- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯСЫНЫҢ ЖОБАСЫНА ҚАТЫСТЫ ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ-ДЫҢ ПРОФЕССОР-ОҚЫТУШЫЛАР ҚҰРАМЫНЫҢ ПІКІРІ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯСЫНЫҢ ЖОБАСЫНА ҚАТЫСТЫ ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ-ДЫҢ ПРОФЕССОР-ОҚЫТУШЫЛАР ҚҰРАМЫНЫҢ ПІКІРІ
ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫНДА ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМГЕ БАСЫМДЫҚ БЕРІЛГЕНІ ҚАЙ ТҰРҒЫДАН ДА МАҢЫЗДЫ

Байқасақ, Ата заң жобасында білім мен ғылым, сондай-ақ, мәдениет пен инновация саласы басым бағыт ретінде қарастырылған екен. Мәселен, жобаның мәтінін қарайық. «Конституциялық құрылыстың негізі» аталатын 1-ші бөлімнің 3-ші бабының 2-ші тармағы былай дейді: «...адам капиталының, білімнің, ғылымның, инновацияның дамуын мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп таниды». Яғни, осы арқылы мемлекет тұңғыш рет білім мен ғылымға «стратегиялық» деп астын сызып, зор мән беріп отыр. Бұл еліміздің ғылыми қауымдастығы үшін өте құптарлық өзгеріс деп білдім.
Бұрын қалай еді? Шынын айтса, бұл саланың стратегиялық маңызы жоқ болатын. Нақты статистика келтірсек, еліміздің бұл салаға жұмсайтын ішкі жалпы өнімі небәрі 0,16% екен. Яғни, бір пайызға да жетпейді. Бәрі де салыстырмалы түрде. Әлемде ғылым саласына ішкі жалпы өнімінің ең жоғары бөлігін бөлетін мелекет Израиль – 5,56%. Жер аумағы құрқылтайдың ұясындай ғана Оңтүстік Корея ішкі жалпы өнімінің бақандай 4,93 % бөледі екен. Сондықтан еліміздің ғылым саласына конституция аясында стратегиялық маңыз беруі ел әлеуметтік-экономикалық дамуындағы аса маңызды белес деп білдім. Бұл әрі-беріден соң мемлекет саясатындағы бетбұрысты кезең десем де артық айтқандық емес.
Ғылым саласына Конституция деңгейінде маңыз берілуі ел болашағы – қазба байлығында емес, адами капитал, һәм білім мен ғылымда, азаматтардың зияткерлік жетістігінде дегенін меңзеп тұр.
Сол арқылы да Конституция жобасы «мемлекет не үшін керек, кім үшін керек?» деген өміршең сұраққа жауап беріп тұрғандай.
Расын айтса, күні бүгінге дейін ел экономикасы табиғи ресурсқа ғана сүйеніп те сеніп те келді. Дегенмен, табиғи байлық таусылатын ресурс екені қаперімізге кіріп те шықпады. Ал сарқылмайтын байлық әрі мемлекеттің ең басты байлығы адами капитал екенін енді ғана түсініп келеміз. Жаңа Конституцияда ғылым мен білімге басымдық берілгені қай тұрғыдан да маңызды болатыны сондықтан. Елдің зияткерлік әлеуеті – үздіксіз жаңаратын және дұрыс инвестиция салынатын болса, қарыштап дамитын жалғыз ресурс.
Яки, Конституция жобасының 1-бабына 3-тармақтың енгізілуі – мемлекетіміздің ендігі кезекте «мұнай өндіруші» емес, «білім өндіруші» елге айналуды мақсат тұтқанын көрсетеді.
Осы орайда Конституция жобасы қабылданса, ғылыми зерттеулерді қаржыландыруды ішкі жалпы өнімнің деңгейіне жеткізу, академиялық еркіндік беру, стартаптар мен технологиялық парктерге салықтық жеңілдік беру, креативті индустрияны экономиканың драйверіне айналдыру мәселелері бұрынғыдан да ұтымды шешіледі деп білемін.
Қанат ӘУЕСБАЙ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
журналистика факультетінің деканы,
филология ғылымдарының кандидаты
ТӘУЕКЕЛДЕРДІ ҚҰҚЫҚТЫҚ ТҰРҒЫДАН РЕТТЕУГЕ МҮМКІНДІК БЕРЕДІ

Жаңа Конституция жобасы елдің саяси, құқықтық және әлеуметтік дамуының жаңа кезеңіне бағытталған маңызды қадам. Аталған жоба қоғамдағы демократиялық құндылықтарды нығайтуға, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, сондай-ақ заманауи сын-қатерлерге жауап беретін тиімді мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыруға негіз қалайды.
Жасанды интеллект және Big Data саласында еңбек ететін оқытушы ретінде Конституция жобасында құқық үстемдігі, ашықтық, есептілік және азаматтардың шешім қабылдау үдерістеріне қатысуы сияқты қағидаттардың айқын көрініс табуын оң қадам деп бағалаймын. Бұл нормалар цифрлық трансформация жағдайында деректерді басқару, алгоритмдік шешімдер мен автоматтандырылған жүйелерді қолдану барысында туындайтын тәуекелдерді құқықтық тұрғыдан реттеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Конституцияда адамның қадір-қасиеті, жеке өмірге қол сұқпаушылық және ақпараттық қауіпсіздікке қатысты ережелердің күшеюі ерекше маңызды. Үлкен деректерді өңдеу мен жасанды интеллект технологиялары кеңінен енгізіліп жатқан қазіргі кезеңде азаматтардың дербес деректерін қорғау, алгоритмдердің әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз ету мемлекет үшін стратегиялық міндеттердің бірі болуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституция жобасы цифрлық құқықтар мен технологиялық даму арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған құқықтық негіз қалыптастырады.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасы елдің инновациялық дамуына, ғылыми-білім беру әлеуетін арттыруға және цифрлық қоғам құруға қолайлы жағдай жасайды деп есептеймін. Бұл құжат Қазақстанның тек бүгінгі емес, болашақ ұрпақтың да мүддесіне қызмет ететін, заманауи әрі орнықты мемлекет ретінде дамуына берік негіз болады деп ойлаймын.
Назгүл ТОЙҒАНБАЕВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Жасанды интеллект және Big Data
кафедрасының аға оқытушысы
ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ: ҒЫЛЫМ МЕН АДАМ КАПИТАЛЫНА БАСЫМДЫҚ

Жаңа Конституция жобасын талқылау бүгінде тек құқықтық кеңістікпен шектелмей, ел дамуының стратегиялық мәселелерін қамтып отыр. Бұл үдерісте жекелеген нормалардан гөрі мемлекеттің трансформация бағыты, ұзақ мерзімді мақсаттары мен даму басымдықтары алдыңғы қатарға шығады.
Конституциялық өзгерістердің өзегінде нысан емес, мазмұн тұрғаны аса маңызды. Жаңа Негізгі заң Қазақстанның орнықты дамуының іргетасы ретінде қарастырылып, басты ресурс ретінде адам, оның білімі, құзыреті, кәсіби әлеуеті мен шығармашылық мүмкіндіктері танылады. Адамға бағдарланған ұстаным жаңа Конституцияның мәндік өзегіне айналып отыр.
Ғылым, білім және инновацияларды мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыттары ретінде бекіту ерекше маңызға ие. Бұл – қарқынды технологиялық даму мен цифрландыру жағдайында елдің бәсекеге қабілеттілігі ең алдымен зияткерлік әлеуетпен айқындалатынын түсінудің көрінісі.
Жаңа Конституция ғылым, экономика және мемлекет арасындағы өзара ықпалдастықты нығайтатын құқықтық негіз қалыптастырып, жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдау секілді заманауи технологияларды негізгі салаларға енгізуге мүмкіндік береді. Мұндай көзқарас ресурстық модельден білімге негізделген экономикаға көшуге жағдай жасайды.
Осы тұрғыдан алғанда, конституциялық реформа заңнаманы біржолата жаңарту емес, ел дамуының ұзақ мерзімді бағытын саналы түрде айқындайтын таңдау ретінде қабылданады. Бұл – болашақ ұрпақ үшін берік құқықтық және құндылықтық негіз қалыптастырып, өзгермелі әлем жағдайында мемлекеттің орнықтылығын қамтамасыз етуге бағытталған қадам.
Жандос МҰҚАЛИЕВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Картография және геоинформатика
кафедрасының аға оқытушысы
ҰЛТТЫҚ БІРЛІКТІ НЫҒАЙТУҒА МҮМКІНДІКТЕР АШАДЫ

Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясы елдің құқықтық, саяси және әлеуметтік дамуының берік негізін қалыптастырады. Онда ұлттық құндылықтар, тарихи сабақтастық, мемлекеттік тұтастық пен егемендік қағидаттары айқын бекітілген. «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» ұстанымдары арқылы адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығы күшейтіліп, халық мемлекеттің басты тірегі әрі егемендіктің негізгі иесі ретінде танылған. Президенттік басқару үлгісі нақтыланып, мемлекеттік биліктің жауапкершілігі мен ашықтығы арттырылды.
Жаңа Конституцияда ғылым, білім, инновация және экологиялық мәдениетті дамытуға ерекше мән беріліп, шығармашылық еркіндік пен жеке деректердің қорғалуы заң жүзінде бекітілді. Сонымен қатар әлеуметтік әділеттілік, еңбек ету, білім алу және қоршаған ортаны қорғау мәселелері басты басымдық ретінде айқындалды. Бұл құжат елдің орнықты дамуына, азаматтардың құқықтық санасының өсуіне және мемлекетке деген сенімнің нығаюына берік негіз қалайды. Ол жастардың әлеуетін дамытуға, ұлттық бірлікті нығайтуға және Қазақстанның халықаралық беделін арттыруға да кең мүмкіндіктер ашады.
Гүлина ДОҚТЫРБАЙ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Биотехнология кафедрасының
доценті м.а., PhD
ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

2026 жылғы қаңтар айында өткен V Ұлттық құрылтай отырысында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы көпшілік назарына ұсынылды. Бұл бастама еліміздің саяси жүйесін жаңғыртуға, мемлекеттік басқаруды жетілдіруге және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталған маңызды қадам ретінде бағалануда.
Ұсынылып отырған құжат пролог пен 11 бөлімнен, шамамен 95 баптан тұрады. Ол қолданыстағы Конституцияның негізгі қағидаттарын сақтай отырып, билік органдарының құрылымына, азаматтардың құқықтары мен әлеуметтік институттарға бірқатар елеулі өзгерістер енгізуді көздейді.
Жобаға сәйкес, екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы заң шығарушы орган – Қазақстан Республикасының Құрылтайы құрылмақ. Оның құрамына 145 депутат еніп, заң шығару үдерісін жеделдету және мемлекеттік басқаруды тиімді ету мақсат етіледі. «Құрылтай» атауының өзі халқымыздың тарихи жадында ел тағдырын шешетін кеңес ұғымымен байланысты. Бұл – ұлттық дәстүр мен заманауи саяси жүйенің сабақтастығын білдіретін символдық мәні бар шешім. Сонымен қатар, заң шығаруға бастама көтеру құқығы бар Қазақстан Халық кеңесінің құрылуы қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтып, азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдауға қатысу мүмкіндігін кеңейтеді. Вице-Президент институтының енгізілуі де билік сабақтастығын қамтамасыз етіп, ел ішіндегі және халықаралық деңгейдегі үйлестіру жұмыстарын тиімді жүргізуге жағдай жасайды.
Жаңа Конституция жобасында адам құқықтары мен бостандықтарына айрықша көңіл бөлінген. Жеке тұлғаның құқықтары мемлекеттің басты құндылығы ретінде айқындалып, процессуалдық кепілдіктер кеңейтіледі. Кінәсіздік презумпциясы, жеке деректерді қорғау, әділ сотқа қол жеткізу құқықтары нақты әрі күшейтілген нормалармен бекітіледі. Бұл азаматтардың заң алдындағы қорғалу деңгейін арттырып, құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайта түседі. Сонымен бірге құжатта неке мен отбасыдағы теңдік, сапалы білім беру, ғылым мен мәдениетті дамыту, инновацияларды қолдау мәселелері де басты назарға алынған. Мұндай бастамалар елдің зияткерлік әлеуетін арттырып, қоғамның әлеуметтік әл-ауқатын көтеруге ықпал етпек.
Қазіргі таңда жоба қоғамдық талқылау кезеңінен өтуде. Бұл – әрбір азаматтың ел болашағына қатысты маңызды шешімдерге өз пікірін білдіруге мүмкіндік беретін демократиялық үдеріс. Конституцияның түпкілікті қабылдануы жалпыұлттық референдум арқылы жүзеге асырылады. Сарапшылардың пайымдауынша, ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік институттардың тиімділігін арттырып қана қоймай, құқықтық ортаның тұрақтылығын қамтамасыз етеді және Қазақстанның саяси, демократиялық әрі әлеуметтік дамуының жаңа кезеңіне жол ашады. Демек, жаңа Конституция – елдің ертеңіне бағытталған стратегиялық маңызы бар тарихи құжат.
Гүлмира Шуланбекова,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
заң факультеті кеден, қаржы және экологиялық құқық
кафедрасының аға оқытушысы
ӨРКЕНИЕТ ТАЛАПТАРЫНА САЙ

Бізде жаңа Конституция жобасы қызу талқыланып жатыр. Оның бұқаралық сипат алуына бастамашыл топтың өзі мүдделі болып отырғаны қуантады. «Халық үніне құлақ асушы, естуші үкімет» концепциясы түрлі пікірлер мен ұсыныстардың ортақ қазанда қайнауына мүмкіндік берді. Ресми жарияланған мәтінмен танысып шығып, билік бұтақтарына, адам құқықтары мен бостандықтарына, адвокаттық қызметке қатысты баптар нақтыланып, «Миранда ережесі» енгізілгенін білдік. Ауқымды жұмыс жасалған. Бірақ әлі бір қайнауы ішінде жатқан баптар да кездесіп қалады. Жалғасып жатқан қоғамдық талқылау басты заңымыздың мазмұнын барынша ширатып, кемелділігіне жетеді деп сенеміз.
Жобаның 9-бабы: «1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. 2. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. 3. Мемлекет біртұтас Қазақстан халқының тілдерін үйрену және дамыту үшін жағдай жасауға қолдау көрсетеді», - деп нақты жазылған. Қазіргі қолданыстағы нұсқасынан айнымаған. Өкінішке қарай, осы мазмұнды бұрмалап, жұрт пікірін басқа арнаға бұрғысы келетіндер, бүгінгі әлемдегі турбулентті жағдай мен саяси шиленістерді түсінуге асықпайтындар да бар. ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин комиссияның кезекті отырысында бұл мәселені айқын түсіндіріп, өзінің тоқетер пікірін ортаға салды.
Ел бірлігі мен ынтымағын арттыратын негізгі низамымыз ғылыми орта мен зиялы қауым талқысынан өтіп, өркениетті талаптарға жауап берері анық.
Бекжан ӘШІРБАЕВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Баспасөз және электронды БАҚ
кафедрасының аға оқытушысы
СТРАТЕГИЯЛАУ ТАҢДАУ ЖӘНЕ ҚАЙТА ТАНУ ТАНДЕМІ

Қазақстанның жаңа Конституция жобасы – бұл жай ғана заңнамалық мәтінді жаңарту емес, елдің өз болашағына қатысты стратегиялық таңдауы және өзін-өзі қайта тану процесі. Бұл жоба қоғамымыздың қазіргі кезеңде қандай бағытта дамығысы келетінін, қандай құндылықтарды басымдыққа қоятынын және қандай мемлекеттік модельге ұмтылатынын айқын көрсетеді.
Біріншіден, жаңа Конституция адамды негізгі орынға қояды. Ескі редакцияда мемлекет пен оның институттары басты субъект ретінде көрінсе, жаңа жоба мемлекеттің барлық қызметі азаматтың қадір-қасиетін, қауіпсіздігін, еркіндігін және өз әлеуетін ашу мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталғанын анық бекітеді. Кіріспеде алғаш рет әділеттілік, заң үстемдігі, қоғамдық келісім, ұлтаралық және дінаралық татулық, табиғатқа жауапкершілік сияқты құндылықтар конституциялық деңгейде жазылды. Бұл – біздің қоғамның рухани-құндылықтық өзегін заң жүзінде мойындау.
Екіншіден, жоба биліктің шоғырлануынан теңгерімді модельге көшуді мақсат етеді. Қатаң вертикальдың орнына тежемелік және тепе-теңдік принципі күшейтіледі: Құрылтай (Парламент), сот жүйесі, прокуратура және басқа құқық қорғау институттарының рөлі нақтылана түседі. Бұл өзгерістер биліктің өзін-өзі бақылауын күшейтіп, жауапкершілігін арттырады және азаматтардың билікке ықпал ету тетіктерін кеңейтеді.
Үшіншіден, Конституция ұлттық бірегейлікті ашық және мақтанышпен бекітеді. Біз, ежелгі көшпелі өркениеттің мұрагерлері, тәуелсіздік үшін күрескен халықпыз, қазақ тілі мен мәдениеті мемлекетқұрушы рөл атқарады. Көпұлтты қоғамдағы бірлік пен өзара құрметті сақтау принципі де нығайтылады. Бұл – жай декларация емес, бұл «біз кімбіз және қайда барамыз» деген сұраққа заңды жауап беру.
Төртіншіден, жоба халықтың тікелей қатысуын институционалдық деңгейге көтереді. Халық кеңесінің құрылуы, референдум рөлінің артуы, азаматтық қоғам институттарының күшеюі – мұның бәрі билік пен халық арасындағы қашықтықты қысқартуға және шынайы диалог орнатуға бағытталған. Бұл «Естуші мемлекет» идеясының заңды жалғасы.
Қорытындылай келе, жаңа Конституция жобасы – посткеңестік менталитеттен шығу, орталықтандырылған биліктен әділетті және теңгерімді жүйеге көшу, мемлекетті азамат үшін қызмет ететін құралға айналдыру әрекеті. Бұл – әрқайсымыздың балаларымыз бен немерелеріміз өмір сүретін Қазақстанның негізгі келісімі. Сондықтан бұл жобаны тек саяси немесе заңгерлік мәселе ретінде ғана емес, ұлт ретіндегі өз тағдырымызға қатысты таңдауымыз ретінде қарау керек.
Шира АСЫЛБЕКОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Жылуфизика және техникалық физика кафедрасының аға оқытушысы
ДӘСТҮРЛІ ТҮСІНІК ЗАҢМЕН БЕКІДІ

ҚР Конституциясының жаңа нұсқасының 30-бабы туралы қарапайым тілмен айтқанда: отбасы, неке, ана, әке, бала – мемлекет қорғайтын ең маңызды құндылықтың бірі. Заң осыны анық жазып қойған. Неке деген – еркек пен әйелдің өз еркімен, тең құқықта, заң бойынша тіркелген одағы. Балаға қамқор болу, тәрбиелеу – ата-ананың ең басты құқығы әрі міндеті. Ал ересек, жұмыс істей алатын балалар өзінің қарт, әлсіз ата-анасына қарауға міндетті. Бұл ережелер қазақтың әдет-ғұрпымен өте жақсы үйлеседі. Бізде әрқашан ата-анаға құрмет, балаға жауапкершілік, шаңырақтың берекесі бірінші орында тұрған. Отбасы – жай ғана үй емес, ұрпақ жалғасатын, құндылық сақталатын орта. Қазір өмір өзгерді, ел-жұрт қалаға көшіп жатыр. Жұмыс көп, бірақ осы негізгі ой мен ұстаным әлі де өзгермейді. Конституцияның жаңа нұсқасында сол дәстүрлі түсінікті заңмен бекітіп отыр.
Руслан АҚМАҒАНБЕТОВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасы
ЗАЙЫРЛЫ МЕМЛЕКЕТ ЖОҒАРЫ РУХАНИЯТТЫ ҚОЛДАЙДЫ

Қоғам жаңа Конституция жобасын қызу талқылау үстінде. Себебі еліміз үшін алдағы болашақ, азаматтардың құқығы мен бостандығы, бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық татулық, мәдениет, білім, ғылым мен инновация аса мәнді құндылық екені сөзсіз.
«Дін мемлекеттен бөлек» деп нақты жазылғаны зайырлылықты конституциялық деңгейде нығайту мүддесін көздеуде. Зайырлы мемлекет барлық дінге тең қарайды, діни ұйымдар заң шеңберінде ғана жұмыс істейді десек те, зайырлылық атеизм еместігі анық. Яғни зайырлы мемлекет жоғары руханиятты қолдайды. Маңыздысы, конфессияаралық келісім сақталып, діни экстремизмнің жолы кесілуі, әр адамның дүниетаным бостандығының толық қорғалуында.
Қазіргі заман білім мен ғылыми технологиялардың заманы. Сондықтан 3-бапта мемлекеттің адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамытуды стратегиялық бағыт деп тануы – келешек ұрпаққа берілген ең құнды мұра.
Құдайберді БАҒАШАРОВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Дінтану және мәдениеттану кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD
ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫ ЖӘНЕ ЖЫЛУЭНЕРГЕТИКА САЛАСЫНЫҢ ДАМУЫ

Жаңа Конституция жобасын талқылау – ел болашағына тікелей әсер ететін маңызды қадамдардың бірі. Конституция мемлекеттің Негізгі заңы ретінде қоғамдағы барлық салалардың, соның ішінде стратегиялық маңызы бар жылуэнергетика саласының да дамуына құқықтық негіз қалыптастырады. Жылуэнергетика – халықты жылу және электр энергиясымен қамтамасыз ететін басты салалардың бірі болғандықтан, оның тұрақты дамуы ұлттық қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі.
Жаңа Конституция жобасында азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасына, қауіпсіздікке және сапалы қызметтерге қол жеткізу құқығы ерекше аталып өтеді. Бұл талаптар жылуэнергетика саласына тікелей қатысты, себебі жылу және электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету – халықтың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігі. Егер энергетикалық жүйе тұрақты жұмыс істемесе, өндіріс орындары, білім беру мекемелері, медициналық ұйымдар және тұрғын үйлер қалыпты қызмет атқара алмайды.
Сонымен қатар Конституцияда экологиялық қауіпсіздік пен табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелері де қамтылған. Жылуэнергетика саласында бұл қағидалар аса маңызды, өйткені дәстүрлі жылу электр станциялары көмір, газ сияқты отын түрлерін пайдаланып, атмосфераға зиянды қалдықтар бөледі. Сондықтан жаңа құқықтық негіз аясында энергия тиімділігін арттыру, жаңартылатын энергия көздерін енгізу және экологиялық таза технологияларды қолдану міндеттері алдыңғы қатарға шығуы тиіс.
Жаңа Конституция жобасы мемлекет пен азамат арасындағы жауапкершілікті де нақтылай түседі. Мемлекет халықты сенімді энергетикалық ресурстармен қамтамасыз етуге міндетті болса, ал мамандар мен болашақ жылуэнергетик инженерлеріне заманауи, қауіпсіз және үнемді технологияларды дамыту жауапкершілігі жүктеледі. Бұл өз кезегінде кәсіби кадрларды даярлау сапасын арттыруды, ғылыми зерттеулерді қолдауды және өндірісте инновациялық шешімдерді енгізуді талап етеді.
Қорытындылай келе, жаңа Конституция жобасы жылуэнергетика саласының тек техникалық емес, сонымен қатар әлеуметтік, экологиялық және құқықтық маңызын арттырады. Ол саланың тұрақты дамуына, халықтың өмір сапасын жақсартуға және еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған берік негіз.
Мерей БҰҚПАНОВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Жылуэнергетика және техникалық физика кафедрасының маманы
ЖАСТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ МАҢЫЗДЫ БАСЫМДЫҚТАРДЫҢ БІРІ

Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституция жобасы ел дамуының құқықтық бағытын айқындайтын стратегиялық құжат ретінде қоғам назарына ұсынылды. Бұл жоба мемлекет пен азамат арасындағы өзара жауапкершілікті, қоғамдық өмірдің негізгі қағидаттарын және билік институттарының қызметін жаңа тұрғыда айқындайды. Құжатты әзірлеу барысында ғылыми сарапшылардың, түрлі сала мамандарының және белсенді азаматтардың пікірлері ескеріліп, ашық диалог қағидаты басшылыққа алынды.
Жаңа редакцияда тұлғаның қадір-қасиеті, азаматтық еркіндік пен әлеуметтік әділеттілік негізгі құндылықтар ретінде қарастырылады. Жастардың құқықтарын қорғау, олардың зияткерлік және кәсіби әлеуетін іске асыру үшін жағдай жасау маңызды басымдықтардың бірі болып отыр. Білім мен ғылымды дамыту, мәдени кеңістікті кеңейту және цифрлық трансформацияны қолдау елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың шешуші факторлары ретінде белгіленген.
Сонымен қатар Конституция жобасы құқықтық мемлекет қағидаттарын күшейтуді, заңның үстемдігін қамтамасыз етуді және азаматтардың жеке деректері мен құқықтарын цифрлық кеңістікте қорғауды көздейді. Бұл өзгерістер қоғамның белсенді мүшелері мен болашақ мамандардың тұрақты әрі қауіпсіз ортада дамуына негіз қалайды.
Ата заңның жаңа нұсқасын қабылдау мәселесі бүкілхалықтық референдум арқылы шешіледі. Бұл әрбір азаматқа елдің саяси және әлеуметтік болашағына тікелей ықпал ету мүмкіндігін береді.
Саягүл СЫРАЙЫЛ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Биофизика, биомедицина және
нейроғылым кафедрасының
аға оқытушысы, PhD
ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІНЕ ЖАСАЛҒАН СЕНІМДІ ҚАДАМ

«Заң – еркіндік пен тәртіп арасындағы алтын көпір» деп Бенжамин Франклин айтқандай, жаңа Конституцияға енгізілетін реформалар тек заңнамалық жаңару ғана емес, ел болашағына бағытталған саналы әрі тарихи маңызы бар шешім. Бұл өзгерістер мемлекеттің даму бағытын айқындап, қоғамның жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне жол ашады.
Конституциялық реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламентті жаңғырту, басқару жүйесін әділетті әрі тиімді ету жөніндегі бастамаларынан бастау алды. Аталған өзгерістер ең алдымен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған стратегиялық қадам болып табылады. Комиссия жұмысы барысында Конституцияның негізгі нормалары жан-жақты қарастырылып, 77 бапқа қатысты түзетулер ұсынылды. Бұл Ата заң мәтінінің шамамен 84 пайызына өзгеріс енгізілгенін көрсетеді. Осылайша Қазақстанның жаңа Конституциясы терең сарапталып, ел дамуының жаңа жолдары айқындалды.
Өзіме ерекше ұнаған тұсы – Ата заңның жаңа мәтінінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновацияның басты құндылық ретінде айқындалуы. Бұл мемлекеттің болашағы минералдық ресурстар мен табиғи байлықтарға ғана емес, ең алдымен адами капиталға, азаматтардың білімі мен жетістіктеріне негізделуі тиіс екенін көрсететін түбегейлі бетбұрыс. Білім мен ғылымды дамыту – елдің ертеңіне салынған ең маңызды инвестиция екені осы өзгерістер арқылы нақты көрініс тапты. Сонымен қатар цифрландыру мәселесіне де айрықша мән берілген. Жаңа Конституцияда азаматтардың құқықтарын цифрлық кеңістікте қорғау алғаш рет заңдық деңгейде бекітілді. Бұл заман талабына сай, технология мен инновацияны қолдайтын, қауіпсіз әрі ашық қоғам құруға бағытталған маңызды қадам.
Қорыта айтқанда, жаңа Конституцияға енгізілген реформалар – жаңа дәуірдің бастауы, ұлттық сананың жаңғыруы мен еліміздің өркениетке қарай нық қадам басуының айқын көрінісі. Бұл өзгерістер болашаққа деген сенімді арттырып, әділетті, білімді әрі дамыған қоғам құруға негіз болмақ.
Жанар Саткенова,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті
Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының
аға оқытушысы
ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІҢ БЕРІК НЕГІЗІ

Конституциялық реформа жөніндегі комиссия жаңа Конституцияның жобасын жариялады. Ұсынылған құжат кіріспеден, 11 бөлім мен 95 баптан тұрады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің әрбір азаматы Конституцияны жақсы біліп, оны құрметтеуі тиіс екенін атап өтті. Өйткені Ата заң – мемлекеттің басты бағдары мен негізгі құқықтық құжаты. Құқықтық мемлекет – заң үстемдік етіп, адам құқығы ең жоғары құндылық саналатын қоғам. Жаңа Конституция Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының берік іргетасы болып табылады. Ол мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілікті айқындап, билік пен халықтың қарым-қатынасын өркениетті арнаға бұрады.
Конституцияның басты жетістіктерінің бірі – заңның үстемдігін нақты әрі айқын бекітуі. Бұл қағидаға сәйкес, мемлекеттегі кез келген орган, лауазымды тұлға немесе азамат Конституция мен заң талаптарына бағынуға міндетті. Заң үстемдігі орнаған қоғамда әділетсіздікке, озбырлыққа және жауапсыздыққа орын жоқ. Құқықтық мемлекеттің жаңа негізі азаматтардың заң алдындағы теңдігін нақты бекітеді. Бұл әлеуметтік жағдайына, лауазымына немесе көзқарасына қарамастан, әрбір азаматтың құқығы бірдей қорғалатынын білдіреді. Мұндай теңдік қоғамда сенім мен тұрақтылықты нығайтып, халықтың мемлекетке деген құрметін арттырады.
Ата заңның жаңа нұсқасында мемлекеттің тағы бір маңызды белгісі – билік тармақтарының теңгерімі мен бөлінуі айқын көрсетілген. Жаңа Конституция заң шығарушы, атқарушы және сот билігінің өкілеттіктерін нақты айқындап, олардың бір-біріне тәуелді болмай, өзара бақылау мен тепе-теңдік жүйесінде жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Бұл жүйе биліктің бір қолға шоғырлануына жол бермей, демократиялық басқарудың берік кепілі болып табылады. Жаңа Конституция құқықтық мемлекеттің қағаз жүзіндегі ғана емес, нақты өмірде жүзеге асуына негіз болатын басты құжат.
Сандуғаш Нұртілеуова,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының
аға оқытушысы
БІЛІМ – НЕГІЗГІ ЗАҢНЫҢ БАСТЫ ТІРЕКТЕРІНІҢ БІРІ

2026 жылғы Конституция жобасы адам капиталының, оның ішінде білім мен ғылымның стратегиялық дамуына басымдық беруге бағытталған нормаларды енгізуге ерекше көңіл бөлгені байқалады. Білім мен ғылым – қазіргі заманғы әлеуметтік-экономикалық дамудың басты драйверлері. Бұл салаларды Конституция деңгейінде стратегиялық мақсат ретінде айқындау мемлекеттік саясаттың тұрақтылығын қамтамасыз етеді және зерттеу-инновациялық инфрақұрылымды нығайтуға мүмкіндік береді. Мұндай өзгерістер ғылыми қоғамдастық пен жоғары білім жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, талантты жас ғалымдар мен оқытушыларды тартуға жағдай жасайды.
Сонымен бірге жаңа Конституция жобасын әзірлеу және талқылау процесіне азаматтардың, сарапшылар мен қоғамдық институттардың белсенді қатысуы оның әлеуметтік қабылдануына және іске асырылуына оң әсер етуі мүмкін. Бұл – білім мен ғылым салаларындағы реформаларға қоғамдық қолдаудың жоғары болуына ықпал ететін фактор.
Қорытындылай келе, жаңа Конституция жобасы білім беру мен ғылыми зерттеулерді мемлекеттік дамудың стратегиялық басымдықтары ретінде қарастыру арқылы Қазақстанның интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталған жүйелі құқықтық негіз қалыптастыратыны байқалады. Бізге бұл білім мен ғылым қауымдастығы үшін нормативтік-заңдық база құруға мүмкіндік беретін маңызды қадам деп ойлаймын.
Жанар Асқарова,
экономика ғылымының кандидаты
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Экономика және бизнес жоғары мектебі
АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН БОСТАНДЫҚТАРЫ – МЕМЛЕКЕТТІҢ НЕГІЗГІ БАСЫМДЫҒЫ

Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия ұсынған Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасы – елдің саяси-құқықтық жүйесін терең жаңғыртуға бағытталған маңызды әрі уақыт талабына сай қадам. Бұл құжаттың басты ерекшелігі – оның кең қоғамдық талқылау нәтижесінде азаматтардың, сарапшылардың және ғылыми қауымдастықтың белсенді қатысуымен әзірленуі.
Жаңа Конституция жобасында адам құқықтары мен бостандықтарының мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде алғаш рет преамбула деңгейінде бекітілуі – түбегейлі әрі мазмұнды өзгеріс. Бұл қағидат бүкіл Конституцияның мағыналық өзегіне айналып, құқықтық мемлекеттің адамға бағдарланған моделін қалыптастыруға негіз болады. Сонымен қатар әділеттілік, заң мен тәртіп, цифрлық ортада азаматтардың құқықтарын қорғау, білім мен ғылымды, инновация мен адами капиталды дамыту сияқты құндылықтардың конституциялық деңгейде бекітілуі Қазақстанның болашақ даму бағытын айқын көрсетеді. Бұл мемлекеттің ресурстық емес, зияткерлік және әлеуметтік әлеуетке сүйенетін жаңа даму парадигмасына бет бұрғанын білдіреді.
Парламенттік реформалар, қоғамдық диалог институттарының күшеюі, зайырлы мемлекет қағидаттарының нақты айқындалуы және дәстүрлі құндылықтардың құқықтық тұрғыда қорғалуы – қоғамдағы тұрақтылық пен сенімді нығайтуға бағытталған маңызды тетіктер.
Жалпы алғанда, жаңа Конституция жобасы Қазақстанның тарихи сабақтастығын сақтай отырып, заманауи сын-қатерлерге жауап беретін, болашақ ұрпақтың мүддесіне негізделген құқықтық құжат ретінде бағалануға лайық.
Сәндігүл Ахметқалиева,
техника ғылымдарының кандидаты, доцент м.а.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Экономика және бизнес жоғары мектебі
КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ

2026 жылғы 30 қаңтарда жарияланған жаңа Конституция жобасының идеялық өзегіне білім мен ғылымды, мәдениет пен инновацияны енгізу – концептуалдық тұрғыдан маңызды қадам. Бұл ұстаным мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуы минералды ресурстар мен табиғи байлықтарға ғана емес, ең алдымен адами капиталдың сапасына, азаматтардың зияткерлік әлеуеті мен шығармашылық мүмкіндіктеріне тәуелді екенін айқын көрсетеді. Мұндай басымдық қоғамның бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақты өсімін қамтамасыз етуде білімге инвестиция салу және инновациялық орта қалыптастыру мәселелерін алдыңғы қатарға шығарады.
Цифрландыру бағытының жаңа Конституция мәтінінде жүйелі түрде көрініс табуы да қазіргі үрдістермен сабақтас. Цифрлық ортада азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты норманың бекітілуі онлайн кеңістіктегі қауіп-қатерлердің артуына құқықтық жауап ретінде бағаланады. Бұл тәсіл жеке деректердің қорғалуы, ақпараттық қауіпсіздік және цифрлық қызметтерді пайдалану кезінде құқықтардың сақталуы сияқты мәселелерді конституциялық деңгейде тануға мүмкіндік береді әрі Қазақстанның заманауи сын-қатерлерге бейімделу қабілетін көрсетеді.
Гүлмира Қатбаева,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
шығыстану факультеті
Қытайтану кафедрасының аға оқытушысы
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯСЫ ЖОБАСЫНДАҒЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МӘСЕЛЕЛЕРІНІҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ МАҢЫЗЫ

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы мемлекет дамуының институционалдық негіздерін жаңғыртуға бағытталған маңызды саяси-құқықтық құжат. Аталған жоба әлеуметтік мемлекет қағидаттарын нығайта отырып, адам капиталын дамытуға басымдық береді. Осы тұрғыдан алғанда, білім мен ғылым салаларына қатысты нормалар елдің ұзақ мерзімді тұрақты дамуын қамтамасыз ететін стратегиялық фактор ретінде қарастырылады.
Конституция жобасында әрбір азаматтың сапалы білім алуға тең құқығын қамтамасыз ету мемлекеттің міндеті ретінде айқындалады. Бұл қағида білім беру жүйесіндегі әлеуметтік әділеттілікті күшейтуге, өңірлік теңсіздіктерді азайтуға және халықтың барлық топтары үшін білімге қолжетімділікті арттыруға бағытталған. Сонымен қатар инклюзивті білім беруді дамыту, балалардың қауіпсіз және қолайлы оқу ортасында білім алуын қамтамасыз ету мәселелері өзекті бағыт ретінде белгіленген.
Ғылым саласына қатысты ережелерде ғылыми қызмет еркіндігін сақтау, зерттеулерді мемлекеттік қолдау және инновациялық экожүйені қалыптастыру қажеттілігі көрсетіледі. Бұл нормалар ұлттық ғылыми әлеуетті нығайтуға, ғалымдарды ынталандыруға және ғылыми нәтижелерді экономиканың нақты секторына енгізуге институционалдық негіз қалайды. Академиялық дербестік пен зерттеу қызметін қолдау Қазақстанның жаһандық ғылыми кеңістікке интеграциялануына мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, жаңа Конституция жобасы білім мен ғылымды ұлттық дамудың негізгі драйверлері ретінде айқындайды. Бұл тәсіл Қазақстанның бәсекеге қабілетті экономика қалыптастыруына, инновациялық әлеуетін арттыруына және зияткерлік қоғам құруына бағытталған жүйелі саясаттың көрінісі. Конституциялық деңгейде бекітілген аталған қағидаттар тиімді іске асқан жағдайда елдің әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-технологиялық дамуына елеулі серпін беретіні анық.
Болатбек Батырхан,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
шығыстану факультеті
Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының
зерттеуші-доценті, PhD
КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМА – ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІҢ НЕГІЗІ

Қазіргі таңда Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық реформа елдің саяси және құқықтық жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам. Бұл өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтуға, сондай-ақ билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Реформаның басты мақсаты – әділетті, ашық және халыққа есеп беретін мемлекет қалыптастыру. Конституцияға енгізілетін жаңашылдықтар азаматтық қоғамның рөлін күшейтіп, халықтың ел басқару ісіне қатысуына кең жол ашады деп сенемін. Сонымен қатар заң үстемдігін қамтамасыз ету және мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыру қоғамның тұрақты дамуы үшін аса маңызды.
Осы тұрғыда конституциялық реформа Қазақстанның демократиялық дамуына оң әсер етеді және болашақ ұрпақ үшін берік құқықтық негіз қалайды деп ойлаймын.
Гүлмира Рахымбай,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
химия және химиялық технология факультеті
Аналитикалық коллоидтық химия және
сирек элементтер технологиясы кафедрасының доценті
ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМҒА СҮЙЕНГЕН БОЛАШАҚҚА ҚАДАМ

Жаңа Конституция жобасымен таныса отырып, мені әсіресе білім мен ғылым мемлекеттің негізгі даму бағыты ретінде көрсетілуі қуантты. Қазіргі заманда елдің болашағы жерасты байлығымен емес, білімді, ойлай алатын, жаңалық жасайтын азаматтарымен өлшенеді. Сондықтан адам капиталына басымдық беру – дұрыс әрі уақтылы шешім деп ойлаймын.
Ғылым мен білім саласында жүрген адам ретінде цифрлық құқықтарды қорғау және зияткерлік меншікті сақтау мәселелерінің Конституция деңгейінде қарастырылуы өте маңызды. Себебі бүгінгі күні көптеген ғылыми жобалар мен зерттеулер цифрлық ортада жүзеге асады. Ғалымдар мен оқытушылар өз еңбегінің қорғалатынына сенімді болса ғана жаңа идеялар ұсынып, батыл жобаларға бара алады.
Сонымен қатар білім беру жүйесінің зайырлы сипатының сақталуы мен академиялық еркіндікке жағдай жасалуы – сапалы білімнің негізгі шарты. Ашық ойлау, пікір алуандығы, сыни талдау мәдениеті тек еркін әрі қауіпсіз ортада қалыптасады. Ал бұл өз кезегінде ғылыми дамуға тікелей әсер етеді.
Жалпы алғанда, жаңа Конституция жобасы тек саяси өзгерістерді емес, қоғамның интеллектуалдық потенциалын арттыруға бағытталғанын байқауға болады. Егер ұсынылған бастамалар іс жүзінде жүзеге асса, ғылым мен білім саласы жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемін. Ең бастысы – талқылау кезінде әр сала өкілінің, соның ішінде ұстаздар мен зерттеушілердің пікірлері ескерілсе, құжат қоғам сұранысына барынша жақын болады.
Райгүл Жұманова,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
химия және химиялық технология факультеті
Аналитикалық, коллоидтық химия және сирек элементтер технологиясы кафедрасының оқытушысы, PhD
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯСЫНДАҒЫ СЫРТҚЫ САЯСАТТЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ-ҚҰҚЫҚТЫҚ НЕГІЗДЕРІ

Қазақстан Республикасының Конституциясы жобасындағы 10-бап мемлекеттің сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындап, халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттары мен нормаларына нақты ұстанымын бекітеді. Бұл норма Қазақстанның халықаралық қатынастар жүйесіндегі орны мен рөлін айқындауда маңызды конституциялық-құқықтық мәнге ие.
Аталған бапта халықаралық құқықты құрметтеу қағидатының бекітілуі мемлекеттің халықаралық міндеттемелерді адал орындауға және халықаралық қоғамдастықпен өзара іс-қимылға ашық екенін көрсетеді. Бұл Қазақстанның халықаралық келісімдерге қатысуы мен оларды іске асыруының құқықтық негізін күшейтіп, мемлекетаралық сенімді нығайтуға ықпал етеді.
Бейбітшілік пен ынтымақтастық саясатын жүргізу, мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау және халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу қағидаттарының конституциялық деңгейде бекітілуі БҰҰ жарғысының негізгі ережелеріне, сондай-ақ халықаралық құқықтың әмбебап қағидаттарына толық сәйкес келеді. Бұл сыртқы саясатта күш қолдану немесе қысым көрсету тетіктерінен бас тартып, дипломатиялық диалог пен келіссөздерге басымдық берілетінін айқындайды.
Сараптамалық тұрғыдан алғанда, 10-бап бағдарламалық сипатқа ие бола отырып, Қазақстан Республикасының сыртқы саяси қызметінің құндылықтық және құқықтық негіздерін қалыптастырады. Ол мемлекеттік органдардың сыртқы саяси шешім қабылдау үдерісінде халықаралық-құқықтық стандарттарды басшылыққа алуын қамтамасыз етеді. Қазақстанды халықаралық қатынастар жүйесінде бейбіт әріптес ретінде танытуға бағытталған.
Жалпы алғанда, аталған норма Қазақстан Республикасының сыртқы саяси бағытын институционалдық тұрғыдан нығайтып, оның халықаралық құқық субъектісі ретіндегі беделі мен сенімділігін арттыруға қызмет етеді.
Камила Алтаева,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
халықаралық қатынастар факультетінің
Халықаралық құқық кафедрасының меңгерушісі
Басқа жаңалықтар