- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯСЫНЫҢ ЖОБАСЫНА ҚАТЫСТЫ ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ-ДЫҢ ОҚЫТУШЫ-ПРОФЕССОРЛАР ҚҰРАМЫНЫҢ ПІКІРІ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯСЫНЫҢ ЖОБАСЫНА ҚАТЫСТЫ ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ-ДЫҢ ОҚЫТУШЫ-ПРОФЕССОРЛАР ҚҰРАМЫНЫҢ ПІКІРІ
ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯДАҒЫ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТ ИНСТИТУТЫ

Конституциялық құрылысты жаңғырту жағдайында мемлекеттік билікті ұйымдастырудың құқықтық тетіктерін жетілдіру мәселесі айрықша маңызға ие. Осы тұрғыда жаңа Конституцияда вице-президент институтын енгізу бастамасы конституциялық құқық теориясы мен практикасы шеңберінде кешенді құқықтық талдауды талап етеді. Аталған институттың тиімділігі оны саяси мақсатта енгізумен емес, оның құқықтық табиғатын, орны мен функцияларын нақты айқындаумен тікелей байланысты.
Ең алдымен, вице-президент институты конституциялық-құқықтық категория ретінде мемлекеттік биліктің сабақтастығын қамтамасыз етуге бағытталған ерекше тетік болып табылады. Конституциялық құқық теориясында мұндай институттар биліктің үздіксіздігі қағидатын іске асыру құралы ретінде қарастырылады. Мемлекет басшысының өкілеттіктерін жүзеге асыру мүмкін болмаған жағдайларда билікте вакуум туындамауы – конституциялық тұрақтылықтың негізгі шарты. Осы мағынада вице-президент институты төтенше немесе ерекше құқықтық режимдерде мемлекеттік басқарудың құқықтық үздіксіздігін қамтамасыз етуге қызмет етеді.
Сонымен қатар, жаңа Конституцияда вице-президенттің құқықтық мәртебесі нақты әрі жүйелі түрде бекітілуі қажет. Конституциялық нормаларда оның мемлекеттік билік жүйесіндегі орны, тағайындалу немесе сайлану тәртібі, өкілеттік мерзімі, сондай-ақ өкілеттіктерінің шегі айқын көрсетілуі тиіс. Егер бұл институттың құқықтық мәртебесі жеткілікті деңгейде регламенттелмесе, ол құқық қолдану тәжірибесінде әртүрлі түсіндіруге жол ашып, конституциялық нормалардың біркелкі қолданылуына кедергі келтіруі мүмкін.
Вице-президент институтын енгізу барысында билік тармақтарының бөліну қағидаты ерекше назарда болуы тиіс. Конституциялық құқықтың іргелі қағидаттарының бірі болып табылатын бұл принципке сәйкес, әрбір мемлекеттік орган мен лауазымды тұлғаның өкілеттіктері нақты шектелуі қажет. Вице-президенттің функциялары Президенттің конституциялық өкілеттіктерін толық немесе ішінара қайталамауы тиіс, сондай-ақ атқарушы биліктің өзге органдарының, атап айтқанда Үкіметтің құзыретіне араласпауы қажет. Әйтпесе, конституциялық деңгейде өкілеттіктердің қайталануы институционалдық тепе-теңдіктің бұзылуына алып келуі ықтимал.
Құқықтық тұрғыдан алғанда, вице-президенттің негізгі функциялары уақытша сипаттағы өкілеттіктермен шектелуі орынды. Яғни, ол Президенттің өкілеттігін белгілі бір жағдайларда ғана жүзеге асыратын конституциялық субъект ретінде қарастырылуы мүмкін. Бұл тәсіл аталған институттың дербес саяси орталыққа айналу қаупін төмендетіп, оның қосалқы әрі кепілдік сипаттағы рөлін сақтауға мүмкіндік береді. Осыған байланысты Конституцияда вице-президенттің өкілеттігін іске асырудың нақты құқықтық негіздері мен шарттары көрсетілуі қажет.
Қаржы, кеден және экологиялық құқық салалары тұрғысынан алғанда, вице-президент институтының конституциялық реттелуі жанама, бірақ маңызды құқықтық әсерге ие. Бұл салаларда мемлекеттік саясаттың ұзақ мерзімділігі мен құқықтық тұрақтылығы басты талаптардың бірі болып табылады. Мемлекеттік биліктің жоғары деңгейіндегі тұрақсыздық немесе өкілеттік дағдарысы қаржы-бюджеттік міндеттемелердің орындалуына, кедендік реттеудің болжамдылығына және экологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылаудың тиімділігіне теріс ықпал етуі мүмкін. Сондықтан вице-президент институты басқарудағы құқықтық сабақтастықты қамтамасыз ететін кепілдік механизм ретінде қарастырылуы мүмкін.
Сонымен бірге, Конституцияда вице-президенттің қаржы, кеден немесе экологиялық саладағы нақты басқарушылық функцияларын бекіту құқықтық тұрғыдан негізсіз болар еді. Бұл салалардағы реттеу салалық заңнама мен атқарушы билік органдарының құзыретіне жатады. Вице-президенттің рөлі бұл жағдайда тікелей басқарушы емес, конституциялық тұрақтылықты қамтамасыз ететін институционалдық субъект ретінде ғана айқындалуы тиіс.
Маңызды құқықтық аспектілердің бірі – вице-президенттің конституциялық жауапкершілігі мәселесі. Конституцияда оның жауапкершілік нысандары, өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату негіздері, сондай-ақ иммунитетінің көлемі нақты белгіленуі қажет. Бұл құқықтық айқындық принципін сақтаудың және барлық конституциялық субъектілердің заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етудің маңызды шарты болып табылады.
Қорытындылай келе, вице-президент институтын жаңа Конституцияға енгізу құқықтық тұрғыдан тек қана оның нормативтік айқындығы, функционалдық шектеулілігі және конституциялық қағидаттарға сәйкестігі жағдайында негізделген деп танылуы мүмкін. Бұл институт мемлекеттік билік жүйесінде дербес саяси актор ретінде емес, конституциялық тұрақтылықты қамтамасыз ететін құқықтық механизм ретінде қарастырылуы тиіс. Осындай тәсіл ғана вице-президент институтының жаңа Конституция шеңберінде тиімді әрі орнықты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Нұргүл Елеусізова,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің кеден,
қаржы және экологиялық құқық кафедрасының оқытушысы
САЯСИ ЖҮЙЕНІ ЖАҢҒЫРТУДЫҢ НЕГІЗДЕРІ

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасының жариялануы елдің саяси-құқықтық дамуындағы аса маңызды әрі жауапты кезеңнің басталғанын білдіреді. Ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер мемлекеттің басқару жүйесін жаңғыртуға, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, сондай-ақ қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты нығайтуға бағытталған кешенді қадамдар жиынтығы ретінде бағаланады. Жаңа Конституция жобасының әзірленуі кең ауқымды қоғамдық талқылауларға, азаматтық ұсыныстарды жинақтауға және сарапшылардың ғылыми талдауына негізделгені оның легитимділігін арттыра түседі. Бұл үдеріс азаматтардың мемлекет ісіне тікелей қатысу мәдениетін қалыптастыруға ықпал етіп, демократиялық қағидаттардың нақты іске асуын көрсетеді.
Жобадағы негізгі жаңалықтардың бірі – бір палаталы Парламент құру бастамасы. Бұл шешім заң шығару процесінің тиімділігін арттыруға, саяси жауапкершілікті күшейтуге және билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Вице-Президент институтының енгізілуі атқарушы биліктің институционалдық тұрақтылығын қамтамасыз етіп, Президент өкілеттіктерінің жүйелі жүзеге асуына жағдай жасайды.Адам құқықтары мен бостандықтарының мемлекеттің басты басымдығы ретінде бекітілуі жаңа Конституцияның гуманистік сипатын айқын көрсетеді. Цифрлық құқықтарды қорғау, «Миранда қағидасын» енгізу, кінәсіздік презумпциясын нақтылау сияқты нормалар құқықтық мемлекеттің заманауи талаптарға сай дамуын қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ, білім мен ғылымға, мәдениет пен инновацияға басымдық берілуі адами капиталды дамытуды ұлттық саясаттың өзегіне айналдырады. Бұл Қазақстанның ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін стратегиялық бағыт болып табыладыҚорытындылай келе, жаңа Конституция жобасы мемлекеттің адамға бағдарланған, әділетті және ашық басқару моделін қалыптастыруға бағытталған. Ол Қазақстан қоғамының тарихи сабақтастығын сақтай отырып, заманауи сын-қатерлерге жауап беретін құқықтық негіз ұсынады. Осы тұрғыдан алғанда, ұсынылған жоба елдің тұрақты дамуы мен демократиялық жаңғыруының берік іргетасы ретінде ғылыми тұрғыда жоғары бағалануға лайық.
Орынбасар Тілепбергенов,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Заң ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор
ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІН ЖҮКТЕЙДІ

Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Ата заңының жобасын жариялағаны барлығымызға белгілі. Бұл жаңа Ата заң жобасынан күтеріміз көп. ҚР азаматы, ана, ұстаз ретінде маған өте маңызды деп саналатын мәселелер туралы пікірімді білдіргім келеді.
Құжат жобасындағы өзгерістер мен толықтырулар қоғамның қазіргі даму сұранысына жауап беретін, мемлекет пен азамат арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеруді көздейтін қадам деп ойлаймын. Мен үшін маңызды болғаны, әсіресе, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау мәселесіне айрықша назар аударылуы. Бұл әлеуметтік әділеттілік пен адам құқығын мемлекеттің басты құндылықтарының қатарына қоя бастағанын көрсетеді. Дамыған мемлекет үшін әйел мен баланың қауіпсіздігі, теңдігі және құқықтарының қорғалуы – басты даму көрсеткіштерінің бірі. Бұл бағыттағы нақты нормалардың енгізілуі қазіргі кезде өте көбейіп кеткен тұрмыстық зорлық-зомбылық, әлеуметтік әлсіз топтардың қорғалмауы сияқты өзекті мәселелерді жүйелі түрде шешуге мүмкіндік береді деп сенемін.
Сонымен қатар дін мен мемлекеттің бөліну қағидатының нақты әрі анық түрде бекітілуі де аса маңызды. Зайырлы мемлекет қағидаты – қоғамдағы тұрақтылық пен келісімнің негізі. Рухани және діни оқу орындарын қоспағанда, білім беру жүйесінің толықтай зайырлы сипатта қалуы ғылым мен білімнің объективті, бейтарап негізде дамуына жол ашады. Бұл – жас ұрпақтың сыни ойлау қабілетін қалыптастырып, түрлі көзқарастарға төзімді, ашық әрі саналы азамат болып өсуіне ықпал ететін шешім. Дін – адамның жеке сенімі мен рухани әлеміне қатысты мәселе, ал мемлекет барша азаматқа ортақ құқықтық алаң ретінде бейтарап ұстанымда болуы тиіс деп сенемін.
Жобада тәуелсіздік пен егемендіктің жалғыз иесі – Қазақстан халқы екені айқын көрсетілуі де символдық аса мәнді тұжырым. Бұл қағида биліктің де, қарапайым азаматтардың да ел тағдырына жауапкершілікпен қарауын көрсетеді. Яғни мемлекет тек басқарушы құрылым емес, халықтың еркі мен мүддесін іске асырушы ретінде танылады.
Қорытындылай келе, аталған өзгерістер қоғамда әділеттілік, егемендік, адам құқығы сияқты іргелі құндылықтарды нығайтуға бағытталған деген ойдамын.
Әсел БАЙЕЛІ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
филология факультеті Шетел филологиясы және аударма ісі
кафедрасының ассистент-профессоры
ЖАҢАРТЫЛҒАН КОНСТИТУЦИЯ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ҚҰҚЫҚТАР: ЖАҢА ДӘУІРДІҢ ТАЛАБЫ

Қазақстанда Конституцияны жаңарту үдерісі қоғамдағы терең өзгерістермен қатар жүріп отыр. Бұл бастама мемлекеттің құқықтық негіздерін қазіргі әлеуметтік және технологиялық шындыққа бейімдеуді көздейді. Ұсынылып отырған жаңа редакция мемлекет пен азамат арасындағы өзара қатынастарға жаңаша көзқарас қалыптастырып, адамның құқықтары мен бостандықтарын құқықтық жүйенің өзегіне айналдыруға бағытталған.
Осы өзгерістер аясында айрықша назар аударуға тұрарлық бағыттардың бірі – цифрландыру. Соңғы жылдары цифрлық технологиялар өмірдің барлық саласына еніп, күнделікті әрекеттеріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Мұндай жағдайда азаматтардың құқықтарын тек дәстүрлі кеңістікте ғана емес, цифрлық ортада да қорғау қажеттілігі туындап отыр. Осыған байланысты Конституцияның жаңа мәтінінде азаматтардың цифрлық кеңістіктегі құқықтарын қорғауға қатысты норманың бекітілуі уақыт талабына сай маңызды қадам болып саналады.
Цифрлық ортада адамның жеке деректерін қорғау, ақпараттық қауіпсіздік, еркіндік пен жауапкершілік мәселелері барған сайын өзекті бола түсуде. Жаңа конституциялық норма осы қауіп-қатерлерге құқықтық деңгейде жауап беріп, технологиялық дамудың адам мүддесіне қызмет етуі тиіс екенін айқындайды. Бұл – мемлекеттің цифрландыруды тек тиімділік құралы ретінде емес, адам құқықтарымен тығыз байланысты құбылыс ретінде қарастыра бастағанының көрінісі.
Жасанды интеллект пен деректер айналымы кеңейіп жатқан қазіргі кезеңде құқықтық кепілдіктердің болуы азаматтардың сенімін арттырып қана қоймай, мемлекеттің ашықтығы мен жауапкершілігін де күшейтеді. Цифрлық құқықтарды конституциялық деңгейде бекіту – қоғам дамуының жаңа сатысына өту барысында қабылданған салмақты әрі ойластырылған шешім.
Жалпы алғанда, бұл өзгерістер Қазақстанның заманауи, жауапты және болашаққа бағдарланған құқықтық мемлекет ретінде қалыптасуына берік негіз қалайды. Адамды басты құндылық деп танитын мұндай көзқарас ел дамуының ұзақ мерзімді бағыттарымен толық үндеседі.
Құндыз Төреханова,
физика-математика ғылымдарының қандидаты, қауымдастырылған профессор
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Плазма физикасы,
нанотехнология және компьютерлік физика кафедрасы
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯСЫ ЖОБАСЫ ТУРАЛЫ ОЙ-ТОЛҒАМ

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасының жариялануы еліміздің саяси-құқықтық дамуындағы аса маңызды кезеңі екенін айғақтайды. Ұсынылып отырған Негізгі заң жобасы азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдардан және сарапшылар қауымдастығынан түскен ұсыныстарды жан-жақты талдау, ашық қоғамдық талқылаулар өткізу және жаңа нормалар мен қағидаларды мұқият құқықтық сараптаудан өткізу нәтижесінде әзірленді. Бұл «ЕСТИТІН МЕМЛЕКЕТ» қағидатының нақты көрінісі әрі мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған жүйелі қадам болып тұр.
Конституциялық реформаның бастауы ретінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстанда бірпалаталы Парламент құру жөніндегі бастамасын көрсетсек болады. Бұл идея Президенттің 2025 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған жолдауында жария етіліп, саяси жүйені кешенді түрде жаңғыртудың негізгі тетігі ретінде ұсынылды. Аталған бастама елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етуді, әсіресе жасанды интеллект пен цифрлық трансформация дәуірінде мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруды көздейді және қоғамның кең түрде қолдауына ие болды десек те болады.
Жаңа Конституция жобасындағы негізгі жаңашылдықтардың бірі – 145 депутаттан тұратын бірпалаталы Парламент – ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ құрылуы. Депутаттар пропорционалды сайлау жүйесі арқылы бес жыл мерзімге сайланады және осы жүйе саяси партиялардың кадрлық әлеуетін дамытуға, олардың институционалдық рөлін күшейтуге және қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді. Болашақта бұл қадам ұзақ мерзімді партиялық жүйенің нығаюына және саяси бәсекенің деңгейінің сапалы дамуына негіз қалайды.
Конституциялық комиссия мүшесі, заң ғылымының докторы, профессор Еркін Дүйсеновтің пікірінше, жүргізіліп отырған парламенттік реформаның басты мақсаты Парламент құрылымын формалды түрде өзгерту емес, оның елдегі ең жоғары өкілді орган ретіндегі рөлін сапалық тұрғыдан күшейту және мемлекеттік басқару тетігін түбегейлі жаңғырту болып табылады. Қазіргі заманда қоғамдық үдерістер жедел өзгеруде, экономикалық, цифрлық және әлеуметтік қатынастардың жаңа формалары пайда болуда. Осындай жағдайда мемлекет өзгерістерге кешігіп емес, алдын ала жауап беруі тиіс. Бұл міндетті жүзеге асыруда Парламент жүйесінің икемділігі мен бейімделгіштігі шешуші рөл атқаратын болады.
Ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер заң шығару үдерісінің жылдамдығы мен сапасын арттыруға, артық бюрократиялық рәсімдерді қысқартуға және депутаттық корпустың жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Мақсат – заңдарды формалды түрде емес, қоғам мен экономиканың нақты сұраныстарын ескере отырып қабылдау. Әсіресе дағдарыс пен тұрақсыздық кезеңдерінде уақтылы әрі салмақты саяси-құқықтық шешімдер қабылдау әлеуметтік тұрақтылық пен азаматтардың мемлекетке деген сенімін сақтауда шешуші маңызға ие.
Парламенттік реформа «КҮШТІ ПРЕЗИДЕНТ – ЫҚПАЛДЫ ПАРЛАМЕНТ – ЕСЕП БЕРЕТІН ҮКІМЕТ» саяси формуласына толық сай келеді. Мұнда президенттік басқару моделін әлсірету немесе билікті символдық түрде қайта бөлу туралы сөз болып отырған жоқ. Керісінше, реформалар биліктің барлық тармақтарын институционалдық тұрғыдан нығайтуға және олардың арасындағы тепе-теңдік пен өзара тежемелік жүйесін күшейтуге бағытталған. Күшті президенттік биліктің сақталуы стратегиялық тұрақтылықты қамтамасыз етеді, ал Парламенттің күшеюі мен Үкіметтің есептілігінің артуы мемлекеттік басқарудың легитимділігін арттырады.
Жалпы алғанда, жаңа Конституция жобасы әділеттілікке, заң үстемдігіне, бірлік пен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікке негізделген Қазақстанның жаңа даму кезеңіне жол ашады. Бұл құжат XXI ғасырда елдің орнықты әрі сапалы дамуына берік құқықтық негіз қалыптастырады деген пікірімді ұсынғым келеді.
Нұрзада БЕЙСЕН,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры
ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫНЫҢ МАҢЫЗЫ МЕН ЕРЕКШЕЛІГІ
ҚР жаңа Конституциясы – елдің саяси және әлеуметтік дамуы үшін маңызды қадам. Бұл құжат мемлекеттік билік құрылымын нақтылап, Президенттің, Парламенттің және Үкіметтің рөлдерін теңгерімді етуге бағытталған. Мұндай құрылым шешім қабылдауды жылдамдатып, билік органдарының тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
Жаңа Конституция жобасы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға ерекше мән береді. Онда саяси белсенділік таныту, кәсіпкерлікпен айналысу, ақпаратқа қол жеткізу және әділ сотқа жүгіну сияқты маңызды құқықтар қарастырылған. Бұл нормалар қоғамдағы әділдік пен сенімділікті күшейтеді.
Сот жүйесінің тәуелсіздігі Конституцияның маңызды аспектісі болып табылады. Ол соттардың өз шешімдерін ешқандай сыртқы қысымсыз қабылдауына мүмкіндік береді. Бұл коррупцияны азайтып, азаматтардың құқықтарын тиімді қорғауға көмектеседі.
Сонымен қатар Конституция экономикалық және әлеуметтік мәселелерге де көңіл бөледі. Жеке меншік пен кәсіпкерлікті қорғау, халыққа сапалы қызмет көрсету және әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ету елдің тұрақты дамуын қолдайды.
Жаңа Конституция жобасы Қазақстан үшін реформалар кезеңінің жаңа қадамы. Оның табысы тек мәтінде емес, нақты әрекет пен институттардың жұмысында көрінеді. Теңгерімді билік құрылымы мен азаматтардың құқықтарын қорғау елдің демократиялық дамуын күшейтіп, қоғамдағы тұрақтылыққа септігін тигізеді.
Жаңа Конституция Қазақстанның құқықтық, әлеуметтік және саяси жүйесін нығайтатын маңызды құжат. Оның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтарын қорғау және мемлекет пен қоғам арасындағы сенімділікті арттыру.
Сымбат Бөлегенова,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
физика-техникалық факультетінің
Жылу физикасы және техникалық физика
кафедрасының доценті
МЕМЛЕКЕТКЕ ДЕГЕН СЕНІМДІ НЫҒАЙТАДЫ
Жаңа Конституция жобасына қатысты өз пікірімді білдіргім келеді. Талқылауға ұсынылып отырған Ата заңымыздағы өзгерістер мемлекетіміздің саяси әлеуетін нығайтуды, қоғам өмірінің сапасын арттырумен қатар, әр азаматтың әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздейді. Адам құқығы, қауіпсіздігі, бостандығы мен ар-намыс мәселесі жаңа заң жобасының маңызды нормалары ретінде қарастырылған. Сонымен қатар жаңа Конституцияда кейінгі кезде қоғамда жиі орын алып жатқан құқық бұзушылық, ар-намысты қорлау, отбасылық келіспеушіліктер секілді мәселелер қарастырылып, әр адамның қауіпсіздігі заңмен қорғалатыны туралы айқын айтылған. Сондай-ақ Қазақстан азаматының дін, тіл, білім, ғылым, денсаулық мәселелеріне қатысты өз еркі бойынша шешім қабылдауына құқылы екені нақты көрсетілген. Бұл әр адамның мемлекетке деген сенімін нығайтып, қоғамдық қарым-қатынас деңгейін арттыра түседі.
Түрлі мәдениетттер тоғысқан жаһандану кезеңінде қазақы мәдениет, салт-дәстүріміз бен асыл құндылықтарымыздың жойылып кетуі мүмкін екені баршамызға мәлім. Жаңа Конституция жобасы ұлттық болмысты сақтай отырып, ілгері дамуға, өзге мемлекеттермен байланыс орнату арқылы білім, ғылым саласындағы жаңа технологияларды игеруге, дүниежүзінде болып жатқан тың өзгерістерді өз деңгейінде жетік меңгеруге ықпал жасайды. Жаңа Конституция жобасында білім алушы адамның тарихымызды, ана тіліміз бен рухани мұрамызды сақтай отырып, интеллектуалдық тұрғыдан дамып, бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына нақты жағдайлар қарастырылғаны қуантады.
Ләйлә НОҒАЙБЕКҚЫЗЫ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультетінің 1-курс докторанты
КЕМЕЛ ҚОҒАМНЫҢ БЕРІК ҚҰҚЫҚТЫҚ ІРГЕТАСЫ
2025 жылдың күзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында елдің саяси жүйесін жаңғырту және заманауи сын-қатерлерге жауап беру қажеттігін атап өтті. Осы мақсатта бірпалаталы Парламентті қалыптастыру арқылы мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру жөнінде маңызды бастама көтерілді. Бастама негізіндегі ұсыныс қоғам тарапынан қолдау тауып, парламенттік реформа бойынша жұмыс тобы жасақталып құрылды. Республиканың барлық облыстары мен аудан, елді мекендерінен екі мыңнан астам ұсыныстар қаралды. Осы жылдың қаңтар айында өткен V Ұлттық құрылтай отырысынан кейін Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрамына қоғамның барлық саласынан өкілдер кірді. 2026 жылғы 30 қаңтарда ұсынылған ҚР Конституциясы жобасы мемлекеттің құқықтық жүйесін жаңғыртумен қатар, оның құндылық және өркениеттік бағдарын айқындайтын маңызды саяси-құқықтық құжат болып табылады. Жаңа Конституция жобасының кіріспесінде қазақ мемлекеттілігінің тарихи сабақтастығы, егемендік, тәуелсіздік пен аумақтық тұтастықтың мызғымастығы айқын бекітіліп отыр. Конституцияның екінші бөлімі азаматтардың негізгі құқықтары мен міндеттерін теңгерімді түрде бекітеді. Өмір сүру құқығы, жеке бас бостандығы, қадір-қасиетті қорғау, кінәсіздік презумпциясы, әділ сотқа қол жеткізу – барлығы конституциялық кепілдікке ие. Жеке өмірге қолсұғылмаушылық, дербес деректер мен цифрлық қауіпсіздік күшейтілді. Сонымен қатар табиғатты қорғау мен экологиялық жауапкершілік әр азаматтың ортақ міндеті ретінде танылды. Мемлекеттік басқару жүйесі жаңғыртылып, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты нақты бекітілген. Президенттік институт ашықтық пен жауапкершілікке негізделіп, билік сабақтастығын қамтамасыз ету үшін вице-президент институты енгізілді. Вице-президент Президенттің ұсынысымен Құрылтайдың келісімі арқылы тағайындалып, Мемлекет басшысының ел ішінде де, халықаралық деңгейде де өкілдігін жүзеге асырады. Сондай-ақ 3-бабында мемлекет қызметінің негізгі қағидаттары қатарында тарихи-мәдени мұраны сақтау мен төл мәдениетті қолдау жеке көрсетілген. Бұл тарих пен мәдениетті қорғау енді тек мәдени саясаттың саласы емес, мемлекеттің конституциялық міндеттерінің бірі ретінде танылатынын айқын білдіреді және ұлттық бірегейлікті нығайтуға, тарихи жадты сақтауға және қоғамның ішкі тұтастығын қамтамасыз етуге бағытталған. Конституция жобасындағы тағы бір маңызды мәселе – білім мен ғылым саласының конституциялық деңгейде стратегиялық мәнге ие болуы. Преамбулада «мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтарын бағдарға алу» мемлекеттің негізгі бағыттарының бірі ретінде көрсетілген. Мұндай тұжырым білім мен ғылымды тек әлеуметтік сала ретінде емес, ұлттық дамудың басты қозғаушы күші ретінде қарастырады. Сонымен қатар Конституциялық соттың, адвокатура институтының және Қазақстан Халық кеңесінің конституциялық деңгейде бекітілуі азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтіп, халық пен билік арасындағы тұрақты диалогты қамтамасыз етеді. Конституцияға өзгерістер тек жалпыхалықтық референдум арқылы енгізіледі. Жаңа Конституция жобасы қоғамды біріктіруге, ұлттық сананы нығайтуға, заң үстемдігіне, қоғамдық келісімге және тұрақты дамуға негізделген кемел қоғамның берік құқықтық іргетасы, еліміздің тұрақты дамуына және болашақ ұрпақтың игілігіне бағытталған маңызды тарихи қадамның айғағы.
Гүлнар ҚОЗҒАМБАЕВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры
КОНСТИТУЦИЯҒА ТҮЗЕТУЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАУДАҒЫ АШЫҚТЫҚ: ЛЕГИТИМДІЛІКТІҢ НЕГІЗГІ ШАРТЫ
Конституцияға қатысты кез келген өзгеріс жабық өтсе, қоғамда күмән көбейеді. Ақпарат жетіспеген жерде сыбыс, қате түсінік және эмоциялық бағалау тез тарайды. Сондықтан ашықтық – қосымша артықшылық емес, міндетті шарт. Негізгі заңға өзгеріс енгізу кезінде қоғам мақсаттың не екенін, қандай қисынмен ұсыныстар қалыптасқанын, қандай аргументтер талқыланғанын түсінуі керек.
Ашық талқылау тәртібі процесті тексерілетін етеді: пікірталас мәдениетін қалыптастырады, дәлелдің сапасын көтереді, жауапкершілікті нақтылайды. Қоғам талқылаудың өзін көргенде, «неге осылай шешілді?» деген сұраққа жауап іздеуі жеңілдейді, ал бұл өз кезегінде сенім мен қабылдауды арттырады. Ашық формат, әсіресе, жалған ақпараттың таралуын азайтып, азаматтарға өз ұстанымын саналы түрде қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ашықтықтың тағы бір пайдасы – сапаны арттыру. Түзетулер көпшілікке ұсынылған кезде әлсіз тұстар, қайшылықтар, құқық қолдануда туындауы мүмкін тәуекелдер ертерек байқалады. Кәсіби қауымдастық, университеттер, тәжірибелі заңгерлер, азаматтық сектор өкілдері дер кезінде пікір білдіріп, нақты ұсыныс бере алады. Нәтижесінде бір тарап ұтпайды – құжаттың сапасы ұтады. Конституцияға енгізілетін өзгерістер ұзақ уақытқа әсер ететіндіктен, алдын ала сараптау мен қоғамдық сүзгі өте маңызды.
Қазіргі кезеңде адамдарға тек шешімнің өзі емес, шешімнің түсіндірмесі де қажет. Ереже не үшін енгізіледі, қандай мақсат көзделеді, қандай салдар күтіледі – осының бәрі ашық айтылғанда ғана қоғам оны қабылдайды. Сондықтан ашықтық легитимділікті күшейтеді: легитимдік болса, өзгерістер қағазда қалып қоймай, нақты өмірде жұмыс істейтін ережеге айналады.
Байдәулет УРМАШЕВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
физика және математика
ғылымдарының кандидаты, профессор
КОНСТИТУЦИЯ МӘДЕНИ КОНТЕКСТІ БАР ҚОҒАМДЫҚ
КЕЛІСІМГЕ АЙНАЛЫП КЕЛЕДІ
Конституцияға енгізіліп жатқан өзгерістерді талдай отырып, бұл процесс жай ғана құқықтық түзетулер жиынтығы емес екені туралы ойға келдім. Бұл – Қазақстанның өз-өзіне қайта қарауы, өз болашағын жаңаша пайымдауы.
Конституциялық комиссияның құрамы кең, кәсіби әрі қоғамның барлық негізгі саласын қамтыған. Бұл Конституцияны жазу бір орталықтың шешімі емес, көп дауысты қоғамдық ойдың нәтижесі.
Тағы ерекше назар аудартқан мәселе – процестің ашықтығы. Тікелей эфирлер, әлеуметтік желідегі талқылаулар, азаматтардан жиналған ұсыныстар – мұның бәрі «Конституция халықтан алыс» деген стереотипті бұзады. Ашықтық бұл жерде тек форма емес, сенім құру тетігіне айналған.
Тағы маңызды тұсы – Жаңа Конституцияның логикасы. Ескі редакцияда мемлекет орталықта тұрса, жаңа модельде адам негізгі құндылық ретінде алға шығады. Бұл тек құқықтар тізбесін кеңейту емес, мемлекеттің миссиясын қайта анықтау: басқару үшін емес, қызмет ету үшін.
Сондай-ақ ұлттық бірегейліктің айқын көрініс табуы – аса мәнді. Конституция абстрактілі құжаттан нақты тарихи, мәдени контексті бар қоғамдық келісімге айналып келеді.
Меніңше, бұл өзгерістердің басты мәні: Конституция «жоғарыдан берілген ереже» емес, қоғаммен бірге өмір сүретін, дамитын тірі құжат ретінде қабылдануында. Ал бұл үдерісте үнсіз қалмай, ой айту – әр азаматтың таңдауы ғана емес, елдің болашағына қосқан үлесі.
Даража ИСАБАЕВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жасанды интеллект және
Big Data кафедрасы, п.ғ.к.,қауымдастырылған профессор
БОЛАШАҚ ҰРПАҚ МҮДДЕСІН ҚОРҒАУҒА БАҒДАРЛАНҒАН РЕФОРМА

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның қызметін Қазақстан Республикасында орнықты даму қағидаттарын институционалдық деңгейде бекітуге бағытталған маңызды әрі уақтылы стратегиялық қадам ретінде бағалауға болады. Аталған комиссияның жұмысы елдің ұзақ мерзімді даму басымдықтарын қайта қарастырып, экологиялық қауіпсіздік, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік қағидаттарын мемлекеттік басқару жүйесінің негізгі өзегіне айналдыруға мүмкіндік береді.
Ғылыми қауымдастық өкілі ретінде атап өтерім, конституциялық реформалар аясында экология және тұрақты даму мәселелерінің жоғары құқықтық деңгейде бекітілуі табиғи экожүйелерді қорғау, биоәртүрлілікті сақтау және климаттың өзгеруіне бейімделу бағытындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыруға негіз қалайды. Бұл өз кезегінде табиғатты пайдаланудың дәстүрлі экстенсивті үлгілерінен ғылыми негізделген, инновациялық және экологиялық жауапты даму моделіне көшуге жағдай жасайды.
Комиссия қызметі экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған нормалар мен тетіктерді жетілдіру арқылы ғылым мен мемлекеттің өзара ықпалдастығын жаңа сапалық деңгейге көтереді. Ғылыми зерттеулердің нәтижелерін стратегиялық шешімдер қабылдау процесіне енгізу, дәлелді саясат (evidence-based policy) қағидатын нығайту және экологиялық тәуекелдерді басқару жүйесін дамыту – осы реформалардың маңызды артықшылықтарының бірі. Бұл үрдіс табиғи ресурстарды тиімді басқаруға ғана емес, сонымен қатар халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Сонымен қатар, конституциялық деңгейде экологиялық жауапкершіліктің күшеюі Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу стратегиясын жүзеге асыруды жеделдетіп, халықаралық экологиялық міндеттемелерді орындауда елдің беделін арттырады. Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу жолында мұндай институционалдық өзгерістер экологиялық инновацияларды енгізуге, жасыл технологияларды дамытуға және табиғи капиталды сақтауға бағытталған ұзақ мерзімді жүйелі әсерге ие болады.
Қорытындылай келе, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның қызметі Қазақстанның экологиялық және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан теңгерімді дамуын қамтамасыз етуге бағытталған кешенді реформалардың ғылыми және құқықтық негізін қалыптастырады деп есептеймін. Бұл реформалар болашақ ұрпақ мүддесін қорғауға бағдарланған, тұрақты және жауапты даму моделін орнықтыруда шешуші рөл атқарады.
Ажар МӘЛІК,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Биотехнология кафедрасының ассистент-профессоры
АДАМДЫ ЕҢ ЖОҒАРЫ ҚҰНДЫЛЫҚ РЕТІНДЕ ТАНУ –
КОНСТИТУЦИЯНЫҢ БАСТЫ ЕРЕКШЕЛІГІ

Жаңартылған Қазақстан Республикасының Конституциясы еліміздің қоғамдық-саяси дамуында жаңа белестің басталғанын аңғартады. Бұл негізгі заң әділетті қоғам құруға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңінен қамтамасыз етуге және мемлекетті заманауи талаптарға сай дамытуға бағытталған маңызды құжат. Адамды ең жоғары құндылық ретінде тану – Конституцияның басты ерекшелігі. Әрбір азаматтың өмірі, қадір-қасиеті, еркіндігі мен қауіпсіздігі мемлекет қамқорлығында болуы өркениетті қоғамның берік негізін қалайды.
Әсіресе білім, ғылым және инновация салаларының ел болашағының негізгі тірегі ретінде конституциялық деңгейде бекітілуі қуантады. Бұл жас ұрпақтың сапалы білім алуына, ғылыми әлеуеттің артуына және зияткерлік дамудың жеделдеуіне жол ашады. Еліміздің жетекші оқу орындарында білім алып жатқан жастар үшін бұл өзгерістер үлкен мүмкіндіктер кеңістігін қалыптастырады. Академиялық еркіндіктің нығаюы мен ғылымға көрсетілетін қолдаудың артуы Қазақстанның халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар даярлауына ықпал етеді.
Сонымен қатар азаматтардың құқықтарын цифрлық кеңістікте қорғаудың конституциялық тұрғыда бекітілуі – уақыт талабынан туындаған маңызды шешім. Қазіргі таңда білім беру жүйесі цифрлық технологиялармен тығыз байланыста дамып отырғандықтан, студенттердің жеке деректерінің қауіпсіздігі мен онлайн платформалардың сенімділігі аса өзекті мәселе болып отыр. Бұл нормалар жастардың заманауи ортада қауіпсіз әрі еркін білім алуына мүмкіндік береді.
Сөз бостандығының, ғылыми және шығармашылық еркіндіктің кеңеюі де қоғамның интеллектуалдық дамуына оң ықпалын тигізеді. Еркін ойлайтын, өз көзқарасын ашық білдіре алатын азаматтар ғана елдің алға жылжуына серпін береді. Ал «Миранда ережесінің» енгізілуі құқықтық мәдениетті арттырып, әрбір адамның заң алдындағы қорғалуын күшейтеді.
Жалпы алғанда, Конституцияға енгізілген жаңашылдықтар Қазақстанды әділетті, ашық әрі білімге негізделген мемлекетке айналдыруға бағытталғанын көрсетеді. Бұл реформалар жастарға үлкен сенім артып, олардың болашағына жасалған маңызды инвестиция деуге болады. Егер аталған қағидалар нақты өмірде толық жүзеге асса, еліміздің білім беру жүйесі жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, қоғамның тұрақты дамуына елеулі үлес қосады.
Жаңартылған Конституция – Қазақстанның кемел келешегіне бастайтын маңызды қадам. Ол саяси жүйені жетілдірумен қатар, білім мен ғылымның дамуына берік құқықтық негіз қалыптастырып, елдің зияткерлік әлеуетін нығайтуға жол ашады.
Жасұлан ТАКИБАЕВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Картография және геоинформатика кафедрасы Ph.D докторанты
БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНЫҢ МАҢЫЗЫН АЙҚЫН КӨРСЕТТІ

Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгерістер елдің саяси жүйесін ғана емес, қоғам дамуының құндылықтық бағдарларын қайта айқындады. Конситуциялық реформалардың өзегінде билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейту, заң үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтың мемлекетті басқару үдерісіндегі рөлін арттыру мәселесі тұр.
Аталған реформалар әлеуметтік құқықтардың, соның ішінде білім беру саласының маңызын айқын көрсетті. Конституцияда мемлекеттің сапалы әрі қолжетімді білім беруге жауапкершілігі бекітіліп, білім адами капиталды дамытудың негізгі тетігі ретінде қарастырылады. Бұл өз кезегінде, жоғары оқу орындарының академиялық еркіндігін кеңейтуге, ғылым мен білімнің өзара ықпалдастығын күшейтуге және зияткер ұлт қалыптастыру идеясына құқықтық негіз қалайды.
Конституциялық өзгерістер білім мен ғылымды мемлекеттің ұзақ мерзімді даму стратегиясының өзегіне айналдырып, жастардың зияткерлік әлеуетін іске асыруға, сыни ойлау мен жауапты азаматтықты дамытуға мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, қазіргі конституциялық реформалар Қазақстанның демократиялық, құқықтық және білімге негізделген қоғам құру жолындағы сапалы кезең ретінде бағалануы тиіс.
Салтанат ТУМАЖАНОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
картография және геоинформатика кафедрасының аға оқытушысы
БІЛІМ САЛАСЫ БАСТЫ БАСЫМДЫҚТАРДЫҢ БІРІ РЕТІНДЕ ҚАРАСТЫРЫЛҒАН
Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгерістер білім мен ғылым саласын дамытуға оң ықпал етеді деп ойлаймын. Атап айтқанда, Конституцияда азаматтардың сапалы білім алуға құқығының күшеюі мемлекет тарапынан білім беру жүйесіне ерекше көңіл бөлінетінін көрсетеді. Бұл білім саласын ел дамуының басты басымдықтарының бірі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға, заманауи зертханалар мен оқу ғимараттарын жабдықтауға, сондай-ақ оқытушылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға нақты жағдай жасалады. Сонымен қатар, Конституцияда білім беру ұйымдарына берілген академиялық және басқарушылық еркіндік олардың жеке дамуына жол ашады. Мұндай еркіндік оқу бағдарламаларын еңбек нарығының сұранысына сай бейімдеуге, білім мазмұнын жаңартуға мүмкіндік береді. Мысалы, жоғары оқу орындары жаңа мамандықтар ашып, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, ақпараттық қауіпсіздік, экология, биотехнология, генетика сияқты заманауи бағыттар бойынша білікті мамандар даярлай алады. Бұл өз кезегінде түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттырып, ел экономикасының дамуына тікелей әсер етеді.
Конституциялық өзгерістер ғылым саласына да оң серпін береді. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына қолдау көрсетіліп, жас ғалымдарға гранттар бөлу, ғылыми жобаларды қаржыландыру жетілдіріледі. Ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту арқылы ғылыми жаңалықтарды тәжірибеде қолдану мүмкіндігі артады. Бұл Қазақстанның инновациялық дамуына және халықаралық ғылыми кеңістікке кіруіне ықпал етеді.
Сонымен бірге, жаңа Конституцияда адам құқығы мен еркіндігінің күшеюі білім беру саласында әділдік пен ашықтық қағидаларын орнықтырады. Білім алудағы тең мүмкіндік, академиялық адалдық және жауапкершілік мәселелері ерекше мәнге ие болады. Бұл оқытушылар мен білім алушылар арасындағы сенімді қарым-қатынасты нығайтып, білім сапасының артуына ықпал етеді.
Жалпы алғанда, Конституцияға енгізілген бұл өзгерістер білім мен ғылым саласын жаңғыртуға, оның сапасын арттыруға және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті етуге бағытталған маңызды қадам деп санаймын. Бұл өзгерістер ойы еркін, білімді, жауапкершілігі жоғары және заман талабына сай мамандарды даярлауға жол ашады.
Гүлайым СЕЙДАХМЕТОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
молекулалық биология және генетика
кафедрасының аға оқытушысы
ТАРИХИ БЕТБҰРЫСТЫҢ БАСТАУЫ

Ел өміріндегі ең маңызды құжатты талқылау айналасында орын алған пікіралуандылығы, меніңше, жобаны дайындаған жұмыс тобының ұсыныстар мен пікірлерді тереңінен зерделеуіне мүмкіндік береді.
Ең алдымен назар аударатын мәселе ол жобаның әлемдік саясат пен заман ағымының құбылыстарын ескере отырып әзірленгені. Әсіресе 21-бапта цифрлық технологиялар заманында Адам құқының Заңмен қорғалуына қатаң мән берілген. Ал преамбуладағы Ата Заң – Конституция деп жазылуы, «Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтап» деген сөйлемнің болмаса Парламенттің енді Құрылтай деген қазақ үшін қастерлі сөзбен алмасуы тәуелсіздік алғалы бері ауызекі қолданыстағы маңызды сөздердің жобада заңды түрде көрініс табуы деп білемін.
Көпшіліктің көңілін аударған тіл туралы тұжырым да заңдық қағидат ретінде 9-бапта жазылып тұр.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі». Бұл дегеніңіз Қазақ Елінің Ана тілі мәңгі жасай береді деген сөз!
Ата Заңды дайындаған жұмыс тобының назарын сондай-ақ, 22 және 23-ші баптарға аударғым келеді. Осы баптарда айтылған тұжырымдарды тағы бір қарап шығып, бір баптың аясында қысқа да нұсқа етіп топтастыруға болар еді.
Ата Заңымыздың жаңа нұсқасының жасалуы бұл да бір тарихи кезеңде өмір сүріп жатқанымыздың көрінісі. Тіліміз бар, Еліміз бар, Жеріміз бар – Бірлігіміз бен Ынтымағымызды сақтай да қорғай да білейік!
Нұржан ЖАЛАУҚЫЗЫ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының аға оқытушысы
ҒЫЛЫМ САЛАСЫНЫҢ ДАМУЫНА ОҢ ЫҚПАЛ ЕТЕДІ
Жаңа қабылданған Конституция қоғамның дамуына, әсіресе ғылым мен білім саласының ілгерілеуіне берік негіз қалайды. Қазіргі заманда ғылым – мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын басты факторлардың бірі. Сондықтан Конституцияда адам құқығы, білім алу еркіндігі және интеллектуалдық әлеуетті дамыту мәселелерінің алдыңғы орынға шығуы ғылым саласының дамуына оң ықпал етеді.
Конституцияда заң үстемдігі мен әділеттілік қағидаларының күшеюі ғылыми зерттеулердің еркін жүргізілуіне, академиялық адалдықтың сақталуына жол ашады. Ғалымдар мен зерттеушілер үшін ашық әрі әділ құқықтық орта қалыптасса, инновациялық идеялардың тууы мен олардың практикада қолданылуы жылдамдайды. Сонымен қатар мемлекет тарапынан ғылымды қолдау – жас ғалымдарды ынталандырудың, ғылыми кадрларды сақтаудың маңызды тетігі.
Жаңа Конституцияда әлеуметтік мемлекеттің қағидалары нығайтылып, білім мен ғылымға тең қолжетімділікке басымдық берілуі – болашақ ғылымның сапасын арттыратын маңызды қадам. Бұл ауыл мен қала арасындағы білім алшақтығын азайтып, дарынды жастардың ғылымға келуіне мүмкіндік береді. Конституция ғылымды стратегиялық даму бағыты ретінде қарастыруға негіз болады. Егер конституциялық нормалар нақты заңдармен және тиімді саясатпен толықтырылса, Қазақстанда ғылым мен инновация қарқынды дамып, елдің тұрақты өркендеуіне қызмет етеді.
Ботагөз ҮСІПБЕК,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
биофизика, биомедицина және нейроғылым
кафедрасының PhD, доцент м.а.
ӘДІЛЕТТІЛІК ҚАҒИДАТТАРЫН ЖӘНЕ ЗАҢ ҮСТЕМДІГІН НЫҒАЙТАДЫ
Қазақстан Республикасында жаңа Конституцияның жобасы жарияланды. Осы жобада азаматтардың құқықтарын, мемлекеттің жұмысын және қоғамдық өмір ережелерін анықтайтын елдің негізгі заңы қарастырылды.
Конституцияның жобасы сарапшылармен және қоғам мүшелерімен ашық талқылаулардан кейін дайындалды. Жаңа нұсқада адам құқықтары мен бостандықтарына, жастардың мүдделерін қорғауға және жеке және кәсіби даму үшін жағдайлар жасауға ерекше назар аударылады. Әрсіресе, білім беруге, ғылымға, мәдениетке және цифрлық технологияларға ерекше назар аударылады. Бұл білімді, инновацияны қолдауды және Қазақстанда өзін-өзі жүзеге асыру, оқу және мансаптық даму мүмкіндіктерін дамытуды білдіреді. Сонымен қатар, азаматтардың құқықтарының кепілдіктерін, соның ішінде цифрлық ортада қорғауды, әділеттілік қағидаттарын және заң үстемдігін нығайтады, бұл болашақ мамандар мен қоғамның белсенді мүшелері үшін маңызды.
Жаңа Конституцияны қабылдау туралы соңғы шешім жалпыұлттық референдумда қабылданады. Әрбір азамат өз пікірін білдіруге және елдің болашағына әсер етуге мүмкіндік алады.
Назгүл ЖАПАРКҰЛОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
биофизика, биомедицина және нейроғылым
кафедрасының б.ғ.к., доценті
ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖӘНЕ БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІНІҢ ЖАҢАРУЫ

Қазақстан Республикасындағы конституциялық реформалар елдің мемлекеттік басқару моделін ғылыми-инновациялық тұрғыдан жаңғыртуға бағытталды. Жаңа Конституцияда институционалдық тепе-теңдік күшейіп, билік тармақтары арасындағы функциялар қайта қаралды. Бұл басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға ықпал ететін заманауи саяси-инновациялық шешім болып табылады.
Президент өкілеттіктерін оңтайландыру, Парламент пен мәслихаттардың жауапкершілігін кеңейту – мемлекеттік басқару архитектурасын жаңарту бағытындағы маңызды институционалдық өзгерістер. Сонымен қатар азаматтардың Конституциялық сотқа тікелей жүгіну құқығы құқықтық жүйенің ашықтығын арттырып, инновациялық құқық қорғау механизмдерінің қалыптасуына жол ашады.
Адам құқықтарын қорғаудың жаңа стандарттары және «Мемлекет – адам үшін» қағидасының конституциялық деңгейде бекітілуі қоғам дамуын гуманистік әрі прогрессивті жолмен жетілдіруге мүмкіндік береді. Ал жер мен табиғи ресурстардың халыққа тиесілі екенінің нақты айқындалуы ұлттық мүддені жүзеге асырудың экономикалық-инновациялық негізін күшейтеді.
Жалпы алғанда, жаңа Конституция – Қазақстанның әлеуметтік, құқықтық және экономикалық дамуында инновациялық, тиімді әрі жауапты басқару моделін қалыптастыруға бағытталған стратегиялық қадам. Аталған реформалар еліміздің ұзақ мерзімді тұрақтылығы мен әділетті қоғам құруға арналған жаңа институционалдық платформаны қалыптастырады.
Қасымова Кәмшат,
жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті
Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушысы
ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – МЕМЛЕКЕТ ДАМУЫНЫҢ БАСТЫ НЕГІЗІ
Мемлекет дамуының басты негізі саналатын жаңа Конституция азаматтық қоғамның сұранысынан туындаған жаңа жоба. Бұл заң жобасы азаматтық қоғам өкілдері мен саяси партиялар және сарапшылар қауымдастығы ұсынған ұсыныстар негізінде әзірленді. Жобадағы негізгі жаңашылдықтардың бірі – мемлекеттік басқару жүйесін қайта жаңғырту және экономиканы жасанды интеллект дәуірінің талаптарына бейімдеу мақсатында бірпалаталы Парламентке көшу. Бұл өмір талабынан туындаған аса өзекті қажеттілік.
Жаңа Конституция жобасы кең ауқымды бүкілхалықтық талқылаудың нәтижесі. Қоғамдық пікірді ескеру барысында 2000-нан астам ұсыныс қаралып, сараланып, жүйеленді. Бұл Негізгі заңды қалыптастыруда қоғамдық қатысуды институционалдық деңгейде нығайтуға бағытталған.
Жобаға сәйкес, бес жыл мерзімге пропорционалды сайлау жүйесі арқылы сайланатын 145 депутаттан тұратын бірпалаталы Парламент – Құрылтай құру басымдыққа алынған. Сонымен қатар вице-президент институтын енгізу және қоғамдық диалогтың жаңа алаңы – Қазақстанның Халық кеңесін қалыптастыру ұсынылады. Конституция жобасында адвокатураның конституциялық мәртебесін бекіту, зияткерлік меншікті қорғау тетіктерін күшейту, «Миранда қағидасын» енгізу, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына берілетін кепілдіктерді кеңейту, оның ішінде құқықтық жағдайды өрістетпейтін заңдарға кері күш беруге тыйым салу қарастырылған.
2026 жылғы конституциялық реформа жобасын талдау адами капиталды дамытуға, академиялық ортаға және білім беру жүйесіне тікелей әсер ететін бірқатар маңызды өзгерістерді айқындайды. Негізгі басым бағыттардың бірі – ғылым мен білімді ұлттық бәсекеге қабілеттіліктің іргелі факторлары ретінде конституциялық деңгейде бекіту. Сонымен қатар цифрлық егемендік пен деректерді қорғау қағидаларын нормативтік тұрғыда орнықтыру орта және жоғары білім беру жүйесін технологиялық жаңғыртуға институционалдық негіз қалыптастырады. Білім беру саласы жастардың «цифрлық иммунитетін» қалыптастыруда шешуші рөл атқарады.
Негізінен, жаңа Конституция жобасы мемлекеттілікті нығайтуға және Қазақстанның халықаралық беделін арттыруға бағытталған стратегиялық бағытты айқындайды. Құжатта адами капиталды, білімді, ғылым мен инновацияны дамыту елдің орнықты дамуының негізгі басымдығы ретінде нақты белгіленген. Конституция жобасы Қазақстан мемлекетінің кемелдену деңгейін көрсетіп, ұзақ мерзімді даму векторын айқындайтын стратегиялық бағдар ретінде қоғам ұстанатын басты құндылықтар мен мақсаттарды айқындайды.
Айгүл Болтаева,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Бизнес технологиялар
кафедрасының аға оқытушысы
ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – АДАМИ КАПИТАЛ МЕН ҒЫЛЫМИ ДАМУДЫҢ КЕПІЛІ
Жуырда Қазақстан Республикасының конституциялық реформасы аясында жаңа Конституция жобасының жариялануы туралы хабарлама шықты. Бұл құжат кеңестік кезеңнен кейінгі еліміздің қоғамдық-саяси құрылымын түбегейлі қайта қарауға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтемін.
Біріншіден, жаңа Конституция жобасында адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығы айқын көрсетілген. Preamble-де адам, оның құқықтары, бостандықтары мемлекет үшін ең жоғары құндылық ретінде белгіленгені – бұл құқықтық мемлекет идеясының жаңаша көрінісі. Бұл гуманистік құндылықтарға негізделген жаңару жолындағы маңызды қадам, әсіресе жас ғалымдар мен студенттердің ғылыми-зерттеу жұмысында адам құқықтары саласын терең талдағанда маңызды болады.
Екіншіден, құжат білім, ғылым, инновациялар мен адам капиталын дамытуға ерекше мән береді. Бұл Қазақстанның дамуын енді материалдық ресурстардан гөрі, білім мен технологияларға тәуелді етеді дегенді білдіреді. Мұны университеттік қауымдастық, соның ішінде біз сияқты жас ғалымдар үшін үлкен серпін деп бағалаймын.
Үшіншіден, жаңа Конституция сандық құқықтар мен цифрлық ортада адамның деректерін, ақпараттық қауіпсіздігін қорғау нормаларын енгізеді. Бұл қазіргі заман талабына сай, әсіресе жасанды интеллект, цифрлық зерттеулер саласында жұмыс істейтін зерттеушілер үшін маңызды.
Тағы бір ерекшелік – саяси жүйені жетілдіру: бірпалаталы Парламент, Қазақстан Халық кеңесі, вице-президент институтының енгізілуі сияқты институттық жаңалықтар еліміздің басқару жүйесін икемді әрі тиімді етуге бағытталған.
Жалпы, жас ғалым ретінде мен бұл реформаны елдің даму стратегиясының жаңа философиясына негіз ретінде бағалаймын. Конституциядағы өзгерістер елдің демократиялық, құқықтық және инновациялық дамуына жол аша отырып, ғылыми зерттеулер мен білім беру жүйесін одан әрі нығайтуға ықпал етеді деп ойлаймын.
Назым Қайранбаева,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы
БИЛІКТІҢ ХАЛЫҚҚА ЖАҚЫНДАУЫ – ОҢ ҮРДІС

Қазақстан Республикасының азаматы ретінде жаңа Конституция жобасындағы 87-91 баптарды толық қолдаймын. Аталған баптар жергілікті мемлекеттік басқару мен жергілікті өзін-өзі басқарудың рөлін күшейтеді, елді мекендердегі маңызды мәселелердің халықтың өз қатысуымен шешілуіне мүмкіндік береді. Бұл биліктің халыққа жақындай түсуіне және азаматтардың пікірінің ескеріліп отыруына жағдай жасайды. Тек азаматтардың пікірімен санасу емес, қарапайым халықтың жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Сонымен қатар халық арасында кездесетін жайсыздықтар, мысалы, отбасындағы зорлық-зомбылық, қатерлі аурулармен науқастанған азаматтар назардан тыс қалмауына себеп болады.
87-91 баптарда орталық және жергілікті билік органдарының өкілеттіктерін нақты айқындау көзделген. Бұл, өз кезегінде, басқару жүйесінің тиімділігін арттырып, жергілікті жерлердегі жауапкершілікті күшейтеді деп сенемін, демек, жергілікті жерлерде халыққа түрлі тиімді көзқарас қалыптасады. Басқа сөзбен айтқанда, азаматтарға деген құрмет, аяушылық, дер кезіндегі көмектер орын алады. Сондай-ақ жергілікті органдардың тұрғындар алдындағы есептілігі үлкен рөл атқарады, ашықтығы халықтың мемлекетке деген сенімін нығайтады, осының нәтижесінде әрбір азаматтың қоғамдағы белсенділігі артады. Барлық орын алатын іс-шаралар әрбір жеке алынған азаматтың жағдайын жақсартады, оның патриоттық сезімі күшейе түседі. Осының бәрі өскелең ұрпаққа берілетін тәрбие, маңызды үлгі. Жастар – біздің болашағымыз, сондықтан қазіргі кездегі ересек адамдар, әсіресе биліктегі қызметкерлер, өздерін жан-жақты үлгілі, білімді, парасатты азаматтар ретінде көрсете білсе, соғұрлым болашағымыз жарқын бола береді.
Сонымен, Конституция жобасының 87-91 баптары өңірлердің дамуына, әділетті және теңгерімді мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыруға бағытталған маңызды әрі қажетті өзгерістер деп есептеймін және оларды қолдаймын.
Ажар Баешова,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ химия және химиялық технология факультеті Жалпы және
бейорганикалық химия кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының докторы
ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ: ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫ – БІЛІМ МЕН ТЕХНОЛОГИЯДА

Жаңа Конституция жобасында білім беру, ғылым, мәдениет пен инновация салаларын дамыту елдің ұзақ мерзімді стратегиялық дамуының басты басымдықтарының бірі ретінде белгіленген. Бұл бағыттардың маңыздылығы тұрақты дамудың азаматтардың білім деңгейін, зияткерлік әлеуетін және шығармашылық мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған инвестицияларсыз жүзеге аспайтынын айқындайды.
Аталған салаларды жүйелі түрде қолдау бәсекеге қабілетті кадрларды даярлауға, ғылыми зерттеулердің дамуына және мәдени кеңістіктің нығаюына мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл үрдіс экономиканың шикізатқа тәуелді моделінен білім мен технологияға негізделген экономикаға көшуін жеделдетеді.
Бұл ұстанымның негізінде адам капиталы мен оның шығармашылық еңбегінің құндылығы жатыр. Нәтижесінде көрсетілген басымдықтар Қазақстандағы өмір сүру сапасын арттыруға және елдің ұлттық бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге берік алғышарт қалыптастырады.
Аягөз Баққара,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Химиялық физика және материалтану кафедрасының доценті
КОНСТИТУЦИЯҒА ЕНГІЗІЛЕТІН ТҮЗЕТУЛЕР ЖОБАСЫ – ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫНА САЛЫНАТЫН СТРАТЕГИЯЛЫҚ ИНВЕСТИЦИЯ

Конституцияға енгізілетін түзетулер жобасы елдің саяси жаңғыруына бағытталған маңызды қадам. Ол демократиялық дамуды күшейтіп, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтады. Ең бастысы – адам құқықтарының басымдығы. ҚР жаңа Конституциясы жобасында маңызды стратегиялық басымдық айқын көрініс тапты. Атап айтқанда 3-баптың 2-тармағында Қазақстан Республикасы адам капиталын, білімді, ғылымды және инновацияны дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде бекітеді. Бұл норма елдің ұзақ мерзімді дамуы материалдық ресурстармен ғана емес, ең алдымен білімді, бәсекеге қабілетті, шығармашыл тұлғаға сүйенетінін білдіреді. Адам капиталына инвестиция салу – экономиканың тұрақты өсуінің, технологиялық жаңғырудың және ұлттық қауіпсіздіктің басты кепілі.
Конституциялық деңгейде білім мен ғылымды стратегиялық бағыт ретінде тану сапалы және қолжетімді білім беру жүйесін дамытуға, ғылыми зерттеулерді қолдауға, инновациялық экожүйе қалыптастыруға, жастардың зияткерлік әлеуетін арттыруға мемлекеттік жауапкершілікті күшейтеді.
Білімді ұлт – бәсекеге қабілетті мемлекет. Ғылымы дамыған ел – технологиялық тәуелсіз ел. Конституциялық деңгейде білім алудың қолжетімділігі, ғылыми зерттеулерді қолдау, жас ғалымдар мен инновацияға жағдай жасалуы. Бұл тұрғыда мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты ретінде бекітілуі болашақ ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілік екенін мойындауымыз керек. Конституцияға өзгерістер енгізу – жай ғана заңдық процесс емес, бұл ел болашағын қайта ойлау. Алдағы уақытта жүзеге асатын өзгерістер жастардың сапалы білім алуына жаңа мүмкіндіктер ашып, ғылым мен ғылыми зерттеулердің жүйелі түрде дамуына тың серпін береді. Бұл бастамалар білім беру саласының бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, жас ұрпақтың зияткерлік әлеуетін толық іске асыруына жол ашады. Нәтижесінде ойы терең, білім мен ғылымды игерген, заманауи талаптарға бейімделген интеллектуалды ұлт қалыптастыруға берік негіз қаланады.
Білімге салынған әр қадам – мемлекетке салынған ең сенімді инвестиция.
Шынар Жұмағалиева,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ химия және химиялық технология факультеті
Органикалық заттар, табиғи қосылыстар және полимерлер
химиясы мен технологиясы кафедрасының профессоры, химия ғылымының докторы
АТА ЗАҢ – ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІҢ БЕРІК ТҰҒЫРЫ ЖӘНЕ ХАЛЫҚ МҮДДЕСІНІҢ КЕПІЛІ
Қазақстан Республикасының Ата заңы – егемендігіміздің алтын діңгегі, елдігіміздің айнымас компасы. Бұл құжат жай ғана құқықтық нормалардың жиынтығы емес, ол мемлекет пен қоғамның өзара сеніміне негізделген жаңа дәуірдің басты келісімшарты. Бүгінгі таңда Конституциямыздың әрбір бабы елдің тұрақты дамуы мен әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын нығайтуға қызмет етіп келеді.
Конституцияға енгізілген соңғы өзгерістердің ішіндегі ең маңыздысы әрі тарихи мәні бар норма – 6-баптың 3-тармағы. Онда: «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі» деп тайға таңба басқандай жазылған. Табиғи байлық – халықтың ортақ игілігі. Ел байлығының нақты иесі халық екені заң жүзінде бекітілді. Мемлекет бұл ресурстарды халық атынан басқара отырып, олардың тиімді, үнемді және ашық пайдаланылуына тікелей жауапты болады. Табиғи байлық – бүгінгі күннің ғана пайдасы емес, болашақ ұрпақтың да заңды еншісі. Ата заң жердің жеке меншікте болу мүмкіндігін де жоққа шығармайды. Алайда бұл үдеріс қатаң заң шеңберінде, мемлекеттік бақылау мен қоғамдық мүдде тұрғысынан жүзеге асырылады. Мұндай теңгерімді саясат ауыл шаруашылығын дамытуға және кәсіпкерлікке жол аша отырып, ұлттық қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға бағытталған. Ата заңда белгіленген заң үстемдігі, адам құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы – заманауи Қазақстанның басты бағдары. Бүгінгі таңда құқықтық санасы жоғары ұрпақ тәрбиелеу – мемлекеттік маңызы бар міндет. Әрбір азамат өз құқықтарын біліп қана қоймай, Конституция алдындағы өз жауапкершілігін де сезінуі тиіс. Конституция – тәуелсіздігіміздің болаттай берік іргетасы. Оның әрбір тармағы, әсіресе халықтың меншік құқығына қатысты нормалары – әділетті Қазақстанды құру жолындағы батыл қадам. Ата заңды қастерлеу, оның талаптарын мүлтіксіз орындау – мемлекеттігімізді нығайтып, өркениетті көшке бастайтын бірден-бір жол.
Рыскүл Әжіғұлова,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Физикалық химия, катализ және мұнайхимия кафедрасының аға оқытушысы,
химия ғылымының кандидаты
КОНСТИТУЦИЯ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢАРУ БАҒЫТЫ

Конституцияны әзірлеу кең ауқымды қоғамдық және сараптамалық талқылаулармен қатар жүрді. Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Конституциялық комиссия құрамына Парламентте өкілдігі бар барлық саяси партиялардың мүшелері, заңгер-ғалымдар, экономистер, саясаттанушылар, азаматтық қоғам, бизнес, ғылым және мәдениет өкілдері енді. Комиссияның мұндай жан-жақты әрі кәсіби құрамы жаңа Негізгі заң жобасының қоғамның нақты сұранысына негізделуіне мүмкіндік берді.
Конституция заманауи, теңгерімді мемлекет моделіне негізделген. Онда билік тармақтарының тепе-теңдігі күшейтіліп, ұлттық ерекшелік айқындалады. Ең бастысы – Конституцияның өзегіне адам, оның қадір-қасиеті мен құқықтары қойылады. Мемлекет азаматқа қызмет ететін жүйе ретінде қарастырылады. Конституциялық реформаның басты ерекшелігі – оның ашықтығы мен жариялылығы. Комиссия отырыстары тікелей эфирде көрсетіліп, ақпарат әлеуметтік желілер мен арнайы платформалар арқылы халыққа үздіксіз жеткізіліп отырды. Азаматтар eGov және e-Otinish жүйелері арқылы өз ұсыныстарын білдіріп, реформаның мазмұнына тікелей ықпал ету мүмкіндігіне ие болды. Бұл – «Естуші мемлекет» қағидатының нақты іске асуының көрінісі.
Маңызды жаңалықтардың бірі – ұлттық бірегейліктің айқын көрініс табуы. Жаңа Конституцияда Қазақстанның тарихи тәжірибесі, мәдени құндылықтары мен қоғамдық келісім идеясы нақты әрі мазмұнды түрде көрініс табады. Бұл құжатты тек құқықтық акт қана емес, ұлттың болашаққа бағытталған ортақ келісімі ретінде қабылдауға мүмкіндік береді. Қорыта келгенде, Конституция – Қазақстанның посткеңестік басқару үлгісінен заманауи, адамға бағдарланған мемлекетке көшуінің құқықтық негізі. Ол қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтып, елдің тұрақты дамуына, әділетті және ашық мемлекеттік жүйе қалыптастыруға жол ашады.
Назым Елибаева,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Органикалық заттар,
табиғи қосылыстар мен полимерлер химиясы және
технологиясы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD
ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ЖАҢА ӨМІР БАҒДАРЫ

ХХІ ғасыр озық технологиялардың қарқынды дамуымен және жаһандану үдерістерімен ерекшеленеді. Қазіргі қоғам күнделікті өзгерістерге, жаңа информацияны қабылдауға және оны шұғыл таратуға бағытталған қоғам. Осыған орай, қазіргі Қазақстан Республикасы Конституциясының негізгі міндеті – әлемдегі инновациялық үдерістерге қоғамды бейімдеу және ғылым мен техниканың жетістіктерін, жаңа технологияларды енгізу арқылы халықтың хал-ахуалын көтеру.
Білім беру мекемелеріне тиісті өзгерістер туралы жаңа Конституцияның 33-бабында «Білім беру мен тәрбиелеу зайырлы сипатта болады» деп көрсетілген. Бұл баптың маңыздылығы – ол қоғам жаппай цифровизацияға көшкен кезеңде тәрбиеленетін жас ұрпақтың рухани білім деңгейінде ешқандай ауытқулар болмайтынының кепілі.
Алғаш рет жаңа Конституцияда цифрлық ортада азаматтар құқығының қорғалуы бекітілген. Бұл мәселенің өзектілігі күннен-күнге айқындалып келеді.
Ал инновацияларға келетін болсақ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия және химиялық технология факультетінде қасиеттері алдын ала берілген жаңа заттар мен материалдар алуға, қоршаған ортаны: ауаны, суды, топырақты тазартуға, дәрілік, косметикалық заттар, тағамдық жүйелер алуға арналған зерттеулер қарқынды жүріп жатыр. Олардың негізгі орындаушылары – осы факультеттің студенттері, магистранттары, Ph-докторанттары және жас ғалымдары. Бүгінгі жас ғалымдар – ертең ұшқыр идеяларын іске асырып, Қазақстанның мәртебесін көтеретін көшбасшылар.
Сонымен, жаңа Конституция – тәуелсіз мемлекетіміздің адамды, оның өмірін, құқықтарын және бостандығын қорғайтын Негізгі заңы.
Сағдат Тәжібаева,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Аналитикалық, коллоидтық химия және
сирек элементтер технологиясы кафедрасының профессоры
ҰЛТТЫҚ БАСЫМДЫҚТАР ЖҮЙЕСІНДЕГІ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ БІЛІМ

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы мемлекеттің институционалдық жаңаруына және тұрақты дамудың ұзақ мерзімді негіздерін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Бұл тұрғыда білім беру мен ғылым саласындағы конституциялық нұсқауларды елдің әлеуметтік-экономикалық прогресі мен жаһандық трансформациялар жағдайындағы бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторлары ретінде бекіту ерекше маңызды.
Конституция жобасында көрсетілген гуманистік және адамға бағытталған тәсілдің нығаюы ерекше назар аударарлық. Жеке тұлғаны, оның құқықтарын, бостандықтарын және қадір-қасиетін мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде тану тек кадрларды даярлауға ғана емес, сонымен қатар сыни ойлауды, азаматтық жауапкершілікті және қоғамның ғылыми әлеуетін дамытуға бағытталған білім беру жүйесін дамыту үшін нормативтік негіз жасайды.
Конституция жобасы білім беру мен ғылымның қоғамдық игілік және стратегиялық ресурс ретіндегі рөлін нығайтудың маңызды негіздерін қалайды. Осы тұрғыда білім алуға тең қолжетімділік, академиялық бостандық және білім беру мен ғылыми ұйымдардың институционалдық автономиясы қағидаттарын конституциялық тұрғыдан бекіту ерекше маңызды. Бұл ережелер қазіргі халықаралық үрдістерге сәйкес келеді және қазақстандық ғылым мен жоғары білімді жаһандық академиялық кеңістікке біріктіру үшін жағдай жасайды.
Ғылым саясаты тұрғысынан Конституция жобасын тұрақты ғылыми-зерттеу және инновациялық экожүйені қалыптастырудың негізі ретінде қарастыруға болады. Құқықтық кепілдіктерді нығайту, тәуелсіз институттарды дамыту және мемлекеттік басқарудағы сарапшылық білімнің рөлін арттыру ғылымның мемлекеттік саясатты әзірлеу мен енгізудегі маңызды қатысушы ретіндегі институцияландыруына ықпал етеді. Бұл әсіресе стратегиялық шешім қабылдауда дәлелді саясат пен ғылыми сараптаманың маңыздылығының артуын ескере отырып өзекті.
Маңызды аспект – конституциялық түзетулердің университет ғылымының және ғылыми кадрларды даярлау жүйесінің дамуына ықтимал әсері. Автономияны кеңейту, есеп беру және ашықтық қағидаттарын нығайту және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту білім беруді басқаруды орталықсыздандыру және аймақтық деңгейде ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыру үшін қосымша мүмкіндіктер жасайды.
Сонымен қатар білім беру мен ғылымдағы конституциялық ережелерді іс жүзінде іске асыру мемлекеттік саясаттың тұрақтылығына, тұрақты қаржыландыруға, сондай-ақ академиялық мәдениет пен басқарушылық құзыреттілік деңгейіне байланысты болатынын атап өткен жөн. Басымдықтарды нормативтік тану мен оларды жүзеге асырудың нақты тетіктері арасында тұрақты алшақтық қаупі бар, бұл білім беру және ғылыми ортаны реформалауға жүйелі тәсілді қажет етеді.
Жалпы алғанда, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасында білім беру мен ғылымның ұлттық басымдықтар жүйесінде маңыздырақ орын алуына мүмкіндік беретін нормативтік және құндылықтық шеңбер белгіленеді. Оны сәтті іске асыру елдің зияткерлік капиталын дамытуға, ғылыми егемендікті нығайтуға және XXI ғасырдың қиындықтарына жауап беретін тұрақты даму моделін құруға ықпал ете алады.
Клара Мақашева,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Халықаралық қатынастар
және әлемдік экономика кафедрасының профессоры
ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – МЕМЛЕКЕТТІҢ НЕГІЗГІ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫНЫҢ АЙҚЫН КӨРІНІСІ
Жаңа Конституция жобасының преамбуласы мемлекеттің аксиологиялық негізін айқындайтын нормалар жиынтығы ретінде маңызды мәнге ие. Онда ұлттық бірегейлік, мемлекеттіліктің тарихи сабақтастығы, мемлекеттік егемендік пен аумақтық тұтастық қағидалары бекітілген. Сонымен қатар адам құқықтары мен бостандықтарының үстемдігі, этносаралық келісім, орнықты даму, ғылыми-техникалық прогресс, білім беру мен мәдениетті дамыту конституциялық құндылықтар ретінде айқындалады. Бұл преамбула құқықтық мемлекеттің идеологиялық және құндылықтық бағдарын анықтайды.
Аталған бөлімде Қазақстан Республикасының басқару нысаны ретінде Президенттік Республиканың сақталуы конституциялық тұрақтылықтың көрінісі болып табылады. Халықтың егемендіктің бірден-бір қайнар көзі ретінде танылуы халықтық егемендік қағидасының институционалдық көрінісін білдіреді.
Жоба адам құқықтары институтын мазмұндық тұрғыда кеңейтіп, оның құқықтық кепілдіктерін нақтылайды. Жеке және отбасылық өмірге қол сұқпаушылық, ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау, сөз бостандығы, ғылыми және шығармашылық қызмет еркіндігі сияқты жеке құқықтар күшейтілген. Әлеуметтік-экономикалық құқықтар саласында еңбек ету, білім алу, неке және отбасы құру құқықтарының құқықтық регламентациясы нақтыланған. Сонымен бірге экологиялық құқықтар мен азаматтардың қоршаған ортаны қорғау жөніндегі конституциялық міндеттерінің бекітілуі экологиялық конституционализм қағидаларына сай келеді.
Президенттің конституциялық-құқықтық мәртебесіне қатысты нормалар билік тармақтары арасындағы функционалдық тепе-теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған. Бірыңғай өкілеттік мерзімінің белгіленуі легитимділік пен саяси тұрақтылықты арттыру тетігі ретінде қарастырылған.
Құрылтайдың бір палаталы заң шығарушы орган ретінде заң шығару қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған институционалдық реформа болып табылады. Пропорционалды сайлау жүйесінің қолданылуы саяси плюрализм мен өкілді демократия қағидаларын іске асырады. Заң жобаларын көпсатылы (оқылымдар) қарау тетігі нормативтік құқықтық актілердің сапасын арттыруға және құқықтық реттеудегі олқылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Қазақстан Халық Кеңесінің консультативтік-кеңесші орган ретінде бекітілуі қатысушы демократия институттарын дамытуға бағытталған. Бұл орган азаматтық қоғам мен мемлекеттік билік арасындағы коммуникациялық алаң қызметін атқара отырып, қоғамдық бастамаларды институционализациялауға мүмкіндік береді. Оның заң шығару процесіне ұсынымдық ықпал етуі құқықтық мемлекет қағидаларын күшейтеді.
Конституциялық соттың тәуелсіздігін институционалдық тұрғыда нығайту конституциялық бақылау механизмін жетілдіруге бағытталған. Заңдар мен халықаралық-құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тексеру Конституцияның жоғарғы заңдық күші қағидасын қамтамасыз етеді. Судьяларды тағайындау рәсімдерінің ашықтығы мен адвокатураның тәуелсіздігін бекіту сот төрелігінің әділдігі мен құқықтық айқындылықты арттырады.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы конституционализм қағидаларын тереңдетуге, құқықтық мемлекет пен демократиялық институттарды институционалдық тұрғыда нығайтуға бағытталған кешенді құқықтық акт болып табылады. Жоба азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін қалыптастырып, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік пен өзара тежемелік жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді. Жаңа Конституция жобасының кіріспесі мемлекеттің негізгі құндылықтарын айқындауда маңызды рөл атқарады. Онда ұлттық бірегейлік, мемлекеттіліктің сабақтастығы, елдің аумақтық тұтастығы мен бірлігі басты қағидалар ретінде көрініс тапқан. Сонымен қатар адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығы, этносаралық келісім, ғылым мен білімді дамытуға басымдық берілуі қоғамның қазіргі даму талаптарына сай келеді.
Айнұр Аманқұлқызы,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
заң факультетінің азаматтық құқық және
азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасының
аға оқытушысы
ҰЛТТЫҚ ТАҢДАУ ЖӘНЕ ЖАҺАНДЫҚ КОНТЕКСТ
Қазақстан Республикасында жүзеге асырылған конституциялық реформа өзінің ауқымы мен маңызы жағынан ішкі құқықтық жаңарумен ғана шектелмей, қазіргі заманғы конституционализмнің жаһандық даму үрдістерімен сабақтас стратегиялық таңдау ретінде көрініс табады. Салыстырмалы құқық пен халықаралық тәжірибе тұрғысынан қарай отырып, атап өту қажет: Қазақстан демократиялық қағидаттарды формалды түрде көшіруді емес, оларды елдің тарихи, әлеуметтік және мәдени ерекшеліктеріне бейімдей отырып енгізуді мақсат еткен институционалдық жаңғыру кезеңіне қадам басты.
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, XXI ғасырдағы мемлекеттің орнықтылығы биліктің шектен тыс шоғырлануымен емес, институттардың сапасымен, шешім қабылдау үдерістерінің ашықтығымен және тиімді есептілік тетіктерімен айқындалады. Осы тұрғыда Қазақстандағы конституциялық реформа билікті тұлғалық модельдерден институционалдық тұрғыдан кемелденген, тепе-теңдік пен өзара бақылауға негізделген басқару жүйесіне көшірудің жалпыәлемдік үрдісін бейнелейді. Парламенттің рөлін күшейту, өкілеттіктерді қайта бөлу, конституциялық бақылауды дамыту — мұның барлығы дамыған демократиялық мемлекеттердің тәжірибесімен үндес қадамдар.
Конституциялық әділет институтын қайта қалпына келтіру және азаматтардың өз конституциялық құқықтарын қорғауға тікелей қол жеткізу мүмкіндігін кеңейту ерекше мәнге ие. Халықаралық құқық доктринасында тиімді конституциялық сот құқықтық мемлекеттің «жүрегі» ретінде қарастырылады, өйткені ол Конституцияның үстемдігін тек теорияда ғана емес, іс жүзінде де қамтамасыз етеді. Азаматтардың Конституциялық Сотқа тікелей жүгіну құқығы адамның конституциялық құқықтық қатынастардың пассивті объектісі емес, белсенді субъектісі ретінде танылғанын білдіреді.
Реформаның құндылықтық өлшемі де аса маңызды. Қазіргі заманғы конституционализм адам қадір-қасиетіне, инклюзивтілікке және әлеуметтік әділеттілікке барған сайын көбірек бағдарлануда. Осы контексте Қазақстан Конституциясының жаңартылуын құқықтар мен бостандықтар қосалқы элемент емес, бүкіл құқықтық жүйенің іргетасы ретінде танылатын, мемлекеттің гуманистік даму бағытын нығайтуға бағытталған қадам деп бағалауға болады.
Сонымен қатар, халықаралық тәжірибе тағы бір маңызды шындықты көрсетеді: конституциялық реформа — бұл бір сәттік нәтиже емес, үздіксіз үдеріс. Конституцияның мәтіні бағыт-бағдар береді, алайда нормалардың нақты мазмұны құқық қолдану тәжірибесі, сот практикасы, ғылыми талдау және қоғамдық диалог арқылы қалыптасады. Осы кезеңде заңгерлік қауымдастықтың, университеттердің және сараптамалық ортаның рөлі айрықша, өйткені дәл осы орта жаңа конституциялық ережелерді сапалы түсіндіру мен оларды ұлттық құқықтық практикаға енгізуді қамтамасыз етеді.
Халықаралық академиялық ортадағы оқу және зерттеу тәжірибесі көрсеткендей, ең табысты реформалар ашық сындарлы талдаумен, пәнаралық тәсілмен және ұлттық шешімдерді үздік әлемдік тәжірибемен үнемі салыстырып отыру арқылы жүзеге асады. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстандағы конституциялық реформа жаңа құқықтық мүмкіндіктермен қатар, интеллектуалдық өсуге, институционалдық үйренуге және мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға кеңістік ашады.
Ұзақ мерзімді перспективада дәл осындай терең ойластырылған, құндылықтарға негізделген және институционалдық тұрғыдан орнықты Конституцияны жаңарту Қазақстанның тұрақты дамуының, құқықтық тұрақтылығының және заманауи құқықтық мемлекет ретіндегі халықаралық беделінің берік іргетасына айналуға қабілетті.
Акмарал Сманова,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және
әкімшілік құқық кафедрасының ассистент-профессоры,
заң ғылымдарының кандидаты.
ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖҮИЕНІ ЖАҢҒЫРТУДЫҢ МАҢЫЗДЫ КЕЗЕҢІ
Елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар елдің құқықтық жүйесін жаңғыртудағы маңызды кезеңге айналды. Жаңа Конституция қылмыстық құқық саласына тікелей өзгерістер енгізілмесе де, қылмыстық саясаттың бағытын түбегейлі өзгертетін бірқатар маңызды қағидаттарды бекітті. Бұл өзгерістер ең алдымен адам құқықтарын қорғауды күшейтуге және әділ сот төрелігін қамтамасыз етуге бағытталған.Жаңа Ата заңдағы ең маңызды жаңалықтардың бірі – өлім жазасына түпкілікті тыйым салынуы. Бұл шешім адам өмірін ең жоғары құндылық ретінде танитын гуманистік ұстанымды айқын көрсетеді. Қазақстан осылайша халықаралық адам құқықтары стандарттарына толық сай келетінін дәлелдеді. Сонымен қатар, Конституцияда адамның қадір-қасиеті мен өмір сүру құқығының мызғымастығы нақты бекітілді. Азаптауға, қатыгез немесе ар-намысты қорлайтын әрекеттерге ешқандай жағдайда жол берілмейтіні атап көрсетілді. Бұл құқық қорғау органдарының қызметіне қатаң талап қойып, тергеу барысында заңсыздыққа жол бермеуге бағытталған.
Маңызды өзгерістердің қатарында кінәсіздік презумпциясының күшейтілуі де бар. Әрбір азаматтың кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен дәлелденбейінше, ол кінәсіз деп есептеледі. Заңсыз жолмен алынған дәлелдемелерді пайдалануға тыйым салу әділ сот қағидатын нығайта түсті.Сондай-ақ, адвокатураның рөлі артып, азаматтардың кәсіби заң көмегіне қол жеткізу мүмкіндігі кеңейді. Бұл қылмыстық процестегі тараптардың теңдігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Айрықша атап өтерлік жаңалық азаматтар өз құқықтары мен бостандықтарын шектейтін қылмыстық заң нормаларының Конституцияға сәйкестігін тікелей осы сотта даулауға мүмкіндік алды. Бұл қылмыстық заңнаманы жетілдірудің тиімді тетігіне айналмақ.
Қазақстанның Жаңа Конституциясы қылмыстық процесте адам құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған бірқатар маңызды жаңалықтарды енгізді. Солардың ішінде ерекше мәнге ие норма – Миранда ережесінің конституциялық деңгейде бекітілуі. Бұл өзгеріс азаматтардың құқықтық қорғалуын арттырып, құқық қорғау органдарының қызметіне жаңа талаптар қойды.
Миранда ережесінің мәні – ұсталған немесе күдікті деп танылған әрбір адамға оның құқықтары дереу әрі түсінікті түрде түсіндірілетіндігі. Жаңа Конституцияға сәйкес, адам ұсталған сәттен бастап: өзіне тағылған күдік туралы білуге; өзіне қарсы куәлік бермеуге; адвокаттың көмегін пайдалануға; үнсіз қалуға толық құқылы.
Ең бастысы – бұл құқықтар азаматқа оның мәртебесі ресми бекітілмей тұрып-ақ, яғни алғашқы байланыс кезінде-ақ хабарлануы тиіс. Егер бұл талап сақталмаса, алынған түсініктемелер мен айғақтар заңсыз дәлелдеме ретінде танылуы мүмкін.
Жаңа Конституцияда бекітілген Миранда ережесі қылмыстық процестегі психологиялық қысымға, заңсыз мойындатуға және тергеу кезіндегі асыра сілтеушілікке тосқауыл қоюды көздейді. Бұрын азаматтар өз құқықтарын білмегендіктен немесе дер кезінде адвокат шақыру мүмкіндігі болмағандықтан, заң алдында әлсіз жағдайда қалатын. Енді бұл тәжірибеге конституциялық деңгейде шектеу қойылды.
Бұл норма кінәсіздік презумпциясын нақтылай түседі. Яғни адам өзіне қарсы куәлік беруге міндетті емес, ал үнсіздігі оның кінәсін мойындау ретінде бағаланбайды. Бұл – құқықтық мемлекетке тән маңызды қағидат.
Миранда ережесінің Конституцияға енгізілуі Қазақстанның қылмыстық саясатының жазалаушы модельден құқыққорғаушы, гуманистік модельге бет бұрғанын көрсетеді. Сонымен қатар, бұл өзгеріс халықаралық адам құқықтары стандарттарына толық сай келеді.
Қорыта айтқанда, Жаңа Конституциядағы Миранда ережесі — азаматтың мемлекетпен қарым-қатынасындағы теңсіздікті азайтып, әділ сот төрелігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды құқықтық кепіл. Бұл норма әрбір қазақстандықтың өз құқығын білуіне және оны қорғауына нақты мүмкіндік береді.
Гүльзағира Атаханова,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
заң факультетінің қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және
криминалистика кафедрасының профессоры
МИРАНДА ЕРЕЖЕСІНІҢ МӘНІ ТУРАЛЫ
Қазіргі заманғы демократиялық мемлекеттердің қылмыстық сот ісін жүргізу жүйесі адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының басымдығы қағидатына негізделеді. Бұл қағидат мемлекеттің қылмыстық қудалау саласындағы қызметі кезінде тұлғаның ар-намысы мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін тиімді процессуалдық кепілдіктердің болуын талап етеді. Осы тұрғыда қылмыстық процесс тек қылмысты ашу мен кінәлілерді жауапкершілікке тарту құралы ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік биліктің шектелуін және тұлға құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ететін құқықтық механизм ретінде қарастырылады.
Мемлекеттің мәжбүрлеу өкілеттіктерінің кеңдігі қылмыстық іс жүргізу барысында тұлға құқықтарының бұзылу қаупін арттырады. Әсіресе ұсталған немесе күдікті мәртебесіне ие тұлғаларға қатысты жүргізілетін тергеу әрекеттері кезінде заңсыз психологиялық немесе процессуалдық қысым көрсету ықтималдығы жоғары болады. Осыған байланысты қылмыстық сот ісін жүргізуде тұлғаны заңсыз ықпал етуден қорғауға бағытталған процессуалдық кепілдіктердің маңызы ерекше арта түседі.
Осындай кепілдіктердің ішіндегі ең танымал әрі тұжырымдамалық тұрғыдан маңыздысы Америка Құрама Штаттарының Жоғарғы сотының сот практикасы арқылы қалыптасқан Миранда ережесі болып табылады. Аталған ереже қылмыстық іс жүргізу барысында тұлғаның үндемеу құқығын, өзін-өзі әшкерелеуге мәжбүрлеуге тыйым салу қағидатын және қорғауға құқықты нақты іске асырудың тиімді тетігі ретінде танылды. Миранда ережесі қылмыстық процесс қатысушыларының құқықтық мәртебесін айқындауда және дәлелдемелердің жарамдылығын бағалауда шешуші рөл атқарады. Сонымен қатар құқықтық жүйелердің жаһандануы жағдайында Миранда ережесін басқа мемлекеттердің, оның ішінде Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасымен салыстырмалы-құқықтық тұрғыда талдау ерекше ғылыми және практикалық қызығушылық тудырады. Мұндай талдау ұлттық қылмыстық процесті жетілдірудің ықтимал бағыттарын айқындауға, сондай-ақ тұлға құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтуге мүмкіндік береді.
1. Миранда ережесінің қалыптасуының тарихи-құқықтық алғышарттары
Миранда ережесі 1966 жылы АҚШ Жоғарғы сотының Miranda v. Arizona ісі бойынша шығарған шешімінің нәтижесінде қалыптасты. Аталған істе сот айыпталушыдан оның процессуалдық құқықтары түсіндірілмей алынған мойындау көрсетулері АҚШ Конституциясының өзін-өзі әшкерелеуге тыйым салатын Бесінші түзетуіне қайшы келеді деп таныды. Сот полиция тарапынан жүргізілетін жауап алу барысында тұлғаға психологиялық қысым көрсетілуі мүмкін екенін және мұндай жағдайларда алынған көрсетулер ерікті сипатта болмауы ықтимал екенін атап өтті. Осыған байланысты құқық қорғау органдары жауап алуды бастамас бұрын тұлғаға оның негізгі құқықтарын міндетті түрде түсіндіруі тиіс деген талап бекітілді. Бұл талапты бұзу дәлелдемелердің жол берілмейтіндігіне әкеледі.
2. Миранда ережесінің ұғымы мен мазмұны
Миранда ережесі — бұл ұсталған тұлғаға жауап алу басталғанға дейін міндетті түрде түсіндірілетін процессуалдық құқықтар кешені. Классикалық Миранда ескертуінің мазмұнына мыналар кіреді: үндемеу құқығы; берілген кез келген жауаптардың сотта тұлғаға қарсы пайдаланылуы мүмкін екендігі туралы ескерту; жауап алу кезінде адвокаттың көмегін пайдалану құқығы; қаржылық мүмкіндігі болмаған жағдайда мемлекет есебінен адвокатпен қамтамасыз етілу құқығы. Ереженің маңызды элементі — тұлғаның аталған құқықтардан саналы әрі ерікті түрде бас тартуының болуы. Мұндай бас тарту болмаған жағдайда жауап алу нәтижелері заңдық тұрғыдан күмәнді болып саналады.
3. Миранда ережесінің құқықтық табиғаты мен маңызы
Миранда ережесінің құқықтық табиғаты конституциялық-процессуалдық сипатқа ие. Ол өзін-өзі әшкерелеуге мәжбүрлеуге тыйым салу қағидатын іске асыру тетігі болып табылады және алынатын дәлелдемелердің еріктілігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Миранда ережесінің практикалық маңызы мынадай аспектілерде көрініс табады: қылмыстық қудалаудың жария мүдделері мен тұлғаның жеке құқықтары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету; дәлелдемелердің жол берілетіндігі стандарттарын қалыптастыру; құқық қорғау органдарының дискрециялық өкілеттіктерін шектеу; қылмыстық сот ісін жүргізудің заңдылығы мен легитимділігін арттыру. Ереже бұзылған жағдайда алынған мойындау көрсетулері дәлелдемелер қатарынан шығарылып, істің нәтижесіне тікелей әсер етеді.
4. Миранда ережесін қолданудың ерекшеліктері мен шектеулері
Миранда ережесінің іргелі сипатына қарамастан, АҚШ сот практикасы белгілі бір шектеулі жағдайларда оны қолданбауға жол береді. Соның ішінде ең белгілісі — қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты ерекшелік (public safety exception), яғни азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төнген жағдайда алдын ала ескерту жасалмауы мүмкін. Алайда мұндай ерекшеліктер қатаң түрде шектелген және сот тарапынан мұқият бағалауға жатады, бұл өз кезегінде тұлға құқықтарының басымдығын көрсетеді.
5. Салыстырмалы-құқықтық аспект және Қазақстан Республикасы үшін маңызы
Миранда ережесі англосаксондық құқықтық жүйенің өнімі болғанымен, оның негізгі идеялары көптеген мемлекеттердің қылмыстық іс жүргізу заңнамаларынан көрініс тапты. Қазақстан Республикасында да ұқсас кепілдіктер Конституцияда және Қылмыстық-процестік кодексте бекітілген, олар тұлғаның өзіне қарсы куәлік бермеу құқығын, қорғауға құқығын және ұсталған кезде құқықтарын міндетті түрде түсіндіруді көздейді. Салыстырмалы талдау Миранда ережесін ұлттық қылмыстық процесті одан әрі жетілдіруге ықпал ететін үлгілік стандарт ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
Зерттеу нәтижелері Миранда ережесінің адам құқықтарын қорғау саласындағы сот практикасының ең маңызды әрі іргелі жетістіктерінің бірі екенін дәлелдейді. Аталған ереже қылмыстық сот ісін жүргізу барысында тұлғаның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің тиімді процессуалдық тетігі ретінде қалыптасып, өзін-өзі әшкерелеуге мәжбүрлеуге тыйым салу қағидатын нақты іске асыруға мүмкіндік береді. Миранда ережесінің құқықтық мәні, ең алдымен, алынатын көрсетулердің еріктілігін қамтамасыз етуімен және құқық қорғау органдары тарапынан тұлғаға заңсыз психологиялық немесе процессуалдық ықпал ету жағдайларының алдын алуымен айқындалады.
Бұл ереже дәлелдемелердің жол берілетіндігін бағалаудың маңызды критерийіне айналып, қылмыстық қудалау органдарының қызметін құқықтық шектеулер шеңберінде жүзеге асыруына ықпал етеді. Сонымен қатар Миранда ережесі қылмыстық процесс барысында жария мүдделер мен тұлғаның жеке құқықтары арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған әмбебап құқықтық құрал ретінде танылады. Оның қолданылуы әділ сот талқылауы қағидатын нығайтып, қылмыстық сот ісін жүргізудің заңдылығы мен легитимділігін арттыруға ықпал етеді. Миранда ережесінің маңызы АҚШ-тың ұлттық құқықтық жүйесінің шеңберінен шығып, халықаралық деңгейде адам құқықтарын қорғау стандарттарының қалыптасуына елеулі ықпал етті. Аталған ереженің негізгі идеялары көптеген мемлекеттердің қылмыстық іс жүргізу заңнамаларында, соның ішінде Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасында көрініс тапты. Бұл өз кезегінде қылмыстық сот ісін жүргізу жүйесін одан әрі жетілдіруде салыстырмалы-құқықтық зерттеулердің маңыздылығын көрсетеді. Қорытындылай келе, Миранда ережесін теориялық және практикалық тұрғыда зерделеу қылмыстық сот ісін жүргізуде тұлға құқықтарын қорғаудың тиімді механизмдерін дамытуға, сондай-ақ ұлттық құқықтық жүйелердің халықаралық құқықтық стандарттарға сәйкестігін арттыруға бағытталған ғылыми зерттеулер үшін маңызды негіз болып табылады.
Ғалым Телеуов,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
қаржы және экологиялық құқық кафедрасының
аға оқытушысы, PhD докторы
БОЛАШАҚҚА БАҒЫТТАЛҒАН РЕФОРМА
Ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасы – Қазақстанның қалыптасқан, жауапты және болашаққа бағдарланған мемлекет екенін айқын көрсететін құжат. Бұл жоба ел дамуының жаңа философиясын, қоғам мен билік арасындағы жаңартылған қоғамдық келісімді бекітуге бағытталған.
Преамбулада ұлттық құндылықтар, тарихи сабақтастық, Ұлы дала өркениетімен байланыс, мемлекеттің унитарлық сипаты, аумақтық тұтастығы мен шекарасының мызғымастығы нақты айқындалған. «Әділетті Қазақстан», «Заң және тәртіп» қағидаттары, адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығы, этносаралық және конфессияаралық келісім – қоғам тұрақтылығының өзегі ретінде белгіленген. Білім, ғылым, инновация және экология болашақ дамудың негізгі басымдықтары ретінде танылған.
Конституциялық құрылыстың негіздері бөлімі мазмұндық тұрғыда күшейтілді. Қазақстанның басқару нысаны нақты түрде президенттік республика деп айқындалды. Суверенитеттің жалғыз иесі әрі мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі – халық екені конституциялық деңгейде бекітілді. Суверенитет, тәуелсіздік, унитарлық құрылым, аумақтық тұтастық пен басқару нысанының өзгермейтіндігі негізгі қағида ретінде орнықты.
Адам құқықтары, бостандықтары мен міндеттері жүйелі түрде қайта қаралды. Өмір сүру құқығы абсолютті әрі ажырамас құқық ретінде танылды. Жеке өмірге қол сұқпаушылық, дербес деректерді қорғау, цифрлық коммуникациялардың құпиялылығы күшейтілді. Презумпция невиновности негізгі құқықтар қатарына енгізілді. Сонымен қатар экологияны қорғау – әрбір азаматтың конституциялық міндеті ретінде бекітілді.
Президент институты жаңаша мазмұн алды. Вице-Президент лауазымы енгізіліп, биліктің сабақтастығы мен тұрақтылығы қамтамасыз етіледі. Президенттің өз еркімен отставкаға кету мүмкіндігі Конституциялық Сот арқылы бекітілді. Президенттік өкілеттіктердің легитимділігі мен жауапкершілігі күшейтілді.
Парламенттің орнына Курултай құрылып, бір палаталы, партиялық негіздегі өкілді орган қалыптасты. Заң шығару процесінде үш оқылым міндетті болып, заңдардың сапасы мен құқықтық анықтығы артады.
Қазақстан Халық Кеңесі – жаңа консультативтік орган ретінде енгізіліп, ол қоғам мен мемлекет арасындағы диалогты нығайтуға, заң шығару бастамаларын ұсынуға және референдум өткізуге бастамашылық етуге мүмкіндік алады.
Конституциялық Соттың мәртебесі күшейтіліп, Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін тәуелсіз орган ретінде бекітілді. Оның шешімдерінің құқықтық салдары нақты айқындалды.
Конституцияға өзгерістер енгізу тәртібі түбегейлі жаңартылды: енді кез келген түзету тек жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданады. Бұл – халықтың еркін ең жоғары деңгейде мойындаудың айқын көрінісі.
Жалпы алғанда, жаңа Конституция жобасы – әділетті, құқық үстемдігіне негізделген, жауапты әрі болашақ ұрпақ алдындағы міндетін сезінетін мемлекеттің берік іргетасы. Бұл құжат Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуына бағытталған стратегиялық бағдар болып табылады.
Жанар Карашева,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
заң факультетінің азаматтық құқық және
азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы
кафедрасының PhD докторы
КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМАЛАР ТЫҢ БАСТАМАҒА ТОЛЫ
Егемен еліміздің тұңғыш Конституциясы 1993 жылы қабылданды. Бұдан кейін уақыт сұранысына орай қазіргі Конституция бүкілхалықтық референдуммен 1995 жылы қолданысқа енді. Содан бері бірнеше рет өзгертіліп толықтырылған Конституцияның кіріспе мен 11 бөлімнен, 95 баптан тұратын жаңа нұсқасы ел талқысына ұсынылды.
Жалпы айтқанда, жаңа Конституция адам құқықтарына бағдарлануымен құнды. Олай дейтініміз, мұнда адам құқықтары мен бостандықтарының маңызы арттырылған. Заң мен Тәртіп, Әділдік, экологияны сақтау қағидаттары конституциялық деңгейде бекітіліп, мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі әрі егемендіктің иесі – Қазақстан халқы екені нақты көрсетілді.
Жаңа жобада білім мен ғылымның, мәдениеттің, инновациялардың маңызына ерекше мән берілген. Бұл өз кезегінде Мемлекеттің болашағы минералдық ресурстарға ғана емес, адами капиталға, сондай-ақ, азаматтардың жетістіктеріне тікелей байланысты екенін айқындайды. Осы құжатпен қос немесе көп азаматтығы бар адамдарды Қазақстан азаматтығынан айыру ұсынылған.
Азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау нормасының, сонымен қатар, білім,тәрбие беру жүйелерінің зайырлы сипатының Конституцияда көрініс табуын, дін мен мемлекет аражігінің нақты ажыратылуын заман талабына сай енгізіліп отырған жаңашылдық ретінде бағалауға болады.
Халық талқысына ұсынылған жобада Құрылтай және Қазақстанның Халық Кеңесі органынқұру көзделген. Құжаттың 52-бабының 1-бөлігінде нақтыланғандай, Қазақстан Республикасының Құрылтайы – Қазақстан Республикасының заң шығару билігiн жүзеге асыратын ең жоғары өкiлдi орган. Оның құрамы 145 депутаттан жасақталады. Құрылтайдықұруда пропорционалды сайлау жүйесі қолданылып, ондағы депутаттар бес жылға сайланады.
Тағы бір жаңашылдық, ел Президенті қызметінен өз еркімен кетсе немесе қайтыс болса жеті күнде сайлау жарияланып, ол екі ай ішінде өткізілуі керек.
Халық Кеңесі заң шығару құқығына ие, қазақстандықтардың мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган болады. Оның құрылуы мен өкілеттігі, құрамы, қызметі конституциялық заңмен айқындалады.
Жобаға сәйкес, елімізде вице-президент лауазымын енгізу көзделген. Қазақстанның вице-президентін депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен Құрылтай келісімімен Президент тағайындайды.
Адвокатураның, яғни, адвокаттық қызметті жүзеге асыру тәртібінің Конституцияға арнайы баппен енгізілуі де тың жаңалық.
Конституция жобасында көрсетілген өзгерістер халық игілігіне бағытталған. Сондықтан, олардың қабылдануы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының әділ қорғалуына, мемлекетіміздің озық елдер қатарынан көрінуіне жол ашарына кәміл сенімдіміз.
Нұрайша Темірболат,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
заң факультеті, қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және
криминалистика кафедрасының аға оқытушысы, з.ғ.к.
БӘРІ ДЕ ЕЛ МҮДДЕСІ ҮШІН
Ұсынылып отырған Конституция жобасы мемлекеттің даму философиясында түбегейлі бетбұрысты көрсетеді. Атап айтқанда құжатта адам құқықтары мен бостандықтарының ең жоғары құндылық ретінде айқындалуы, білім мен ғылымға, инновация мен адами капиталға басымдық берілуі қазіргі заман талаптарына толық сәйкес келетін стратегиялық шешімдер деп санаймын. Бұл ұстанымдар мемлекетті тек басқару құрылымы ретінде емес, күрделі әрі ашық әлеуметтік-ғылыми жүйе ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
Физика ғылымында кез келген жүйенің тұрақтылығы оның ішкі құрылымының үйлесімділігі мен басқару қағидаттарының анықтығына байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, Конституция жобасында «Әділеттілік», «Заң мен тәртіп», «Жауапкершілік» сияқты қағидаттардың конституциялық деңгейде бекітілуі қоғамның институционалдық тұрақтылығын арттырады. Бұл – ғылыми ойлау мәдениеті, академиялық адалдық және сапалы білім беру ортасын қалыптастыру үшін маңызды негіз.
Университеттің аға оқытушысы ретінде мені ерекше қызықтыратын бағыттардың бірі – Конституция мәтінінде білім мен ғылымның мемлекеттің басты даму факторы ретінде айқындалуы. Бұл норма жоғары білім беру жүйесінің рөлін күшейтіп қана қоймай, университеттерді тек білім таратушы емес, ғылыми-зерттеу және инновациялық орталықтар ретінде дамытуға құқықтық алғышарт жасайды. Қазіргі физика саласы пәнаралық байланыстарға, цифрлық технологияларға және зерттеудің жаңа әдістеріне сүйенетінін ескерсек, мұндай көзқарас стратегиялық тұрғыдан өте өзекті.
Сонымен қатар Конституция жобасында цифрлық ортадағы құқықтарды қорғау туралы норманың енгізілуі ғылыми және білім беру саласы үшін аса маңызды. Цифрлық білім беру, қашықтан оқыту, деректерге негізделген зерттеулер дәуірінде азаматтардың, соның ішінде оқытушылар мен зерттеушілердің цифрлық құқықтарының қорғалуы – сапалы білім мен ғылым дамуының ажырамас бөлігі.
Тағы бір маңызды аспект – табиғатқа ұқыпты қарау қағидатының Конституция деңгейінде бекітілуі. Физика мен техникалық ғылымдар энергия, экология, климат мәселелерімен тікелей байланысты. Бұл норма болашақта ғылыми негізделген экологиялық саясатты, жасыл технологияларды және орнықты дамуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда, ҚР жаңа Конституциясы жобасын елдің мүддесі үшін еңбек етуді мақсатқа айналдырған, ғылыми негізделген, болашаққа бағдарланған және білім мен ғылымды дамытуды көздейтін стратегиялық құжат деп бағалаймын. Ол жоғары білім беру жүйесінің әлеуетін арттырып, ғылым мен инновацияны ұлттық дамудың негізгі тірегіне айналдыруға құқықтық негіз қалайды. Бұл өз кезегінде Қазақстанның зияткерлік және технологиялық бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді деп сенемін.
Гүлбану АБДРАМАНОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ физика-техникалық факультеті
Теориялық және ядролық физика кафедрасының аға оқытушысы