Қазақстандағы көміртек нарықтары мен табиғатқа негізделген шешімдерді дамытуға арналған семинарFarabi University

Қазақстандағы көміртек нарықтары мен табиғатқа негізделген шешімдерді дамытуға арналған семинар

6 ақпан, 2026

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің География және табиғатты пайдалану факультетінің Метеорология және гидрология  кафедрасының профессоры Чередниченко А.В. Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы (ПРООН) тарапынан, Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен бірлесіп, БҰҰ ДБ-ның биоалуантүрлілікті қаржыландыру жөніндегі жаһандық бастамасы (BIOFIN) аясында ұйымдастырылған оқыту іс-шарасына сарапшы ретінде қатысты.

Іс-шара барысында орман және ауыл шаруашылығы салаларында экологиялық тұтастығы жоғары көміртекті офсет жобаларын әзірлеу және іске асыру бойынша практикалық білімдер ұсынылды. Оқытуға мемлекеттік органдардың, қаржы және өнеркәсіп секторларының, ғылыми қауымдастықтың, валидация және верификация органдарының, әуе компанияларының, жеке сектордың өкілдері, сондай-ақ көміртекті жобаларды әзірлеушілерді қоса алғанда, 100-ден астам қатысушы қатысты.

Орман және ауыл шаруашылығындағы көміртекті жобалардың ерекшелігі мен күрделілігін ескере отырып, тренинг қолданбалы оқыту бағдарламасы ретінде құрылды. Оның аясында көміртекті жобаларды әзірлеу мен бағалаудың практикалық аспектілері, соның ішінде базалық сызықты қалыптастыру, қосымшалылықты растау, мониторинг, есептілік және верификация жүйелері, экологиялық және әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету шаралары, сондай-ақ тәуекелдерді анықтау мәселелері қарастырылды. Ерекше назар табиғатқа негізделген шешімдерге аударылды.

Тренинг көміртекті нарықтардың жұмыс істеуіне және көміртекті жобаларды іске асыруға қатысатын мүдделі тараптар арасында ортақ техникалық түсінік қалыптастыруға бағытталды. Көміртекті нарықтардың әлеуетін тиімді пайдалану үшін инвесторлар үшін айқын, шынайы және түсінікті ережелердің болуы қажет. Осы бағытта Қазақстан заңнамаға өзгерістер енгізуді қоса алғанда, жүйелі қадамдар жасап келеді.