің өресі кеңейе түспек. Бұдан әрі де білімге, оқуға қолжетімділікті арттыра отырып, ғылымды қаржыландыруға, ғалымдардың әлеуметтік әлеуетін көтеруге күш салған абзал дер едім. Сайып келгенде, білім мен ғылым мемлекеттің болашағын айқындайтын фактор. Адами қарым-қатынастар мен құндылықтарды жетілдірудің бір жолы – гендерлік саясатты ұлттық болмысқа ыңғайлап, үйлестіре жетілдірудің мәні зор болар еді. Заң жеке бір топтың мүддесін ғана емес, ең әуелде барлық азаматтардың құқықтық кеңістігін қорғауы қажет деп білемін.
Раушан АВАКОВА
Түркітану және тіл теориясы кафедрасы
ҒЫЛЫМ МЕН ИННОВАЦИЯ – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ НЕГІЗІ
Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізіліп жатқан түзетулер мен толықтырулар елдің саяси-құқықтық дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды құжат ретінде ұсынылып отыр. Ең алдымен Конституцияның жаңартылған Преамбуласы ұлттық құндылықтарды, тарихи сабақтастықты және мемлекеттілік идеясының терең тамырларын айқын көрсетеді. Унитарлық мемлекет сипатының, аумақтық тұтастық пен шекара мызғымастығының өзгермейтін қағида ретінде бекітілуі Қазақстанның егемендігі мен қауіпсіздігін басты басымдық ретінде айқындайды.
Преамбулада «Әділетті Қазақстан», «Заң мен тәртіп» қағидаттарының көрініс табуы – қоғамның басты сұранысына берілген нақты жауап. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының басымдығы, этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтау, экологияға жауапкершілікпен қарау, мәдениет, білім, ғылым мен инновацияны ел дамуының негізгі тірегі ретінде тану мемлекеттің адам капиталына негізделген ұзақ мерзімді стратегиясын көрсетеді.
Конституциялық құрылым негіздерін қайта қарау да маңызды мазмұндық өзгерістермен ерекшеленеді. Егемендік пен биліктің түпкі иесі халық екенінің нақты бекітілуі мемлекеттің барлық институттарының халыққа қызмет етуі тиіс екенін конституциялық деңгейде айқындайды.
Адам құқықтары мен бостандықтарына арналған бөлімнің кеңейтіліп, нақтылануы – Конституция реформасының ең күшті тұстарының бірі. Өмір сүру құқығының абсолютті құндылық ретінде бекітілуі, жеке бас бостандығы мен ар-намысты қорғау, цифрлық кеңістіктегі жеке өмірге қол сұқпаушылық, еңбек ету құқығының халықаралық стандарттарға сай айқындалуы Қазақстанның құқықтық, адамға бағдарланған мемлекет ретіндегі ұстанымын күшейтеді.
Президент институтына енгізілген өзгерістер де биліктің ашықтығы мен сабақтастығын қамтамасыз етуге бағытталған. Вице-президент институтының енгізілуі, Президенттің ерікті түрде отставкаға кету тетігінің нақтылануы, өкілеттіктердің берілу тәртібінің айқындалуы – саяси тұрақтылықты сақтауға және билік транзитінің өркениетті моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Парламенттің Құрылтай болып қайта құрылуы, оның өкілеттіктерінің кеңеюі және заң шығару процесінің үш оқылымдық жүйеге көшуі, әрине, заңдардың сапасын арттыруға бағытталған институционалдық жаңғырудың көрінісі.
Жалпы алғанда, Қазақстан Ата заңына енгізілетін түзетулер мен толықтырулар тек құқықтық құжат қана емес, ол Қазақстанның болашақ даму бағытын айқындайтын стратегиялық бағдар. Бұл жоба мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға, әділеттілік пен заң үстемдігін қамтамасыз етуге, жауапты әрі саналы ұрпақ қалыптастыруға бағытталған.
Гүлжан Жаңатаева,
Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасының аға оқытушысы
АДАМ ҚҰҚЫҒЫ – ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯНЫҢ БАСТЫ БАСЫМДЫҒЫ

Жарияланған жаңа Конституция жобасы адам құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде айқындауымен ерекшеленеді. Бұл қағидат тек Преамбулада ғана емес, Ата заңның бүкіл мәтінінде жүйелі түрде көрініс тапқан.
Конституцияның «Негізгі құқықтар, бостандықтар және міндеттер» бөлімі халықаралық стандарттарға сай қайта қаралып, Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы мен Қазақстан ратификациялаған халықаралық пактілердің талаптары барынша ескерілген. Соның нәтижесінде азаматтардың жеке, әлеуметтік-экономикалық және саяси құқықтарының мазмұны кеңейіп, оларды іске асыру мен қорғау тетіктері күшейтілген.
Жаңа жобада өмір сүру құқығының абсолюттілігі, жеке тұлғаға қол сұқпаушылық, цифрлық дәуірдегі жеке деректерді қорғау, сондай-ақ «Миранда ережесінің» конституциялық деңгейде бекітілуі – құқықтық мемлекеттің нақты көрінісі. Сонымен қатар сөз бостандығы, ғылыми және шығармашылық еркіндік, интеллектуалдық меншік құқықтарын қорғау мәселелері де назардан тыс қалмаған.
Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, зайырлы мемлекет қағидатын нақтылау, неке ұғымының ер мен әйелдің тең құқықты және ерікті одағы ретінде бекітілуі қоғамдағы тұрақтылық пен дәстүрлі құндылықтарды нығайтуға бағытталған маңызды қадам деп санаймын.
Жарты жыл бойы заңгерлер, сарапшылар мен депутаттар атқарған еңбектің нәтижесінде Конституцияның 77 бабына, яғни мәтіннің 84 пайызына өзгерістер ұсынылуы реформалардың ауқымын көрсетеді. Ендігі басты міндет – осы конституциялық нормалардың іс жүзінде толық әрі әділ орындалуын қамтамасыз ету.
Гүлбану Жақсылыққызы,
химия және химиялық технология факультетінің әлеуметтік-тәрбие
жұмыстары жөніндегі декан орынбасары
АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ – ЕҢ ЖОҒАРЫ ҚҰНДЫЛЫҚ

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын мемлекеттің ішкі және сыртқы даму жағдайларының өзгеруіне бейімделуге бағытталған жүйелі саяси-құқықтық қадам ретінде қарастыру қажет. Ұсынылып отырған өзгерістер өз ауқымы мен мазмұны жағынан қолданыстағы Негізгі заңға енгізілетін әдеттегі түзетулер шеңберінен шығып, елдің институционалдық дамуының жаңартылған моделін қалыптастыруды көздейді.
Халықаралық қатынастар тұрғысынан алғанда, мұндай ауқымды конституциялық реформалар бұрынғы басқару үлгісінің шектеулерін айқын сезінген және ұзақ мерзімді жаһандық үрдістерге алдын ала бейімделуге ұмтылатын мемлекеттерге тән. Осы тұрғыда Қазақстан саяси тұрақтылықты, қоғамдық келісімді және адами капиталды дамытуға негізделген неғұрлым тұрақты әрі икемді мемлекеттік жүйені қалыптастыру бағытын таңдағанын аңғартады.
Жоба мазмұнындағы негізгі қағидалардың бірі адамның құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекіту болып табылады. Халықаралық тәжірибеде бұл өлшем саяси жүйенің институционалдық кемелдігін және болжамдылығын айқындайтын басты индикаторлардың бірі саналады. Қазақстанның сыртқы серіктестері үшін мұндай ұстаным заманауи құқықтық мемлекет стандарттарымен үйлесетін нормативтік негізді нығайтуға бағытталғанын көрсетеді. Бұл өз кезегінде халықаралық сенімге, инвестициялық ахуалға және көпжақты ынтымақтастықтың дамуына тікелей ықпал етеді.
Сонымен қатар білім беру, ғылым, мәдениет және инновациялар саласына стратегиялық басымдық берілуі ерекше маңызға ие. Жаһандық деңгейде білім мен технология үшін бәсеке күшейіп отырған жағдайда адами капиталға жүйелі түрде инвестиция салатын мемлекеттер ұзақ мерзімді артықшылықтарға қол жеткізеді. Бұл бағыттың Конституция деңгейінде бекітілуі Қазақстанның дамуын қысқа мерзімді экономикалық конъюнктураға тәуелді етпей, стратегиялық арнада орнықтыруға деген ұмтылысты білдіреді.
Саяси жүйенің институционалдық жаңғыруы да назар аударуға тұрарлық. Бірпалаталы Парламент – Құрылтайдың құрылуы, пропорционалды сайлау жүйесіне көшу, вице-президент институтының енгізілуі және Қазақстан Халық кеңесінің жалпыұлттық консультативтік алаң ретінде қалыптастырылуы саяси өкілдік пен қоғамдық диалог тетіктерін жетілдіруге бағытталған. Салыстырмалы тұрғыдан алғанда, бұл шешімдер мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен әртүрлі әлеуметтік топтардың саяси үдеріске қатысуын кеңейту арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге талпыныс ретінде қарастырылады.
Жобада азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғауға арналған нормалардың енгізілуі де уақтылы әрі өзекті қадам болып табылады. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің жаһандық ауқымда қарқынды дамуы жағдайында мұндай нормалар көптеген елдердің конституциялық тәжірибесінде әлі де сирек кездеседі. Осы тұрғыдан алғанда, бұл бағыт алдағы қоғамдық қатынастарды құқықтық тұрғыдан реттеуге бағытталғанын көрсетеді.
Реформаны әзірлеу үдерісінің өзі де айрықша мәнге ие. Сарапшылардың, қоғамдық институттардың және азаматтардың кеңінен тартылуы, сондай-ақ соңғы шешімді бүкілхалықтық референдум арқылы қабылдау халықаралық деңгейде мойындалған легитимация қағидаттарына сәйкес келеді. Бұл реформаның тұрақтылығын арттырып, оның формалды сипат алу тәуекелдерін төмендетеді.
Жалпы алғанда, жаңа Конституция жобасын Қазақстанның күрделене түскен халықаралық және ішкі жағдайда мемлекеттің рөлін институционалдық тұрғыдан қайта пайымдауға бағытталған нормативтік құжат ретінде сипаттауға болады. Бұл құжат тек құқықтық нормаларды ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның егемен, әлеуметтік бағдарланған және халықаралық үдерістерге жауапты қатысушы ретіндегі болашақ саяси бағдарын айқындайды. Осы тұрғыдан алғанда, Конституция жобасы ел ішіндегі аудитория үшін ғана емес, Қазақстанның орта және ұзақ мерзімді даму траекториясын бағалайтын сыртқы байқаушылар үшін де маңызды мәнге ие.
Гүлнар Байкүшікова
ҚазҰУ-дың Халықаралық қатынастар және
әлемдік экономика кафедрасының меңгерушісі
ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ЕЛІМІЗДІҢ ИНСТИТУЦИОНАЛДЫҚ ДАМУЫНЫҢ БЕРІК НЕГІЗІ

Мен жаңа Конституцияның қабылдануын Қазақстан Республикасының саяси-құқықтық жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды әрі уақтылы қадам деп бағалаймын. Конституциялық реформалар мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтып, азаматтарға ел басқару ісіне қатысу тетіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Құрылтай жоғары өкілді орган ретінде халықтың еркін білдіруінің заманауи институтын қалыптастырып, заң шығару қызметіндегі өкілділік пен ашықтықты арттыруға бағытталған. Өкілеттіктердің нақты мерзіммен белгіленуі және олардың Конституциямен реттелуі мемлекеттік биліктің тұрақтылығы мен сабақтастығын қамтамасыз етеді.
Жаңа Конституция арқылы халықтың өкілдігі күшейтіліп, шешім қабылдау рәсімдерінің ашықтығы артады, депутаттардың құқықтық мәртебесі нақты айқындалады және елдің орнықты дамуына қажетті институционалдық негіз қалыптасады.
Мен бұл өзгерістерді тек заңнамалық жаңарту емес, қоғам мен мемлекет арасындағы жаңа қоғамдық келісімнің қалыптасуы деп бағалаймын. Конституциялық реформалар жауапты басқару қағидаттарын нығайтып, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған тиімді мемлекеттік жүйені орнықтыруға мүмкіндік береді.
Жаңа Конституция әділетті, тұрақты және заманауи Қазақстанды қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болып табылады.
Ербол Әлімқұлов
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
заң факультеті деканының орынбасары
КОНСТИТУЦИЯ – ҚОҒАМНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ КОМПАСЫ
31 қаңтар 2026 жылы еліміздің саяси-құқықтық өмірінде жаңа серпіліс болды: Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Ата заңының жобасын жариялады. Еліміздің Негізгі заңының жаңа нұсқасы сарапшылар мен мамандардың ұзақ талқылауынан өтіп, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мен жеке сарапшылардың ұсыныстары негізінде әзірленіп, халыққа ұсынылды. Қазіргі уақытта бұл құжатты жаңарту мемлекеттің жарқын болашағына бағытталған батыл және уақтылы қадам болып табылады. Себебі кез келген мемлекеттің Конституциясы оны басқа саяси ұйымдардан айыратын басты белгі болып қана қоймай, қоғамның даму бағытын анықтайтын құқықтық компас қызметін атқарады. Мемлекеттің дұрыс дамуы осы Негізгі заңның сапалы әрі қоғам талаптарына сай бекітілуіне тікелей байланысты.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасын қабылдау елдің саяси-құқықтық жүйесін жаңғыртуға және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған. Қоғамдық қатынастардың дамуы мен азаматтық белсенділіктің артуы қазіргі конституциялық реттеуді жетілдіру қажеттігін айқын көрсетеді. Жаңа Конституция жобасы адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың конституциялық кепілдіктерін күшейтіп, құқық үстемдігі қағидатын нақты іске асыруға бағытталған. Сонымен қатар билік тармақтары арасындағы өкілеттіктердің теңгерімді бөлінуі арқылы тежеу мен тепе-теңдік жүйесін жетілдіру көзделеді.
Бұл реформалар мемлекеттік институттардың орнықтылығын нығайтып, басқару жүйесінің ашықтығын арттыруға және азаматтардың мемлекет ісін басқаруға қатысуын кеңейтуге мүмкіндік береді. Осылайша жаңа Конституция жобасын қабылдау елдің ұзақ мерзімді тұрақты дамуына бағытталған жүйелі құқықтық қадам болып табылады.
Ғалым Телеуов
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының аға оқытушысы,
PhD докторы
ДЕМОКРАТИЯ ҚҰРАЛДАРЫНЫҢ РӨЛІН КҮШЕЙТУ
Конституциялық комиссияның бесінші отырысында Негізгі заң нормаларын қайта қарау мәселелеріне қатысты мақсат – мемлекеттің саяси, құқықтық және институционалдық дербестігін нығайту, халықтың мемлекеттік шешімдер қабылдауға қатысу мүмкіндіктерін арттыру, сондай-ақ ұлттық бірегейлікті, мәдени мұра мен қоғамдық келісімді конституциялық деңгейде қорғау. Яғни Ата заңымызды қоғамның қазіргі талаптарына бейімдеу.
Мұндағы міндеттер қолданыстағы Конституция нормаларын талдау және бағалау, демократиялық институттарды жетілдіруге бағытталған ұсыныстар әзірлеу, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту тетіктерін нақтылау, сонымен қатар мемлекеттік билік пен халық арасындағы жауапкершілік пен өзара сенімді барынша арттыру болды.
Талқылауға заңгер-ғалымдар, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдар өкілдері қатысып, әртүрлі көзқарастар ұсынды. Ол мәселелер референдум, қоғамдық тыңдаулар сияқты тікелей демократия құралдарының рөлін күшейту, мемлекеттік билік тармақтарының теңгерімі, сондай-ақ Конституцияда ұлттық құндылықтар мен дәстүрлердің орнын нақтылау, азаматтық қоғам институттарының дамуына конституциялық кепілдіктер беру т.б.
Нәтижесінде Ата заңымыздың бірқатар баптарын жаңғыртуға бағытталған ұсыныстар пакеті қалыптастырылды. Халықтың саяси процестерге қатысуын арттыратын жаңа құқықтық тетіктер ұсынылды. Мемлекеттің тәуелсіздігі мен егемендігін күшейтетін құқықтық нормалар нақтыланды. Дәстүрлі құндылықтарды сақтау мен дамытуға қатысты конституциялық ұстанымдар айқындалды. Қорытындылай келгенде, Конституциялық комиссияның отырысы елдің саяси жаңғыруындағы маңызды кезеңі ретінде – ондағы ұсынылған өзгерістер Қазақстанда әділетті, ашық және халыққа жақын мемлекет құруға бағытталатын және ұлттық бірлікті нығайтуға ықпал ететінін көрсетеді.
Ілияс Құлиев,
Экономика және бизнес жоғары мектебінің аға оқытушысы
КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ӨЗГЕРІСТЕРДІҢ МАҢЫЗЫ ЕРЕКШЕ
Конституциялық комиссияның алтыншы отырысында еліміздің ең басты заңы – Конституцияның жаңа жобасы көпшілік назарына ұсынылды. Осылайша жарты жылға созылған түрлі талқылаулар мен келіп түскен ұсыныстарды әзірлеу кезеңі өз межесіне жетті деп айтуға болады.
Конституцияның бұл жаңа жобасы осы кезеңде азаматтардан, қоғамдық ұйымдардан, саяси партиялар мен сарапшылардан келіп түскен ұсыныстар, сондай-ақ комиссия мүшелерінің пікірлері ескеріле отырып әзірленіп отыр.
Конституцияның жаңа жобасы құрылымы бойынша Преамбуладан, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады. Осы жерде алғашқы кіріспе сөзінің, яғни Преамбуланың толығымен жаңа редакцияда жазылатынын атап өту қажет. Онда еліміздің өткенін дәріптейтін, бүгіні мен болашағына бағдар болатын жалпыұлттық құндылықтар көрініс табатын болады.
Сондай-ақ төрт бөлім мүлде жаңа атаулармен енгізілмек.
Конституцияның жаңа жобасында оның негізгі қағидалары мен құқықтық нормалары жаңаша сипатқа ие болып қана қоймайды, сондай-ақ еліміздің егемендігі мен оның аумақтық тұтастығы өзгермейтін құндылықтар ретінде қарастырылады. Жаңа жобада бұл анық етіп жазылған, яғни еліміздің егемендігі, тәуелсіздігі, унитарлық құрылымы, аумақтық тұтастығы мен басқару нысаны ешқашан өзгермейтін құндылықтар ретінде айқын көрініс тапқан.
Қанат АЛИХАН,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің аға оқытушысы
ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ӘДІЛЕТТІ ЖӘНЕ ЖАУАПТЫ МЕМЛЕКЕТТІҢ ІРГЕТАСЫ
Қазақстан Республикасының Ата заңына енгізіліп жатқан түзетулер мен толықтыруларының әзірленуі елдің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған ауқымды конституциялық реформаның қисынды жалғасы болып табылады. Бұл реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында жарияланған бірпалаталы Парламент құру жөніндегі бастамасынан бастау алады. Президент бұл ұсынысты жасанды интеллект дәуіріндегі жаһандық сын-қатерлерге бейімделген, тиімді әрі икемді мемлекеттік басқару моделін қалыптастыру қажеттілігімен негіздеді.
2026 жылғы 21 қаңтарда құрылған Конституциялық комиссия конституциялық реформаны жаңа сапалық деңгейге көтерді. Құрамына 130 өкілдің енуі – Қазақстан қоғамының әлеуметтік, өңірлік және кәсіби әртүрлілігін барынша қамтуға бағытталған қадам.
Ата заңға енгізіліп жатқан түзетулер мен толықтыруларының басты идеясы – адамға бағдарланған мемлекет қағидатын институционалдық және нормативтік деңгейде бекіту. Бұл бағыт жаңа Преамбулада айқын көрініс тапқан.
Әділеттілік, заң мен тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты қағидаттардың Конституция деңгейінде бекітілуі құқықтық мемлекетті экологиялық және әлеуметтік жауапкершілікпен ұштастыруға бағытталған жаңа көзқарасты білдіреді.
Ата заңға енгізіліп жатқан түзетулер мен толықтыруларында білім мен ғылым, мәдениет пен инновация мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуының басты тірегі ретінде айқындалады. Бұл – Қазақстан дамуының ресурстық модельден адами капиталға негізделген модельге түбегейлі бет бұрғанын көрсететін стратегиялық тұжырым.
Ата заңға енгізіліп жатқан түзетулер мен толықтыруларының ең ірі институционалдық жаңалығы – бірпалаталы, 145 депутаттан тұратын жаңа Парламент – Құрылтайдың құрылуы. Пропорционалды сайлау жүйесінің енгізілуі саяси партиялардың рөлін күшейтіп, олардың бағдарламалық жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді. Бұл қадам партиялық жүйенің институционалдық дамуына серпін беруге бағытталған.
Қазақстанның Халық кеңесін құру – қоғамдық диалогтың жаңа форматын қалыптастыруға арналған. Бұл орган заң шығару бастамасы құқығына ие жоғарғы консультативтік институт ретінде азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтады.
Вице-президент институтының енгізілуі атқарушы биліктің саяси-дипломатиялық және қоғамдық коммуникацияларын жүйелеуге арналған жаңа тетік ретінде бағалануы мүмкін.
Жаңа Конституция жобасында адвокатураға арналған арнайы баптың енгізілуі, зияткерлік меншік құқықтарының қорғалуы, кінәсіздік презумпциясы мен «Миранда ережесінің» бекітілуі құқықтық мемлекеттің институционалдық негіздерін едәуір нығайтады. Сонымен қатар азаматтардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күшіне тыйым салу – құқықтық қауіпсіздікті арттыратын маңызды кепіл.
Алдағы жалпыұлттық референдум Ата заңға енгізіліп жатқан түзетулер мен толықтыруларының қоғамдық легитимдігін айқындайтын шешуші кезең болмақ. Конституциялық комиссия жұмысының жалғасуы бұл құжаттың мазмұнын одан әрі жетілдіруге және қоғам сұранысына барынша бейімдеуге мүмкіндік береді.
Ақын Бақдәулет,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасының доцент міндетін атқарушы
КОНСТИТУЦИЯДАҒЫ ЖАҢА НОРМАЛАР АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУДЫҢ БАСЫМ БАҒЫТЫ
Қазіргі таңда елімізде Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар кеңінен талқылануда. Атап айтқанда 77 бапқа қатысты ұсыныстар келіп түскен. Конституциялық комиссия бұл ұсыныстардың барлығын жан-жақты қарап, тиісті түзетулер енгізуді жоспарлап отыр.
Енгізіліп жатқан өзгерістердің басты өзегі – адам құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде айқындау. Алғаш рет Конституцияның преамбуласында адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы деп жарияланып отыр. Бұл қағида Конституцияның бүкіл мазмұнында жүйелі түрде көрініс табады.
«Негізгі құқықтар, бостандықтар және міндеттер» бөлімін әзірлеу барысында Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық пактілер мен өзге де жалпыға танылған халықаралық-құқықтық құжаттардың талаптары кеңінен ескерілген. Соның нәтижесінде адам мен азаматтың жеке, әлеуметтік-экономикалық және саяси құқықтарының мазмұны айтарлықтай толықтырылып, олардың жаңа қырлары ашылды. Бұл құқықтарды іске асыру мен қорғауға берілетін кепілдіктер де едәуір күшейтілді.
Конституцияға енгізілетін жаңа нормаларда адамның негізгі құқықтарын қорғауға ерекше басымдық берілген. Атап айтқанда: өмір сүру құқығының абсолютті сипаты, жеке тұлғаға қол сұқпаушылық, цифрлық дәуір жағдайында жеке деректерді қорғау, сондай-ақ «Миранда ережесінің» конституциялық деңгейде бекітілуі соның айқын дәлелі.
Сонымен қатар өзгерістер сөз бостандығын, ғылыми, техникалық және шығармашылық еркіндікті қамтамасыз етуге, интеллектуалдық меншік құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды нормаларды қамтиды.
Бұдан бөлек, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселесіне айрықша назар аударылған.
Конституцияда дін мен мемлекеттің бөліну қағидаты нақты бекітіліп, рухани және діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты жарияланады.
Сондай-ақ неке – ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы деген ереже Конституцияға енгізілмек. Бұл норма әйелдердің құқықтарын қорғауға, отбасылық институтты нығайтуға және қоғамдағы дәстүрлі құндылықтарды сақтауға бағытталған.
Нұрат Ілияс,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті Түріктану және Шығыс елдері тарихы кафедрасының аға оқытушысы
САРАПШЫЛАР КОНСТИТУЦИЯДАҒЫ БАРЛЫҚ АЗАМАТТАРҒА ӘСЕР ЕТЕТІН ӨЗГЕРІСТЕРДІ АТАДЫ
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы 2026 жылғы 31 қаңтарда жарияланды. Бұл құжатта Негізгі заңның шамамен 84 пайызы жаңартылып, 77 бапқа өзгерістер енгізу көзделген. Мұндай ауқымды реформа қоғамдағы өзгерістер мен заман талабына жауап береді.
Жоба азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған. Халықтың ел басқару ісіне қатысу мүмкіндігі кеңейіп, билік институттарының жауапкершілігі арта түседі. Мемлекеттік басқаруда әділдік пен ашықтық қағидалары нығаяды. Бұл өзгерістер Қазақстанның демократиялық дамуына жаңа серпін береді. Ел болашағы үшін маңызды шешімдер халықпен бірге қабылданады.
Жаңа Конституция жобасында азаматтық мәселесі 12-бапқа енгізілген. Алғашқы екі тармақ қолданыстағы Конституциядағы мәтінмен бірдей, ал 3-тармақты мынадай редакцияда беру ұсынылады:
«Қазақстан Республикасының азаматы қосарланған немесе көп азаматтыққа ие бола алмайды. Өзге азаматтықтың болуы – Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға негіз».
Яғни жоба мәтінінде қосарланған және көп азаматтыққа тыйым нақты бекітіліп, басқа азаматтықтың бар болуының өзі Қазақстан азаматтығын тоқтатуға ресми негіз ретінде айқындалған.
Рахметуллаева Райхан,
Органикалық заттар, табиғи қосылыстар және полимерлер химиясы және технологиясы кафедрасының доцент-зерттеушісі
«ҚҰҚЫҚТЫҚ НАҚТЫЛЫҚ» – ЦИФРЛЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯНЫҢ МІНДЕТТІ ШАРТЫ

Елімізде Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі Конституциялық комиссия жұмыс істеп жатыр. Мен бұл процесті тек саяси-құқықтық жаңарту ретінде емес, сонымен бірге цифрлық дәуірге бейімделудің нақты құқықтық негізін айқындайтын маңызды кезең деп қабылдаймын. Ақпараттық технологиялар факультетінде еңбек ететін маман ретінде талқыланып жатқан ұсыныстардың ішінде біздің салаға тікелей қатысы бар бірнеше бағытты атап өтуге болады. Біріншіден, құжатта мемлекет қызметінің негізгі қағидаттары ретінде заң мен тәртіптің үстемдігі, құқықтар мен бостандықтарды сақтау, қоғамдық диалог, білім мен ғылым құндылықтары, сондай-ақ прогресс пен инновация атап көрсетілген. Ең маңыздысы – мемлекет адам капиталы, білім беру, ғылым және инновацияны стратегиялық бағыт ретінде танитыны анық көрініп отыр. Бұл – жоғары технологиялы экономикаға ұмтылудың тек қағаздағы декларация емес, конституциялық деңгейдегі бағдарға айналуы деген сөз.
Екіншіден, цифрлық қоғам үшін ең сезімтал тақырыптардың бірі – дербес деректер мен жеке өмірдің қорғалуы. Жоба мәтінінде жеке өмірге қол сұқпаушылық, жеке және отбасылық құпияны сақтау, дербес деректерді заңсыз жинау, өңдеу, сақтау және пайдалану, соның ішінде цифрлық технологияларды қолдану жағдайында қорғау мәселелері нақты бекітілген. Сонымен қатар банк операцияларының құпиясы, хат-хабар, телефон сөйлесулері және байланыс құралдарымен берілетін өзге де хабарламалардың құпиялығы, оның ішінде цифрлық коммуникациялар да осы қорғау аясында қарастырылған. Меніңше, бұл нормалар қоғамның «цифрлық сенімін» қалыптастыру үшін іргелі болып табылады: деректер қорғалмаса, цифрлық қызметтер, мемлекеттік сервистер мен бизнес толыққанды дамымайды.
Үшіншіден, құқықтық өзгерістер сапасы технологиялық өзгерістердің қарқынымен тікелей байланысты. Осы тұрғыда заң шығару рәсіміне қатысты «жобаларды міндетті түрде үш оқылымнан өткізу және үшінші оқылымда құқықтық тазалығын қамтамасыз ету» тәсілін енгізу маңызды. Цифрлық салада, мысалы киберқауіпсіздік, дербес деректер, платформалар мен AI қолдану кезінде бір терминнің немесе анықтаманың дәл берілмеуі кейін үлкен тәуекелге әкелуі мүмкін. Демек, «құқықтық нақтылық» – цифрлық трансформацияның міндетті шарты болып табылады.
Төртіншіден, жеке өзім үшін жобадағы «ғылыми-техникалық шығармашылық еркіндігін» бекіту маңызды. Бұл инновациялық даму мен жаңа технологияларды енгізуге алғышарт жасайды және жоғары білім мен зерттеу экожүйесінің еркіндігі мен жауапкершілігін тең ұстайтын ұстаным ретінде бағаланады.
Осы өзгерістерді талқылау барысында университет қауымы, әсіресе IT бағыты бойынша мамандар, екі нәрсені қатар ойлауы қажет: цифрлық шешімдерді кеңейту және сол шешімдердің құқықтық-этикалық қауіпсіздігін, яғни дерек, құпиялылық және жауапкершілікті қамтамасыз ету. Өйткені цифрлық дәуірде Конституциядағы әрбір нақты бап ертеңгі күні азаматтардың құқығы мен мемлекеттің тиімділігіне тікелей әсер ететін «жүйелік код» қызметін атқарады.
Нұрислам Қасымбек,
Компьютерлік ғылымдар кафедрасының меңгерушісі
ЦИФРЛЫҚ БОЛАШАҚТЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ІРГЕТАСЫ

Жаңа Конституция жобасында адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің басты басымдығы ретінде айқын көрсетілуі аса маңызды әрі құнды қадам. Әсіресе ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект саласы үшін бұл ұстанымның мәні ерекше. Цифрлық дәуірде жеке деректерді қорғау, тұлғаның қол сұғылмаушылығы, ой еркіндігі мен ғылыми-зерттеу еркіндігі технологиялық дамудың жауапты әрі адамға бағытталған түрде жүзеге асуына тікелей әсер ететін негізгі қағидаттар болып табылады.
Жаңа Конституция жобасында цифрлық кеңістікте адамның негізгі құқықтарын қорғауға басымдық берілуі болашақ IT мамандары мен жасанды интеллект саласындағы зерттеушілер үшін нақты бағдар қалыптастырады. Бұл студенттердің тек техникалық білім алып қана қоймай, технологияны этикалық және құқықтық тұрғыдан саналы түрде қолдануына ықпал ететін маңызды негіз деп білемін.
Сонымен қатар ғылыми, техникалық және шығармашылық еркіндіктің, зияткерлік меншік құқықтарының қорғалуы білім беру мен ғылымды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Зайырлы білім беру қағидатының бекітілуі де сапалы білім мен инновациялық ойлауды қалыптастырудың маңызды шарты. Осындай ортада бәсекеге қабілетті, жауапкершілігі жоғары және заманауи талаптарға сай мамандар даярланады.
Жалпы алғанда, бұл Конституция жобасын халықаралық стандарттарды және қазіргі заманның өзекті мәселелерін ескере отырып әзірленген жүйелі әрі салмақты құжат деп бағалаймын. Ол ғылымның, білімнің және цифрлық технологиялардың адам игілігі үшін дамуына берік құқықтық негіз қалыптастырады.
Осындай құндылықтарға сүйенген бағыт еліміздің болашағы мен жас ұрпақтың сапалы білім алуына сенімді тірек болады деп есептеймін.
Саметова Әйгерім,
ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің декан орынбасары
ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫ – АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫНА НЕГІЗДЕЛГЕН ӘДІЛ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ТҰҒЫРЫ
Ұсынылып отырған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы мемлекеттің құқықтық-философиялық бағытын түбегейлі жаңғыртатын, адамға бағдарланған заманауи конституционализм үлгісін көрсетеді. Преамбулада адам құқықтары мен бостандықтарының мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жариялануы – Конституцияның бүкіл мазмұнына өзек болған құндылықтық бетбұрыс. Бұл тәсіл Қазақстанның халықаралық адам құқықтары стандарттарына адалдығын күшейтіп қана қоймай, «Әділетті Қазақстан» идеясын құқықтық деңгейде бекітеді.
Конституцияның құрылымдық және мазмұндық қайта қаралуы оның ішкі логикасын айқын әрі жүйелі еткен. Әсіресе «Негізгі құқықтар, бостандықтар және міндеттер» бөлімінің кеңейтілуі құқықтар мен міндеттердің өзара теңгерімділігін көрсетеді. Өмір сүру құқығының абсолюттілігі, жеке бас бостандығы мен қол сұғылмаушылық, кінәсіздік презумпциясының негізгі құқықтар деңгейіне көтерілуі, сондай-ақ цифрлық дәуірдегі жеке деректерді қорғау нормалары адамның қадір-қасиетін қорғауды құқықтық саясаттың өзегіне айналдырады.
Мемлекеттік басқару жүйесіне енгізілген өзгерістер де саяси тұрақтылық пен жауапкершілікті арттыруға бағытталған. Президенттік республиканың нақты бекітілуі, бір реттік президенттік мерзім, вице-президент институтының енгізілуі, сондай-ақ Парламенттің Құрылтай ретінде қайта құрылуы билік тармақтары арасындағы өзара тепе-теңдікті жаңа форматта қалыптастырады.
Конституциялық сот мәртебесінің күшеюі, адвокатураның конституциялық деңгейде танылуы және адам құқықтарын қорғау тетіктерінің кеңеюі құқық үстемдігін қамтамасыз етудің маңызды кепілі болып табылады. Сонымен қатар зайырлы мемлекет қағидатының нақтылануы, экологиялық жауапкершіліктің конституциялық міндет ретінде бекітілуі, ұлттық мәдениет пен тілге басымдық берілуі қоғамның ұзақ мерзімді тұрақты дамуына бағытталған.
Қорытындылай келе, жаңа Конституция жобасы – қалыптасқан мемлекеттің жауапты, жетілген және болашаққа бағдарланған құқықтық жүйесін қалыптастыруға арналған кешенді құжат. Ол азамат пен мемлекет арасындағы жаңа әлеуметтік келісімшартты айқындап, құқықтық сенімге, әділеттілікке және заң үстемдігіне негізделген қоғам құруға берік негіз қалайды.
Билибаева Ғ.Ж.
Мейірбике ісі кафедрасының доцент м.а.
АДАМИ КАПИТАЛ МЕМЛЕКЕТТІҢ БАСТЫ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ТІРЕГІ

Жаңа Конституция жобасында Қазақстан үшін адами капиталды дамыту, білім, ғылым және инновацияны ілгерілету мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде нақты белгіленген. Бұл шешім кездейсоқ қабылданған жоқ. Керісінше елдің болашақтағы орны мен бәсекеге қабілеттілігі дәл осы факторларға тікелей байланысты.
Қазіргі әлем бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен өзгеріп жатыр. Технологиялық прогресс күн сайын жаңа өмір сүру үлгісін қалыптастырып отырған заманда ең басты ресурс жер қойнауындағы байлық емес, адам екені айқын. Экономиканың негізгі қозғаушы күші енді минералдар емес, білім мен интеллектке негізделген қоғамға ауысты.
Осы тұрғыда «білім экономикасы» ұғымы жаңа дәуірдің басты өзегіне айналды.
Конституциялық деңгейде адами капиталға басымдық беру Қазақстанның әлемдік даму үрдісінен шет қалмай, керісінше алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына қосылуына жол ашады.
Ғылымның дамуы технологиялық серпіліс жасап қана қоймай, жаңа нарықтардың пайда болуына, инвестиция тартуға және жалпы халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл экономикалық өсімнің ең тұрақты әрі ұзақ мерзімді формуласы.
Сонымен бірге мұндай конституциялық ұстаным мемлекеттің адамға жүйелі түрде инвестиция салуға, білім беру мен ғылым инфрақұрылымын тұрақты қолдауға дайын екенін көрсетеді. Ал бұл өз кезегінде ұлт сапасының үздіксіз жаңарып, дамуына негіз болады.
Адами капиталды дамытуға деген мемлекеттік ниет Конституцияның өзге де баптарында көрініс тапқан. Мәселен, жаңа жобада зияткерлік меншік құқықтарын қорғау нормалары бекітілген. Бұл халықаралық құқықтық тәжірибеге сай келіп, инновациялық экономика құру үшін маңызды қадам саналады.
Сонымен қатар ғылым мен жаңашылдыққа берілген басымдықтың терең философиялық мағынасы бар. Бұл қоғамның жаңа өзгерістерге дайын екенін, ескі шектеулерден бас тартып, прогреске қарай бет бұрғанын білдіреді.
Айбар Олжаев,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
журналистика факультетінің аға оқытушысы
АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН БОСТАНДЫҚТАРЫ – МЕМЛЕКЕТТІҢ НЕГІЗГІ ҚҰНДЫЛЫҒЫ
Конституция жобасының басты ерекшелігі – адам құқықтары мен бостандықтарының мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде айқындалуы. Бұл қағида құжаттың Преамбуласынан бастап, барлық нормаларында көрініс тапқан.
Жоба халықаралық құқық талаптарына толық сәйкес әзірленіп, азаматтардың жеке, әлеуметтік-экономикалық және саяси құқықтарын қорғау тетіктерін едәуір күшейтеді. Өмір сүру құқығының абсолюттілігі, жеке басына қол сұқпаушылық, жеке деректерді қорғау және «Миранда ережесінің» енгізілуі адамның қадір-қасиетін қорғауға бағытталған маңызды қадам деп санаймын.
Сонымен қатар сөз және шығармашылық еркіндік, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, мемлекеттің зайырлы сипаты мен некенің ер мен әйелдің тең құқықты одағы ретінде бекітілуі қоғамдағы тұрақтылық пен дәстүрлі құндылықтарды нығайтуға ықпал етеді.
Жалпы алғанда, бұл Конституция жобасы – құқықтық мемлекет қағидаттарын күшейтуге бағытталған маңызды әрі уақыт талабына сай құжат.
Шынар КАНАФЬЕВА,
ҚазҰУ оқытушысы
АДАМИ КАПИТАЛ – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ БАСТЫ ТІРЕГІ
Ата заңымыздың жаңа мәтінінде білім мен ғылымға, мәдениет пен инновацияға басымдық берілуі – мемлекеттің даму бағытын түбегейлі жаңаша айқындайтын маңызды қадам. Бұл өзгеріс ел болашағы тек минералды ресурстар мен табиғи байлықтарға ғана сүйенбеуі керек екенін, керісінше, адами капиталдың шешуші рөл атқаратынын айқын көрсетеді. Білімді, шығармашыл, ғылыми әлеуеті жоғары ұрпақ – кез келген елдің ең басты байлығы.
Ғылым мен инновацияны дамыту экономиканың тұрақты өсуіне, жаңа технологиялардың пайда болуына және жаһандық бәсекеге қабілеттіліктің артуына жол ашады. Ал мәдениет – ұлттық бірегейлікті сақтап, рухани құндылықтарды нығайтатын негізгі тірек. Осы салалардың барлығының Ата заң деңгейінде бекітілуі мемлекет тарапынан оларға деген жауапкершіліктің артқанын білдіреді.
Бұл бетбұрыс әрбір азаматқа өз қабілетін дамытуға, білім алуға және ел дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде қоғамда әділеттілік, мүмкіндіктер теңдігі және болашаққа деген сенім нығаяды. Сондықтан жаңа Конституцияда адами капиталды басты құндылық ретінде тану елдің ұзақ мерзімді дамуына бағытталған стратегиялық әрі дұрыс шешім деп есептейміз.
Ә.Әміров,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ассистент профессоры
Басқа жаңалықтар