ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯСЫНЫҢ ЖОБАСЫНА ҚАТЫСТЫ ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ-ДЫҢ ОҚЫТУШЫ-ПРОФЕССОРЛАР ҚҰРАМЫНЫҢ ПІКІРІFarabi University
Референдум 15 марта

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯСЫНЫҢ ЖОБАСЫНА ҚАТЫСТЫ ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ-ДЫҢ ОҚЫТУШЫ-ПРОФЕССОРЛАР ҚҰРАМЫНЫҢ ПІКІРІ

3 ақпан, 2026

 

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМА:

АУҚЫМДЫ ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

 

2026 жыл Қазақстан үшін айрықша кезеңдердің біріне айналды. Елде қолға алынған конституциялық реформа жай ғана заң мәтінін түзету емес, бүкіл мемлекеттік жүйені қайта ой елегінен өткізудің көрінісі болды. Әңгіме бір-екі бапты өзгерту туралы емес, Негізгі заңның рухы мен логикасын замана талабына бейімдеу жайында болып отыр. Сондықтан бұл үдерісті көптеген сарапшылар елдің саяси дамуының жаңа сатысы деп бағалайды.

Жаңа Конституция жобасының жариялануы қоғамда үлкен талқылау туғызды. Құжат құрылымы жағынан да, мазмұны жағынан да бұрынғы нұсқалардан едәуір ерекшеленеді. Баптардың басым бөлігі қайта қаралып, мемлекеттік басқару қағидаттары жаңаша сипат алуда. Мұндай ауқымды өзгеріс Қазақстан тарихында сирек кездеседі. Бұл биліктің өзі де бұрынғы модельдің шегіне жеткенін, қоғамның өскен сұранысына жауап беру қажеттігін түсінгенін аңғартады.

Конституция – бүкіл құқықтық жүйенің тірегі. Оған енгізілген әрбір түзету азаматтардың құқығына, мемлекеттік органдардың жұмысына және ел дамуының жалпы бағытына тікелей әсер етеді. Сол себепті мұндай реформаның маңызы айрықша, ол күнделікті тіршіліктен алыс көрінгенімен, әр адамның мүддесіне қатысты.

Реформаның өзектілігі соңғы жылдары қоғам өмірінде орын алған терең өзгерістермен байланысты. Технологиялардың қарқынды дамуы, экономикалық жағдайдың жаңаруы, цифрлық кеңістіктің кеңеюі, халықаралық қатынастардағы құбылыстар – мұның бәрі бұрынғы Конституцияда толық ескерілмеген жаңа жағдайларды туындатты. Осыған байланысты адам құқықтарын қорғау тетіктерін нақтылау, билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта саралау, мемлекеттік басқарудың ашықтығын күшейту қажеттілігі туындап отыр. Негізгі заң уақыт талабына сай жаңартылмаса, ол өмір шындығынан алыстап, азаматтардың мемлекетке деген сеніміне нұқсан келтіруі мүмкін.

Жаңа Конституция мәтінінің өзегінде мемлекет назарын адамға бұру идеясы жатыр. Дамудың басты бағыттары ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация аталады. Бұл елдің шынайы байлығы жер қойнауындағы қазба байлықтармен емес, азаматтардың білімі, ой-өрісі және шығармашылық әлеуетімен өлшенетінін айқындайды. Осылайша мемлекет шикізатқа сүйенген үлгіден білім мен жасампаздыққа негізделген даму жолына бет бұратынын аңғартады.

Реформаның символдық мәні де зор. Жаңа Конституция Қазақстанның қалыптасқан мемлекеттілігі мен халықаралық беделіне құрмет көрсете отырып, болашаққа нық қадам басуды білдіреді. Қолданыстағы Конституцияның ел дамуына қосқан үлесі мойындалады, сонымен бірге адамға, білімге және мемлекет жауапкершілігіне негізделген жаңа кезеңнің басталғаны айқын аңғарылады.

Жаңа редакцияның алғашқы жобасында Кіріспе, 11 бөлім және 95 бап қамтылып, ел мен қоғамның ұзақ мерзімді дамуына бағытталған тұтас әрі құндылықтарға негізделген Негізгі заң үлгісі ұсынылды.

Конституция биліктің ғана емес, бүкіл халықтың ортақ келісімі саналатын құжат. Сондықтан оны қабылдау мәселесінің халықтың тікелей қатысуымен шешілуі символдық тұрғыдан ғана емес, саяси жағынан да маңызды қадам болды. Бұл мемлекет пен азаматтардың арасындағы жаңа әлеуметтік келісімнің белгісіндей қабылданды. Жалпы алғанда, 2026 жылғы конституциялық реформа Қазақстанның саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған батыл қадам ретінде есте қалды. Оның табысы баптардың қалай жазылғанынан гөрі, сол нормалардың өмірде қалай жүзеге асырылғанына байланысты болды. Егер енгізілген өзгерістер биліктің ашықтығын арттырып, заңның үстемдігін күшейтіп, қарапайым адамның құқықтарының нақты қорғалуын қамтамасыз ете алса, онда бұл реформа ел тарихындағы шынайы бетбұрысқа айналған маңызды кезең ретінде бағаланды.

 

Жақыпбек АЛТАЕВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Философия кафедрасының профессоры,

Халықаралық әл-Фараби ғылыми-зерттеу орталығының

ғылыми кеңесшісі

 

 

ПАРЛАМЕНТ, ЕСЕП БЕРЕТІН ҮКІМЕТ: КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ӨЗГЕРІСТЕРДІҢ МӘНІ

 

 

ҚР Конституциясының жарияланған жаңа жобасының 1-бөлімінің 1-бабында: Қазақстан Республикасы – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп жазылған. Аталған конституциялық норманың практикалық маңызы мемлекеттік билік органдарының қызметін ұйымдастыруда және құқық қолдану тәжірибесінде айқын көрініс табады. Адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын ең жоғары құндылық ретінде тану қағидаты заң шығару, атқарушы және сот билігінің қызметінде негізгі бағдар ретінде қолданылады. Бұл, өз кезегінде, нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу мен қабылдау барысында олардың Конституцияда бекітілген адам құқықтары мен бостандықтарына сәйкестігін қамтамасыз ету қажеттілігін туындатады.

Құқық қолдану тәжірибесінде аталған норма соттардың, оның ішінде конституциялық бақылау органдарының құқықтық ұстанымдарын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Соттар нақты істерді қарау кезінде заң нормаларын адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын барынша қорғау қағидаты тұрғысынан түсіндіруге және қолдануға міндетті.

Сонымен қатар, бұл қағидат мемлекеттік саясатты іске асыру барысында әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асырудың, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тетіктерін жетілдірудің және мемлекеттік басқару жүйесінде адамға бағдарланған тәсілді орнықтырудың конституциялық негізі болып саналады. Осы тұрғыдан алғанда, бұл ереже Қазақстан Республикасындағы құқықтық мемлекеттіліктің практикалық іске асырылуын қамтамасыз ететін негізгі құқықтық өлшем ретінде қызмет атқарады.

Жаңартылған Конституциялық жобаны жалпы халық, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен жастар аса қызығушылықпен талқылауда. Бұл – елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформаларға деген қоғамдық сұраныс пен белсенділіктің артқанын көрсетеді. Аталған өзгерістер зайырлы, технологиясы мен ғылымы дамыған мемлекеттерге тән басқару үлгісін қалыптастыруға бағытталған. Яғни, күшті президент, ықпалды парламент және есеп беретін үкімет қағидаттарына негізделген жаңа саяси жүйе елдің тұрақты дамуына, демократиялық құндылықтардың нығаюына және азаматтық қоғамның күшеюіне жол ашатынына сенеміз.

 

Нұрзада БЕЙСЕН,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, профессор,

 

 

 

 

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫ: АДАМ, БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ

Еліміздің Негізгі заңына енгізіліп жатқан өзгерістер бүгінгі заманның талаптарынан туындап отыр. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры ретінде жаңа Конституция жобасын зерделей отырып, бұл құжаттың мемлекетіміздің негізгі принциптерін жаңартуға бағытталғанын байқауға болады. Жоба адамның құқықтары мен қадір-қасиетін, ғылым мен білімнің, экология мен инновацияның басымдылығын айқын бекітеді.

Жобадағы адамның құқықтары мен теңдікке негізделген принциптер мен үшін ерекше маңызды. Әр адам өз елінде дүниеге келген соң, табиғи құқықтар мен мүмкіндіктерге ие және олар жобада сенімді түрде қорғалған. Өзім білім және ғылым саласында жүргендіктен, бәсекеге қабілетті ел болудың басты алғышарты – білімді ұрпақ екенін ерекше атап өткім келеді. Жобаның ғылым мен білімге басымдық беруі, экологиялық жауапкершілік, билік пен азамат арасындағы тепе-теңдік, қоғам мен мемлекет арасындағы сенім мен диалог – қуантарлық әрі маңызды қағидаттар.

Әрине, Конституция барлық мәселелерді бірден шеше алмайды, көп нәрсе оны іске асыру тәжірибесіне байланысты болады. Дегенмен адамның құқықтары мен қадір-қасиетін қорғауға, ғылым мен білімді дамытуға, орнықты және қауіпсіз болашақ құруға бағытталған өзгерістердің бағыты біз үшін, өскелең ұрпақ үшін аса маңызды.

Жоба байыпты, сабырлы және кәсіби талқылауға лайық. Тек осындай жағдайда ғана ол шынайы жұмыс істейтін қоғамдық келісімнің негізіне айнала алады деп ойлаймын.

Жаңа Конституция жобасында көзделген конституциялық идеялар қуатты мемлекет – Қазақстан Республикасын дамытуға берік негіз болады деп сенеміз.

Меруерт Нажипқызы,

химия және химиялық технология факультеті

Химиялық физика және материалтану кафедрасының профессоры,

 химия ғылымының кандидаты

 

ХАЛЫҚТЫҢ БАЗАЛЫҚ БІЛІМ ДЕҢГЕЙІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖАУАПКЕРШІЛІГІН АЙҚЫНДАЙДЫ

Қазақстан Республикасының Конституциясының 33 және 34-баптары мемлекеттің әлеуметтік және экологиялық дамуының іргелі негіздерін айқындай отырып, елдің орнықты, гуманистік және құқықтық даму жолын таңдағанын көрсетеді.

33-бап білім алу құқығына конституциялық кепілдіктерді бекітеді. Білім беру қоғамның негізгі әлеуметтік институты әрі адами капиталды қалыптастырудың шешуші факторы ретінде қарастырылады. Бастауыш және орта білімнің міндетті болуы халықаралық стандарттарға сай келіп, мемлекеттің халықтың базалық білім деңгейін қамтамасыз ету жауапкершілігін айқындайды. Мемлекеттік жоғары оқу орындарында жоғары білімді конкурстық негізде алу қағидаты меритократия мен тең қолжетімділік идеяларын іске асыруға бағытталған. Білім берудің жалпыға міндетті мемлекеттік стандарттарының белгіленуі білім беру бағдарламаларының сапасы мен салыстырмалылығын қамтамасыз етуге қызмет етеді. Ал білім беру жүйесінің зайырлы сипаты дін мен мемлекеттің бөлінуі қағидатын сақтай отырып, қоғамның рухани әралуандығын құрметтеуді білдіреді.

34-бап экологиялық жауапкершіліктің конституциялық-құқықтық өлшемін ашады. Бұл бапта азаматтардың міндеттері мен мемлекеттің қоршаған ортаны қорғау саласындағы мақсатты функциясы өзара үйлесімді түрде ұштасқан. Табиғи ресурстарға ұқыпты қарау міндетінің Конституцияда бекітілуі экологиялық қауіпсіздіктің тек мемлекеттік билік органдарының ғана емес, сондай-ақ әрбір азаматтың жауапкершілік саласы екенін көрсетеді. Адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін ақпаратты лауазымды тұлғалардың жасыруы үшін жауапкершілік көзделуі ашықтық, есептілік және адам құқықтарының басымдығы қағидаттарын күшейтеді.

Жалпы алғанда, аталған конституциялық нормалар жеке тұлғаның, қоғамның және мемлекеттің үйлесімді дамуын қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстан Республикасының ұмтылысын айқын көрсетеді. Бұл тұрғыда білім беру мен экологиялық қауіпсіздік елдің орнықты болашағының өзара толықтыратын негізгі тіректері ретінде танылады.

Нұрсұлу АҚТАЕВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

Биология және биотехнология факультеті

Ботаника және агроэкология кафедрасының профессоры

 

 

 

 

КОНСТИТУЦИЯ – ЕЛДІҢ АЙНАСЫ, ҚОҒАМНЫҢ ТІРЕГІ

 

 

«Ел болам десең – бесігіңді түзе» дегендей, мемлекет дамуы ең алдымен қоғамның ауызбіршілігіне байланысты екенін бәріміз жақсы білеміз. Елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформа – заңды өзгерту ғана емес, елдің өз болмысына қайта қарауы. Халықтың пікірін тыңдап, ұсынысын ескеріп қабылданған шешімдер «ақыл – көпте» деген ұстанымның өмірде іске аса бастағанын көрсетеді. Бұл билік пен бұқараның арасы жақындап, ел ісі екеуара ақылмен шешілуге бет алғанының белгісі.

Бұрын Конституцияға үлкенді-кішілі түзету енгізу үйдің бір қабырғасын жамағанмен тең еді. Ал бүгінгі өзгерістер бүкіл құрылымды қайта қарауды көздейді. Бұл қоғамды бөлшектеп емес, біртұтас ағза ретінде қабылдауға ұмтылыс. «Жалғыз ағаш орман болмайды» дегендей, заң да жеке нормалармен емес, өзара сабақтас жүйе арқылы ғана елге қызмет етеді.

Жаңа Конституцияда адамға айрықша мән берілуі – «Адам түзелмей, заман түзелмейді» деген тәмсілдің заң жүзінде бекітілуі. Азамат енді тек қамқорлық күтуші емес, ел өміріне араласатын, жауапкершілік арқалаған тұлға ретінде танылады. Мемлекет азаматқа білім алып, еңбек етіп, өз орнын табуына жағдай жасаса, азамат елдің тыныштығы мен бірлігіне үлес қосуы тиіс. Бұл – екі жаққа да ортақ міндет.

Адамды тегіне, тіліне, дініне немесе әлеуметтік жағдайына қарап алалауға жол бермеу – «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген қағиданың нақты көрінісі. Осындай теңдік сақталған ортада ғана қоғам іргесі берік болады, ал алауыздыққа жол берілген елдің болашағы бұлдыр.

Мемлекеттік құрылым атауларының өзгеруі де жай сөз ауыстыру емес. Бұл биліктің халықтан биік емес, халыққа қызмет ететін құрал екенін ұғындыруға бағытталған. «Хан қасында халық болмаса, хандықтың сәні жоқ» дегендей, билік те ел сенімінсіз мәнін жоғалтады. Ал халықтың ел басқару ісіне араласуына жол ашылуы демократияның сөз жүзінде емес, іс жүзінде орныға бастағанын білдіреді.

Қорыта айтқанда, Конституцияның жаңа нұсқасы – заңдардың жиынтығы ғана емес, қоғамның қалай өмір сүріп, қалай дамитынын айқындайтын темірқазық. Бұл құжат мемлекет пен халық арасындағы сенімді бекемдеп, «ел мен жер – аманат» деген ұғымды жаңа мазмұнмен толықтырады. Заңы әділ, жұрты бір елдің ғана болашағы баянды болмақ.

Аружан САЙМАСАЕВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факультеті Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының оқытушысы, PhD

 

 

ЖОБАНЫ ӘЗІРЛЕУ БАРЫСЫНДА ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ЕСКЕРІЛГЕН

 

 

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы – елдің дамуының жаңа кезеңіне өтуіне арналған маңызды құқықтық құжат. Конституциялық комиссия әзірлеген жаңа жобада мемлекеттік басқаруды жетілдіру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, құқық үстемдігін нығайту мәселелері қарастырылған.

Жаңартылған Конституция демократиялық институттарды дамытып, мемлекеттік және қоғамдық институттардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге ықпал етеді. Жобаның негізгі мақсаты – адам құқықтарын қорғауды бірінші орынға қойып, әділетті және тиімді жұмыс істейтін мемлекетті қалыптастыру.

Жаңа Конституцияда білім беру мен ғылымды дамыту, жастарға қолдау көрсету, цифрландыру сияқты болашаққа бағытталған мәселелерге ерекше мән берілген. Жобаны әзірлеу барысында ұлттық құндылықтар мен еліміздің тарихи ерекшеліктері ескерілген.

Қарастырылып отырған өзгерістер құқықтық мемлекетті нығайтуға және басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Жаңа Конституция нормаларының іске асырылуы Қазақстанда әділетті, экономикалық дамыған, әлеуметтік тұрақты және саналы қоғамның қалыптасуына жол ашады.

Әділ ҚҰСМАНҒАЗИНОВ,

PhD,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

биология және биотехнология факультеті

Ботаника және агроэкология кафедрасының доценті м.а.

 

 

 

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМА: ЖАҢА ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМГЕ ҚАДАМ

 

 

Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформа – елдің саяси-құқықтық дамуындағы жаңа кезеңді айқындайтын маңызды үдеріс. Осы мақсатта құрылған Конституциялық комиссия қоғамның барлық негізгі салаларын қамтыған өкілді әрі кәсіби диалог алаңына айналды. Комиссия құрамына парламенттік партиялар өкілдері, білікті заңгерлер мен сарапшылар, қоғам қайраткерлері, өңірлер мен азаматтық сектор өкілдерінің енуі реформаның біржақты емес, жалпыұлттық сипатта жүргізілгенін айқын көрсетеді.

Комиссия жұмысының басты ерекшелігі – ашықтық пен жариялылық қағидаттарының сақталуы. Отырыстардың тікелей эфирде көрсетілуі, әлеуметтік желілер мен арнайы ақпараттық алаңдар арқылы қоғаммен тұрақты кері байланыстың орнатылуы билік пен азаматтар арасындағы сенімді нығайта түсті. Бұл азаматтарға ұсынылып отырған өзгерістерді тікелей бақылап, олардың мәні мен маңызын терең түсінуге мүмкіндік берді.

Конституцияның жаңа редакциясын әзірлеу барысында мыңдаған ұсыныстар жинақталып, олар жүйелі түрде сараланып, біртұтас құжат ретінде қарастырылды. Нәтижесінде Негізгі заңның барлық бөлімін қамтитын, мазмұны мен құрылымы жаңартылған жаңа редакция ұсынылды. Бұл өзгерістердің жекелеген түзетулермен шектелмей, тұтас конституциялық жаңғырту сипатында жүзеге асқанын көрсетеді.

Жаңа Конституцияның басты ерекшелігі – оның өзегіне адам құқықтары мен бостандықтарының қойылуы. Мемлекет енді үстем билік иесі ретінде емес, азаматтың құқығы мен мүддесіне қызмет ететін жүйе ретінде айқындалады. Ұлттық бірегейлік пен тарихи сабақтастықты заманауи басқару қағидаттарымен үйлестірген бұл құжат Қазақстанның посткеңестік үлгіден алшақтап, теңгерімді әрі демократиялық мемлекет моделіне бет алғанын білдіреді.

 

Әсел ШІЛДІБАЕВА,

PhD,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

биология және биотехнология факультеті

Ботаника және агроэкология кафедрасының доценті м.а.

 

 

 

ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРҒА ЕРЕКШЕ КӨҢІЛ БӨЛІНГЕН

 

Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекеттіліктің, құқықтық жүйенің және қоғамдық дамудың берік іргетасы. Жаңартылған Конституция жобасы қазақстандық қоғамның кемелденгенін, әділеттілікке, заң үстемдігіне және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікке ұмтылысын айқын көрсетеді.

Конституцияның преамбуласында ұлттық құндылықтар мен қазақ жеріндегі мемлекеттіліктің терең тарихи тамырлары нақты айқындалған. Қазақстанның Ұлы даладағы ұлы мемлекеттермен тарихи сабақтастығы атап көрсетіледі. Мемлекеттің унитарлық сипаты, шекарасының мызғымастығы мен аумақтық тұтастығы бекітіліп, бұл егемендік, тұрақтылық пен қауіпсіздіктің берік негізі ретінде белгіленген. «Әділетті Қазақстан» құндылықтары мен «Заң және тәртіп» қағидаты, сондай-ақ адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығы айрықша мәнге ие.

Жаңартылған Конституцияда адамға бағдарланған мемлекет қағидаты күшейтіліп, халық тек мемлекеттік биліктің көзі ғана емес, егемендіктің бірден-бір иесі ретінде танылған. Бұл мемлекет пен оның органдары халық атынан берілген өкілеттіктерді Конституция аясында ғана жүзеге асыратынын білдіреді.

«Конституциялық құрылымның негіздері» бөлімі айтарлықтай жаңартылып, Қазақстан Республикасының басқару нысаны – президенттік республика екені нақтыланды. Бұл «Күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет» моделіне сәйкес келеді. Егемендік, тәуелсіздік, унитарлық, аумақтық тұтастық және басқару нысанының өзгермейтіндігі конституциялық деңгейде бекітілді. Сонымен қатар адам құқықтарын қорғау, заң үстемдігі, адам капиталын, ғылымды, білімді, инновацияны және экологиялық мәдениетті дамыту мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттары ретінде айқындалды.

«Негізгі құқықтар, бостандықтар және міндеттер» бөлімі жүйелі түрде қайта қаралып, кеңейтілді. Конституция өмір сүру құқығын, жеке бас бостандығы мен қол сұғылмаушылығын, кінәсіздік презумпциясын, ар-намыс пен қадір-қасиетті, жеке өмірге қол сұқпауды, соның ішінде цифрлық және банктік деректердің қорғалуын күшейтті. Ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігі бекітіліп, бұл білімге негізделген экономика мен инновациялық дамуға құқықтық негіз қалыптастырады.

Әлеуметтік және рухани құндылықтарға ерекше көңіл бөлінген. Еңбек ету құқығы, білім берудің зайырлы сипаты, отбасы институтын қорғау және қоршаған ортаны сақтау мәселелері айқындалды. Азаматтардың табиғатты қорғау және табиғи байлықтарға ұқыпты қарау міндеті бекітіліп, қоғамның экологиялық жауапкершілігі күшейтілді. Мемлекеттік билік жүйесінде де маңызды өзгерістер енгізілді.

Жаңартылған Қазақстан Республикасының Конституциясы – әділеттілікке, заңдылыққа, адам құқықтарын қорғауға және орнықты дамуға бағытталған жаңа қоғамдық келісімнің көрінісі. Ол мемлекеттің тұрақты дамуы мен азаматтардың билік институттарына деген сенімін нығайтуға берік құқықтық негіз қалайды.

Гүлнар КЕГЕНОВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

биология және биотехнология факультеті

Зоология, гистология және цитология кафедрасының меңгерушісі, 

PhD

 

 

 

 

ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІ НЫҒАЙТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЖҮЙЕЛІ РЕФОРМА

 

 

Конституциялық реформа жөніндегі комиссия жариялаған Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасының еліміздің болашағы үшін маңызы өте зор. Өйткені, ол заңнамалық жүйені қоғам талаптарына икемдеу, мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өзара тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін күшейту және азаматтардың құқықтарын қорғауды жаңа сапаға көтеруді көздейді.

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы – шын мәнінде тарихи қадам. Бұл тек Негізгі заңды жаңарту ғана емес, адамды, оның құқықтары мен бостандықтарын, қадір-қасиетін бәрінен жоғары қоятын мемлекеттің құндылықтарын терең қайта ой елегінен өткізу болып табылады. Жаңа Конституция қоғамның әділеттілікке, ашықтық пен биліктің есептілігіне, азаматтардың құқықтарын қорғаудың нақты тетіктеріне және құқықтық мемлекетті нығайтуға деген сұранысын көрсетеді. Әсіресе билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтау, демократиялық институттарды дамыту және азаматтық қоғамның рөлін күшейтуге бағытталуы өте маңызды. Бұл – орнықты болашақтың, мықты институттардың және мемлекет пен халық арасындағы сенімнің берік негізі.

Сонымен қатар жаңа Конституция жобасының сарапшылардың, заңгерлердің және қоғам қайраткерлерінің пікірлері ескеріле отырып әзірленуі де маңызды. Бұл мемлекеттің кемелденгендігін, ашық диалогқа және нақты өзгерістерге дайын екендігін көрсетеді. Мұндай тәсіл азаматтардың сенімін арттырып, ел тағдырына қатысты маңызды шешімдерге ортақтастық сезімін қалыптастырады.

Жаңа Конституцияның Преамбуласында адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің басты басымдығы ретінде жарияланды. Бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық келісім Қазақстан мемлекеттілігінің іргетасы ретінде айқындалды. Егемендік пен тәуелсіздік, унитарлық мемлекет нысаны, аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылықтар қатарына жатқызылды. Әділеттілік, заң және тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты қағидаттар алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілді. Конституциялық сотқа азаматтардың тікелей жүгіну мүмкіндігі кеңейтілді. Сонымен қатар мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі және егемендіктің иесі Қазақстан халқы екені нақты көрсетілді. Бұл өзгерістер құқықтық мемлекеттің нақты мазмұнмен толығуына жағдай жасайды.

Негізгі заңның жаңа мәтінінің басты идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновациялар айқындалды. Бұл – мемлекеттің болашағы табиғи байлықтармен немесе минералдық ресурстармен емес, адам капиталымен және азаматтардың жетістіктерімен айқындалатынын көрсететін түбегейлі маңызды бетбұрыс.

Жаңа Конституцияның қабылдануы адам құқықтары, әлеуметтік саясат, білім беру және экономика салаларында одан әрі реформалар жүргізуге кең мүмкіндіктер ашады. Ол тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге, осал топтарды қорғауға және заң әрбір адам үшін нақты жұмыс істейтін әділетті қоғам қалыптастыруға арналған берік құқықтық негіз болады.

1995 жылғы Конституция Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу кезеңінде саяси тұрақтылықты қамтамасыз еткен тиімді құқықтық негіз болды, алайда ол биліктің шамадан тыс орталықтануына және атқарушы биліктің басымдығына әкелді. Ал 2026 жылғы жаңа Конституция жобасы осы тәжірибені ескере отырып, мемлекеттік билікті ұйымдастыруда теңгерімді модель қалыптастыруға бағытталған. Жоба билік тармақтары арасындағы тежемелік пен тепе-теңдік механизмдерін күшейтуді, Парламент пен сот жүйесінің институционалдық рөлін арттыруды көздейді.

Сонымен бірге адам құқықтарын қорғаудың нақты құқықтық тетіктерін енгізу және азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту арқылы құқықтық мемлекеттің сапалық жаңа деңгейіне өтуді мақсат етеді. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституция жобасы Қазақстандағы саяси жүйені жаңғырту мен демократиялық даму үдерісінің логикалық жалғасы ретінде бағаланады.

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын зерделей отырып, оның қабылдануы елді демократияландыруға, құқықтық мемлекетті нығайтуға және азаматтардың рөлін арттыруға бағытталған демократиялық үдерістерді одан әрі дамытудың жаңа кезеңінің басталғанын білдіретінін айтуға болады. Бұл жобаны 1995 жылғы Конституцияның тарихи маңызын сақтай отырып, қазіргі қоғам талаптарына бейімделген маңызды құжат ретінде бағалауға болады.

 

Нұрлайым Мыңбатырова,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

Заң факультетінің Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы,

конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының қауымдастырылған профессоры, заң ғылымдарының кандидаты

 

 

 

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ҚОҒАМ СҰРАНЫСЫНА ЖАУАП БЕРУІ ТИІС

 

 

Қазақстан Республикасының жаңа Ата заңының жобасының жариялануы елдің саяси, құқықтық және қоғамдық дамуындағы айрықша маңызды кезең ретінде бағаланып отыр. Бұл құжат тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолындағы жинақталған тәжірибені ескере отырып, заман талабына сай жаңартылған құқықтық негіз қалыптастыруды көздейді. Қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, азаматтардың белсенділігінің артуы және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру қажеттілігі жаңа Ата заң жобасын әзірлеуге негіз болды.

Жаңа жоба ең алдымен адам және азамат құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған. Құжатта заң үстемдігі, әділдік пен теңдік қағидаттары басты орын алады. Мемлекеттік биліктің барлық тармақтарының жауапкершілігін арттыру, олардың өзара тепе-теңдігі мен тежемелік-тепе-теңдік жүйесін нақтылау маңызды басымдықтардың бірі ретінде көрсетілген. Бұл өз кезегінде биліктің халық алдындағы ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, жаңа Ата заң жобасында азаматтық қоғам институттарын дамытуға, жергілікті өзін-өзі басқаруды нығайтуға ерекше назар аударылған. Азаматтардың ел басқару ісіне тікелей қатысу тетіктерін кеңейту, қоғамдық бақылау мен пікір алмасу мәдениетін қалыптастыру демократиялық дамудың берік негізі болып табылады. Әлеуметтік әділеттілік, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді серіктестік те құжаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде айқындалған.

Жаңа Ата заң жобасын бүкілхалықтық талқылауға шығару — демократиялық қағидаттарға адалдықтың айқын көрінісі. Бұл әрбір азаматтың өз ойын еркін білдіріп, ел болашағын айқындайтын маңызды құжаттың қалыптасуына үлес қосуына мүмкіндік береді. Жаңа Ата заң Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде дамуын жаңа сапалық деңгейге көтеріп, ұлттық бірлік пен тұрақтылықты нығайтуға қызмет етеді.

 

Мадияр Үмбетов,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Заң факультеті, кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторы

 

 

 

АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫНА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛГЕН

 

 

Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа конституциясының жобасын жариялады.  Комиссияның барлық отырыстары толықтай ашық түрде өткізіліп, тікелей эфирде көрсетілді. Оның жұмысы БАҚ-та кеңінен және егжей-тегжейлі баяндалды. Өз пікірлерін, ескертпелерін және ұсыныстарын белгілі заңгерлер, құқық қорғаушылар, қоғамдық белсенділер, депутаттар, саяси зерттеушілер және басқа да сарапшылар білдіруде.

Қазақстан Республикасы Негізгі Заңының тұжырымдамалық өзгерістері мемлекеттің адамға бағдарланғанын арттыруға, Қазақстан халқына тән өзекті құндылықтар мен қағидаттарды көрсетуге, сондай-ақ республикадағы саяси институттар құрылымының тиімділігін арттыруға бағытталған.

Жаңа Преамбулада адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жария етілді. Бірлік пен ынтымақтастық, ұлтаралық және дінаралық келісім Қазақстан мемлекеттілігінің негізі ретінде белгіленді.

Егемендік пен Тәуелсіздік, біртұтастық, аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылықтар санатына жатқызылды.

Әділеттілік, Заң мен Тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты қағидаттар алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілген.Сонымен қатар мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендіктің иесі Қазақстан халқы болып табылатыны бекітілген.

Конституция жобасының жаңа мәтінінің басты идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация анықталды. Бұл мемлекеттің болашағы минералды ресурстар мен табиғи байлықтармен емес, адами капиталмен және азаматтардың жетістіктерімен анықталатынын көрсететін түбегейлі маңызды бетбұрыс.

Тағы бір маңызды мағыналық бағыт – цифрландыру. Осыған байланысты Конституцияның жаңа мәтінінде алғаш рет азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау туралы норма бекітілді.

Конституцияның жаңа мәтінінің басты ерекшелігі – адам құқықтарына бағдарлануы. Осылайша, адам құқықтары мен бостандықтары жаңа Преамбулада ғана бекітіліп қоймай, бүкіл Конституцияның ерекше басымдығы әрі мағыналық өзегі ретінде айқындалған.

Дін мен мемлекеттің ара-жігі нақты ажыратылып бекітіледі. Білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты айқындалады. Жаңа Конституция бойынша нақты шешімді еліміздің азаматтары жалпыұлттық референдумда қабылдайтындығы белгілі. 

Қанат Қожабек,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Заң факультеті,кеден, қаржы және экологиялық

құқық кафедрасының ассистент-профессоры, PhD докторы

 

 

 

 

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫ ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТТІҢ ТІРЕГІ

 

 

Конституциялық реформа комиссия мүшелері қоғамнан келіп түскен ұсыныстарды жүйелеп, оның Конституция аясында іске асу мүмкіндіктерін қарастырды. Әрбір бастама тек саяси тұрғыда емес, құқықтық тұрақтылық пен қоғамдық сұраныс негізінде талданды.

Талқылаулар барысында мемлекетті басқару сапасын арттыру, билік институттарының жауапкершілігін күшейту және азаматтардың қоғамдық процеске қатысу тетіктерін жетілдіру мәселелері көтерілді.

Жаңа Конституция жобасының преамбуласы мен негізгі бөлімі еліміздің мемлекеттік тарихына, ұлттық құндылығына және болашақ даму бағытына негіз қалайды. Құжатта қазақ жеріндегі өркениет пен мемлекеттің терең тамыры айқын көрсетілген, Қазақстанның егемендігі, аумақтық тұтастығы мен шекараның беріктігі басты қағида ретінде бекітілген.

«Әділетті Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» – жаңартылған Конституцияның өзегі. Адам құқығы мен бостандығының басымдығы, заң үстемдігі және мемлекеттік билікке деген сенімділікті арттыру – жаңа қоғамдық келісімнің негізі болып табылады.

Қоғамдық келісім, этносаралық және конфессияаралық татулық, бейбіт сыртқы саясат – ел тұрақтылығының кепілі. Сонымен қатар білім, ғылым, инновация, экология және мәдениет адам капиталын дамытудың негізгі басымдығы ретінде айқындалған.

Конституцияда халық – мемлекеттік биліктің ғана емес, егемендіктің де жалғыз иесі екені нақты бекітіледі. Бұл норма биліктің қайнар көзі мен оның жауапкершілігін айқын көрсеткен.

Ұсынылып отырған өзгерістер – қалыптасқан, жауапты және болашаққа бағдарланған мемлекеттің көрінісі. Бұл – бүгінгі қоғамның сұранысына жауап беретін, ертеңгі ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезінетін тарихи қадам болып табылады.

 

Ақылбек Исабеков,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

заң факультетінің мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқығы кафедрасының профессоры

 

 

 

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМАНЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

 

 

Қазақстан Республикасында жаңа Конституция жобасының қоғамдық талқылауға шығарылуы мемлекеттің саяси-құқықтық дамуындағы сапалы жаңа кезеңнің басталғанын айқын көрсетеді. Аталған бастама елдегі құқықтық жүйені жаңғыртуға, мемлекеттік билікті ұйымдастырудың тиімді тетіктерін қалыптастыруға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Жаңа Конституция жобасы қоғамдық пікірді, сарапшылардың ғылыми ұстанымдарын және халықаралық құқықтық стандарттарды ескере отырып әзірленген стратегиялық маңызы бар құжат ретінде бағаланады.

Конституциялық реформаның негізгі мақсаты – құқық үстемдігі қағидатына негізделген әділетті, ашық және есеп беретін мемлекет қалыптастыру болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституция жобасында адам және азамат құқықтарының басымдығы, олардың тікелей қолданылуы және мемлекет тарапынан кепілдендірілуі басты конституциялық құндылық ретінде бекітіледі. Бұл өз кезегінде мемлекеттің қызметі адамның мүддесіне бағытталуы тиіс деген іргелі қағидатты нақтылай түседі. Азаматтардың құқықтық қорғалу деңгейін арттыру, олардың конституциялық кепілдіктерін күшейту демократиялық құқықтық мемлекеттің негізгі өлшемі болып табылады.

Жаңа Конституция жобасында билік тармақтары арасындағы өкілеттіктердің теңгерімді бөлінуіне ерекше назар аударылған. Заң шығарушы, атқарушы және сот билігі арасындағы тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін жетілдіру мемлекеттік биліктің шоғырлануына жол бермеуге, басқару тиімділігін арттыруға және саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Парламенттің өкілеттіктерін кеңейту, оның бақылау функцияларын күшейту заң шығару процесінің сапасын арттырып, халықтың өкілді орган арқылы мемлекет басқаруына қатысуын қамтамасыз етеді.

Сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де жаңа Конституция жобасының өзекті бағыттарының бірі болып табылады. Сот билігінің дербестігін нығайту, судьялардың тәуелсіздігі мен жауапкершілігін арттыру, әділ сот төрелігіне қол жеткізуді жеңілдету – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың негізгі кепілі. Бұл нормалар құқық қолдану тәжірибесінде заңның үстемдігін нақты іске асыруға мүмкіндік береді және қоғамдағы әділеттілік қағидатын орнықтырады.

Сонымен қатар, Конституция жобасында жергілікті өзін-өзі басқару институттарын дамытуға және өңірлердің дербестігін кеңейтуге бағытталған нормалар көзделген. Бұл өзгерістер өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, жергілікті деңгейде шешім қабылдаудың тиімділігін арттырады. Азаматтардың жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге тікелей қатысуы азаматтық белсенділікті арттырып, қоғамдық жауапкершілікті күшейтеді.

Қоғамдық бақылау мен ашықтық қағидаттарын конституциялық деңгейде бекіту де жаңа Конституция жобасының маңызды жетістігі болып табылады. Мемлекеттік органдардың қызметінің ашықтығы, есептілігі және қоғам алдындағы жауапкершілігі басқарудың жаңа мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл ретте азаматтық қоғам институттарының рөлін күшейту мемлекеттің тұрақты дамуының маңызды факторы ретінде қарастырылады.

Талқыға ұсынылған жаңа Конституция жобасы – елдің ұзақ мерзімді стратегиялық дамуын айқындайтын, құқықтық мемлекеттің институционалдық негіздерін нығайтатын кешенді құжат. Ол адам құқықтарын қорғауды күшейтуге, мемлекеттік биліктің тиімділігін арттыруға және демократиялық құндылықтарды орнықтыруға бағытталған. Қоғамдық талқылау барысында айтылған ұсыныстар мен пікірлер ескеріліп, жаңа Конституция халықтың еркін білдіретін, заманауи талаптарға сай әрі тұрақты құқықтық жүйенің негізі болады деп сенім білдіруге толық негіз бар.

 

Айнаш Есекеева,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

заң факультетінің кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының аға оқытушысы

 

 

 

АТА ЗАҢ – ТӘУЕЛСІЗ МЕМЛЕКЕТТІҢ НЕГІЗІ

2026 жылы 31 қаңтарда Қазақстан Республикасының жаңа Ата заңының жобасы жарияланды, яғни елдің саяси-құқықтық жүйесін түбегейлі жаңғыртуға бағытталған маңызды құжат. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылғы өзінің халыққа арнаған жыл сайынғы жолдауында елдің саяси жүйесін кешенді жаңғырту және жасанды интеллект дәуірінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу мақсатында айтқан еді.

Жаңа редакциядағы Конституция ең алдымен адам құқығы мен бостандығын алдыңғы орынға қояды. Мемлекеттің «халық үшін» қызмет етуі нақты тетіктер арқылы бекітіліп, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік күшейтілді. Бұл – құқықтық мемлекет қалыптастыру жолындағы маңызды әрі дер кезінде жасалған қадам.

Ерекше қуантатыны – әділеттілік, ашықтық, жауапкершілік қағидаттарының күшеюі. Себебі бұл ұстанымдар тек заң саласына ғана емес, білім беру, ғылым жүйесіне де тікелей әсер етеді. Жаңартылған Конституция қоғамның өзгерген сұранысына жауап береді. Ол ескі жүйеден арылып, жаңа саяси мәдениетке қадам басуға мүмкіндік береді. Бұл бір күндік немесе бір адамның шешімі емес, бұл – халықтың таңдауы, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік.

Сондықтан ҚР азаматы ретінде Конституцияның жаңа нұсқасын қолдаймын және оны Қазақстанның тұрақты, әділетті, құқықтық мемлекет ретінде дамуына берілген берік негіз деп есептеймін.

Алдағы уақытта Қазақстан Республикасының Конституциясы халық игілігі үшін қызмет етіп, еліміздің, ұрпағымыздың болашағы зор болуына септігін тигізсін деп тілеймін.

Сәбит Тасжарғанов,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Менеджмент кафедрасының аға оқытушысы

 

 

АТА ЗАҢ ЖОБАСЫНДАҒЫ АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН БОСТАНДЫҚТАРЫ

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы еліміздің саяси-құқықтық жүйесін кешенді жаңғыртуға бағытталған және қоғамның қазіргі заманғы сұраныстарына толық жауап береді деп санаймын.

Жоба аясында адам құқықтары мен бостандықтарының мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындалуы, әділеттілік, заң мен тәртіп қағидаттарының Конституция деңгейінде бекітілуі құқықтық мемлекетті нығайту жолындағы маңызды қадам болып табылады.

Білім, ғылым, мәдениет және инновацияларды мемлекеттің стратегиялық басымдықтары ретінде айқындау жоғары білім беру және ғылыми қауымдастықтың рөлін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау нормаларының енгізілуі цифрландыру дәуіріндегі өзекті мәселелерді тиімді реттеуге бағытталған.

Жалпы алғанда, Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасы дәстүрлі құндылықтар мен заманауи даму үрдістерінің үйлесімін қамтамасыз ететін, елдің ұзақ мерзімді тұрақты дамуына негіз болатын маңызды стратегиялық құжат болып табылады.

Айгүл Жиекбаева,

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

шығыстану факультеті

 Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының меңгерушісі

 

 

АТА ЗАҢ ЖОБАСЫНЫҢ ҚОҒАМДАҒЫ РӨЛІ

Қазақстан Ата заңына енгізіліп жатқан жаңа түзетулер мен толықтырулар елдің саяси-құқықтық дамуын жаңғыртуға бағытталған жүйелі қадам ретінде оң бағалануға лайық. Ұсынылып отырған құжаттың дайындалу логикасы: азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстарды жинақтау, ашық қоғамдық талқылаулар өткізу және нормаларды жан-жақты пысықтау, қазіргі заманғы құқықтық реформалардың негізгі өлшемдері саналатын инклюзивтілік, жариялылық және есептілік қағидаттарымен үндес. Осындай тәсіл реформаның легитимділігін күшейтіп қана қоймай, қоғамның құқықтық мәдениетін арттыруға да ықпал етеді: азаматтар өз құқықтары мен мемлекет міндеттемелерін талқылау арқылы конституциялық үдерістің тікелей қатысушысына айналады.

Жоба мәтініндегі ең маңызды мағыналық бағдар – адам құқықтары мен бостандықтарын конституциялық деңгейде басымдық ретінде айқындау. Адам құқықтарының преамбулада негізгі басымдық ретінде жариялануы және бүкіл Конституцияның мағыналық өзегі ретінде ұсынылуы құқықтық мемлекеттің антропоцентристік моделіне қарай бетбұрысты көрсетеді. Бұл, өз кезегінде, мемлекеттік саясаттың тиімділігі тек институттар мен ресурстар арқылы емес, азаматтың қауіпсіздігі, бостандығы және қадір-қасиеті секілді өлшемдер арқылы бағаланатынын аңғартады. Сонымен қатар «Заң мен тәртіп», әділеттілік, табиғатқа ұқыпты қарау, тарихи-мәдени мұраны сақтау секілді қағидаттардың Конституция деңгейінде бекітілуі қоғамның құндылық консенсусын құқықтық нормалар арқылы нығайтуға бағытталғанын білдіреді.

Институционалдық өзгерістер қатарында заң шығару билігінің жаңа конфигурациясы мен қоғамдық диалогтың жаңа тетіктерін атап өткен жөн. Бірпалаталы Парламент – Құрылтайдың құрылуы, пропорционалды сайлау жүйесінің қолданылуы және заң шығару бастамасының кеңеюі саяси партиялардың институционалдық жауапкершілігін арттыруға, өкілдік сапасын күшейтуге бағытталуы мүмкін. Бұған қоса, Қазақстанның Халық кеңесі секілді жалпыұлттық консультативтік платформаның құрылуы қоғам мүдделерін жүйелеу, стратегиялық мәселелер бойынша пікір алмасуды тұрақтандыру және түрлі әлеуметтік топтар арасындағы келісімді нығайту сияқты функцияларды атқаруға қабілетті. Мұндай механизмдер қоғамдық қатысуды «эпизодтық пікір білдіру» деңгейінен «институттанған диалог» деңгейіне көтеруге жол ашады.

Құқық қорғау саласындағы нормалардың күшеюі де реформаның позитивті қырын айқындайды. «Миранда ережесінің» бекітілуі, кінәсіздік презумпциясы мен қайта жауапқа тартуға тыйым салу қағидаттарының нақтылануы, адвокатураға арналған арнайы баптың енгізілуі – азаматтардың әділ сотқа қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған шаралар. Бұл жерде құқықтық кепілдіктердің формалды декларация күйінде қалмай, іс жүзінде орындалуына жағдай жасайтын институционалдық және процедуралық тетіктерді (қолдану тәртібі, бақылау, түсіндіру, құқықтық көмек қолжетімділігі) нақтылау маңызды. Дегенмен конституциялық деңгейдегі мұндай бекітулердің өзі құқық қорғау жүйесін стандарттандыруға және құқықтық тәртіптің болжамдылығын арттыруға негіз болады.

Жоба мәтінінде цифрлық ортада құқықтарды қорғау нормасының пайда болуы қазіргі қоғамның шынайы сұранысына жауап беретін өзекті қадам. Дербес деректердің қорғалуы, байланыс құпиясы және ақпаратқа қол жеткізу құқықтарының жаңа технологиялық контексте нақтылануы мемлекет пен азамат арасындағы «цифрлық келісімнің» қалыптасуына ықпал етеді. Бұл бағыт тек техникалық жаңарту емес, басқарудың ашықтығы мен азамат сенімін қамтамасыз етудің маңызды құралы. Құқықтық нормалардың цифрлық реалийге бейімделуі мемлекеттік қызметтердің сапасын, қауіпсіздігін және әділдігін арттыру міндеттерімен тығыз байланысты.

Реформаның жалпы идеясында білім, ғылым, мәдениет және инновацияны даму өзегі ретінде тану ерекше мәнге ие. Бұл – ұлттық бәсекеге қабілеттілікті табиғи ресурстарға сүйенген модельден адами капиталға негізделген модельге көшіруге бағытталған құндылықтық бағдар. Мұнда шағын шығыстанулық байланыс ретінде айтар болсақ: шығыс қоғамдарының бір бөлігінде (әсіресе білімді әлеуметтік ілгерілеудің негізгі тетігі ретінде қарастыратын дәстүрлерде) мемлекет тұрақтылығы мен дамуында білім мен тәртіпке сүйену идеясы тарихи түрде маңызды орын алған. Қазақстандағы бұл басымдық та қоғамды ұзақ мерзімді модернизациялаудың мәдени-өркениеттік негізін күшейтуге қабілетті.

Қорытындылай келе, Қазақстан Ата заңына енгізіліп жатқан жаңа түзетулер мен толықтырулар құқықтық мемлекетті күшейтуге, адамға бағдарланған саясатты бекітуге, қоғамдық келісім мен ашық диалогты институттандыруға, сондай-ақ цифрлық дәуірдің сын-қатерлеріне жауап беруге бағытталған кешенді реформалық пакет ретінде көрінеді. Ең бастысы, ұсынылған нормалардың сапалы іске асуына жағдай жасайтын құқық қолдану тетіктері мен қоғамдық бақылау мәдениеті қатар дамыса, бұл өзгерістер Қазақстанның саяси жүйесіне тұрақты оң серпін беруге мүмкіндік береді.

Мәдина Мошқал,

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасының

аға оқытушысы

 

ӨЗЕКТІ ӨЗГЕРІСТЕР АТА ЗАҢЫМЫЗДЫҢ АЙБАРЫН АРТТЫРАДЫ

Заман бір орнында тұрмайды. Айлар аунап, жылдар жылжып, алға қарай зымыраған уақыт көшімен бірге әлем де өзгеріп, Жер шарының әр қиырындағы елдерге де тың талаптар көлденең тартады. Төрткіл дүниеде тіршілік етіп отырған сан түрлі мемлекеттер де уақыт атты қатал сыншының сынағынан сүрінбеу мақсатында сол қатал талаптарға сай бейімдеулерді бастан өткеріп, дамудан кеш қалмау мақсатында тарихи өзгерістерге сай болуға ұмтылады. Сол ұлы көштің бел ортасынан ойып тұрып орын алатын Қазақстан Республикасы да дәл қазіргі кезде ұлы өзгерістер табалдырығында тұр.

Кез келген елдің басшылыққа алып, даму бағыты мен өмірлік ұстанымын нақтылайтын басты құжат – Ата заңы екені айдан анық. Сондықтан да көпшілік болып қабылдаған Конституция замана көшіне лайық болуға тиісті. Осы орайда, бүгінгі күннің басты ақиқаты болып отырған жаңа әлемдегі жаңғыртуларға сай болу үшін Қазақстан Республикасының Ата заңы да тарихи өзгерістерге ұшырамақ. Белгілі бір уақыт аралығында талқыланып, бірнеше комиссиялық отырыстардан кейін Негізгі заңның жобасында баптар азайып, бұрынғы 99 баптың орнына 95 бап енгізілмек. Қалай болғанда да, барлығы еліміздің дамуы мен халқымыздың бақуатты да бақытты тұрмысын қалыптастыру мақсатында қолға алынып отырған шешуші қадамдар екені анық.

Жобаны талқылауға қатысты жұмыс үдерісі барысында Ата заңға қатысты ұсыныстар мұқият қаралып, Конституция мәтінінің 84 пайызы болатын 77 бап пен тараулар өзгерістерге ұшырады. Өзекті өзгерістер мен түзетулердің барлығы мемлекеттің нақты мақсаттар мен жоғары жетістіктерге жетуі жолындағы қадамдарынан қоғам мүшелерінің ешқайсысының қалыс қалмауына, мүмкіндіктерінше үлес қосуына ықпал етуге бағытталған. Сонымен бірге еліміздегі саяси институттар құрылымдарының тиімділігін арттыруға қызмет етуге негізделген.

Ата заңымыздың бұрынғы редакциясында цифрландыру, әлеуметтік желілер жайлы баптар болмаса, қазіргі жобада осы бағыттар жан-жақты қарастырылған. Өйткені қазіргі кезеңде үлкен сұранысқа ие болып отырған аталған салалар шешуін кешіктіруге болмайтын мәселелер қатарында.

Заман талабына сай дер кезінде қозғалған байыпты бастаманы жүзеге асыру барысында азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен беделді сарапшылардан түскен мыңдаған ұсыныс қаралып, жаңа Конституцияның жобасы әзірленген.

Осының алдында айтылғандай, Конституцияның жаңа редакциясындағы басты ерекшелік – оның адам құқына барынша негізделгенінде. Онда көрсетілгендей, адамның құқы мен бостандығы Ата заңның кіріспе бөлімінде берік бекітіліп қана қоймай, тұтас Конституцияның негізгі мағынасы әрі басымдығы ретінде көрініс тапқан. Мемлекет пен діннің қатынасы нақтыланған. Білім мен тәрбиенің зайырлы сипаты бекітілген. Әйел мен бала құқының қорғалуына аса мән берілген.

Жалпы, Ата заңымыздың жаңа редакциясында дәл қазіргі кезде мемлекетіміз бен қоғамымызға аса қажетті деп саналатын мәселелер түгел қарастырылып, шешімдері айтылған. Басты заңымыздың мәтіні Қазақстан мемлекеттігінің мәртебесін айқындап қана қоймайды, еліміздің халықаралық аренадағы жоғары беделі мен болашаққа негізделген білім, ғылым мен инновацияны және адами капиталды дамытуға бағытталған стратегиялық бағытын айқын көрсетеді.

Ақерке АБАҒАН,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

Қиыр Шығыс кафедрасының меңгерушісі

 

 

АТА ЗАҢ ЖОБАСЫ – БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ ДАМУЫНА НЕГІЗ

Қазақстан Республикасының Конституциясына ұсынылып отырған түзетулер мен толықтырулар елдің саяси-құқықтық жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Бұл реформалар заманауи жаһандық сын-қатерлерге жауап беретін тиімді әрі ашық мемлекеттік басқару моделін қалыптастыруды көздейді.

Конституциялық өзгерістердің басты ерекшелігі – олардың кең қоғамдық талқылау негізінде әзірленуі. Азаматтық қоғам, сарапшылар мен ғылыми қауымдастықтың қатысуы түзетулердің мазмұнын байытып, олардың әлеуметтік сұранысқа сәйкестігін арттырды.

Ұсынылып отырған түзетулердің өзегі – адамға бағдарланған мемлекет қағидатын конституциялық деңгейде бекіту. Адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығы, заң үстемдігі, әділеттілік және қоғамдық келісім ұғымдарының Ата заңда айқындалуы құқықтық мемлекетті нығайтуға бағытталған.

Сонымен қатар білім, ғылым, инновация және цифрландыруды стратегиялық басымдықтар ретінде бекіту ел дамуының адами капиталға негізделген жаңа моделіне көшуді көрсетеді. Институционалдық өзгерістер саяси жүйенің тиімділігін арттырып, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Жалпы алғанда, конституциялық түзетулер Қазақстанда ашық, әділетті және болашаққа бағдарланған құқықтық мемлекет қалыптастыруға негіз қалайды.

Ақнұр Халел,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

шығыстану факультеті

Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасының доцент міндетін атқарушы

 

 

АТА ЗАҢ ЖОБАСЫ ЖӘНЕ САПАЛЫ БІЛІМГЕ ТЕҢ ҚОЛЖЕТІМДІЛІК

Тәуелсіздіктің 35 жылға жуық кезеңінде Қазақстанның даму траекториясы ел келбетін елеулі түрде өзгертті. Әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесіне айналған мемлекет осы жылдар ішінде қарқынды дамып, әлеуметтік-экономикалық және саяси салаларда бірқатар маңызды жетістіктерге қол жеткізді. Осы үдерістер аясында Ата заңды заман талабына және қоғамдық өзгерістерге сәйкес қайта қарастыру бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің біріне айналып отыр.

Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен Қазақстан Республикасының Конституциясындағы бірқатар баптар мен тармақтар қайта қаралып, қазіргі таңда жаңа Конституция мәтіні жұртшылық назарына ұсынылып, кеңінен талқылануда. Қоғам азаматтарының мемлекеттілігіміздің негізін қалайтын басты құжатқа бейжай қарамай, өз пікірлерін ашық білдіруі елдегі азаматтық сананың өскенін және белсенді азаматтық ұстанымның қалыптасқанын көрсетеді.

Жаңа Конституция мәтінінің өзегіне білім мен ғылым, мәдениет пен инновация идеяларының алынуы аса маңызды әрі концептуалдық тұрғыдан мәнді қадам. Бұл ұстаным мемлекеттің болашағы табиғи ресурстар мен минералдық байлықтарға емес, ең алдымен адами капиталдың сапасына, азаматтардың зияткерлік әлеуеті мен шығармашылық мүмкіндіктеріне байланысты екендігін айқын көрсетеді.

Соңғы жылдары ерекше мән беріліп келе жатқан цифрландыру мәселелері де жаңа Конституция мәтінінде өз көрінісін тапқан. Цифрлық ортада азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын заңнамалық тұрғыдан қорғау Қазақстанның әлемдік үрдістермен қатар дамып келе жатқанын және заманауи сын-қатерлерге жауап беруге дайын екенін айғақтайды. Сонымен қатар Қазақстан Халық кеңесі арқылы халық үнінің институционалдық деңгейде ескерілуі қоғам мен мемлекет арасындағы диалогты нығайтатын маңызды тетік болып табылады.

Жаңа Конституция жобасының тағы бір маңызды артықшылығы – оның ғылыми қауымдастық үшін ашып отырған мүмкіндіктерінде. Білім, ғылым және инновациялардың негізгі құндылықтар ретінде бекітілуі ғылыми зерттеулерді дамытуға, академиялық еркіндікті кеңейтуге және ғылымның қоғамдық дамудағы рөлін арттыруға құқықтық негіз қалыптастырады. Бұл, өз кезегінде, қазақстандық ғылымның халықаралық ғылыми кеңістікке ықпалдасуына, жаңа зерттеу бағыттарының қалыптасуына және елдің зияткерлік әлеуетін жүйелі түрде арттыруға мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституция тек саяси-құқықтық құжат қана емес, сонымен қатар Қазақстанның ұзақ мерзімді ғылыми және инновациялық дамуын айқындайтын стратегиялық негіз ретінде де бағалануға тиіс.

Асыл Мөлдір,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

шығыстану факультеті

Қытайтану кафедрасының

доцент-зерттеушісі

 

 

АТА ЗАҢ ЖОБАСЫ – АЗАМАТТЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІКТІҢ КЕПІЛІ

Конституция жобасында білім беру саласы Қазақстан Республикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ететін стратегиялық бағыттардың бірі ретінде айқындалады. Білім беру саясаты адами капиталды дамыту, қоғамдық прогресс пен инновациялық экономиканы қалыптастыру мақсаттарына тікелей қызмет етуі тиіс.

Білім берудің стратегиялық мәртебесі. Конституция преамбуласында білім, ғылым және инновациялар елдің болашағын айқындайтын басым құндылықтар ретінде белгіленген. Бұл ұстаным білім беру саясатының мемлекет дамуының ұзақ мерзімді стратегиясымен тығыз байланыста қарастырылатынын көрсетеді.

Білім беру жүйесі тек кәсіби даярлық құралы ғана емес, ұлттық бірегейлікті, зияткерлік әлеуетті және қоғамдық дамудың тұрақты негіздерін қалыптастыратын негізгі институт ретінде танылады.

Адами капиталды дамытуға бағытталған білім беру. Конституцияның I бөлімінде адами капиталды, білім мен ғылымды дамыту мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде тікелей мойындайды. Бұл норма білім беру саясатын үздіксіз білім алу қағидатына, білім сапасын арттыруға, оқытудың мазмұны мен әдістерін жаңғыртуға бағыттауды талап етеді. Осы тұрғыда білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына бейімделумен қатар, тұлғаның зияткерлік әлеуетін, сыни ойлауын және кәсіби құзыреттерін дамытуға бағытталуы тиіс.

Академиялық еркіндік және білім мазмұны. Конституцияда ғылыми, техникалық және шығармашылық еркіндіктің кепілденуі білім беру саясаты үшін маңызды құқықтық негіз қалыптастырады. Бұл қағида оқытушылар мен зерттеушілердің академиялық дербестігін, білім беру бағдарламаларын дамытудағы институционалдық еркіндікті, ғылыми білімнің еркін өндірілуі мен таралуын қамтамасыз етуге бағытталған. Білім беру саясаты академиялық еркіндікті сақтай отырып, білім сапасын қамтамасыз ету тетіктерімен және ұлттық стандарттармен үйлестірілуі қажет.

Жалпы алғанда, Конституция жобасы білім беру саясатын Қазақстан Республикасының стратегиялық дамуының негізгі құралдарының бірі ретінде айқындайды. Білім беру саласына қатысты нормалардың конституциялық деңгейде бекітілуі мемлекет тарапынан жүйелі, ұзақ мерзімді және мақсатты саясат жүргізуге құқықтық негіз қалыптастырады. Бұл өз кезегінде сапалы білімге негізделген, бәсекеге қабілетті және зияткерлік әлеуеті жоғары қоғамды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Күләш Жетпісбаева,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

шығыстану факультеті

Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының оқытушысы

 

 

АТА ЗАҢ ЖОБАСЫ – ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМҒА БАСТАР ЖОЛ

Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасы елдің конституциялық-құқықтық дамуының сапалық жаңа кезеңін айқындайтын, мемлекеттік басқару жүйесін институционалдық тұрғыдан жаңғыртуға бағытталған іргелі саяси-құқықтық құжат. Ұсынылып отырған жоба қазіргі заманғы құқықтық мемлекет қағидаттарына, демократиялық басқару үлгілеріне және қоғамдық сұраныстарға жауап беретін кешенді реформалық сипатымен ерекшеленеді.

Конституция жобасында адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының үстемдігі негізгі құндылық ретінде айқындалып, оларды қорғаудың конституциялық кепілдіктері жүйелі түрде күшейтілген. Бұл ең алдымен мемлекеттің құқықтық табиғатын нығайтуға, биліктің барлық тармақтарының қызметін адам мүддесіне бағдарлауға бағытталған маңызды қадам деп білемін. Жобада билік тармақтарының арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу, олардың өзара тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін жетілдіру мәселелері нақты институционалдық тетіктер арқылы бекітілген. Әсіресе Парламенттің өкілеттіктерін кеңейту, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының дербестігін арттыру және сот билігінің тәуелсіздігін конституциялық деңгейде қамтамасыз ету құқықтық мемлекеттің іргелі белгілеріне толық сәйкес келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Конституциялық сот институтын енгізу азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудың пәрменді әрі өркениетті механизмі ретінде бағалануы тиіс.

Конституция жобасының маңызды ерекшеліктерінің бірі – әлеуметтік мемлекет қағидатын нақтылауы және мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігін күшейтуі. Бұл нормалар қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге, халықтың әл-ауқатын арттыруға және әлеуметтік теңгерімсіздікті азайтуға бағытталған ұзақ мерзімді құқықтық негіз қалыптастырады. Сонымен қатар жобада ұлттық бірегейлік, тіл саясаты, мәдени және тарихи мұраның сақталуы мәселелерінің конституциялық деңгейде бекітілуі Қазақстанның көпэтносты және көпмәдениетті қоғам ретіндегі тұрақты дамуын қамтамасыз ететін маңызды фактор болып табылады. Аталған нормалар қоғамдық келісімді нығайтуға және мемлекеттің рухани тұтастығын сақтауға қызмет етеді. Жобаны қабылдау Қазақстанның конституциялық дамуының жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне құқықтық алғышарттар жасайды деп пайымдауға толық негіз бар.

Айжан Қойбақова,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

шығыстану факультетінің аға оқытушысы

 

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМА: ЖАҢА ЖОБАНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасы халық назарына ұсынылды. Ата заңымыздың жобасын әзірлеу үшін арнайы Конституциялық комиссия құрылды. Комиссия құрамына шамамен 130 адам кіріп, олардың қатарында Парламент депутаттары, мемлекеттік қызметшілермен қатар, құқықтанушылар, экономистер, ғылыми және мәдени қауым өкілдері, азаматтық қоғам институттарының мүшелері болды. Комиссия құрамында әртүрлі сала өкілдері байқалады. Тек Конституциялық кеңеспен ғана шектелмей, eGov, e-Otinish арқылы қарапайым азаматтардан да ұсыныстар қабылданған. Жалпы, Конституцияның 84 пайызына өзгерістер енгізу ұсынылған. Қазіргі Конституцияда Кіріспе, 9 бөлім, 101 бап болса, жобада Кіріспе, 11 бөлім, 95 бап ұсынылған. Бірқатар бөлімдердің атауы нақтыланып, жаңа бөлімдер енгізілді. Баптардың едәуір бөлігіне түзетулер жасалды, бұл Негізгі заңның тұтас логикасын қайта қарауға бағытталған қадам ретінде түсіндіріледі. Мазмұнындағы өзгерістерге келетін болсақ, мемлекет қоғам ішінде қызмет ететін жүйеге айналмақ. Ең негізгі құндылық – адам, оның құқықтары мен бостандықтары.

Университетте химия саласында ғылыми қызметпен айналысатын маман ретінде Конституцияда ғылыми және шығармашылық еркіндікке қатысты нормалардың нақты көрсетілуін атап өтуге болады. Атап айтқанда 23-бапта сөз еркіндігіне, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігіне кепілдік берілген, сондай-ақ зияткерлік меншіктің қорғалатыны белгіленген. Бұл нормалар ғылыми қызметті құқықтық тұрғыдан реттеудің жалпы негізін айқындайды.

Осылайша Конституцияның жаңа редакциясы құқықтық құрылымды жүйелеуге және қазіргі қоғамдық қатынастарды ескеруге бағытталған құжат ретінде ұсынылды.

Диляра РАШИТ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

 химия және химиялық технология факультеті

Аналитикалық, коллоидтық химия және сирек элементтер технологиясы кафедрасының оқытушысы

 

 

КОНСТИТУЦИЯ – ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІҢ ТІРЕГІ

Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекеттің ғана емес, қоғамның да даму бағытын айқындайтын негізгі құқықтық құжат. 1995 жылғы Конституция еліміздің тәуелсіздігі мен тұрақтылығының берік негізін қалады. Бүгінде ол адам құқықтары мен бостандықтарын ең жоғары құндылық ретінде бекіткен құжат ретінде өз маңызын сақтап отыр.

Қазіргі таңда қоғамда 2026 жылға арналған Конституцияның жаңа жобасы кеңінен талқылануда. Бұл жоба мемлекеттің адамға бағдарланған сипатын күшейтіп, әділдік, ашықтық, азаматтардың шешім қабылдауға қатысуы сияқты қағидаттарды нақтылай түсуді көздейді. Мұндай өзгерістер қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған маңызды қадам деп ойлаймын.

Конституцияны білу және талқылау – әр азаматтың құқықтық санасының көрсеткіші. Себебі құқықтық мемлекет белсенді және саналы азаматтарсыз қалыптаспайды.

Мергүл Чемирбаева,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы,

ЭЖБМ, Бизнес-технологиялар кафедрасы

 

 

КОНСТИТУЦИЯҒА ЕНГІЗІЛІП ЖАТҚАН ӨЗГЕРІСТЕР ТУРАЛЫ ПІКІР

Конституцияға енгізіліп жатқан өзгерістерге қатысты өз ойымды қатардағы маман әрі қоғамның белсенді мүшесі ретінде білдіргім келеді. Конституция – мемлекеттің құқықтық негізін айқындайтын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін ең жоғары құқықтық құжат. Сондықтан оған енгізілетін кез келген түзету терең талдауды, қоғамдық келісімді және ашық түсіндіруді қажет етеді деп есептеймін.

Қазіргі уақытта елде экономикалық және әлеуметтік сипаттағы бірқатар өзекті мәселелердің бар екені белгілі. Осындай кезеңде мемлекет жүргізіп отырған реформалардың мақсаты мен мазмұны халыққа түсінікті, нақты әрі жүйелі түрде жеткізілуі аса маңызды. Себебі қоғам кез келген өзгерістің түпкі нәтижесін күнделікті өмірден сезінгісі келеді: тұрақты жұмыс орындарының көбеюі, әлеуметтік қолдаудың тиімділігі, білім мен денсаулық сақтау сапасының артуы, аймақтардың тең дамуы, әділеттілік пен заң үстемдігінің күшеюі сияқты нақты көрсеткіштер азаматтардың реформаларға деген сенімін қалыптастырады.

Егер Конституцияға енгізілетін өзгерістер басқару жүйесін жетілдіруге, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыруға және шешім қабылдау үдерісін анағұрлым ашық етуге бағытталса, онда мұндай бастамалардың қоғамдық маңызы жоғары болады. Заң үстемдігі – тұрақты дамудың негізгі тірегі. Сондықтан конституциялық түзетулер азаматтардың құқықтарын қорғаудың тетіктерін күшейтіп, әділ сот төрелігіне қолжетімділікті арттыруға, сондай-ақ мемлекеттік органдардың қызметін қоғам алдында есепті әрі транспарентті етуге қызмет еткен жағдайда олардың нәтижесі ұзақ мерзімде айқын көрінеді деп ойлаймын.

Сонымен бірге ғылым мен білімді қолдауға бағытталған құқықтық тетіктердің орнығуы да маңызды деп санаймын. Химия саласы тұрғысынан алғанда, өндірістік қауіпсіздік, экологиялық стандарттар, зертханалық инфрақұрылым, ғылыми зерттеулерді қаржыландыру және жас ғалымдарды қолдау мәселелері елдің технологиялық тәуелсіздігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан конституциялық өзгерістер ғылымды дамытуға қолайлы орта қалыптастырып, зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізу, экологиялық жауапкершілікті күшейту және жоғары технологиялық салаларды өркендету сияқты бағыттарға нақты ықпал етсе, бұл қоғам үшін де, экономика үшін де айтарлықтай пайда береді.

Сонымен қатар Конституцияға енгізілетін түзетулер қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті нығайтып, әр азаматтың мүмкіндігі мен құқықтық қорғалуын тең дәрежеде қамтамасыз етуге ықпал етуі тиіс. Әлеуметтік саясат, еңбек қатынастары, білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, экология және өңірлік даму сияқты бағыттар елдің болашағына тікелей әсер етеді. Осы салаларда жүйелі нәтижеге қол жеткізу үшін құқықтық негіздің нақты әрі орнықты болуы өте маңызды. Құқықтық тұрақтылық инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін де сенімді орта қалыптастырып, экономиканың дамуына ықпал етеді. Яғни конституциялық реформалар тек саяси өзгеріс ретінде емес, әлеуметтік-экономикалық дамудың да пәрменді құралы ретінде көрініс табуы қажет.

Менің ойымша, реформалардың табысты болуы тек мәтіндегі өзгерістермен шектелмейді. Ең бастысы – енгізілген нормалардың нақты өмірде қалай жүзеге асатыны. Сондықтан конституциялық түзетулердің нәтижесі қабылданған шешімдердің орындалу сапасына, жауапты институттардың тиімді жұмысына және қоғаммен тұрақты кері байланыс орнатуға байланысты. Халыққа түсіндіру жұмыстары формалды түрде емес, нақты мысалдармен, қолжетімді тілмен, жүйелі ақпараттық түсіндіру арқылы жүргізілсе, азаматтардың құқықтық мәдениеті артып, реформаларға деген қоғамдық қолдау да күшейе түседі.

Қорытындылай келе, Конституцияға енгізіліп жатқан өзгерістер елдегі тұрақтылықты нығайтуға, басқару жүйесін жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге және қоғам мүддесіне адал қызмет етуге бағытталса, оларды оң бастама ретінде бағалауға болады. Ал бұл өзгерістер халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға нақты ықпал етіп, елдің ұзақ мерзімді дамуына берік негіз қаласа, олардың тарихи маңызы одан әрі арта түседі деп есептеймін.

Майра Қалабаева,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Жалпы және бейорганикалық химия кафедрасының оқытушысы, химия ғылымының кандидаты

 

АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ – ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯСЫНЫҢ БАСТЫ БАҒДАР-БАҒЫТЫ

Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасы мемлекет пен адам арасындағы өзара қатынастарды құқықтық тұрғыдан пайымдауда сапалық тұрғыдан жаңа көзқарасты көрсетеді. Онда адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет декларативті құндылық ретінде емес, бүкіл Негізгі заңның мазмұны мен бағыт-бағдарын айқындайтын басым қағидат ретінде бекітілген.

Конституцияның адам құқықтары мен бостандықтарына арналған тиісті бөлімі халықаралық құқықтық стандарттарға, соның ішінде Қазақстан Республикасы ратификациялаған Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық пактілерінің нормаларына сәйкес елеулі түрде қайта қаралды. Бұл жеке, әлеуметтік-экономикалық және мәдени құқықтардың мазмұнын кеңейтуге, сондай-ақ оларды іске асыру мен қорғаудың құқықтық кепілдіктерін күшейтуге мүмкіндік берді.

Бұл өзгерістер ғылым мен жоғары білім беру жүйесі үшін айрықша маңызға ие. Академиялық еркіндік, білім алу құқығы, ғылыми және шығармашылық қызметпен айналысу, зияткерлік меншікті қорғау ғылыми мектептердің орнықты дамуы мен инновациялық қызметтің құқықтық негізін қалыптастырады. Сонымен бірге бұл қағидаттар зерттеу университеттері мен ғылыми ұйымдардың институционалдық орнықтылығын арттырып, кадр даярлаудың сапасын көтеруге, ғылым нәтижелерін өндіріске енгізуге және технология трансферін жүйелеуге құқықтық алғышарт жасайды.

Ғылыми зерттеулер мен технологиялар мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторына айналып отырған қазіргі жағдайда ғалымдар мен зерттеушілердің құқықтық қорғалуы ерекше өзектілікке ие. Әсіресе жоғары технологиялар (биомедицина, жаңа материалдар, энергетика, агротехнология, ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект және деректер ғылымы) қарқынды дамып жатқан кезеңде ғылыми ортаның еркіндігі мен қауіпсіздігі, зерттеу инфрақұрылымының қорғалуы, нәтижелердің әділ бағалануы және коммерцияландыру тетіктерінің айқындығы ұлттық инновациялық жүйенің тиімділігін анықтайды.

Сонымен қатар цифрлық дәуірдің шынайы талаптарын ескеру де маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Жеке деректерді қорғауға және азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған нормалардың бекітілуі ақпаратты өңдеумен, ғылыми зерттеулер жүргізумен және цифрлық технологияларды енгізумен байланысты ғылыми-білім беру қызметі үшін тікелей мәнге ие. Цифрлық зертханалар, үлкен деректер, бұлтты есептеу, биоинформатика сияқты бағыттардың кеңеюі жағдайында деректерді заңды әрі этикалық тұрғыда пайдалану, киберқауіпсіздік, академиялық адалдық және цифрлық құқықтар ғылым мен білімнің тұрақты дамуының міндетті шартына айналып отыр.

Осы орайда, құқықтық нормаларды жаңартумен қатар, олардың құқық қолдану тәжірибесінде, соның ішінде ғылым мен жоғары білім беру саласында, бірізді әрі тиімді іске асырылуы ерекше маңызға ие. Конституциялық қағидаттардың нақты орындалуы білім сапасын арттыруға, зерттеу нәтижелерін экономикаға енгізуге, университет-өнеркәсіп әріптестігін дамытуға және стартап-экожүйені күшейтуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде адами капиталдың сапасын көтеріп, Қазақстанның технологиялық тәуелсіздігі мен халықаралық ғылыми кеңістіктегі беделін нығайтады. Мемлекеттің адами капиталды және зияткерлік әлеуетті дамыту қабілеті дәл осыған тікелей байланысты болмақ.

Дәулет Қалдыбеков,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

химия және химиялық технология факультеті

Органикалық заттар, табиғи қосылыстар және полимерлер химиясы мен технологиясы кафедрасының профессор м.а., PhD

 

ЖАҢА ЖЕТІЛДІРУ ЖОЛДАРЫ НАҚТЫЛАНҒАН

Менеджмент тұрғысынан қарағанда, Қазақстан Республикасы Конституциясына ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік басқарудың заманауи трансформациясының маңызды көрінісі ретінде қабылданады. Жаңа нұсқада ұсынылған басқарушылық модельдер – бірпалаталы Парламент, вице-президент институты және Халық кеңесі – мемлекеттік басқару архитектурасын оңтайландыруға бағытталған жүйелі көзқарасты білдіреді.

Бұл өзгерістер шешім қабылдау процестерін жеделдетуге, басқарушылық циклдың тиімділігін арттыруға және мемлекеттік стратегиялық басқарудың сабақтастығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Вице-президент лауазымының енгізілуі өкілеттіктер мен жауапкершіліктерді нақты бөлуге, ал Халық кеңесі – мемлекеттік шешімдерге консультативтік қатысуды институционалды түрде бекітуге бағытталған.

Конституцияның жаңа нұсқасында адам құқықтарының, оның ішінде өмір сүру құқығының, жеке құпиялылықтың және цифрлық замандағы жеке деректерді қорғаудың басымдылығы айқын көрініс тапқан. Бұл азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін жетілдірудің маңызды қадамы болып табылады.

Сонымен қатар ынтымақтастық, этностық және конфессияаралық келісім принциптерінің негізгі құқықтық нормалар ретінде бекітілуі Қазақстан мемлекеттілігінің берік негіздерін нығайтады.

Жалпы алғанда, ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер Қазақстанның институционалдық дамуына, басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға, қоғамдық тұрақтылық пен бірлікті нығайтуға бағытталған прогрессивті бастамалар ретінде қабылдаймын. Бұл реформалар заманауи менеджмент қағидаттарына – тиімділікке, есеп берушілікке, стратегиялық басқаруға және адами капиталды дамытуға толық сәйкес келеді.

Айнұр Маханова,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

Менеджмент кафедрасының оқытушысы

 

 

АТА ЗАҢ ЖОБАСЫ АРҚЫЛЫ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ

Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының «Конституция: құндылықтар, адам құқықтары және болашаққа бағдар» атты жобасы қазіргі заман жағдайында мемлекеттің қандай болуы керектігін терең ой елегінен өткізудің маңызды қадамы ретінде қабылданады. Бұл құжат құқықтық нормаларды формалды түрде жаңартумен ғана шектелмей, адамды, оның құқықтары мен бостандықтарын басты орынға қоятын ел дамуының негізгі бағытын айқындайды.
Жобаның ең маңызды тұстарының бірі – адам мен азаматтың құқықтары және бостандықтарының басымдық ретінде бекітілуі. Мұндай ұстаным адам құндылығын мемлекеттік билік жүйесінің негізіне қоятын, адамға бағдарланған мемлекет моделін қалыптастыруға ұмтылысты көрсетеді. Қоғам үшін бұл құқықтық кепілдіктердің нығаюы мен мемлекеттің азаматтар алдындағы жауапкершілігінің артуын білдіреді.
Мемлекеттік билік құрылымында ұсынылып отырған өзгерістер де ерекше қызығушылық тудырады. Мен үшін жобаның талқылануы ашық әрі көпшілікке қолжетімді болуы, ал жарияланған құндылықтардың жай ғана декларация болып қалмауы маңызды. Жаңа Конституцияның ережелері мемлекеттік басқару тәжірибесінде нақты әрі тиімді жүзеге асқан жағдайда ол Қазақстанды әділетті, демократиялық және орнықты мемлекет ретінде дамытуға қызмет ететін шынайы бағдарға айнала алады.

Бақыт Сұлтанова,

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Экономика және бизнес жоғары мектебі Қаржы және есеп кафедрасының доценті, э.ғ.к.

 

ЗИЯТКЕРЛІК МЕНШІКТІ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЕРКІНДІК

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасының 23-бабында бекітілген норма, жалпы алғанда, сөз және ақпарат еркіндігін қамтамасыз етуге қатысты заманауи демократиялық стандарттар мен халықаралық тәсілдерді көрсетеді. Аталған баптың кешенді сипаты оның оң қыры болып табылады. Ол пікір білдіру еркіндігін ғана емес, сонымен қатар шығармашылық еркіндікті, зияткерлік меншікті қорғауды, сондай-ақ ақпаратты алу және тарату құқығын қамтиды.

Цензураға тікелей тыйым салынуы ерекше назар аударуға лайық, өйткені бұл бұқаралық ақпарат құралдарының, ғылым мен өнердің тәуелсіздігін қамтамасыз ететін маңызды кепіл болып табылады. Аталған норма ашық қоғам қалыптастыру және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайту тұрғысынан қағидатты мәнге ие. Сонымен қатар зияткерлік меншікті заңмен қорғауды бекіту инновациялардың, ғылымның және креативті индустриялардың дамуына ықпал етеді.

Сонымен бірге бапта сөз бостандығын шектеудің ақылға қонымды әрі әлеуметтік тұрғыдан негізделген шектері көзделген. Адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне, азаматтардың денсаулығына және қоғамдық моральға қол сұғуға жол берілмейтіні туралы ереже жеке құқықтар мен қоғамдық мүдделер арасындағы тепе-теңдік қағидатына сәйкес келеді. Сол сияқты ұлттық қауіпсіздікті, егемендікті және мемлекеттің аумақтық тұтастығын қорғауға байланысты шектеулер де конституциялық құқықтағы кең таралған тәжірибе болып табылады.

Алайда осы баптың іс жүзінде тиімді жүзеге асырылуы үшін, әсіресе «қоғамдық мораль», «қоғамдық тәртіп» және «ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіру» ұғымдарына қатысты тұжырымдардың анықтығы мен айқындығы аса маңызды. Бұл ұғымдарды шамадан тыс кең түсіндіру сөз бостандығын негізсіз шектеу қаупін тудыруы мүмкін. Осы тұрғыда құқық қолдану практикасы мен сот жүйесінің тәуелсіздігі шешуші рөл атқарады.

Жалпы алғанда, 23-бап оны адал әрі пропорционалды қолдану жағдайында Қазақстанда сөз бостандығын қорғаудың берік конституциялық негізін қалыптастырады.

Болат Мұхамедиев, 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Экономика және бизнес жоғары мектебі

Экономика кафедрасының профессор-зерттеушісі

 

 

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯНЫҢ ИНСТИТУЦИОНАЛДЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН ЦИФРЛЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯҒА ЫҚПАЛЫ

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы мемлекеттің егемендігін, тәуелсіздігін, унитарлық сипатын және аумақтық тұтастығын өзгермейтін құндылықтар ретінде бекітеді. Бұл ереже мемлекеттік құрылымның базалық негіздерінің құқықтық айқындылығын күшейтіп, конституциялық дамудың институционалдық тұрақтылығы мен сабақтастығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Жобаның маңызды мазмұндық элементтерінің бірі – цифрландыруға басымдық берілуі. Алғаш рет конституциялық деңгейде азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау, оның ішінде дербес деректерді қорғау мәселелері бекітілуде. Бұл цифрлық экономика жағдайында қоғамдық қатынастардың трансформациясына конституциялық реттеуді бейімдеуге ұмтылысты көрсетеді.

Оң бағалауға лайық жаңалықтардың бірі – «жедел дамушы қалалар» санатын енгізу. Бұл ерекше реттеу режимдерін қолдану мүмкіндігін көздейді. Мұндай тәсіл өңірлік және экономикалық саясаттың құралдарын кеңейтіп, өсу нүктелерін қалыптастыруға және әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа модельдерін сынақтан өткізуге жағдай жасайды.

Сонымен қатар мемлекеттік білім беру ұйымдарында тегін орта білім алуға конституциялық кепілдіктің алынып тасталуы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету және адами капиталды дамыту тұрғысынан қосымша зерделеуді талап етеді. Орта білімнің бастапқы мүмкіндіктер теңдігін қамтамасыз етудегі шешуші рөлін ескере отырып, оның қолжетімділігі мен әлеуметтік функциясын сақтаудың нақты тетіктерін айқындау орынды деп саналады.

Халықаралық шарттардың басымдығын алып тастау ұлттық және халықаралық құқықтың арақатынасын айқындайтын нақты механизмдерді қалыптастыру қажеттілігін туындатады. Осы тұрғыда Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерін іске асыруда құқықтық айқындық пен жүйелілікті сақтау ерекше маңызға ие.

Бикен Нұрманова, 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Экономика және бизнес жоғары мектебі 

Экономика кафедрасының аға оқытушысы

 

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМАЛАР ЕЛДЕ ӘДІЛЕТТІ, АШЫҚ ЖӘНЕ ЖАУАПТЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІН ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН

Жаңа Конституция Қазақстанның саяси-құқықтық дамуының жаңа кезеңін айқындаған, қоғамның сұранысы мен заманауи талаптарға жауап беретін негізгі құжат ретінде қабылданды. Конституциялық реформалар елде әділетті, ашық және жауапты мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыруға бағытталып, ең алдымен адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге басымдық берді. Жаңа Конституцияда билік тармақтарының тепе-теңдігі мен өзара тежемелік тетіктері нақтыланып, президенттік өкілеттіктерді шектеу, Парламент пен жергілікті өкілді органдардың рөлін арттыру арқылы халықтың басқару ісіне қатысу мүмкіндігі кеңейтілді. Бұл өзгерістер «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын институционалдық тұрғыда бекітіп, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға негіз қалады.

Сонымен қатар Конституцияда адамның қадір-қасиеті, заң алдындағы теңдік, әділ сот және азаматтық еркіндіктер басты құндылықтар ретінде айқындалды. Конституциялық соттың қайта құрылуы азаматтардың өз құқықтарын тікелей қорғау мүмкіндігін кеңейтіп, құқықтық мемлекеттің нақты жұмыс істеуіне жол ашты. Жер мен табиғи ресурстардың халыққа тиесілі екені туралы норма ұлттық байлықты әділ әрі ашық басқаруға бағытталған маңызды қағида ретінде бекітілді. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, азаматтық қоғам институттарының ықпалын күшейту де жаңа Конституцияның демократиялық мазмұнын тереңдете түсті. Ғылым мен білімнің даму жағдайында Конституция химия саласын қоса алғанда, ғылыми қызметтің құқықтық негіздерін қалыптастырып, академиялық еркіндік, ғылыми жауапкершілік және зерттеу этикасының қағидаттарын айқындай отырып, ерекше рөл атқарады. Конституциялық нормалар білім беру және ғылыми-зерттеу қызметін құқықтық реттеуді қамтамасыз етеді, іргелі және қолданбалы зерттеулердің дамуына ықпал етеді, сондай-ақ қауіпсіз, орнықты және әлеуметтік тұрғыдан бағдарланған ғылыми ортаны қалыптастыруға жағдай жасайды.

Жалпы алғанда, жаңа Конституция Қазақстанды заң үстемдігіне негізделген, адамға бағдарланған және қоғам пікірін ескеретін мемлекет ретінде дамытуға бағытталған стратегиялық құжат болып табылады. Ол тек құқықтық нормалардың жиынтығы емес, елдің болашағына деген ортақ көзқарасты, жауапкершілікті және жаңаруға деген ұмтылысты білдіреді.

Қайнаубек Тоштай,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ химия және химиялық технология факультеті

Физикалық химия, катализ және мұнайхимия кафедрасының доценті, PhD

 

 

ЛАЙЫҚТЫ ӨМІР СҮРУ ДЕҢГЕЙІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕДІ 

 

Мемлекетімізде жаңа Ата Заң жобасы халық назарына ұсынылды. Бұл құжат еліміздің саяси және қоғамдық даму жолында жаңа кезеңге аяқ басқанын білдіретін тарихи маңызы бар бастама. Жаңа Конституция жобасы адам ресурсына басымдық беруді мемлекеттің басты құндылығы ретінде жариялап отыр.

Конституцияның жаңа жобасында адам капиталы, білім, ғылым және инновациялар  мемлекеттің стратегиялық дамуының басым бағыты ретінде көрсетілген. Бұл басымдықтар елдің алдағы дамуы үшін маңызды факторлар. Бұл шешім бүгінгі жаһандық өзгерістер жағдайында кездейсоқ жасалған жоқ, себебі қазіргі заманда негізгі байлық материалдық ресурстар емес, адамның  қабілеті мен білімі екені айдан анық. Жаңа Конституцияда білім әлемдік өзгерістердің қозғаушы күші ретінде танылып отыр, яғни адам капиталының дамуын қолдайтын саясатты конституциялық деңгейге шығару елімізді дамыған елдер қатарына қосуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ғылым мен инновацияларды дамыту технологиялық прогресті жылдамдату, жаңа нарықтар құру және халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді. Мемлекет адамға инвестиция салуға, білім беру жүйесін нығайтуға және шығармашылыққа жағдай жасауға әркез ниетті. Бұл бағыттар Конституцияның басқа баптарында (мысалы, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау) нақты қолдау табады, бұл халықаралық құқықтық тәжірибені енгізумен де маңызды.

ҚР Конституциясының жаңа жобасы әлеуметтік мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі ретінде елімізде білім беру саласын дамытудың берік құқықтық негізін қалыптастырады. Ата Заңымыз еліміздегі барлық азаматтардың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі ретінде айқындайды. Осы орайда бірқатар әлеуметтік аспектілерді нақтылау өзекті болып көрінеді. Атап айтқанда, білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету барысында ауыл мен қала арасындағы айырмашылықтарды, әлеуметтік осал топтар (мүгедектігі бар жастар, әсіресе көпбалалы және  тұрмысы төмен отбасылардағы мүгедектігі бар балалар) үшін инклюзивті білім беру қағидаттарын, өмір бойы білім алу (lifelong learning) идеясын дамыту мәселелерін конституциялық нормаларды нақтылайтын салалық заңнама арқылы күшейту маңызды. Аталған жайттар еліміздегі әлеуметтік саясаттың адамға бағытталған сипатын күшейтіп, әлеуметтік әділеттілік пен тең мүмкіндіктер қағидаттарын конституциялық деңгейде берік етері сөзсіз.

Дүйсенкүл АРЫН,

Философия және саясаттану факультеті әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының аға оқытушысы

 

АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ ҚҰРУҒА ҰМТЫЛЫС 

 

Биылғы жыл жаңа бастама, жаңа саяси қадам сынды өзгерістермен басталды. Елімізде жаңа Конституция жобасы талқылануда. Жаңашылдық қоғамдағы демократиялық институттардың жұмысын күшейтіп, адам құқығын қорғауды, азаматтық қоғамды дамытуды жаңа деңгейге көтереді деген үмітіміз бар.

Қазақстан Республикасы үшін маңызды мәселе – қоғамның ресми институттарына, ең алдымен мемлекетке деген қоғамдық сенімнің қалыптасуы дер едім. Мемлекеттік аппарат өзінің әлеуметтік функциясын орындай отырып, азаматтық қоғаммен тығыз ынтымақтастықта болу керек. Қазақстанда мемлекет, ең алдымен, саяси институт ретінде көрінетін саяси функцияларын жүзеге асырады. Азаматтық қоғамды құру мемлекеттің әлеуметтік функцияларды жүзеге асыруын талап етеді. Мемлекетті азаматтық қоғамға жақындататын нәрсе – декларация немесе бос сөз емес, оның әлеуметтік функциясын жүзеге асыруы деп санаймыз. Бұл мемлекеттің, шын мәнінде, адам құқығы мен бостандығын, соның ішінде әлеуметтік құқықтарды қорғай отырып, құқықтық және әлеуметтік мемлекетке айналатынын білдіреді.

Қоғамның экономикалық және әлеуметтік институттарының жауапкершілігінің артуы маңызды рөл атқарады, себебі халықтың әлеуметтік-экономикалық өмір сүру жағдайларының жақсаруы олардың қызметіне де байланысты. Азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекекеттің қалыптасуы  қоғамның негізгі институттарының және жалпы азаматтардың санасы мен мінез-құлқындағы күрделі өзгерістердің мақсатты процесі екені айқын.

Қазіргі заманғы қоғамның маңызды идеологиялық мәселелерінің бірі – халық арасында мораль критерийлеріне сәйкес келетін әлеуметтік мінез-құлықты қалыптастыру қажеттілігі. Моральдық нормалар құқықтық нормалармен қатар әлеуметтік рецепттердің бір түрі болып саналады. Қазақстанда азаматтардың әлеуметтік мінез-құлқын реттейтін моральдық нормалардың рөлі институционалдық өлшемдерде әлсіз көрінеді. Азаматтық қоғамды құру халықтың азаматтық санасын және оның өзіндік жауапкершілігін арттырумен тікелей байланысты. Қоғамдық сананы жаңғырту – халықты өзін-өзі басқаруға апаратын жол.

Толғанай ТӘУЕКЕЛОВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың  әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының аға оқытушысы, PhD

 

 

ҚҰҚЫҚ ПЕН ЖАУАПКЕРШІЛІКТІҢ ЖАҢА ТЕҢГЕРІМІ

 

ҚР жаңа Конституциясының жобасы ел дамуының қазіргі кезеңіндегі маңызды қоғамдық сұраныстарды ескере отырып дайындалды. Ата Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар адам құқығын қорғауды күшейтуге, заң мен тәртіп қағидаттарын нығайтуға және әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға бағытталған.

Білім алу құқығы негізгі құндылықтардың бірі. Конституцияның 33-бабында білім беру саласындағы мемлекеттің міндеттері мен азаматтардың құқықтары нақты әрі жүйелі түрде айқындалған. Мемлекеттің білім беру сапасына қойылатын талаптары 33-баптың 4-тармағында нақты көрсетілген. Атап айтқанда, мемлекет жалпыға міндетті білім беру стандарттарын белгілейді және барлық оқу орындары қызметінің соған сай болуы. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасындағы білім беру және тәрбие беру жүйесінің зайырлы сипаты бекітілген.

Қоршаған ортаны қорғау азаматтық міндет. Конституциясының 34-бабы қоршаған ортаны қорғау саласындағы азаматтар мен мемлекеттің жауапкершілігін айқындайды. Аталған бапта табиғатты сақтау мен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету негізгі қағидат ретінде бекітілген. Конституцияның 34-бабы табиғатты қорғау мен экологиялық қауіпсіздікті сақтау қоғамның тұрақты дамуы үшін маңызды құқықтық негіз болып табылады.

Конституция жобасының ХІ бөлімінде қамтылған әділеттілік, заң үстемдігі, қоғамдық тәртіпті сақтау, сондай-ақ табиғатқа ұқыпты қарау сияқты негізгі қағидаттар Конституция деңгейінде бекітілді. Бұл өзгерістер мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді күшейтіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын жан-жақты қорғауға негіз қалайды. Сонымен қатар, жаңа редакциядағы Конституцияда отбасы құндылықтарына ерекше назар аударылған. Қазіргі таңда қоғамда ата-аналар мен балалар арасындағы өзара жауапкершілік мәселелері жиі көтерілуде. Осыған байланысты Конституцияның 30-бабында ата-ана мен бала арасындағы құқықтар мен міндеттер нақты көрсетілген. Атап айтқанда, 30-баптың 3-тармағында «Балаға қамқорлық жасау және тәрбие беру ата-ананың етене құқығы әрі міндеті» екені белгіленген. Бұл норма әрбір ата-ананың баланың өмірі мен болашағы алдындағы жауапкершілігін айқындайды.

Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгерістер азаматтардың құқықтарын қорғаумен қатар, олардың жауапкершілігін де арттыруды көздейді. Бұл жаңашылдықтар қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға, отбасы құндылықтарын нығайтуға және құқықтық мәдениетті дамытуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Лейла МЕКЕБАЕВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қазақ әдебиеті және

әдебиет теориясы кафедрасының ассистент-профессоры, ф.ғ.к. 

 

 

АШЫҚ ҚОҒАМ ЖӘНЕ АДАМИ КАПИТАЛ ТІРЕГІ

 

Биылғы саяси реформа аясында Ата заңға өзгерістер енгізіліп, қоғамда қызу талқы ұласып жатыр. ҚР Конституциясының 1-бөлім 3 бабының 1-тармағындағы: «Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттары: Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау; адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау; заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету; жалпыұлттық бірлікті бекемдеу; халықтың әл-ауқатын арттыру; жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын орнықтыру; қоғамдық диалогты дамыту; еңбексүйгіштік, прогресс, білім құндылықтарын бекіту; жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру; тарихи-мәдени мұраны сақтау; төл мәдениетті қолдау» деп көрсетілгенін бәріміз жақсы білеміз. Демек, ел тәуелсіздігін қорғау әрбір азаматтың парызы. Мемлекет тірегі  адам болғандықтан олардың құқығы мен бостандығын сақтау, халықтың жағдайын жақсарту, мемлекетімізде заң мен тәртіп үстемдігіне қол жеткізу мемлекетіміздің міндеті деген пікірдемін. 1-бөлім 3 баптың 2-тармағындағы: «Қазақстан Республикасы адам капиталын, білім, ғылым, инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты» деп тануының өзі келешегіміздің кепілі. Қазіргі жаһандану жағдайындағы білім мен ғылымды, инновацияны дамыту мемлекет саясатының құқықтық негізі десек артық айтқандық емес. Білім алуға тең қолжетімділік, ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, тұлғаның шығармашылық әлеуетін қолдау, білім беру жүйесінің халықаралық стандарттарға сәйкестігін арттыру, цифрлық және академиялық дағдыларды дамыту, өмір бойы білім алу қағидаттарын енгізу бағытындағы өзгерістер қазіргі заман талаптарына жауап береді.
Жаңа Конституция жобасы әділетті, ашық және азаматтардың мүддесін жоғары қоятын, мемлекетке мол сенімін арттыратын жоба болатынына сенімдімін.


Шолпан КУДЬЯРОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Түркітану және тіл теориясы кафедрасы доценті м.а., PhD доктор

 

 

 

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМА: МАҢЫЗДЫ КЕЗЕҢ БАСТАМАСЫ

 

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы – ел тарихындағы аса маңызды әрі жауапты кезеңнің бастамасы. Бұл құжат мемлекеттің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайтуды, саяси жүйені жаңғыртуды және қоғам дамуының жаңа моделін қалыптастыруды көздейді.

Жаңа Конституция жобасының негізгі басымдықтарының бірі – азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауды күшейту, заңның үстемдігін қамтамасыз ету және әділетті қоғам құру. Сонымен қатар билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік пен жауапкершілікті арттыру, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту және азаматтық қоғам институттарының рөлін күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылған.

Ата Заңның жаңа мәтінінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация елдің стратегиялық дамуының басты негіздері ретінде қарастырылады. Цифрландыру үдерістерін жеделдету, ғылыми зерттеулерді қолдау, инновациялық экожүйе қалыптастыру және адами капиталдың сапасын арттыру – Қазақстанның бәсекеге қабілетті болашағын қамтамасыз ететін маңызды факторлар ретінде айқындалған.

Бұл бағыттар жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелердің жауапкершілігін арттырып, олардың ел дамуындағы рөлін күшейтеді. Жаңа Конституция жобасының жарияланып, көпшілік талқысына ұсынылуы – студенттер мен жастардың мемлекет өміріне белсенді араласуына мүмкіндік беретін, білім мен ғылымға негізделген жаңа Қазақстанды қалыптастыру жолындағы маңызды тарихи қадам.

 

Әсем ӘМРЕНОВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ассистент-профессоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты.

 

 

 

 

ЕЛДЕГІ САЯСИ РЕФОРМА – КЕЛЕШЕККЕ КЕПІЛ

 

ҚР Конституциясының жобасы қоғамда кеңінен талқыланып жатқан маңызды және дер кезіндегі қадам. Елдегі саяси реформа құқықтық мемлекеттің қалыптасу процесінде халықтың игілігіне арналып, тұрақтылық пен халықаралық жауапкершілікті қамтамасыз ету жолында атқарылған қадам деген пікірдемін.

Жоба құқық үстемдігін нығайтудың жүйелі екенін көрсетеді. Себебі құқықтық алаңнан тыс әрекет институттардың жұмыс істеу мүмкіндігін жояды. Бұл біртұтас құқықтық кеңістік қалыптастыруға және заң алдында барлық субъектілердің теңдігін қамтамасыз етуге ықпал етеді, ал бұл қазіргі заманғы демократиялық мемлекеттің жұмыс істеуінің негізін құрайды.

Осы жобада мүлік туралы ереженің нақтылануы ерекше маңызға ие, өйткені ол тек қорғалып қана қоймай, сонымен қатар қоғамдық игілікке бағытталған міндеттемелерді де жүктейді. Мұндай тәсіл жеке және қоғамдық мүдделердің теңгерімін көрсетіп, әлеуметтік жауапкершілікті күшейтеді және әлемдегі ең жақсы конституциялық тәжірибелерге сәйкес келеді.

Мемлекеттік тіл – қазақ тілін нақты және түсінікті түрде бекіту заңды айқындаманың нығаюына және ұлттық бірегейлікті, қоғамның бірлігін нығайтуға ықпал етеді. Бұл ретте көптілділік пен мәдени әртүрлілікке құрмет көрсету принципі сақталады.

 

Гүлмира ЖАР-МҰХАМЕДОВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың дене физикасы және жаңа материалдар технология кафедрасы физика-математика ғылымдарының докторы, профессор

 

 

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ: ҚОҒАММЕН БІРГЕ ҚАЛЫПТАСАТЫН БОЛАШАҚ

 

Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасының қоғамда ашық әрі кеңінен талқылануы – мемлекет дамуының  жаңа кезеңіне өту жолындағы маңызды қадам. Еліміздің болашағына бей-жай қарамайтын халық қоғамдық талқылауларға белсенді араласуда.

Жобада ұсынылып отырған өзгерістер құқықтық мемлекетті нығайтуға, басқару моделін орнықтыруға бағытталған. Жаңа редакцияда адам құқығы мен бостандығы бүкіл құқықтық жүйенің іргетасына айналып, билік жүйесіне арналған тежемелік әрі тепе-теңдік қағидаттары күшейтілмекші.

Сонымен қатар Конституцияда ел дамуының жаңа парадигмасы айқындалып отыр: бұдан былай табиғи ресурстарға иек артпай, білім мен интеллектіге  негізделген болашаққа қадам жасаймыз. Білім, ғылым, мәдениет және инновация, соның ішінде жасанды интеллект дәуіріндегі даму, Қазақстанның стратегиялық басымдықтары ретінде бекітіледі. Бұл адам капиталын басты құндылық деп танитын заманауи мемлекетке тән көзқарас.

Жалпы алғанда,  жоба жекелеген түзетулер жиынтығы емес, мемлекеттің құқықтық және институционалдық негіздерін жаңғыртуға бағытталған кешенді қадам. Ол Қазақстанның теңгерімді, ашық және адамға бағдарланған құқықтық мемлекет ретінде дамуына берік негіз қалайды.

 

Құндыз ТӨРЕХАНОВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың плазма физикасы, нанотехнология және компьютерлік физика кафедрасы, физика-математика ғылымдарының қандидаты, қауымдастырылған профессор

 

 

 

 

КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫНДАҒЫ ТАРИХ ПЕН БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ ОРНЫ: САБАҚТАСТЫҚ ЖӘНЕ  СТРАТЕГИЯЛЫҚ ДАМУ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

 

ҚР Конституциясы жобасы мемлекеттің құқықтық жүйесін жаңғыртумен қатар, оның құндылығы мен өркениеттік бағдарын айқындайтын маңызды саяси-құқықтық құжат. Аталған жоба мазмұнында тарих, тарихи-мәдени мұра, білім, ғылым және инновация мәселелеріне ерекше мән берілуі – Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуының іргелі бағыттарын айқындап тұрғанын көрсетеді.

Конституция жобасының преамбуласында «Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтау» туралы тікелей айтылуы – жобаның басты концептуалдық ерекшеліктерінің бірі. Бұл норма Қазақстан мемлекеттілігін тек қазіргі саяси құрылым ретінде емес, тарихи дамудың заңды жалғасы ретінде танытады. Бұрынғы, 1995 жылғы Конституцияда Қазақстан халқы «ортақ тарихи тағдырмен біріктірілген» деп жалпылама сипатталса, жаңа жоба тарихи-өркениеттік негізді нақты әрі символдық тұрғыда күшейтеді.

Сонымен қатар, жобаның 3-бабында мемлекет қызметінің негізгі қағидаттары қатарында тарихи-мәдени мұраны сақтау мен төл мәдениетті қолдау жеке көрсетілген. Бұл – тарих пен мәдениетті қорғау енді тек мәдени саясаттың саласы емес, мемлекеттің конституциялық міндеттерінің бірі ретінде танылатынын білдіреді. Мұндай тәсіл ұлттық бірегейлікті нығайтуға, тарихи жадты сақтауға және қоғамның ішкі тұтастығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Азаматтардың тарихи және мәдени мұраға қамқор болу міндеті де сақталып, Конституция жобасында қайта бекітілген. Бұл норма қоғам мен мемлекет арасындағы жауапкершіліктің өзара байланысын көрсетіп, тарихи ескерткіштер мен мәдени құндылықтарды қорғауды ортақ парыз ретінде айқындайды.

Конституция жобасының тағы бір маңызды жаңалығы – білім мен ғылым саласының конституциялық деңгейде стратегиялық мәнге ие болуы. Преамбулада «мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтарын бағдарға алу» мемлекеттің негізгі бағыттарының бірі ретінде көрсетілген. Бұл тұжырым білім мен ғылымды тек әлеуметтік сала ретінде емес, ұлттық дамудың басты қозғаушы күші ретінде қарастырады.

Жобаның 3-бабының 2-тармағында мемлекет адам капиталын, білімді, ғылым мен инновацияны дамытуды өзінің стратегиялық бағыты деп таниды. Бұрынғы Конституцияда мұндай нақты формулировка болмаған. Бұл айырмашылық мемлекеттің білім мен ғылымға деген көзқарасының институционалдық тұрғыда өзгергенін көрсетеді.

Білім алу құқығы да жаңа жобада нақтылана түскен. Егер 1995 жылғы Конституцияда тегін орта білім алу құқығы ғана көрсетілсе, жаңа жоба бастауыш және орта білімді бірдей ақысыз әрі міндетті деп нақтылайды. Бұл – білім беру саласындағы құқықтық айқындықты күшейтетін маңызды қадам. Сонымен қатар, жоғары білім алу конкурс негізінде жүзеге асырылатыны және білім беру стандарттарын мемлекет белгілейтіні бекітіледі.

Айрықша назар аударатын тағы бір норма – білім беру жүйесінің зайырлы сипатының арнайы көрсетілуі. Конституция жобасында діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, ел аумағындағы білім беру мекемелерінде білім мен тәрбие беру жүйесі зайырлы сипатта болатыны тікелей жазылған. Бұл норма зайырлы мемлекеттің қағидатын білім беру кеңістігінде нақты құқықтық ереже ретінде орнықтырады.

Жалпы алғанда, 2026 жылғы Конституция жобасында тарих пен білім мәселелері бұрынғы Конституциямен салыстырғанда әлдеқайда кең әрі мазмұнды түрде қамтылған. Тарихи сабақтастық пен мәдени мұраны сақтау мемлекеттің құндылықтық негізіне айналса, білім, ғылым және инновация стратегиялық даму бағыты ретінде бекітіледі. Бұл нормалар Қазақстанды тарихи тамыры терең, болашаққа бағдарланған, білім мен адам капиталын басты құндылық деп танитын заманауи мемлекет ретінде сипаттайды.

Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституция жобасы қоғамды біріктіруге, ұлттық сананы нығайтуға және елдің ұзақ мерзімді өркениеттік дамуына құқықтық негіз қалауға бағытталған маңызды құжат ретінде бағалануға лайық.

 

Нәзия ТАСИЛОВА, 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқытушысы



 

ӨЗГЕРІС ӨМІР ТАЛАБЫ

 

Ел талқысына ұсынылған жаңа Ата заң жобасы мемлекет дамуының басым бағытын айқын көрсетеді. Болып жатқан бұл өзгеріс –  ғарыштық жылдамдықпен дамып жатқан жаңа заман талабы. Ғылым мен техниканың сәт сайынғы қарыштап дамуы азаматтық қалыптасуға жаңа талаптар қойып отыр.Осыған орай құжатта ғылым, жоғары білім және инновациялар мемлекеттің стратегиялық тірегі әрі дамудың негізгі идеясы ретінде белгіленген. Бұл – Қазақстанның болашағын білімге, зияткерлік әлеуетке және технологиялық прогреске негіздеу ниетінің көрінісі.

Жобаға сәйкес, жоғары білімге ерекше мән беріледі. Азаматтардың мемлекеттік жоғары оқу орындарында конкурс негізінде жоғары білім алу құқығы конституциялық деңгейде кепілдендіріледі. Бұл норма білім мен қабілетті басты өлшем ретінде бекітіп, жастар үшін тең мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар мемлекет барлық жоғары оқу орындарына ортақ, міндетті білім беру стандарттарын белгілейді. Бұл жоғары білім сапасын арттырып, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға жол ашады.

Ғылым мен инновация ата заң жобасында экономикалық өсім мен ұлттық бәсекеге қабілеттіліктің басты факторы ретінде айқындалады. Ғылыми зерттеулер мен технологиялық жаңалықтар ел дамуының негізі деп танылып, мемлекеттің ресурстық емес даму моделіне көшуі заңдық тұрғыда бекітіледі. Бұл – білімге негізделген экономика құруға жасалған стратегиялық қадам.

Адами капиталды дамыту – осы өзгерістердің өзегі. Мемлекет үшін ең үлкен байлық – табиғи ресурстар емес, білімді, кәсіби және шығармашыл азаматтар екені атап өтіледі. Осыған байланысты мемлекет ғалымдар мен жас зерттеушілерге қолайлы жағдай жасауға, ғылыми қызметті қолдауға және инновацияларды нақты өндіріс пен экономикаға енгізуге міндет алады.

Жаңа Конституция жобасы ғылым мен жоғары білімді елдің ұзақ мерзімді дамуының басты тірегі ретінде бекітеді. Бұл Қазақстанның зияткерлік әлеуетін күшейтіп, жаһандық бәсекеде өз орнын нығайтуға бағытталған маңызды .

 

Жамалхан Ахметова,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті

Жоғары оқу орнына дейінгі дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушысы

 

 

 

БОЛАШАҚҚА БАҒЫТТАЛҒАН БАСТАМА

 

Ата Заңымыздың жаңа мәтінінің бірден-бір ерекшелігі, оның басты идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновацияның танылуы. Білім мен ғылымның дамуы – бұл жарқын болашақ кепілі. Сондықтан да мемлекет болашағын минералды ресурстар мен табиғи байлықтармен емес, адами капиталмен және азаматтардың жетістіктерімен анықталатыны - көңіл қуантарлық жайт.

Жобаның 33-бабы ҚР азаматарынның білім алуына арналған. Бастауыш пен орта білім міндетті деп танылған. Сондай-ақ жалпыға міндетті білімін стандартын мемлекет белгілеуге тиісті, барлық оқу орнының қызметі сол стандаттарға сәйкес келуге тиіс екені көрсетілген. Қазақстанның жаңа Конституция жобасында зайырлы білім мәселесі алғаш рет конституциялық деңгейде көтерілген.

Нақтырақ айтқанда, жобаның 33-бабының 5-тармағында: «Діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы білім беру ұйымдарында білім мен тәрбие беру жүйесі зайырлы сипатқа ие» деп көрсетілген. Аталған норма діни оқу орындарынан басқа барлық мемлекеттік және жеке білім беру мекемелерінде (мектептер, университеттер, колледждер) білім берудің зайырлы болуын міндеттейді, яғни оқу процесі діни насихаттан бос болуы тиіс екені айтылған.

Жаңа Ата Заңының жобасында мемлекетің басты құндылығы –адами капитал, білім мен ғылым және инновация Ата заңымыздың өзегі ретінде көрсетілуі - еліміздің сенімді болашағы және айқын басымдылығы екенінің дәлелі болып табылады. Жаңа тарихи кезеңде цифрлық дәуірге тек бейімделіп қана қоймай, Жасанды интеллект және ғылым-білім саласындағы озық технологиялар қоғамға қызмет етуі тиіс.     Алда бүкілхалықтық референдум. Жаңа Заң жобамыздың мемлекетіміздің басты құндылығы – адамға, әділеттілікке және болашаққа бағдарланған келбетін айқындау – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз әрі міндетіміз.

 

Жібек Ибраимова,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

ЖОО-ға дейінгі білім беру факультеті

ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушысы

 

 

 

ЗАЙЫРЛЫ БІЛІМ БЕРУ ҚАҒИДАТЫНА АЙРЫҚША МӘН БЕРІЛГЕН

 

Қазіргі таңда ұсынылып отырған Конституцияның жаңа жобасы еліміздің даму бағытын айқындайтын маңызды құжат болып табылады. Бұл құжаттың басты идеяларының бірі – білім мен ғылымды, мәдениет пен инновацияны мемлекеттің стратегиялық басымдықтары ретінде тану. Мұндай ұстаным Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуының дұрыс жолын көрсетеді. Себебі кез келген елдің шынайы байлығы – оның табиғи ресурстары ғана емес, ең алдымен білімі терең, ойы озық, бәсекеге қабілетті азаматтары.

Білім мен ғылымның дамуы – жарқын болашақтың кепілі екені баршаға мәлім. Сондықтан мемлекет болашағын минералды ресурстар мен табиғи байлықтар арқылы емес, адами капиталдың сапасы, азаматтардың зияткерлік әлеуеті мен жетістіктері арқылы айқындау – уақыт талабына сай, өркениетті таңдау. Бұл тұрғыда жаңа Конституция жобасы қоғам дамуының заманауи талаптарына толық жауап береді.

Жобаның 33-бабы Қазақстан Республикасы азаматтарының білім алу құқығына арналуы да кездейсоқ емес. Аталған бапта бастауыш және орта білімнің міндетті екені нақты көрсетілген. Бұл – әрбір азаматтың сапалы білім алуына мемлекет тарапынан берілетін кепіл. Сонымен қатар, жалпыға міндетті білім беру стандарттарын мемлекет белгілейтіні, ал еліміздегі барлық білім беру ұйымдарының қызметі сол стандарттарға сәйкес жүзеге асырылуы тиіс екені атап өтілген. Бұл өз кезегінде білім сапасын арттыруға, білім беру жүйесінде бірыңғай талаптардың сақталуына мүмкіндік береді.

Ерекше назар аударатын тағы бір маңызды тұс – зайырлы білім беру қағидатының конституциялық деңгейде бекітілуі. Қазақстанның жаңа Конституция жобасында бұл мәселе алғаш рет нақты әрі айқын түрде көрсетіліп отыр. Атап айтқанда, 33-баптың 5-тармағында: «Діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы білім беру ұйымдарында білім мен тәрбие беру жүйесі зайырлы сипатқа ие» деп белгіленген. Бұл норма діни оқу орындарынан өзге барлық мемлекеттік және жекеменшік білім беру мекемелерінде білім беру процесі зайырлы негізде жүзеге асырылуы тиіс екенін білдіреді. Яғни мектептерде, колледждер мен университеттерде оқу-тәрбие үдерісі діни насихаттан тыс, ғылыми және зайырлы қағидаттарға сүйенуі қажет.

Зайырлы білім беру – көпұлтты әрі көпконфессиялы мемлекет үшін аса маңызды құндылық. Ол қоғамда өзара түсіністік пен толеранттылықты нығайтып, жас ұрпақтың сыни ойлау қабілетін дамытуға, ғылым мен білімге негізделген дүниетаным қалыптастыруға ықпал етеді. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституция жобасындағы бұл норма еліміздің тұрақтылығы мен бірлігін сақтауға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

 

 

Жалпы алғанда, ұсынылып отырған Конституция жобасында мемлекеттің басты құндылығы ретінде адам, адами капитал, білім мен ғылым, инновациялық даму айқын көрсетілген. Бұл – Қазақстанның сенімді болашағы мен айқын басымдықтарының дәлелі. Жаңа тарихи кезеңде еліміз тек цифрлық дәуірге бейімделіп қана қоймай, жасанды интеллект, ғылым-білім саласындағы озық технологияларды қоғам игілігіне тиімді пайдалануы тиіс. Мұндай мақсаттарға қол жеткізу үшін білім беру жүйесінің рөлі айрықша екені сөзсіз.

Алда өтетін бүкілхалықтық референдум – еліміздің болашағын айқындайтын маңызды тарихи кезең. Ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасының адамға, әділеттілікке және болашаққа бағдарланған мемлекет қалыптастырудағы маңызы зор. Бұл жолда әрбір азаматтың белсенді ұстанымы мен жауапкершілігі шешуші рөл атқарады. Ел тағдырына бейжай қарамай, саналы таңдау жасау – баршамыздың ортақ міндетіміз.

 

Мадина Әуелханқызы,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

ЖОО-ға дейінгі білім беру факультеті

ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының оқытушысы

 

 

 

 

БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМНЫҢ МАҢЫЗЫ АЙҚЫНДАЛҒАН

 

Ата Заңымыздың жаңа мәтініндегі ең басты ерекшелік – оның өзегінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновацияның негізгі құндылық ретінде айқындалуы. Білім мен ғылымның дамуы – мемлекеттің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан да ел болашағы минералды ресурстар мен табиғи байлықтармен емес, ең алдымен адами капиталмен, азаматтардың білімі мен жетістіктерімен бағаланатыны қуантады.

Жоба мәтініндегі 33-бап Қазақстан Республикасы азаматтарының білім алу құқығына арналған. Онда бастауыш және орта білімнің міндетті екені нақты көрсетілген. Сонымен қатар, жалпыға міндетті білім беру стандартын мемлекет белгілейтіні және барлық білім беру ұйымдарының қызметі сол стандарттарға сай болуы тиіс екені айқындалған.

Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасында зайырлы білім беру мәселесінің алғаш рет конституциялық деңгейде көрініс табуы да маңызды жаңалықтардың бірі. Атап айтқанда, 33-баптың 5-тармағында: «Діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы білім беру ұйымдарында білім мен тәрбие беру жүйесі зайырлы сипатқа ие» деп көрсетілген. Бұл норма діни оқу орындарынан бөлек, барлық мемлекеттік және жеке білім беру мекемелерінде (мектептер, колледждер, жоғары оқу орындары) білім беру үдерісінің зайырлы негізде жүргізілуін міндеттейді. Яғни, оқу процесі діни насихаттан ада, ғылыми және бейтарап сипатта болуы тиіс екені нақтыланған.

Қорыта айтқанда, жаңа Конституция жобасында мемлекеттің басты құндылығы ретінде адами капиталдың, білім мен ғылымның, инновацияның айрықша атап көрсетілуі – еліміздің сенімді болашағының айқын дәлелі. Жаңа тарихи кезеңде біз тек цифрлық дәуірге бейімделіп қана қоймай, жасанды интеллект пен озық ғылыми технологияларды қоғам игілігіне бағыттай білуіміз қажет.

Алда – бүкілхалықтық референдум. Жаңа Заң жобасының адамға, әділеттілікке және болашаққа бағдарланған мазмұнын қолдау – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз.

 

Талғат Тұрдәліұлы,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті

ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының оқытушысы

 

 

 

 

ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫ, БІЛІМДІ ҚОҒАМ КЕПІЛІ

 

Елімізде Қазақстан Республикасының Ата заңының жаңа жобасы жарияланып, бүкіл халықтың талқысына ұсынылды. Бұл құжат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдыңғы Жолдауында көтерілген елдің саяси жүйесін кешенді жаңғырту, сондай-ақ жасанды интеллект дәуірінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беру жөніндегі бастамаларының нақты көрінісі болып табылады. Жаңа Конституция – тәуелсіз мемлекетіміздің құқықтық іргетасын нығайтып қана қоймай, қоғам дамуының жаңа кезеңіне жол ашатын тарихи маңызы зор құжат.

Жаңа Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық ретінде айқындалған. Адамның өмірі, ар-намысы, еркіндігі мен қауіпсіздігін қорғау – құқықтық мемлекеттің басты белгісі. Заңның үстемдігі қамтамасыз етіліп, билік пен халық арасындағы өзара жауапкершілік күшейе түседі. Бұл өз кезегінде қоғамда әділдік, ашықтық пен тұрақтылықтың орнығуына негіз болады.

Ата заңның жаңа жобасында білім саласына ерекше басымдық берілген. Өйткені білімді ұлт қалыптастыру – мемлекет дамуының басты кепілі. Атап айтқанда, мемлекеттік оқу орындарында ақысыз бастауыш және орта білім алуға кепілдік беріледі және бұл білім алу міндетті болып саналады. Сонымен қатар, азаматтардың мемлекеттік жоғары оқу орындарында конкурс негізінде жоғары білім алуына құқығы бар екені көрсетілген. Жекеменшік оқу орындарында ақылы білім алу заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылатыны да нақты бекітілген. Сондай-ақ мемлекет білім берудің жалпыға міндетті стандарттарын белгілеп, барлық оқу орындарының осы талаптарға сай жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

Бұл нормалар елімізде білім беру жүйесінің сапалы дамуына жол ашып отыр. Қазіргі таңда жастардың білім игеруге деген ынтасы артып, жаңа бағыттарға қызығушылығы күннен-күнге күшеюде. Әсіресе жасанды интеллект, цифрлық экономика, тіл үйрену, экология, елтану, ұлттық құндылықтарды тану мен оны терең меңгеруге деген сұраныс қоғам дамуының жаңа үрдістерін айқындайды. Бұл – Жаңа Конституцияда көзделген стратегиялық мақсаттардың өмірмен үндес екенін көрсетеді.

Жаңа жобаның басты мақсаты – білім мен ғылымға кең жол ашу, инновация мен цифрландыруды жан-жақты дамыту, мәдени құндылықтарды сақтай отырып, әрбір азаматтың сапалы өмір сүруіне жағдай жасау. Білім саласының дамуы – тек бір саланың жетістігі емес, бүкіл қоғамның өркендеуіне қызмет ететін ортақ игілік.

Жаңа Конституция – құқықтық мемлекеттің ғана емес, білімді әрі саналы қоғам қалыптастырудың берік негізі. Ұрпақтың жарқын болашағы – терең білім мен сапалы тәрбиеде. Сондықтан Ата заңды құрметтеу, оны сақтау және оның талаптарын орындау – әрбір азаматтың қасиетті міндеті.

 

Толқынай Буланова,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасы

Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті

 

 

 

 

ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ НЫҒАЙТУ

 

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында сөйлеген сөзінде ел дамуының жаңа кезеңіне сай Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізудің маңызын атап өтті. Осыған байланысты Астана қаласында Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар әзірлеу жөніндегі арнайы комиссия құрылып, жаңартылған жоба көпшілік талқысына ұсынылды.

Қазіргі кезеңде Конституцияның шамамен 84 пайызына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Нәтижесінде 11 бөлім мен 104 бап толықтай қайта қаралып, оған қоса екі жаңа бап енгізілді. Аталған баптар «Халықпен кеңесу» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі» деп аталады. Жалпы алғанда, 104 баптың 77-сі жаңартылып, мазмұны толықтырылды. Сонымен бірге бір палаталы Парламенттің жаңа форматы ұсынылып, азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысу мүмкіндіктері кеңейтілетіні ашық айтылды.

Ата заңға енгізілген өзгерістерде сөз бостандығына, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігіне кепілдік берілетіні нақты көрсетілді. Сонымен қатар Конституцияның 32-бабында Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға және заңда белгіленген тәртіппен тегін медициналық көмек алуға құқығы бар екені бекітілді. Осы баптың 3-тармағында әрбір азаматтың мемлекеттік және мемлекеттік емес медициналық ұйымдарда өз таңдауы бойынша ақылы медициналық қызмет алу құқығы заң жүзінде айқындалды.

Конституцияда әр азаматтың Қазақстан Республикасын қорғауы – оның қасиетті парызы әрі азаматтық борышы екені де нақты жазылған. Сондай-ақ азаматтардың қоршаған ортаны, табиғатты, су мен табиғи байлықтарды қорғауға және оларға ұқыпты қарауға міндетті екені атап көрсетілді. Қоршаған ортаны өмір сүруге қолайлы ету, адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларды жасыруға жол бермеу мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігі ретінде белгіленді. Сонымен бірге жаңартылған Ата заңда Қазақстан Республикасы азаматтарының бейбіт жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар өткізуге және оларға қатысуға құқығы бар екені тағы да нақтыланып, азаматтық еркіндіктерді кеңейтуге басымдық берілді.

Жалпы алғанда, Конституцияға енгізілген бұл өзгерістер демократиялық құндылықтарды нығайтуға, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға және азаматтардың ел басқару ісіне белсенді қатысуына берік құқықтық негіз қалыптастырады.

 

Серікқали Әбдікәрімов,

Әл -Фараби атындағы ҚазҰУ,

медицина және денсаулық сақтау факультеті,

стоматология кафедрасының меңгерушісінің м.а.,

медицина ғылымының кандидаты

 

 

 

 

 

ЖАҢА БАҒЫТ, ЖАҢА БАСТАМА

 

Қазақстан Республикасының Конституциясының жаңа редакциясы құқықтық және демократиялық мемлекетті дамыту жолындағы маңызды қадам болып табылады. Бұл құжат Қазақстандағы білім беру сапасын арттыру мен ғылыми әлеуетті нығайтуға берік негіз қалайды.

Жоғары оқу орындарының оқытушылар қауымы үшін Парламенттің рөлін күшейтуге және атқарушы билік органдарының есептілігін арттыруға бағытталған өзгерістер айрықша маңызға ие. Аталған шаралар мемлекеттік басқарудың ашық әрі жауапты жүйесін қалыптастыруға ықпал етеді.

Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін Конституциялық Соттың өкілеттіктерін кеңейту арқылы нығайту – елеулі жетістік. Адам құқықтарының басымдығын бекіту қағидаты академиялық қауымдастықтың негізгі құндылықтарымен толық үндеседі.

Конституцияның жаңартылған нұсқасында азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндіктерінің кеңеюі маңызды орын алады. Бұл, әсіресе, жастар арасында азаматтық жауапкершілік пен белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға жол ашады.

Жоғары білім беру саласы үшін білім мен ғылымға қатысты құқықтық кепілдіктердің дамуы ерекше мәнге ие. Конституциялық өзгерістер академиялық еркіндікті және университеттердің институционалдық автономиясын нығайтуға қолайлы жағдай жасайды.

Мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігінің артуы оқытушылар мен білім алушыларды қолдаудан көрініс табады. Сондай-ақ ұлттық ресурстарды әділ бөлуге қатысты нормалар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының орнықты негіздерін қалыптастыруға ықпал етеді.

Жаңартылған Конституция білім беруді мемлекеттің стратегиялық ресурсы ретінде айқындайды. Бұл өзгерістерді біз адами капиталға салынған маңызды инвестиция деп бағалаймыз.

Жалпы алғанда, Конституцияның жаңа редакциясы қазіргі заманның сын-қатерлеріне және қоғамның үміт-тілектеріне толық жауап береді. Оқытушылар қауымы заңдылық пен әділеттілікті нығайтуға бағытталған бұл жаңа бағыт, жаңа бастаманы қолдайды.

Конституциялық нормалардың іс жүзінде жүзеге асырылуы Қазақстандағы білім беру сапасын арттыру мен ғылыми әлеуетті дамытуға берік негіз болатынына сенім мол.

 

Сәуле Маусымбекова,

Әл-Фараби атындағы қазҰУ,

Механика-математика факультеті,  математикалық және

компьютерлік пішіндеу кафедрасының қауымдастырылған профессоры