- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯСЫНЫҢ ЖОБАСЫНА ҚАТЫСТЫ ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ-ДЫҢ ОҚЫТУШЫ-ПРОФЕССОРЛАР ҚҰРАМЫНЫҢ ПІКІРІ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯСЫНЫҢ ЖОБАСЫНА ҚАТЫСТЫ ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ-ДЫҢ ОҚЫТУШЫ-ПРОФЕССОРЛАР ҚҰРАМЫНЫҢ ПІКІРІ
ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӨРКЕНДЕУІНЕ БАҒЫТТАЛҒАН ТАРИХИ ҚАДАМ

Қазақстан Республикасының жарияланған жаңа Конституциясының жобасында егемендік пен тәуелсіздік, унитарлық, аумақтық тұтастық ешқашан өзгермейтін құндылықтар қатарына жатқызылды. Конституция жобасында Қазақстан Республикасы – унитарлы мемлекет.
Басқару нысаны – президенттік республика деп тұжырымдалды. Жобада ұсынылған жаңашылдықтар мемлекеттіліктің конституциялық негіздерін одан әрі күшейте түседі. Егемендік пен тәуелсіздікті қорғау, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқатын арттыру, қоғамдық диалогты дамыту, білім құндылықтарын бекіту, төл мәдениетті қолдау, тарихи-мәдени мұраны сақтау, жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру қағидаттары мемлекеттің негізгі әрі мызғымас құндылықтары ретінде бекітілді.
Жаңа Конституция жобасының басты басымдықтарының бірі – Қазақстан Республикасы адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп айқындауында. Конституцияның жаңа редакциясында цифрландыру үдерістерін жеделдету, ғылыми зерттеулерді дамыту, адами капиталдың сапасын арттыру елдің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін шешуші факторлар ретінде айрықша атап өтілген. Бұл бағыттар жоғары білім беру ұйымдары мен ғылыми мекемелердің жауапкершілігін арттырып, білімге, ғылымға және инновацияға негізделген жаңа Қазақстанды өркендету жолындағы тарихи қадам болып табылады.
Жәния Ешова,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
химия және химиялық технология факультетінің
Физикалық химия, катализ және мұнайхимия кафедрасының доценті
КОНСТИТУЦИЯ – ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫН АНЫҚТАЙТЫН БАСТЫ ҚҰЖАТ

Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының алғашқы жобасы преамбуладан, 11 бөлім және 95 баптан тұрады. Құжатта көбіне 77 бапқа көптеген өзгерістер енгізілген. Жаңа преамбулада адам құқықтары мен бостандықтарына ерекше мән беріліп, ең басты құндылық екендігі айқындалады. Ел қызметінің стратегиялық дамуы ретінде адам капиталы, білім, мәдениет, ғылым және инновациялық дамыту белгіленген. Бұл стратегиялық даму саясаты аясында химия ғылымын дамыту, ғылыми-зерттеу қызметін жетілдіру, инновациялық технологияларды енгізу және жоғары білікті кадрлар даярлау негізгі басым бағыттар екендігі айқындалады.
Жаңа Ата заң жобасы еліміздің егемендігін нығайтып, мемлекеттік құрылымның дамуына бағытталатын маңызды қадам. Жаңа жобаны жүзеге асыруға әзірлеу барысында ҚР азаматтарының, саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдардың және сарапшылардың ұсыныстары ескерілген. Жаңа Конституцияның артықшылығы – бірнеше депутаттан, кеңейтілген өкілеттіліктерге ие бірпалаталы жаңа Парламент – Құрылтайдың құрылатындығында. Бұл саяси күштердің қоғам алдындағы жауапкершіліктерін күшейтуге және нығайтуға ықпал етеді.
Қазақстанның идеясы мен заңдағы тәртіп қағидаларын қатаң ұстанған жаңа Конституция жобасының құрылымы және басты бағыттары мен өзгерістері қоғамдық талқылаулардан өтіп, қоғамды дамытуға, әділеттілікті нығайтуға ықпал ететіндігіне негіз болатын маңызды бастама деп бағалаймын.
Назгүл Далабаева,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Жалпы және бейорганикалық химия
кафедрасының аға оқытушысы,
химия ғылымының кандидаты
ЖАҢАРТЫЛҒАН КОНСТИТУЦИЯ – ӘДІЛЕТТІ ЖӘНЕ ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ҚОҒАМНЫҢ НЕГІЗІ

Жаңартылған Конституция қоғамның әділеттілікке, ашықтыққа және демократиялық құндылықтарды нығайтуға деген ұмтылысын көрсетеді. Конституция адам құқықтары, заңның үстемдігі және әлеуметтік әділеттілік басымдық болып табылатын неғұрлым әділ және теңдестірілген саяси жүйені әрі қарай қалыптастыруға бағытталған. Енгізілген өзгерістер сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайтуға, азаматтық қоғамды дамытуға және мемлекет пен халық арасындағы сенімді арттыруға жағдай жасайды.
Жаңартылған Конституция Қазақстанның құқықтық және демократиялық мемлекет ретінде одан әрі дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады деп санаймын. Бұл өзгерістердің сәттілігі көбінесе біздің жалпы жауапкершілігімізге, белсенді азаматтық ұстанымымызға және ел заңдарын құрметтеуге байланысты болады.
Жаңа Конституция сонымен қатар азаматтардың елдің қоғамдық және саяси өміріне белсенді қатысуының маңыздылығын көрсетеді. Ол азаматтық бастаманы дамытуға, қоғам мен мемлекет арасындағы диалогты нығайтуға, сондай-ақ маңызды шешімдер қабылдауда халықтың рөлін арттыруға жағдай жасайды. Жетілген және жауапты азаматтық қоғамды қалыптастыру ұзақ мерзімді перспективада конституциялық реформаларды табысты іске асырудың, демократиялық институттарды нығайтудың және Қазақстан Республикасының орнықты дамуының негізгі факторына айналады.
Сәуле Көпешова,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Экономика және бизнес жоғары мектебі
Менеджмент кафедрасының доценті, э.ғ.к.
ӨРКЕНИЕТТІ ӨРІСІМІЗДІҢ НЕГІЗІ

Қазір таңда әлем үлкен өзгерістер үстінде. Ғаламдық геосаяси жағдайы бұрын болып көрмеген қайшылықтар мен жаңа үдерістердің топанына толып жатыр. Дәл осындай кезеңде Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатындағы сындарлы бағдарламасын айқындаудың бірден бір жолы мемлекеттің Атазаңын қайта қарап, жетілдіру екені айдан анық түсінікті болып отыр. Ол ең әуелі мемлекеттің қауіпсіздігі мен қоғамдағы саяси- әлеуметтік тұрақтылықты нығайтудың кепілі. Конституцияның жаңа жобасында айқындалған, нақтылаған баптар жетерлік. Соның ішінде адам капиталын, білім, ғылым инновацияларын жетілдіре дамытудың стратегиялық негізгі бағыттары жақсы сараланған екен. Әлемдік заңдық- құқықтық нормативтерді басшылыққа ала отырып, білім мен ғылымның әлеуетін арттыру, білім экономикасын жетілдіру, ғылыми технологияларды іске қосу, интеллектуалдық мүмкіндіктерді, зияткерлік меншікті қорғау секілді өзекті мәселелерге мән берілген. Білім мен ғылымның дамуы – Қазақстанның өркениетті өрісінің негізі болып қала бермек.
Ерболат БАЯТ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Түркітану және тіл теориясы»
кафедрасының аға оқытушысы, PhD
ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ЖӘНЕ САЯСИ РЕФОРМАЛАРҒА СЕРПІН БЕРІЛДІ

Елімізде жалпы халықтық референдум арқылы қабылданғалы жатқан жаңа Конституция елеулі өзгерістердің бастамасы болғалы тұр. Бұл құжат мемлекет дамуының жаңа кезеңін айқындап, саяси жүйені жаңғыртуға, билік тармақтарының тиімді жұмыс істеуіне және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Бұрынғы екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Парламент құрылмақ. Бұл Парламентке «Құрылтай» атауын беру ұсынылды. «Құрылтай» атауы ғасырлар қойнауынан бастау алатын түркі және моңғол тектес халықтардың тағдырлы шешімдер қабылдау үшін жиналатын ру-тайпалардың келелі кеңесін білдіреді. Яғни, бұл атау тарихи сабақтастықты сақтап қана қоймай, халықтың бірлігі мен ынтымағын айқындайтын рәміздік мәнге ие.
Ал бұрынғы төменгі палата «Мәжіліс» деп аталған еді. Бұл сөз араб тілінен түркі тілдеріне енген, мағынасы – «жиналыс». Жаңа құрылымның енгізілуі мемлекеттік басқару жүйесін ықшамдап, шешім қабылдау үдерісін жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Елімізде бір палаталы Парламенттің қабылдануы арқылы заң шығару үдерісі жеделдей түседі. Парламент депутаттары елге қажетті заңдарды уақтылы әрі сапалы қабылдау арқылы экономиканың тұрақты өсуіне, инвестициялық ахуалдың жақсаруына және әлеуметтік мәселелердің тиімді шешілуіне ықпал етеді. Бұл өз кезегінде халықтың әл-ауқатының артуына негіз болады.
Сонымен қатар, Вице-президент лауазымы енгізіледі. Аталған лауазым иесі Президент қандай да бір себептермен қызметін атқара алмаған жағдайда, оның өкілеттігін жүзеге асыратын болады. Бұл мемлекеттік биліктің сабақтастығын қамтамасыз етіп, саяси тұрақтылықты сақтауға қызмет етеді.
Парламенттен тыс Халық кеңесінің құрылуы және оларға заң бастамашылығы құқығының берілуі қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтады. Азаматтардың пікірлері мен ұсыныстары ескеріліп, заңдардың сапасы арта түседі. Мұндай тетіктер халықтың мемлекеттік басқару ісіне белсенді қатысуына жол ашады және демократиялық қағидаттардың нығаюына ықпал етеді.
Жалпы алғанда, жаңа Конституция жобасы құқықтық мемлекет құру, әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарын дамыту бағытында маңызды рөл атқарады. Біздің ойымызша, жаңадан қабылданғалы жатқан Конституция Қазақстанды саяси, демократиялық және әлеуметтік дамудың жаңа деңгейіне көтеретіні сөзсіз.
Нұрбол Жетібаев,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
заң факультеті кеден, қаржы және
экологиялық құқық кафедрасының аға оқытушысы,
заң ғылымдарының кандидаты
ЗАМАНАУИ ҚОҒАМ ҚҰРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ҚАДАМ

Қазақстан Республикасының 2026 жылға ұсынылып отырған жаңа Конституциясы жобасы елдің дамуын шикізаттық экономикадан білімге негізделген зияткерлік экономикаға көшіруге бағытталған стратегиялық маңызы бар құжат ретінде бағаланады. Аталған жоба адами капиталды дамытуды басты басымдық ретінде айқындап, қоғамның тұрақты және инновациялық дамуына негіз қалайды.
Конституция жобасында адам, оның құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық ретінде танылып, мемлекеттік саясаттың адамға бағдарланған жаңа үлгісі бекітіледі. Бұл «мемлекет үшін адам» қағидатынан «адам үшін мемлекет» тұжырымдамасына көшудің маңызды көрінісі болып табылады.
Ұсынылып отырған өзгерістер ел дамуының негізгі ресурсы ретінде табиғи байлықтардан гөрі азаматтардың интеллектуалдық әлеуетін, білімін, ғылыми жетістіктері мен шығармашылық қабілеттерін алға шығарады. Бұл қазіргі жаһандық үрдістерге толық сәйкес келеді және Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Конституцияда ғылымның орны ерекше белгіленіп, оның тұрақты даму мен ұлттық қауіпсіздіктің іргетасы ретіндегі рөлі нақтыланған. Сонымен қатар, білім беру, инновация және цифрландыру бағыттарына басымдық берілуі – жоғары технологиялы, зияткерлік қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.
Цифрлық ортадағы құқықтық реттеу, зияткерлік меншік объектілерін қорғау, жеке деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі нормалардың енгізілуі ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект саласының қарқынды дамуына құқықтық негіз қалыптастырады.
Сондай-ақ, мемлекеттік басқарудың «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» үлгісін нығайту қоғамдағы саяси тұрақтылықты сақтауға және мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды реформа.
Жалпы алғанда, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасы зияткерлік әлеуеті жоғары, білім мен инновацияға негізделген, тең мүмкіндіктерге ие заманауи қоғам құруға бағытталған өзекті әрі уақтылы құжат деп есептеймін және ұсынылған өзгерістерді қолдаймын.
Ләйлә ЧЕРИКБАЕВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Компьютерлік ғылымдар кафедрасының
қауымдастырылған профессоры, PhD
ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН ЖОЛЫ

Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясы – елдің құқықтық, саяси және әлеуметтік дамуының басты бағдары. Конституцияда жазылған қағидаттар мемлекеттің демократиялық сипатын айқындап, қоғам өмірінің барлық саласына тікелей ықпал етеді. Соның ішінде «Заң мен тәртіп» қағидаты Әділетті Қазақстан идеясын жүзеге асырудың негізгі тетігі ретінде ерекше маңызға ие.
«Заң мен тәртіп» қағидаты құқық үстемдігін қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған. Бұл қағидат қоғамдағы тұрақтылықты сақтаудың, әлеуметтік әділеттілікті орнықтырудың және мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттырудың маңызды шарты болып табылады. Заң талаптарының мүлтіксіз орындалуы – әрбір азаматтың мемлекетке деген сенімін нығайтады.
Бүгінгі таңда Қазақстан азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға басымдық беретін мемлекет ретінде халықаралық қауымдастық тарапынан мойындалуда. Елде сот-құқықтық жүйені жетілдіру, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігін арттыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында кешенді реформалар жүзеге асырылып келеді. Бұл бастамалар заң үстемдігін нығайтуға және қоғамда тәртіп мәдениетін қалыптастыруға негіз болады.
Заң мен тәртіп қағидаты экономикалық және әлеуметтік дамудың да маңызды факторы болып саналады. Құқықтық тұрақтылық орнаған жағдайда инвестициялық ахуал жақсарып, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты артады. Заң алдында бәрінің тең болуы қоғамдағы әділеттілік қағидатын қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, аталған қағидат Қазақстандағы этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтауда маңызды рөл атқарады. Көпұлтты және көпконфессиялы қоғамда бейбітшілік пен тұрақтылықтың сақталуы заңмен бекітілген тең құқықтар мен өзара құрметке негізделеді. Конституциялық нормалар әрбір азаматтың ар-намысы мен сенім бостандығын қорғауға бағытталған.
Заң мен тәртіп» қағидаты болашақ ұрпақ үшін де стратегиялық мәнге ие. Жастардың құқықтық мәдениетін арттыру, заңға құрметпен қарау дағдысын қалыптастыру – жоғары оқу орындарының маңызды міндеттерінің бірі. Әділетті қоғам құндылықтарымен тәрбиеленген ұрпақ елдің тұрақты дамуына үлес қоса алатын жауапты азамат болып қалыптасады.
Қорытындылай келе, Жаңа Конституцияда «Заң мен тәртіп» қағидаты – Әділетті Қазақстанды қалыптастырудың берік негізі. Ол азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, қоғамдық келісімді нығайтуға және мемлекеттің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл қағидатты іске асыру – қазіргі кезеңнің ғана емес, болашақтың да маңызды міндеті деп есептеймін.
Сабыржан Жапақов,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің кеден,
қаржы және экологиялық құқық кафедрасының аға оқытушысы
АТА ЗАҢНЫҢ ЖАҢА ЖОБАСЫМЕН ТАНЫСЫП ШЫҚТЫМ…

Ата заңның жаңа жобасы Қазақстан Республикасында құқықтық мемлекет қағидаттарын тереңдетуге, билік тармақтарының тепе-теңдігін күшейтуге және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нақты кепілдендіруге бағытталған маңызды әрі уақтылы қадам деп санаймын.
Жоба мазмұнында адамның құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық ретінде айқын белгіленіп, оларды шектеуге жол берілмейтін нормалардың нақты көрсетілуі құқық үстемдігін нығайта түседі. Бұл – мемлекет пен азамат арасындағы сенімді арттыратын басты тетік.
Президент, Құрылтай және Үкімет арасындағы өкілеттіктердің айқын бөлінуі мемлекеттік басқаруда жауапкершілікті күшейтіп, биліктің бір қолға шоғырлануына жол бермейді. Сонымен қатар Құрылтайдың заң шығару процесіндегі рөлінің күшеюі халықтың саяси еркін білдіру тетіктерін кеңейтеді.
Жаңа жоба ұлттық қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп пен қоғамдық келісімді сақтай отырып, демократиялық даму жолын ұстанатынын көрсетеді. Этносаралық және конфессияаралық татулықты конституциялық құндылық ретінде бекіту – Қазақстан қоғамының тұрақтылығы мен бірлігін қамтамасыз ететін маңызды негіз.
Жалпы алғанда, Ата заңның бұл жаңа жобасы заманауи талаптарға жауап беретін, әділетті, ашық және жауапты мемлекетті қалыптастыруға бағытталған тарихи маңызы бар құжат деп бағалаймын.
Шынар Сауданбекова,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың,
Шығыстану факультеті
Қиыр Шығыс кафедрасының доценті, PhD доктор
ҚАЗАҚСТАН КОНСТИТУЦИЯСЫНА ЕНГІЗІЛЕТІН ӨЗГЕРІСТЕР: ТАРИХТАН БОЛАШАҚҚА ҚАДАМ

Біз, біртұтас Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып, Ұлы даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтаймыз. Мемлекеттің унитарлы сипатын, оның шекарасы мен аумағының тұтастығына қол сұғуға болмайтынын нақтылаймыз. Әділетті Қазақстан идеясын және заң мен тәртіп қағидаларын ұстана отырып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының мүлтіксіз сақталатынын мәлімдейміз. Осы Конституция жобасында еліміздің шекарасы мен тәуелсіздігіне ешбір мемлекеттің қандай да бір жағдайда қол сұғуына жол берілмейтіні айқын көрсетілген. Конституцияға өзгерістер енгізу – мемлекеттің негізі мен қоғамдық келісімге байланысты маңызды мәселе. Бұл бір күнде немесе бірнеше адам шешетін шаруа емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жарлығымен құрылған Конституциялық комиссия құрамына әр саланың мамандары және Парламентте өкілдігі бар партиялардың («Amanat», «Ақ жол», «Ауыл», «Республика») өкілдерінен тұратын 130 адам кірді. Ұсынылып отырған жоба 11 тарау мен 95 баптан тұрады. Оның 77 бабына толықтырулар енгізіліп, Конституция мәтінінің шамамен 84 пайызы жаңартылмақ.
Конституцияға енгізілетін өзгерістердің маңызды бастамаларының бірі – бірпалаталы Парламент құру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл идеяны 2025 жылғы 8 қыркүйекте халқына арнаған жолдауында көтерген болатын.
Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданып, Жоғарғы Кеңес (Парламент) пен Президенттің тепе-теңдігі белгіленген. Ал 1995 жылғы Конституцияда Президенттің өкілеттігі күшейтілді. Қазіргі уақытта 1995 жылғы Конституция бірнеше рет түзетулермен қолданыста.
Жобаның 3-бабының 1-тармағында Қазақстан Республикасының қызметінің негіз құраушы қағидаттары атап көрсетілген: егемендік пен тәуелсіздікті қорғау; адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау; заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету; жалпыұлттық бірлікті бекемдеу; халықтың әл-ауқатын арттыру; жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын орнықтыру; қоғамдық диалогты дамыту; еңбексүйгіштік, прогресс пен білім құндылықтарын бекіту; жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру; тарихи-мәдени мұраны сақтау және төл мәдениетті қолдау. Яғни егеменділікті сақтай отырып, адам құқықтарын қорғау және ұлттық мәдени мұраны дамыту – қазіргі қоғамның басты міндеті.
Жобаның 3-бабының 2-тармағында «Қазақстан Республикасы адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп таниды» деп көрсетілген. Адам капиталы – білім мен ғылым екені нақты айтылған. Қазіргі уақытта жастардың колледж, бакалавриат, магистратура және докторантурада білім алуына барлық жағдай жасалған. Мемлекет гранттар бөлу арқылы Қазақстанда және шетелде оқу мүмкіндіктерін қамтамасыз етіп отыр. Елде әлемдік университеттердің бөлімшелері ашылуда. Бұл бап Қазақстанның болашағы білім мен ғылымда екенін көрсетеді.
Қорыта айтқанда, әлемде болып жатқан жағдайлар, еліміздің қарқынды дамуы, халқымыздың құндылықтары мен талаптарының өзгеруі Ата заңға өзгерістер енгізуге түрткі болуда. Конституцияға енгізілетін өзгерістерді бірнеше адамнан тұратын топ қана емес, қоғамның пікірі мен мүдделері ескеріліп, жан-жақты талдау арқылы қабылдаған дұрыс шешім деп есептейміз.
Салтанат Нүсіпбаева,
жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯСЫ: ЖАҢАРУ КЕЗЕҢІ

Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізіліп жатқан өзгерістерді тек заңнамалық түзету ретінде қарастыру жеткіліксіз. Бұл – қоғамның рухани және саяси жетілуінің көрінісі. Конституция – мемлекеттің құқықтық қаңқасы ғана емес, ол халықтың тарихи тәжірибесін және болашаққа деген ұмтылысын бейнелейтін тірі құжат. Сондықтан ондағы әрбір өзгеріс қоғамдағы сұраныс пен уақыт талабынан туындайды. Әдебиеттанушы, докторант ретінде атап өтетінім: конституциялық реформалар – мәтінмен жұмыс жасаудың ең жоғары формасы. Әдеби мәтін сияқты Конституция да өз дәуірімен «сөйлесе» алуы қажет. Егер мәтін қоғамнан алшақтаса, ол өз маңызын жоғалтады. Соңғы жылдары Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық өзгерістер дәл осы олқылықты толтыруға бағытталған.
Билік тармақтары арасындағы тепе-теңдіктің күшеюі, Парламент рөлінің артуы, Конституциялық соттың қайта құрылуы – бұның бәрі «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын орнықтыруға арналған нақты қадамдар.
Ең маңызды өзгерістердің бірі – суперпрезиденттік басқару моделінен бас тарту. Конституцияда Президенттің өкілеттіктері шектеліп, Парламент пен мәслихаттардың рөлі күшейтілді. Мысалы, Президенттің партияға мүше болуына тыйым салынды, бұл мемлекеттік биліктің бейтараптығын қамтамасыз ететін маңызды шара болды.
Әсіресе студенттер мен жастар үшін бұл өзгерістердің мәні ерекше. Себебі жастар – реформалардың негізгі бенефициары және қозғаушы күші. Соңғы жылдары олардың қоғамдық процестерге қатысуы артты: пікірталастарға араласу, волонтерлік қозғалыстар мен азаматтық бастамалар осының айғағы. Конституциялық реформалар жастарға өз құқықтарын заңды түрде қорғауға, саяси шешімдерге ықпал етуге кеңірек мүмкіндік береді. Бұл формалды емес, нақты институционалдық мүмкіндік. Референдум арқылы қабылданған конституциялық өзгерістерге халықтың басым бөлігі қатысуы азаматтық жауапкершіліктің өскенін дәлелдеді. Ал бұл процесте жастардың белсенділігі әлеуметтік зерттеулер мен бақылауларда жиі аталады. Демек, жастар Конституцияны абстрактілі заң емес, өз болашағымен тікелей байланысты құндылық ретінде қабылдай бастады.
Қорытындылай келе, Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізіліп жатқан өзгерістер – бір күндік саяси науқан емес, ұзақ мерзімді қоғамдық трансформацияның бастауы. Бұл реформалар құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды кезең болып табылады. Оны түсініп, талдап, әрі қарай дамытудағы негізгі күш – білімді, ойлы және жауапкершілігі жоғары жастар.
Гүлнәзира Мүжігова,
жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті
Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушысы
АДАМ БОСТАНДЫҚТАРЫ МЕМЛЕКЕТТІҢ ЕҢ БАСТЫ
ҚҰНДЫЛЫҒЫ РЕТІНДЕ НАҚТЫ АЙҚЫНДАЛҒАН

Ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасы қоғам үшін аса маңызды әрі өзекті құжат деп санаймын. Себебі бұл жобада адам және оның құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең басты құндылығы ретінде нақты айқындалған. Құқықтар мен бостандықтардың «мүлтіксіз қорғалуы тиіс» деп белгіленуі Конституцияның халық мүддесіне бағытталғанын көрсетеді.
Конституция жобасының азаматтардың, қоғамдық ұйымдардың және сарапшылардың ұсыныстары негізінде әзірленуі оның ашықтық пен қоғамдық диалог қағидаттарына сүйенгенін аңғартады. Ата заң мәтінінің едәуір бөлігінің жаңартылуы ел дамуына қажетті реформалардың уақыт талабына сай жүзеге асып жатқанын дәлелдейді.
Сонымен қатар жаңа жобада әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға, білім, ғылым және инновацияны дамытуға басымдық берілуі құптарлық. Бұл болашақ ұрпақтың игілігі үшін жасалып отырған маңызды қадам деп есептеймін. Әділеттілік, заң және тәртіп қағидаттарының Конституция деңгейінде бекітілуі қоғамдағы тұрақтылық пен сенімді нығайта түседі.
Қорытындылай келе, жаңа Конституция жобасы Қазақстанның демократиялық, құқықтық және өркениетті мемлекет ретінде одан әрі дамуына берік негіз қалайды деген пікірдемін.
Алзира ҚАЗАҚБАЕВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
биофизика, биомедицина және
нейроғылым кафедрасының оқытушысы
ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫНДАҒЫ ЭКОЛОГИЯ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы экология мен табиғи ресурстарды алғаш рет негізгі конституциялық құндылықтар деңгейіне көтеруімен назар аудартады. Бұл – маңызды әрі уақтылы жасалған қадам, әсіресе ел бүгіннің өзінде климаттың өзгеруі, жердің тозуы, су тапшылығы және биоалуантүрліліктің азаюы сияқты сын-қатерлерге тап болып отырған жағдайда. Құжатта табиғатқа ұқыпты қарау, жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоғам мен мемлекеттің қоршаған орта алдындағы жауапкершілігі қажеттігі атап көрсетіледі. Нәтижесінде экология тар салалық мәселе болудан қалып, мемлекеттің дүниетанымдық негізінің бір бөлігіне айналады.
Конституция – бұл жай ғана құқықтық мәтін емес. Ол табиғи ресурстарды басқару, білім беру саясаты және шешім қабылдау жүйесі үшін ұзақ жылдарға арналған бағдар. Егер экологиялық қағидаттар осындай деңгейде бекітілсе, бұл мынаны білдіреді:
табиғи ресурстар тек экономикалық актив емес, жалпыұлттық құндылық ретінде танылады;
жерді, суды, жер қойнауын, ормандарды пайдалануға қойылатын талаптарды қатаңдатуға негіз пайда болады; қазіргі экономикалық мүдделермен қатар, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік логикасы күшейеді. Алайда осы жерде маңызды әрі шынайы сұрақ туындайды: бұл қағидаттар іс жүзінде жұмыс істей ме, әлде декларация күйінде қала ма? Бүгінде Қазақстан нақты экологиялық проблемалармен бетпе-бет келіп отыр: шөлейттену, қалалардағы ауаның ластануы, су ресурстарының сарқылуы, өткен онжылдықтардан қалған өнеркәсіптік экологиялық мұра. Мұндай жағдайда конституциялық нормалар тек әдемі тұжырымдар емес, нақты тетіктердің негізіне айналуы тиіс.
Менің ойымша, мынадай мәселелерді ескеру маңызды: Экологиялық қағидаттарды нақты жауапкершілікпен байланыстыру Табиғатқа ұқыпты қарау мемлекеттік органдар, бизнес және табиғи ресурстарды пайдаланушылар үшін нақты міндеттемелерді білдіруі керек. Заң бұзғаны үшін түсінікті әрі тиімді санкциялар көзделуі тиіс. Экологиялық білім мен ағартуды күшейту керек. Егер Конституцияда жоғары экологиялық мәдениет туралы айтылса, ол балабақшадан бастап мектепте, университеттерде, мемлекеттік бағдарламалар мен қоғамдық бастамалар арқылы жүйелі түрде қалыптастырылуы қажет. Онсыз экологиялық жауапкершілік абстрактілі ұғым болып қала береді. Экономикалық даму табиғатқа орны толмас зиян келтіру есебінен жүзеге аспауы тиіс. Экологиялық шешімдерге қоғамның қатысуын кеңейту. Азаматтар, ғылыми қауымдастық, экологтар нақты ықпал ету тетіктеріне ие болуы қажет: қоғамдық тыңдаулар, экологиялық ақпаратқа қолжетімділік, қоршаған ортаға әсерді бағалауға қатысу. Жалпы алғанда, Конституция жобасының экологиялық бөлімі үміт ұялатады. Басты мәселе – осы қағидаттардың заңдарда, стратегияларда және күнделікті басқару тәжірибесінде қалай жүзеге асатыны. Осы жерде қоғамның, сарапшылардың және Қазақстанның болашағына бейжай қарамайтын әрбір азаматтың белсенді ұстанымы қажет. Экология – кейінге қалдыратын мәселе емес. Бұл – бүгіннің мәселесі және оның негізгі заң деңгейінде көрініс табуы – өте маңызды.
Тұрсынкүл БАЗАРБАЕВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО
кафедрасының оқытушысы
ТАРИХИ ӘДІЛДІКТІҢ АЙҒАҒЫ

Еліміздің жаңа конституциялық жобасында музей ісіне байланысты мәселелер қарастырылды. Мұны мен ұлттық құндылықтарды сақтаудың конституциялық кепілдіктері деп түсінемін. Музей – тарихтың қоймасы, ал Конституцияның жаңа редакциясы біздің миссиямызды арттыра түседі. Демек, тарихи-мәдени мұраны сақтау мемлекет қызметінің басым бағыты болып қала береді.
Жаңа конституциялық жобада мәдениет пен білім, ғылым мен инновация еліміздің бәсекеге қабілеттілігі мен адами капиталды дамытудың факторы ретінде болашақтың басымдығы болып белгіленген. Мемлекет адами капиталды, ғылым мен инновацияны дамытуды өз қызметінің стратегиялық бағыты деп таниды. Меншікті пайдалану қоғам мен мемлекеттің мүдделеріне сай болуы, қоршаған ортаға зиян келтірмеуі тиіс. Бұл мәдени ландшафты сақтау принциптерімен үндеседі. Мемлекеттіліктің генезисі және Ұлы Дала рухы біз үшін, көне жәдігерлер мен халықтық дәстүрлерді зерттеушілер үшін Конституцияның жаңа жобасы бұл тарихи әділдіктің айғағы.
Жаңа преамбулада қазақ жеріндегі өркениет пен мемлекеттіліктің терең тамыры көрініс тапқан. Преамбулада біздің ұлттық құндылықтарымыз уақыт өтсе де өзгермейтіндей етіп нақты жазылған. Тарихи-мәдени мұраны сақтау және ұлттық мәдениетті қолдау мемлекет қызметінің негізгі принциптері ретінде бекітілген.
Гүлжан МЕЙРМАНОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Археология, этнология және музеология
кафедрасының доценті
КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМАЛАРДЫ ҚҰПТАЙМЫН
Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізіліп жатқан соңғы өзгерістерді мен уақыт талабына сай әрі қажет қадам деп бағалаймын. Қоғамның саяси санасы, азаматтардың құқықтық мәдениеті және мемлекетті басқару жүйесіне қойылатын талаптар өзгерген қазіргі кезеңде Конституцияның да жаңаруы заңды құбылыс деп есептеймін.
Ұсынылып отырған конституциялық реформаның ауқымы – негізгі Заңның басым бөлігін қайта қарауды көздеуі – бұл өзгерістердің формалды емес, жүйелі әрі мазмұнды екенін көрсетеді. Әсіресе билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта теңестіруге, парламенттің рөлін күшейтуге және сот жүйесінің тәуелсіздігін нақты бекітуге бағытталған нормаларды оң бағалаймын. Бұл қадамдар құқықтық мемлекет қағидатын нығайтып, заң үстемдігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Сонымен қатар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейтуге, адам тұлғасын мемлекеттің басты құндылығы ретінде айқындауға басымдық берілуі – қазіргі заманғы демократиялық үрдістерге толық сәйкес келеді. Конституциялық деңгейде жеке құқықтардың нақты әрі айқын бекітілуі азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттырады деген ойдамын.
Жаңа консультативтік органдарды енгізу және қоғамдық пікірді ескеретін тетіктерді күшейту бастамасын да қолдаймын. Бұл өзгерістер халықтың мемлекеттік басқару процесіне қатысуын кеңейтіп, билік пен қоғам арасындағы диалогты нығайтуға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, Конституцияға енгізіліп жатқан соңғы өзгерістер Қазақстанның саяси жүйесін жаңғыртуға, басқару тиімділігін арттыруға және құқықтық мемлекетті одан әрі дамытуға бағытталған. Осы тұрғыдан алғанда, мен бұл конституциялық реформаларды құптаймын және олар елдің ұзақ мерзімді дамуына оң әсер етеді деп есептеймін.
Меңдеш ЖӨКИЕВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
түркітану және тіл теориясы кафедрасының докторанты
КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМА: ҰЛТТЫҚ БІРЕГЕЙЛІК

Конституциялық комиссия Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілетін өзгерістерге қатысты жаңа жобаны жариялады. Жаңа жоба ұлттық мемлекеттіліктің іргелі қағидаттарын, тарихи сабақтастық пен мәдени мұраны қорғауды, ұлттық құндылықтарды сақтау міндетін айқындауға бағытталған. Комиссия құрамына түрлі сала өкілдері енді, жұмыс барысы ашық өтті: отырыстар тікелей көрсетіліп, әлеуметтік желілер мен электрондық алаңдар арқылы азаматтар мен сарапшылардың ұсыныстары жинақталды. Нәтижесінде жекелеген түзетулер емес, тұтас әрі ішкі логикасы бар жаңа мәтін қалыптасты.
Жаңа Конституция 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады. Екі жаңа бөлім енгізілді: «Қазақстан Халық Кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер енгізу тәртібі». Бөлім атауларының өзгеруі мемлекетті ұйымдастыру философиясының жаңарғанын көрсетеді: «Парламент» орнына «Құрылтай» енгізіліп, биліктің ұлттық өкілдікке негізделген форматы бекітілді.
Жаңа жоба ұлттық мазмұнға айқын акцент жасайды: Ұлы даланың тарихи сабақтастығы, мәдени мұра, ұлттық құндылықтар – бәрі конституциялық деңгейде бекітіледі. Тіл осы ұлттық мазмұнның тірегіне айналады: мәдени мұра мен тарихи жады тіл арқылы сақталып, азаматтардың құқықтық қатысуының негізгі құралы болады.
Сондықтан жаңа Конституцияда тіл тек мәртебе емес, ұлттық бірегейлікті сақтау, мәдени кодты қорғау және азаматтың саяси құқығын жүзеге асыру құралы ретінде қарастырылады. Бұл – декларациядан нақты мемлекеттік саясатқа көшу, ұлттық мемлекеттілікті нығайту жолындағы маңызды қадам.
Жаңа Конституция бойынша түпкілікті шешім республикалық референдум арқылы қабылданады. Бұл құжаттың тағдырын айқындау – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Лютер Кингтің «I have a dream» сөзін ерекше мысал ретінде келтірді. Демек, арманға сүйене отырып әрекет ету – әр азаматтың борышы.
Әділнұрым Жұмақанов,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының оқытушысы
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ КОНСТИТУЦИЯСЫНА ЕНГІЗІЛЕТІН ӨЗГЕРІСТЕР ЖОБАСЫ

Қазақстан Республикасы Конституциясына енгізілетін тұжырымдамалық өзгерістер мемлекеттің адамға бағытталған сипатын күшейтуге, қоғам үшін өзекті құндылықтар мен қағидаттарды айқындауға, сондай-ақ саяси институттар жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталғаны ресми дереккөздерде атап көрсетілуде. Конституцияның жаңа преамбуласында адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жарияланып отыр және оның іс жүзінде солай болатынына үлкен сенім білдіреміз.
Негізгі заңның жаңа редакциясында орталық идея ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновациялардың айқындалуы мемлекеттің болашағы табиғи ресурстармен емес, ең алдымен адами капиталмен және азаматтардың зияткерлік әлеуетімен айқындалатынын көрсететін маңызды тұжырымдамалық бетбұрыс болып табылады.
Қазақстан Республикасының Конституциясы мемлекеттің ұзақ мерзімді әлеуметтік, экономикалық және мәдени дамуын айқындайтын негізгі құқықтық құжат болып табылады. Осыған байланысты Конституцияға енгізілетін өзгерістер жобасы білім беру мен ғылымды дамыту, адами капитал мен елдің зияткерлік әлеуетін нығайту тұрғысынан ерекше маңызға ие.
Жоба мәтінінде азаматтардың білім алу құқығына берілетін конституциялық кепілдіктер сақталып, мемлекеттің білім беру қызметтерінің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету жөніндегі жауапкершілігі нақтылана түскені оң бағаланады. Білім берудің зайырлы сипатының бекітілуі халықаралық стандарттарға сәйкес келеді және ғылыми білімнің, сыни ойлаудың, академиялық бейтараптықтың дамуына берік құқықтық негіз қалыптастырады.
Сонымен қатар ой еркіндігі, сөз бостандығы, шығармашылық және зияткерлік қызмет еркіндігіне қатысты нормалардың нақтылануы академиялық еркіндікті, ғылыми ізденісті және халықаралық ғылыми-білім беру ынтымақтастығын дамыту үшін маңызды конституциялық алғышарттар жасайды.
Конституция жобасында зияткерлік меншік институтының рөлін күшейту және зияткерлік еңбектің нәтижелерін қорғау мәселесіне назар аударылуы ғылыми зерттеулердің нәтижелілігін арттыру, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру және технологиялар трансферін дамыту үшін стратегиялық мәнге ие деп есептеймін. Сондай-ақ мемлекеттік басқару және консультативтік тетіктердегі өзгерістер академиялық және сараптамалық қауымдастықтың мемлекеттік шешімдерді әзірлеу мен бағалау үдерісіне тартылуына қосымша мүмкіндіктер ашады.
Жалпы алғанда, Қазақстан Республикасы Конституциясына енгізілетін өзгерістер жобасы білім беру мен ғылымның орнықты дамуына, жоғары білім мен ғылыми зерттеулердің қоғамдағы рөлін күшейтуге бағытталған қолайлы құқықтық негіз қалыптастырады деп санаймын.
Динара Дәуен,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
шығыстану факультеті
Қытайтану кафедрасының доценті
ДЕНСАУЛЫҚ ПЕН ӘЛ-АУҚАТТЫ ҚОРҒАУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛГЕН
Қазақстан Республикасының Конституциясының жаңа жобасы ресми түрде жарияланып, жалпыұлттық қоғамдық талқылауға ұсынылды. Құжат еліміздің құқықтық және әлеуметтік дамуының негізгі бағыттарын айқындап, адам құқықтарын қорғау мен әлеуметтік мемлекетті одан әрі нығайтуды көздейді.
Жаңа Конституция жобасында адам, оның өмірі, құқықтары, қадір-қасиеті мен денсаулығы мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекітілген. Бұл қағидат денсаулық сақтау жүйесін дамыту мен халықтың әл-ауқатын арттыруға берік конституциялық негіз қалыптастырады.
Құжатта азаматтардың денсаулығын сақтау мемлекеттің басты міндеттерінің бірі ретінде айқындалып, физикалық және психикалық саулықты қорғау үшін қажетті жағдайлар жасау мемлекеттің тікелей жауапкершілігі екені көрсетілген. Денсаулықты сақтау мәселесі әлеуметтік, экономикалық және экологиялық факторлармен тығыз байланыста қарастырылады.
Конституцияның жаңа жобасында қолжетімді, сапалы және уақтылы медициналық көмек алуға әрбір азаматтың құқығы нақты белгіленген. Мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттары ретінде профилактикалық медицинаны дамыту, аурулардың алдын алу және қоғамдық денсаулықты нығайту көзделген. Сонымен қатар, жоба халықтың әл-ауқатын арттыру, өмір сүру сапасын жақсарту және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударады. Денсаулық сақтау саласының дамуы елдің әлеуметтік тұрақтылығы мен орнықты дамуының негізгі факторы ретінде қарастырылады.
Медицина қызметкері ретінде жаңа Конституция жобасында денсаулық сақтау мен медициналық көмек мәселелеріне жүйелі және кешенді көзқарас қалыптастырылғанын ерекше атап өткім келеді. Азаматтардың денсаулығын қорғауды, профилактикалық бағытты және медициналық көмектің қолжетімділігін конституциялық деңгейде бекіту – халық денсаулығын нығайтуға және өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл нормалар болашақта адамға бағдарланған, тиімді әрі тұрақты денсаулық сақтау жүйесін дамытуға берік құқықтық негіз болады деп санаймын.
Риза Есергенева,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
денсаулық сақтау саясаты және ұйымдастыру
кафедрасының аға оқытушысы
ҚҰҚЫҚТЫҚ САНА ҚАЛЫПТАСҚАН ҚОҒАМ ҒАНА ТҰРАҚТЫ МЕМЛЕКЕТ ҚҰРА АЛАДЫ
Конституцияға енгізіліп отырған өзгерістерді елдің өркениетті дамуына бағытталған маңызды қадам ретінде бағалаймын. Бұл реформалардың мақсаты – заң талаптарын күшейту ғана емес, қоғамда әділдік орнату, әрбір азаматтың құқығы мен жауапкершілігінің тең сақталуын қамтамасыз ету. Мемлекеттік биліктің халыққа ашық болуы, сенім мен әділет қағидаттарына сүйенуі – қазіргі қоғам үшін аса маңызды.
Аталған өзгерістердің жастарымызға және рухани құндылықтарға ықпалы ерекше деп санаймын. Заңға құрметпен қарайтын, еркін ойлайтын, білімге құштар жас буын – мемлекеттің берік болашағының кепілі. Сондықтан Конституцияны білу, оны түсіну және қоғамдық деңгейде талқылау тек мамандардың ғана емес, әр азаматтың ортақ жауапкершілігі болуы тиіс. Өйткені құқықтық сана қалыптасқан қоғам ғана тұрақты әрі әділетті мемлекет құра алады.
Нұргүл ЕРЕЖЕПОВА,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Биология және биотехнология факультеті
Ботаника және агроэкология кафедрасының аға оқытушысы