ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯСЫНЫҢ ЖОБАСЫНА ҚАТЫСТЫ ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ-ДЫҢ ПРОФЕССОР-ОҚЫТУШЫЛАР ҚҰРАМЫНЫҢ ПІКІРІFarabi University

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯСЫНЫҢ ЖОБАСЫНА ҚАТЫСТЫ ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ-ДЫҢ ПРОФЕССОР-ОҚЫТУШЫЛАР ҚҰРАМЫНЫҢ ПІКІРІ

7 ақпан, 2026

АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ – КОНСТИТУЦИЯНЫҢ НЕГІЗГІ ТІРЕГІ

 

Жаңа Конституция жобасы – тұлғаға бағдарланған заманауи мемлекет құруға бағытталған қадам. Ол Конституцияны бюрократиялық құжат емес, қоғамның ортақ келісімі ретінде қарастырады. Билік тепе-теңдігі күшейіп, институттардың дербестігі артады, бір орталыққа тәуелділік азаяды. Мемлекет қоғамның үстінен емес, қоғам үшін қызмет ететін жүйеге айналады.

Ең бастысы – адам құқықтары мен бостандықтары жаңа жүйенің өзегіне қойылады. Мемлекет азаматтың қадір-қасиетін, қауіпсіздігін және өзін жүзеге асыруын қамтамасыз етуге міндеттеледі.

Бұл өзгерістер білім беру мен ғылым саласына да оң әсер етеді: академиялық еркіндік кеңейіп, әділдік қағидалары нығаяды, инновациялық зерттеулерге жаңа мүмкіндіктер ашылады.

 

Жанар Жеңіс,

Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығының директоры,

химия және химиялық технология факультетінің профессоры

 

 

 

КОНСТИТУЦИЯ БОЛАШАҚТЫ АНЫҚТАЙТЫН ПРОГРЕССИВТІ ҚҰЖАТ

 

Конституция жобасының 43-бабының 1-тармағында Президент жеті жылға бір рет сайланатыны анық көрсетілген. Бұл биліктің монополиялануына жол бермейтін айқын көрінісі. Өздеріңіз білетіндей, аталған құқықтық норма реформа барысында 2022 жылы енгізілген. Бұл сонымен қатар жаңа Конституция жобасының негізгі принципінің көрінісі болып табылады.

Осындай мерзімге шектеу енді ҚР Конституциялық сотының судьяларына, ҚР Жоғарғы сотының төрағасына және ҚР бас прокурорына қолданылады. Бұл халық алдындағы жауапкершілік пен әділеттілік, заңдылық қағидаларының толықтай орындалатынын көрсетеді және аталған нормалар алғаш рет енгізіліп отыр. Бұған қосымша, әрбір азаматтың ар-ождан бостандығы, абыройы,  еңбек, тұрғын үй, меншік және денсаулық сақтау құқықтары үнемі қорғалатыны анық көрсетілген.

Зайырлы сипаттағы мемлекеттің негізгі қағидаларының бірі институционалдық теңдікті нығайтады және азаматтардың, әсіресе әйелдер мен балалардың құқықтарын  теологиялық доктриналар бойынша бұзылмауын қамтамасыз етуі тиіс. Негізгі әлеуметтік  қағидалар қалыңдықтарды ұрлау, оларды некеге мәжбүрлеу, соның ішінде діни жоралғыларға қатысты пікірлерге жол бермеу болып табылады. Сондықтан біз Конституцияда осы ережелерге қатысты жаңа нормаларды толық қолдаймыз. Некені тек мемлекеттік арнайы органдар тіркеуі керек және ерлер мен әйелдердің тең құқықтары заңда қамтамасыз етілген нормалар жазылған.

Жаңа Конституция жобасында халықаралық шарттар қолданыстағы құқық мәртебесін сақтайды, бірақ тек Конституция ешқандай қосымша ескертулерсіз жоғары заңды күшке ие. Осындай модель халықаралық шарттар мен Конституция нақты бөлінген иерархияда болатын көптеген мемлекеттердің тәжірибесіне сәйкес келеді. Бұл құқықтық актілер арасында қақтығыстар болған жағдайда қолдануға жататын норма. Бұл тәсіл халықаралық міндеттемелерді шектеуге бағытталмайды, керісінше, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың қосымша кепілі ретінде қызмет етеді, өйткені ол халықаралық шарттың конституциялық негіздерге сәйкестігін алдын ала тексерусіз тікелей түрде қолданылатын жағдайларды болдырмайды. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасу, орындау, өзгерту, толықтыру және тоқтату тәртібі арнайы заңмен айқындалады. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар оның заңдары алдында басым болады және халықаралық шартта оны қолдану үшін заң шығару талап етілетін жағдайдан басқа реттерде тікелей қолданылады. Конституция жобасындағы  норма «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2016 жылғы 6 сәуірдегі №480-V ҚР З заңына сәйкес келеді.

Еңбек ету құқығы әр адамның маңызды конституциялық құқықтарының бірі. Бұл құқықты іске асыру бірқатар басқа әлеуметтік мәселелерді жүзеге асыру мүмкіндігін анықтайды.

Конституция жобасының 27-бабында «Әр адамның еңбек етуге, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауға құқығы бар» деген норма жазылған.

ҚР қолданыстағы Конституциясы еңбек ету міндетін көздемейді. Конституцияның 24-бабына сәйкес, еңбек бостандығы, әркім өзінің еңбек ету қабілетін еркін басқаруға, қызмет түрі мен кәсібін таңдауға құқылы.

«Еңбек бостандығы» және «еңбек құқығы» ұғымдары азаматтардың жұмысқа қатысуы бойынша кең ауқымды қатынастарды реттеуге негізгі конституциялық көзқарасты көрсетеді. Біздің ойымызша, еңбек бостандығы осы саладағы негізгі қағида ретінде қарастырылуы тиіс, ал еңбек ету құқығы субъективті құқық жеке тұлғаның заңды мәртебесі элементтерінің бірі ретінде қарастырылуы қажет.

Еңбек ету құқығын жариялай отырып, мемлекет азаматтардың еңбек ету құқығын іске асыруына байланысты белгілі бір міндеттемелерді өзіне алады. Атап айтқанда қауіпсіздік, еңбекті қорғау және гигиена талаптарына жауап беретін  еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге, қандай да бір кемсітусіз және ҚР заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінен төмен емес еңбегі үшін сыйақыны қамтамасыз етуге, сондай-ақ жұмыссыздықтан қорғауға қатысты міндеттемелер.

1948 жылғы Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 23-бабы  әр адамның еңбекке, еркін жұмыс таңдауға, әділ және қолайлы еңбек жағдайларына және жұмыссыздықты қорғауға құқығы бар екендігі қарастырылған, сондықтан да Конституция жобасындағы норма жалпы халықаралық нормаларға ХЕҰ конвенцияларына сәйкес келеді.

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы – болашақты анықтайтын прогрессивті құжат. Конституция жобасында Қазақстан Республикасы адами капиталды дамыту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде танитыны жазылған. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Заң және тәртіп» қағидаларын толық енгізу тұжырымдамаларын Конституция мәтінінде толық түрде көріп отырмыз және Конституцияның негізгі мақсаты –   заңдылық, тәртіп, теңдік пен әділдік. 

Сәрсенғали Алдашев,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультеті Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасының аға оқытушысы, з.ғ.к.

 

 

 

ЖАҢҒЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН МАҢЫЗДЫ ҚҰЖАТ

 

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасы мемлекет дамуының жаңа кезеңіне сай жаңғыруға бағытталған маңызды құжат болып табылады. Жобада елдің саяси, құқықтық және әлеуметтік жүйесін жетілдіруге арналған бірқатар өзекті бағыттар қамтылғаны байқалады. Бұл бастамалар қоғам өмірін жаңартуға деген ұмтылысты көрсетеді.

Сонымен қатар Конституция сияқты іргелі құжатта әрбір норма барынша ойластырылып, ұзақ мерзімді салдары ескерілуі тиіс. Жекелеген ережелер бойынша қоғамдағы әртүрлі пікірлер мен көзқарастарды тереңірек назарға алу қажеттігі туындайды. Себебі Конституция барлық азаматтар үшін ортақ құндылықтар мен қағидаттарды айқындайтын құқықтық негіз болып саналады.

Қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, ұсынылып отырған нормалардың елдің тарихи даму ерекшеліктерін, әлеуметтік алуантүрлілігін және азаматтардың күнделікті өміріндегі нақты жағдайларды ескеруі аса маңызды. Конституциялық реформалар қоғамды біріктіретін, сенім мен өзара түсіністікті нығайтатын сипатта болуы қажет.

Жалпы алғанда, жоба ел дамуының стратегиялық бағытын айқындауға бағытталғанымен, кейбір тұстарын қосымша талқылау және нақтылау оның сапасын арттырып, азаматтардың кең қолдауына ие болуына мүмкіндік береді. Мұндай көзқарас Конституцияның ұзақ мерзім бойы тұрақты әрі тиімді қызмет етуіне негіз бола алады.

 

Гүлнар Жүнісова,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

ЭжБЖМ Қаржы және есеп кафедрасының доценті м.а.

 

 

 

ОРТАҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ЖИЫНТЫҒЫ

 

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы ресми түрде жарияланғаны барлығымызға белгілі. Бұл – еліміздің құқықтық және саяси дамуындағы аса маңызды кезеңдердің бірі. Мен үшін маңызды болғаны –  әсіресе неке мен отбасы, балалардың құқығын қорғау мәселесіне назардың айрықша бөлінуі.

Қазақстан Республикасында мемлекет отбасын өз қамқорлығына алады және отбасындағы қатынастарды арнайы қабылданған заңдар арқылы реттейді. Конституция жобасының 30-бабында неке мен отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында екені, ал балаларға қамқорлық жасау мен оларды тәрбиелеу ата-ананың табиғи құқығы әрі міндеті, сонымен қатар кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті екені бекітілген.

Некенің еркек пен әйелдің мемлекет заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы екені туралы ереже енгізілген. Бұл шешім дәстүрлі құндылықтарды ең жоғары құқықтық деңгейде қорғауға және әйелдердің құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған. Отбасы қатынастарына қатысты Конституцияда қамтылған адам құқығының жалпы нормалары: өмір сүру құқығы, әркімнің жеке басының бостандығы, адамның жеке өміріне және отбасы құпияларына қол сұғылмау және т.б. нормалары берілген.

Конституцияның баптарында отбасы мүшесінің ғана емес, жалпы адам құқығының нормалары берілген. Қазақстан Республикасы Конституциясының 12-бабында адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оған кепілдік берілген. Заң мен соттың алдында жұрттың бәрі тең. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге қатысты көзқарастарына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге де жағдайлар бойынша кемсітуге жол берілмейді.

Сонымен қатар Конституция жобасында білім беру жүйесінің зайырлы сипатын бекітетін жаңа нормаға да ерекше көңіл бөлінген. Қазақстан Республикасының аумағындағы білім беру ұйымдарында оқу мен тәрбие беру жүйесі, діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, зайырлы сипатта болуы тиіс. Бұл балалардың білім алуға деген құқығын толық жүзеге асыруына жағдай жасайды.

Конституциялық реформа тек мемлекеттік органдар үшін емес, әрбір азаматтың өміріне тікелей әсер ететін құжат. Сондықтан оны оқып, түсініп, өз пікірін айту – баршамыздың азаматтық міндетіміз. Жаңа Конституция – ел болашағын айқындайтын ортақ құндылықтар жиынтығы. Себебі бұл – біздің таңдауымыз, біздің болашағымыз. Жаңа Конституция – бүгінгі таңдауымыз арқылы ертеңгі Қазақстанның қандай болатынын айқындайтын тағдырлы құжат.

Эльмира Бектұрова,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Шетел филологиясы

және аударма ісі кафедрасының аға оқытушысы

 

 

 

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫ – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ

 

Жаңа Конституция жобасының ұсынылуын мен ел дамуының жаңа белесіне бастайтын маңызды кезең деп санаймын. Экономист әрі оқытушы ретінде Конституцияны тек құқықтық құжат емес, мемлекеттің даму логикасын айқындайтын стратегиялық бағдар ретінде қабылдаймын. Өйткені онда билік пен қоғам арасындағы қатынастар, азаматтардың құқықтары мен экономикалық еркіндіктің шекаралары нақты белгіленеді. Ал бұл факторлар елдегі инвестициялық ахуалға және кәсіпкерлік белсенділікке тікелей әсер етеді.

Жоба мазмұнында адам құқықтарының басымдығы айқын көрініс тапқан. Құқық үстемдігі орныққан қоғамда сенім қалыптасады, ал сенім – экономиканың ең маңызды ресурстарының бірі. Сенім бар жерде бастама бар, жаңа бизнес ашылады, еңбек өнімділігі артады. Бұл өз кезегінде орта таптың нығаюына және әлеуметтік тұрақтылықтың күшеюіне ықпал етеді.

Парламенттің бірпалаталы форматқа көшуі басқару жүйесін ықшамдап, шешім қабылдау үдерісін жеделдетуге мүмкіндік береді деп ойлаймын. Сонымен қатар білімге, ғылымға, инновация мен экологияға басымдық берілуі – болашаққа жасалған ұзақ мерзімді инвестиция. Әсіресе адами капиталды дамытуға ерекше мән берілуі еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негіз болады. Азаматтардың құқықтық сауаттылығын күшейтуге бағытталған нормалар қоғам мәдениетін де нығайтады.

Мен үшін бұл жоба – Қазақстанның тұрақты, әділетті әрі бәсекеге қабілетті дамуына бағытталған стратегиялық қадам.

 

Әйгерім Сәрсенова,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Экономика және бизнес жоғары мектебі

Экономика кафедрасының аға оқытушысы

 

 

БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМНЫҢ ЕРКІН ДАМУЫНА ЖОЛ АШАТЫН СТРАТЕГИЯЛЫҚ ҚАДАМ

 

Конституциялық реформа еліміздің құқықтық жүйесін жаңғыртумен қатар, білім мен ғылымның еркін әрі сапалы дамуына берік негіз қалайтын маңызды тарихи қадам деп есептеймін. Жаңа Конституция жобасымен танысу барысында мемлекеттің басты құндылығы ретінде адам және оның құқықтары мен бостандықтарының айқындалуы заманауи демократиялық қоғам құру жолындағы басты басымдықтардың бірі екеніне көз жеткіздім. Бұл ұстаным білім беру жүйесі үшін айрықша маңызға ие, себебі сапалы білімнің негізінде ең алдымен тұлғаның еркін дамуы мен ойлау дербестігі жатыр.

Жоғары оқу орнының оқытушысы ретінде мен жаңартылған Ата заңда бекітілген құқықтық кепілдіктер мен академиялық еркіндік қағидаттары университеттердің білім беру сапасын арттыруға тікелей ықпал етеді деп санаймын. Еркін ойлай алатын, өз көзқарасын ашық білдіруге қабілетті, пікір алуандығына құрметпен қарайтын студент қана еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті маман бола алады.

Конституция арқылы бекітілген ой еркіндігі, шығармашылық бастамаларды қолдау және ғылыми ізденіске жол ашу жастардың дайын ақпаратты жаттаумен шектелмей, оны талдап, сыни тұрғыдан бағалап, жаңа идеялар мен инновациялық шешімдер ұсынуына мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде ғылымның дамуын жеделдетіп, елдің технологиялық және интеллектуалдық әлеуетін нығайтады.

Сонымен қатар жаңа конституциялық құндылықтар азаматтық жауапкершілік, патриотизм, заңға құрмет және әлеуметтік белсенділік сияқты маңызды қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етеді. Мұндай ортада тәрбиеленген болашақ мамандар тек кәсіби тұрғыда білікті ғана емес, сонымен қатар мемлекет тағдырына бейжай қарамайтын, қоғам дамуына үлес қосуға дайын, саналы әрі жауапты тұлға болып қалыптасады деп сенемін.

Осы тұрғыдан алғанда, конституциялық реформаны еліміздің зияткерлік әлеуетін арттыруға, білім мен ғылымды жаңғыртуға және болашақ ұрпақтың сапалы дамуына бағытталған батыл әрі уақыт талабына сай қадам ретінде бағалаймын. Бұл өзгерістер Қазақстанды білімге негізделген, инновациялық және бәсекеге қабілетті мемлекетке айналдыру жолындағы маңызды құқықтық және рухани тірек болмақ.

Мақсат МҰСТАФИН,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Компьютерлік ғылымдар кафедрасы

меңгерушісінің ғылыми-инновациялық жұмыс

және халықаралық байланыстар жөніндегі

орынбасары, PhD, аға оқытушы

 

 

ТАБИҒАТҚА ҰҚЫПТЫ ҚАРАУ ҚАҒИДАТТАРЫ КОНСТИТУЦИЯ

ДЕҢГЕЙІНДЕ БЕКІТІЛУІ ҚУАНТАДЫ

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы – ел дамуының келесі кезеңіне өтуіне қажетті, тарихи маңызды құжат. Конституциялық комиссия әзірлеген жаңа Конституцияның жаңартылған жобасы мемлекет дамуының жаңа кезеңіне сәйкес жасалған маңызды құқықтық керек құжат болып отыр.

Жаңа Конституция нұсқасының басты идеясының бірі білім мен ғылымды, мәдениет пен жаңа ғылыми табыстарды жетілдіруге арналған, мемлекеттің болашағы – адам құндылықтарына негізделген, ел азаматтарының жетістігімен анықталатынын көрсеткен. Конституция жобасы ұлттық құндылықтарды ескере отырып қарастырылған. Бұл бастаманы парасатқа жол бағыттау деп түсінуге болады.

Биолог маманы әр уақытта адамның өмірін табиғатпен байланыстыра қарайды, оны қорғау әр азаматтың міндеті деп санайды. Міне, осы тұрғыдағы табиғатқа ұқыпты қарау сияқты қағидаттар Конституция деңгейінде бекітілуі қуантады.

Ата заңымыздың жаңа мәтінінде Қазақстанда азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау туралы норма бекітілген. Бұл заманауи сандық ғасыр мен жасанды интеллекті дамуының белсенді уақытына лайықталған бағыт – цифрландыру болып отыр. Бүгінгі күні биолог ғалымдардың жұмыстары да бағдарлама мен биоинформатикаға бағытталған. Сондықтан қажетті құқықтық норма болып табылады.

Талқыланып отырған конституциялық өзгерістерді құқықтық мемлекетті нығайтудың маңызды шарасы ретінде бағалаймын. Жаңа Конституциядағы қағидаттар терең қарастырылып, елімізде әділетті, экономикасы дамыған, салауатты, саналы қоғам қалыптасады деген үміттемін.

Бейбіткүл ЖҰМАБАЕВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Молекулалық және генетика кафедрасының доценті,

биология ғылымының кандидаты

 

 

 

ЖАҢА САПАЛЫҚ КЕЗЕҢДІ АЙҚЫНДАЙТЫН МАҢЫЗДЫ БЕЛЕС

 

Әр мемлекеттің Конституциясы – оның тарихи даму жолы мен негізгі құндылықтарын айқындайтын, терең мағыналы әрі айрықша маңызды құжат. Конституцияның көлемі мен құрылымы әр елде әртүрлі болғанымен, оның мазмұны мемлекеттің саяси, әлеуметтік және рухани даму деңгейін көрсетеді. Қазіргі таңда қоғамдық талқылауға ұсынылып отырған еліміздің Ата заңының жаңа редакциясы – Қазақстанның соңғы отыз жылдағы даму жолындағы жаңа сапалық кезеңді айқындайтын маңызды белес деп есептейміз. Осыған байланысты өз тарапымыздан аталған құжат төңірегіндегі пікірталасқа ой қосу орынды деп санаймыз.

Мемлекеттің болашақ даму бағытын айқындайтын мұндай стратегиялық маңызы бар құжаттың қоғамда кең әрі қызу талқылануы заңды құбылыс. Дегенмен әлеуметтік желілердегі кейбір пікірлердің үстірт, біржақты және контекстен тыс айтылып жатқаны қынжылтады. Өкінішке қарай, жекелеген белсенділердің ой-пікірлері құжаттың тұтас мазмұнын саралауға емес, жеке сөйлемдер мен фрагменттерді ғана сынға алуға бағытталып жатады. Мұндай тәсіл конструктивті қоғамдық диалогқа кедергі келтіреді.

Заң жобасының мазмұнына нақты тоқталар болсақ, 33-баптың білім саласына арналуы ерекше маңызға ие. Бұл бапта бастауыш және орта білімнің жалпыға міндетті екені нақты көрсетілгені құптарлық. Ал кәсіби және жоғары білім алу әр азаматтың жеке таңдауы ретінде белгіленуі қазіргі заман талаптарына сай. Осы тұста жоғары оқу орындарының академиялық еркіндігі мен институционалдық дербестігі жеке тарау немесе нақты нормалар арқылы толық ашылып көрсетілсе, білім беру жүйесінің сапасын арттыруға оң әсерін тигізер еді.

Заң жобасының төртінші бөлімі Құрылтайдың құрылымы мен сайлану тәртібіне арналған. Бұл бағытта Құрылтайды қалыптастыру кезінде еліміздің аумақтық кеңдігі мен өңірлердің әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктерін ескеру маңызды деп санаймыз. Себебі Құрылтайдың партиялық тізім арқылы құрылуы жекелеген өңірлердің нақты мәселелерін көтеретін өкілдердің шет қалу қаупін туындатуы мүмкін. Дегенмен уақыт өте келе саяси партиялар арасындағы бәсекелестіктің күшеюі олардың жауапкершілігін арттырып, қоғамдық мүддені қорғаудағы рөлін нығайтады деп үміттенеміз.

30-бапта қоғам үшін аса маңызды әрі күрделі әлеуметтік мәселе – неке және отбасы институты қамтылған. Бұл баптың мазмұны небәрі төрт тармақпен шектелгенін ескере отырып, қоғамда кең таралған азаматтық және діни неке ұғымдарына нақты құқықтық анықтама беру орынды болар еді. Бұл отбасылық қатынастарды реттеуде құқықтық айқындықты қамтамасыз етер еді.

Жалпы алғанда, Конституцияның жаңа редакциясын талқылау үдерісі енді ғана қарқын алып келеді. Қоғамдық ортада айтылып жатқан әртүрлі пікірлердің ескеріліп, сүзгіден өтуі – демократиялық дамудың көрінісі. Біз бұл қоғамдық талқылау өз нәтижесін беріп, еліміздің құқықтық негізін нығайтуға бағытталған теңгерімді әрі сапалы шешімдерге әкелетініне сенеміз және ұсынылып отырған конституциялық реформаларды қолдаймыз.

 

Санат ТҮГЕЛБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

География, жерге орналастыру және

кадастр кафедрасының аға оқытушысы,

география ғылымының кандидаты

 

 

 

БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМ – ЖАҢАРҒАН ҚАЗАҚСТАННЫҢ БЕРІК ІРГЕТАСЫ

 

 

2026 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясы білім мен ғылым саласының дамуына тың серпін берді. Бұл түзетулер еліміздің инновациялық әлеуетін күшейтуге, жоғары білікті кадрлар даярлауға және ұлттық ғылыми мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған стратегиялық маңызы бар қадам болып табылады.

Конституциялық өзгерістердің маңызды бағыттарының бірі – жоғары білім мен ғылыми-технологиялық дамудың ұлттық басымдық ретінде айқындалуы. Бұл шешім университеттер мен ғылыми-зерттеу орталықтарының рөлін арттырып, жастарға сапалы әрі бәсекеге қабілетті білім алуға кең жол ашады.

Химия және химиялық технология саласы бүгінгі заманның аса өзекті әрі қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының қатарына жатады. Жаңа Конституция ғылым мен өндіріс арасындағы өзара байланысты нығайтуға басымдық беріп, химиялық жаңалықтар мен инновациялардың практикада кеңінен қолданылуына мүмкіндік туғызады. Мұндай қадамдар энергия тиімділігі, экологиялық қауіпсіздік және жаңа материалдар өндірісі сияқты стратегиялық салалардың дамуына серпін береді.

Университет қабырғасында химия мен химиялық технологияны меңгеру тек теориялық біліммен шектелмей, ғылыми ойлау мәдениетін қалыптастыруды, тәжірибелік ізденіс жүргізуді және ел дамуына нақты үлес қосуды көздейді. Жаңартылған құқықтық негіз академиялық еркіндікті кеңейтіп, білім сапасын арттыруға және ғылыми зерттеулердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Конституциялық жаңғыру – жастарға деген сенімнің, ғылымды қолдаудың және жаңа идеялар мен ашылымдарға жол ашудың айқын көрінісі.

Білім алу – Отанға қызмет етудің ең биік әрі абыройлы жолы.

 

Бәтес Құдайбергенова,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

 Органикалық заттар химиясы және технологиясы,

табиғи қоспалар мен полимерлер кафедрасының профессоры м.а., PhD

 

 

ҒЫЛЫМ МЕМЛЕКЕТТІҢ ТҰРАҚТЫ ДАМУЫНЫҢ НЕГІЗІ РЕТІНДЕ ТАНЫЛСА...

 

Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайда еліміздің Конституциясына өзгертулер мен түзетулер енгізу ұсынысынан кейін арнайы комиссия құрылып, еліміздің жаңа конституциялық жобасын талдауға ұсынды. Қазіргі қоғамдық талқылауда конституциялық реформалар ең алдымен адам құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту, билік тармақтарының өзара тепе-теңдігін нақтылау, сондай-ақ құқық үстемдігін қамтамасыз ету мәселелерімен тығыз байланысты қарастырылуда. 

Конституция – мемлекеттің құқықтық іргетасы ғана емес, оның ұзақ мерзімді даму бағдарын айқындайтын стратегиялық құжат. Еліміздің қазіргі Конституциясы 1995 жылғы 30 тамызда қабылданып, бірнеше рет өзгерістер енгізілген. Бірақ осы қолданыстағы Конституцияда адам, оның құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық ретінде айқындалғанымен, ғылым мен білім дербес стратегиялық бағыт ретінде тікелей аталмайды. Білім алу құқығы жанама түрде әлеуметтік мемлекеттің қағидалары арқылы қарастырылады, ал ғылым мен ғылыми қызмет конституциялық мәтінде нақты ұғым ретінде бекітілмеген.

Ал ұсынылып отырған жаңа конституциялық жоба мазмұндық жағынан маңызды бетбұрыс болып отыр. Жоба мәтінінде білім, ғылым және инновация мемлекеттің стратегиялық қызметінің бағыттары ретінде айқындалады, ал адам капиталы ел дамуының негізгі факторы ретінде танылады. Бұл заманауи конституционализмге тән үрдіс. Ғылыми тұрғыдан алғанда, мұндай тәсіл мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік дамуын білімге негізделген модельге көшірудің құқықтық алғышартын қалыптастырады.

Ғылым мен білімді Конституция деңгейінде бекіту – символикалық қадам емес, нақты институционалдық салдары бар шешім. Ол академиялық еркіндікті нығайтады, ғылыми саясаттың сабақтастығын қамтамасыз етеді және жоғары оқу орындары мен зерттеу институттарының рөлін арттырады. Осыған байланысты, ғылыми-сараптамалық тұрғыдан алғанда, Қазақстанның жаңа конституциялық жобасында ғылым мен білімге қатысты нормаларды одан әрі нақтылау орынды деп санаймын. Атап айтқанда ғылыми қызметтің еркіндігі мен академиялық дербестікті жеке қағида ретінде бекіту, сондай-ақ ғылымды мемлекеттің тұрақты дамуының негізі ретінде тану Қазақстанды ғылымға негізделген мемлекеттер қатарында құқықтық тұрғыда айқындай түсер еді. Осылайша ұсынылып отырған конституциялық жаңғырту Қазақстанның құқықтық дамуын аймақтық және жаһандық үрдістермен үйлестіріп, ғылым мен білімге негізделген болашаққа бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Еркебұлан Нәлібаев,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ физика-техникалық факультетінің аға оқытушысы, PhD

 

 

 

АДАМ ҚҰҚЫҒЫ МЕН ЖЕКЕ КЕҢІСТІК ҚОРҒАЛАДЫ

 

Конституция жобасының екінші бөлімі енді «Негізгі құқықтар, бостандықтар және міндеттер» деп аталады. Бұл өзгеріс құқық пен міндеттің өзара байланысын күшейтіп, қоғамдағы жауапкершілікті арттырады. Өмірге келу құқығы әрбір адамның абсолютті және ажырамас құқығы ретінде бекітілді. Жеке деректерді заңсыз жинаудан және өңдеуден қорғау кепілдіктері конституциялық деңгейге көтерілді. Жеке өмір құпиясын қорғау бұдан былай цифрлық технологияларды қолдану арқылы жасалатын байланыстарды да қамтиды. Банктік операциялардың, хат-хабарлардың және телефон арқылы сөйлесулердің құпиялылығына кепілдік берілді. Бұл нормалар азаматтардың жеке өміріне мемлекеттің немесе өзге тұлғалардың араласу шегін нақтылайды. Азаматтардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайтыны қатаң белгіленді. Кінәсіздік презумпциясы енді тек іс жүргізу принципі емес, негізгі конституциялық стандарт болып табылады. Осылайша мемлекет адам құндылығын және оның жеке кеңістігін қорғауды басты орынға қоюға ниеттеніп отыр.

Сәуле Құшыбек,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының

аға оқытушысы

 

 

 

 

ЕЛ БІРЛІГІ МЕН БОЛАШАҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

 

 

Егемендік – Конституцияның негізгі қағидаларының бірі. Жаңа Конституция жобасында егемендік мәселесі елдің азаттық, тәуелсіздік және сыртқы әсерден тәуелсіз құқықтық мәртебесі деген мәнде қарастырылады. Егемендік, біртұтастық және аумақтық тұтастық – өзгермейтін құндылықтар ретінде конституциялық деңгейде бекітілген. Егемендік мәселесі жаңа Конституция жобасында негізгі бастапқы баптарда қарастырылған, оның теңгерілген құқықтық жүйесі және халықтың билік бастаушы рөлі анық жазылған. Яғни «Қазақстан Республикасы – унитарлы мемлекет, оның егемендiгi бүкіл территориясына тарайды, мемлекет оның біртұтастығы мен бөлінбеушілігін қамтамасыз етеді. Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендіктің иесі – Қазақстан халқы. Бұл норма жобадағы 4-бапта көрсетіліп, халықтың билік пен егемендік иесі екені конституциялық түрде бекітіледі»  делінген жобада.

Президент, Парламент, Үкімет және сот жүйесі – халық сенімін негізге алған тиімді басқару құрылымы. Жеке меншіктің қорғалуынан бастап, әлеуметтік қорғауға дейін – тұрақты дамудың құқықтық негізі. Табиғи ресурстар мен қоршаған ортаны қорғау мәселелері жер, су, энергия мен экология – елдің болашағын сақтайтын кепіл. Заңның үстемдігі, әділеттілік пен тұрақтылық – демократиялық қоғамның негізі сияқты тақырыптар халық пен биліктің өзара сенімін нығайтып, елдің ұзақ мерзімді дамуы үшін сенімді құқықтық негіз қалайды.

Егемендік, аумақтық тұтастық, мемлекеттік рәміздер мен тіл – елдің негізгі заңдық тірегі. Барлық қазақстандықтардың әлеуметтік, экономикалық және мәдени құқықтары кепілдендірілген, теңдік пен қауіпсіздік қамтамасыз етілген. Егемендік – Қазақстанның ұлттық бірлігінің, тәуелсіз мемлекеттік шешім қабылдау құқығының және сыртқы ықпалдан тәуелсіз болудың конституциялық кепілі. Сондай-ақ елдің ішкі және сыртқы саясаттағы тәуелсіздігі, ұлттық заңдар мен мемлекеттік рәміздердің үстемдігі, халықтың өз билігін заңды жолмен таңдау құқығы аса маңызды деп қарастырылған.

Жаңа Конституция жобасы – бұл тұрақты мемлекет құрылымы, әділетті қоғам және серпінді болашаққа бағытталған стратегиялық құжат. Жаңа Конституция жобасында Қазақстан тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет ретінде бекітіледі. Жобада қарастырылған негізгі тақырыптар елдің барлық саласын қамтиды. Егемендік мемлекет пен халықтың өз тағдырын өз еркімен шешу құқығы екенін растайды.

«Егемендік иесі – халық» тұжырымына ерекше мән берілуі жаңа Конституция жобасының халық негізіндегі басқару қағидатын күшейтеді, яғни ел бірлігінің және болашағының кепілі.

Мәнсия Әсембаева,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Жылуфизика және техникалық физика кафедрасының доценті, ф.-м.ғ.к.

 

 

 

 

 

 

 

 

ЖАҢА АТА ЗАҢНЫҢ ЖОБАСЫНДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР

 

2026 жылға белгіленген конституциялық реформа шеңберінде Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясының жобасы ұсынылды. Құжатта мемлекеттің зайырлы негізі нақты айқындалып, діни институттар мен мемлекеттік биліктің өзара шекарасы анық белгіленді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Конституцияның ел өміріндегі шешуші рөлін терең әрі жүйелі түрде ашып көрсетті. Ол Ата заңның қоғам үшін темірқазық екенін атап өтіп, оған енгізілетін кез келген өзгеріс халықтың тікелей қатысуымен, яғни референдум арқылы жүзеге асуы тиіс деген маңызды ойды алға тартты. Бұл  азаматтық құқықтарды нығайтуға бағытталған орынды әрі өзекті ұстаным. Бұл ретте Президент сөзінде адам құқықтарының үстемдігі мен адам капиталын басты құндылық ретінде тану мәселесі айқын көрініс тапқан. Әділ қоғам құру, әр азаматқа өз әлеуетін жүзеге асыруға тең мүмкіндік беру, ғылым-білім мен инновацияны дамыту қажеттілігі бүгінгі заман талаптарына толық сай келеді. Сонымен қатар жасанды интеллект пен озық технологиялардың қоғам игілігіне қызмет етуі тиіс екені жөніндегі пікір де ерекше мәнге ие.

Сонымен бірге білім беру мен тәрбие беру жүйесінің зайырлы қағидаттарын нығайту көзделетіні айтылды. Бұл ұстаным өскелең ұрпақты қазіргі заман талаптарына сай, бейтарап әрі жалпыадамзаттық құндылықтарға сүйене отырып тәрбиелеуге бағытталған. Жобада неке ер мен әйелдің өзара еркін келісіміне негізделген, тең құқықты одақ ретінде белгіленіп, отбасы институтын және дәстүрлі құндылықтарды қорғау конституциялық деңгейде қамтамасыз етіледі.

Ұсынылып отырған жаңашылдықтар құқық үстемдігін күшейтуге, қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға, сондай-ақ азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын жан-жақты қорғауға бағытталған. Бұл өзгерістер еліміздің тұрақты дамуына, демократиялық құндылықтарды нығайтуға қызмет етеді деп сенемін.

 

Мәдина Тәжібай,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті халықаралық қатынастар факультеті Дипломатиялық аударма кафедрасының оқытушысы

 

 

ҚАЗАҚСТАН ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯҒА ӨТПЕЛІ КЕЗЕҢДЕ

Соңғы күндері елімізде Конституцияның жаңа жобасы жарияланды, бұл жай түзету емес, Негізгі заңның толық жаңартылуы ретінде қарастырылып отыр.

Нені өзгертеді? Конституция преамбуладан, 11 бөлім және 95 баптан тұратын болды. Құқықтық жүйе мен мемлекеттік құрылымның жаңа логикасы ұсынылып, азаматтар мен қоғамның рөлі күшейтіледі.

Жобаға жалпыұлттық референдумда дауыс беруге арналған норма енгізіледі, яғни ең басты заңды халық өзі бекітеді.

Сондай-ақ үлкен өзгерістер бар. Парламент бірпалаталы жүйеге ауысуы мүмкін, яғни Сенат пен Мәжілістің орнына жаңа формат ұсынылып жатыр.

Халық Кеңесі сияқты жаңа қоғамдық-кеңесші орган енгізілуі жоспарлануда.

Конституцияға азаматтардың құқықтары, бостандықтары және демократиялық қағидалар айқын әрі анық жазылады.

Бұл жоба ресми сайттарда ашық жарияланды және кез келген азамат өз пікірін e-Otinish пен eGov порталдары арқылы бере алады.

Не маңызды? Бұл – белгілі бір түзету пакеті емес, Қазақстанның жаңа құқықтық негізіне өтудің үлкен қадамы. Дайындық пен талқылау әлі жүріп жатыр, ал соңғы сөзді халықтың өзі референдумда айтады.

Қысқаша айтқанда, біздің елдің саяси жүйесі мен құқықтық құрылымы енді тағы да ашық, демократиялық және заман талабына сай қалыпқа келтірілмек.

Роза Рахымбаева,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті халықаралық қатынастар факультеті

Дипломатиялық аударма кафедрасының аға оқытушысы