ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯСЫНЫҢ ЖОБАСЫНА ҚАТЫСТЫ ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ-ДЫҢ ОҚЫТУШЫ-ПРОФЕССОРЛАР ҚҰРАМЫНЫҢ ПІКІРІFarabi University
Референдум 15 марта

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯСЫНЫҢ ЖОБАСЫНА ҚАТЫСТЫ ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ-ДЫҢ ОҚЫТУШЫ-ПРОФЕССОРЛАР ҚҰРАМЫНЫҢ ПІКІРІ

11 ақпан, 2026

 АҚПАРАТ АЛУ МЕН ТАРАТУ ҚҰҚЫҒЫН КОНСТИТУЦИЯДА БЕКІТУ ҚАЖЕТТІГІ АЙТЫЛДЫ

 

 

Астана мен Алматыда бір мезгілде Бас редакторлар клубы ұйытқы болып, «Конституциялық реформа – 2026: сөз бостандығы, ақпарат үшін жауапкершілік және жеке деректерді қорғау» дөңгелек үстелі өтті.

Іс-шараға Бас редакторлар клубы мүшелері, масс медиа басшылары, сарапшылар мен ардагер журналистер қатысты. Дөңгелек үстелді сенатор Бас редакторлар клубы төрағасы, ҚазҰУ журналистика факультеті түлегі Бибігүл Жексенбай жүргізді. Бас редакторлар клубының дөңгелек үстелінде жаңа Конституция жобасын қолдайтындарын бірауыздан жеткізіп, қарар қабылдады.

Қарарда сөз бостандығы мен азаматтардың ар-намысы, жеке деректердің қауіпсіздігі арасындағы тепе-теңдік конституциялық деңгейде айқындалуы қажет. Жауапкершілік құқықтық, әділ әрі теңгерімді болып, журналистік зерттеу мен қоғамдық сынға кедергі келтірмеуі тиіс екендігі айтылды.

Дөңгелек үстел аясында конституциялық реформаның негізгі бағыты, сөз бостандығының мазмұны, ақпарат таратудағы жауапкершілік, ар-намыс мәселелері жан-жақты талқыланды. Қатысушылар адам құқығы мен бостандығын қорғау, цифрлық кеңістіктегі жаңа қауіп-қатерге құқықтық жауап беру қажет екенін айтты.

Жиында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультеті оқытушылары Иманбай Жұбай, Бекжан Әшірбаев және ардагер журналист Марат Байділдаұлы, Alatau aqparat медиа холдингі директоры Ержан Төлек баяндама жасап, медиа кеңістіктің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.

Жарыссөз аясында Алматы қаласы, Алматы облысы, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Атырау облыстарынан журналистер мен медиа басшылар өз қалаларынан онлайн қосылды. Олар жаңа Конституция жобасына қатысты пікір-ұсынысын білдірді.

Талқылау барысында сөз бостандығының демократиялық қоғамдағы негізгі құндылық екені, ақпарат таратудағы жауапкершілік, жалған ақпараттың алдын алу және азаматтардың жеке өміріне қол сұқпау, жеке дерегін қорғау арасындағы құқықтық тепе-теңдікті сақтау қажеттігі айтылды.

Іс-шара түйіні ретінде бойынша дөңгелек үстелдің қарары қабылданды. Құжатта конституциялық реформаның негізгі бағыты бойынша медиа қауымдастықтың ұстанымы мен ұсынысы жүйеленіп, сөз бостандығын, масс медиа еркіндігін және ақпарат алу мен тарату құқығын Конституцияда бекіту қажеттігі айтылды.

Қанат ӘУЕСБАЙҰЛЫ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

журналистика факультетінің деканы

 

 

 

ҚОҒАМ ЖАҢАРЫНЫҢ КЕПІЛІ

 

Жаңа Конституция жобасында сөз бостандығы адамның ар-намысы, қадір-қасиеті және жеке өміріне қол сұқпау құқығымен тығыз байланыста қарастырылады. Конституциялық комиссия бұл норманың енгізілуін қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайтуға бағытталған саналы әрі теңгерімді шешім деп түсіндіреді.

Комиссияның түсіндіруінше, сөз бостандығы - тек мемлекет тарапынан кепілдендірілетін құқық қана емес, сонымен бірге қоғам алдындағы жауапкершілік. Қазіргі цифрлық дәуірде, әсіресе әлеуметтік желілер мен медиа кеңістікте жалған ақпарат тарату, жала жабу, жеке өмірге заңсыз араласу фактілері көбейген жағдайда, бұл мәселенің өзектілігі арта түсуде.

Осыған байланысты Конституциялық комиссия жаңа редакцияда жеке өмірге қол сұғылмаушылықтың конституциялық кепілдіктерін күшейтуді, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін жоғары құқықтық құндылық ретінде бекітуді, сөз бостандығын теріс пайдалану жағдайларына құқықтық тосқауыл қоюды көздейтінін атап өтеді.

Комиссия сондай-ақ бұл нормалар журналистердің, сарапшылардың, азаматтық белсенділердің кәсіби қызметін шектеуге бағытталмағанын нақты көрсетеді. Сын айту, қоғамдық маңызы бар мәселелерді көтеру, мемлекеттік органдардың қызметін талқылау - сөз бостандығының өзегі болып қала береді. Алайда мұндай пікір білдіру дәлелді, адал және заң аясында жүзеге асырылуы тиіс.

Конституциялық комиссияның пайымдауынша, ар-намыс пен жеке өмірді қорғау тетіктерін күшейту қоғамдағы өзара құрметті арттырады, құқықтық даулардың өркениетті жолмен шешілуіне мүмкіндік береді, сөз мәдениеті мен жауапты пікір айту дәстүрін қалыптастырады.

Сонымен қатар комиссия бостандықтар мен шектеулердің арақатынасы сот практикасы арқылы нақтыланатынын, ал соттар әрбір нақты жағдайда сөз бостандығы мен жеке құқықтардың арасындағы пропорционалдылық пен әділетті тепе-теңдікті сақтауы тиіс екенін атап өтеді.

Осылайша, жаңа Конституция жобасы қоғамға айқын сигнал береді: сөз бостандығы демократияның тірегі, ал адамның қадір-қасиеті мемлекеттің бұлжымас құндылығы.

Екеуі бір-біріне қарсы қойылмайды, керісінше, бірін-бірі толықтыратын құқықтық негіз ретінде қарастырылады.

 

Саида Асанова,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Заң факультетінің ОӘЖ жөніндегі декан орынбасары, PhD доктор

 

 

 

БОЛАШАҚТЫҢ БЕРІК НЕГІЗІ – БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМ

 

Қазіргі таңда ұсынылып отырған Конституцияның жаңа жобасы еліміздің даму бағытын айқындайтын маңызды қадам болып отыр. Құжатта білім мен ғылым, инновация мен адами капитал мемлекеттің басты басымдықтары ретінде нақты белгіленген. Бұл – Қазақстанның болашағын табиғи ресурстармен емес, білімді әрі ойлы азаматтармен байланыстыру деген сөз.

Конституция жобасының 33-бабында әрбір азаматтың білім алу құқығы айқын көрсетілген. Бастауыш және орта білімнің міндетті болуы – мемлекет тарапынан сапалы білімге берілген нақты кепіл. Сонымен қатар, барлық білім беру ұйымдарына ортақ стандарттардың енгізілуі білім сапасын арттыруға бағытталған.

Ерекше назар аударарлық тұс – зайырлы білім беру қағидатының конституциялық деңгейде бекітілуі. Бұл норма мектептер мен жоғары оқу орындарында білім беру үдерісінің ғылыми, бейтарап негізде жүзеге асуын қамтамасыз етеді. Зайырлы білім – қоғамдағы тұрақтылықтың, өзара түсіністік пен толеранттылықтың кепілі.

Жалпы алғанда, жаңа Конституция жобасы адамды, оның білімін және зияткерлік әлеуетін мемлекеттің басты құндылығы ретінде қарастырады. Цифрлық дәуір жағдайында ғылым, жасанды интеллект және инновациялық технологияларды дамыту – еліміздің алға басуының негізгі тетігі.

Алда өтетін жалпыұлттық референдум – ел болашағын айқындайтын маңызды тарихи кезең. Әрбір азаматтың саналы таңдауы әділетті әрі заманауи Қазақстанды қалыптастыруға өз үлесін қосады.

 

Майра Тойғанбекова,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

ЖОО-ға дейінгі білім беру факультеті,

ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушысы

 

 

 

БОЛАШАҚҚА СЕНІМДІ ҚАДАМ

 

 

 Жаңа Конституция жобасы елдің саяси-әлеуметтік және экономикалық дамуының жаңа кезеңіне жасалған маңызды қадам. Бұл жоба қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталып, мемлекеттің болашақ даму бағытын айқындайды және келер ұрпақтың мүддесін қорғауды көздейді. Сондықтан оны ел болашағына әсер ететін тарихи маңызы бар құжат деп бағалауға болады.

Осы Конституция жобасында тіл, білім беру және ғылым салаларына ерекше назар аударылып, Конституцияның 9-бабының 1-тармағында қазақ тілі  мемлекеттік тіл ретінде нақты әрі айқын бекітіліп, оны барлық салада қолдануға негіз қаланған. Бұл ұлттық бірегейлікті сақтаудың, халықтың тарихи тамыры мен мәдени құндылықтарын нығайтудың ең үздік жолы. Сонымен қатар Қазақстанның көпұлтты мемлекет екені ескеріліп, өзге ұлт өкілдерінің тілдерін дамытуға және қолдануға жағдай жасау мәселесі де назардан тыс қалмаған. Мұндай теңгерім мемлекеттің қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықты сақтап, құрмет пен түсіністікті нығайтуға негіз болады.

Жаңа Конституция жобасында білім беру мен ғылым саласына ерекше мән берілуі бүгінгі заман талаптарына толықтай сай келетін шешім. Құжатта білім, ғылым және инновация стратегиялық басымдық ретінде белгіленіп, елдің болашағы білімді, бәсекеге қабілетті және саналы ұрпақтың қолында екенін айқын көрсетеді. Білімді қоғам тұрақты дамудың және экономикалық өсудің негізгі кепілі екені бәрімізге мәлім, сондықтан да бұл бағыттағы өзгерістер мемлекетіміздің халықаралық деңгейде білім беру саласында бәсекеге қабілетті болуына ықпал етеді.

Сондай-ақ  бұл жобада заң үстемдігі, азаматтардың теңдігі, жеке тұлғаның құқығы мен бостандығының қорғалуы, әлеуметтік әділеттілік пен қоғамдық келісім мәселелеріне айрықша көңіл бөлініп, адам құқығы басты құндылық ретінде қарастырылады. Бұл нормалар әрбір азаматтың мемлекет алдындағы ғана емес, керсінше, мемлекеттің азамат алдындағы жауапкершілігін де арттырады. Осы қағидаттардың Конституцияда нақты бекітілуі халықтың мемлекетке деген сенімін күшейтіп, азаматтық қоғамның дамуына жол ашады.

Жаңа Конституция жобасындағы өзгерістер тек заң мәтінін жаңарту немесе формалды түзетулер енгізу ғана емес, ондағы қағидаларды нақты өмірде іске асыруға бағытталған жүйелі шешім деп есептеймін. Конституцияда көрсетілген нормалардың іс жүзінде орындалуы қоғамдағы әділеттілікті нығайтып, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етеді.

Қорытындылай келе, жаңа Конституция жобасы адам құқығын қорғауды, әділеттілік пен тұрақтылықты нығайтуды мақсат еткен, ұлттық құндылықтарды сақтай отырып елдің болашағына бағытталған, Қазақстан Республикасының дамуына қызмет ететін жауапты мемлекеттік қадам.

Гүлипа ГАЙИПОВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ  Шет тілдер кафедрасының аға оқытушысы

 

 

 

 

ӨЗ ҚҰҚЫҒЫҢДЫ  БІЛУ МАҢЫЗДЫ

 

Жастар үшін өз құқығыңды нақты білу – заманауи қоғамда маңызды және өзекті мәселе. Қазіргі конституциялық реформа аясында жаңа Ата заң жобасының 14-бабының 2, 3 және 5-тармақтарына енгізілетін өзгерістер тек абстрактілі заңдық ұғымдарды ғана қамтымайды, олар әрбір адамның күнделікті өміріне тікелей әсер ететін нақты жағдайларды да реттейді. Бұл түзетулер жастардың өз құқығын дұрыс түсінуіне, азаматтық жауапкершілікті сезінуіне және қоғамда белсенді азамат ретінде қалыптасуына көмектеседі.

Адам құқығы әрбір адамға туғаннан бері тиесілі және олар азаматтыққа, ұлтқа немесе әлеуметтік мәртебеге тәуелді емес. Мұндай құқықтар абсолютті әрі ажырамас сипатқа ие. Бұл жастарға өз бостандығын түсіну, өз пікірін білдіру, білім алу, еңбек ету және басқа да өмірлік мүмкіндіктерді тең дәрежеде пайдалану мүмкіндігін береді. Сонымен қатар шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар да Қазақстан Республикасында тұрып, осы құқықтарды жергілікті азаматтармен тең дәрежеде пайдалана алады. Бұл қағида жастар арасында құқықтық теңдік пен әділеттілік сезімін қалыптастырады.

Құқықты жүзеге асыру кезінде олардың шегі белгіленеді, бірақ бұл шектеу құқықты қысқартуды білдірмейді. Керісінше, шектеу бір адамның еркіндігі екінші адамның құқығына зиян келтірмеуі үшін қажет. Конституция жобасында құқықтар мен бостандықтарды іске асыру төмендегі қағидаттармен тығыз байланысты: басқа адамдардың құқығын құрметтеу, конституциялық құрылымды сақтау, қоғамдық тәртіп пен моральды қорғау және халықтың денсаулығын сақтау. Бұл жастарға қоғамдағы өз құқығын пайдалана отырып, басқалардың құқығын сыйлауды үйретеді.

Осылайша ұсынылып отырған реформалар құқықтық айқындықты күшейтеді, нормаларды субъективті түсіндіру қаупін азайтады және жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруды көздейді. Олар әрбір жас азаматқа өз құқықтары мен міндеттерін түсіну, заңға сәйкес әрекет ету, жауапты және саналы азамат ретінде қалыптасу мүмкіндігін береді. Бұл  қоғамдағы тұрақтылық пен құқықтық мәдениетті нығайтуға бағытталған маңызды қадам.

Әсем ӘМРЕНОВА,

физика-математика ғылымдарының кандидаты, ассистент-профессор

Плазма физикасы, нанотехнология және компьютерлік физика кафедрасы

 

 

 

БОЛАШАҚ ҰРПАҚТЫҢ ТАҒДЫРЫН АЙҚЫНДАЙТЫН МАҢЫЗДЫ ҚҰЖАТ

 

 

Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасын талқылау – бұл тек құқықтық емес, терең саяси және қоғамдық маңызы бар тарихи оқиға. Мемлекеттің Негізгі Заңын заман ағымына сай трансформациялау – бүгінгі жаһандық өзгерістер мен ішкі сұраныстардан туындаған стратегиялық қажеттілік. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушылық құрамының өкілі ретінде, мен бұл реформаны еліміздің демократиялық бағытқа нық бет бұруы және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру жолындағы батыл қадам деп бағалаймын.

Жобаны зерделей келе, оның бірнеше маңызды аспектілеріне тоқталып өткен жөн. Біріншіден, билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу және «бір палаталы Парламент – Құрылтай» моделіне көшу мемлекеттік аппараттың жұмысын айтарлықтай жеделдетеді. Бұл – бюрократиялық кедергілерді жоюға және шешім қабылдау процесін ашық етуге бағытталған прагматикалық шешім. Кез келген күрделі жүйенің орнықтылығы оның құрылымдық икемділігіне байланысты десек, жаңа Конституция осы икемділікті қамтамасыз етпек.

Екіншіден, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерінің конституциялық деңгейде нығаюы – Әділетті Қазақстанның басты кепілі. Конституциялық Соттың мәртебесін арттыру және азаматтардың өз құқықтарын тікелей қорғау мүмкіндігіне ие болуы – қоғамдағы заң үстемдігі мен әділдік принципін бекіте түседі. Ғылым мен білім саласының мамандары үшін құқықтық қауіпсіздік пен зияткерлік еркіндік – инновациялық орта қалыптастырудың негізгі алғышарты.

Үшіншіден, жаңа реформаларда адами капиталды дамытуға және білім берудің зайырлы сипатын сақтауға ерекше мән берілген. Біз дайындап жатқан Жасанды интеллект және Big Data саласының жас мамандары ертеңгі күні нақ осы жаңарған, ашық әрі әділ құқықтық ортада еңбек ететін болады. Сондықтан бұл өзгерістер тек бүгінгі күннің ғана емес, болашақ ұрпақтың тағдырын айқындайтын маңызды құжат.

Жәния БАЗАРБЕК,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жасанды интеллект

және Big Data кафедрасының меңгерушісінің оқу,

әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі

 орынбасары, аға оқытушы

 

 

 

 

ЦИФРЛАНДЫРУ БАҒЫТЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯДА КӨРІНІС ТАБУЫ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

 

 

Комиссия мүшелері Ата Заңды жан-жақты қарап, көптеген маңызды түзетулер енгізгенін байқауға болады. Бұл өзгерістердің негізгі мақсаты – мемлекеттің адамға қызмет ету деңгейін арттыру және халықтың өмір сапасын жақсарту деп ойлаймын.

Жаңа Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтары басты орынға қойылғаны мені қуантады. Мемлекет үшін ең маңызды құндылық – адам екені айқын көрсетілген. Сонымен қатар, ел бірлігі, тәуелсіздік, аумақтық тұтастық сияқты негізгі қағидаттардың Конституцияда бекітілуі – болашаққа жасалған маңызды қадам.

Мен үшін өте маңызды әрі ұнаған тұстардың бірі – білім, ғылым, мәдениет және инновацияға ерекше көңіл бөлінуі. Бұл еліміздің дамуы тек табиғи ресурстарға емес, адам капиталына да тікелей байланысты екенін көрсетеді. Сондай-ақ, цифрландыру бағытының Конституцияда көрініс табуы – заман талабына сай шешім деп санаймын.

Отбасы құндылықтары мен ер мен әйелдің тең құқықты одағы ретінде некенің айқындалуы – қоғам үшін маңызды шешім. Бұл дәстүрлі құндылықтарды қорғауға бағытталған дұрыс қадам деп есептеймін.

Жалпы алғанда, жаңа Конституция мәтіні елдің болашағына бағытталған, адамға жақын әрі түсінікті құжат. Бұл өзгерістер Қазақстанның әділетті, заманауи және тұрақты мемлекет ретінде дамуына оң әсер етеді деп сенемін.

Мейіржан БАЙКӨБЕКОВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

 Ақпараттық жүйелер

кафедрасының аға оқытушы 

 

 

 

ЖОБА ҚОҒАМ ӨМІРІНІҢ БАРЛЫҚ САЛАСЫН ҚАМТИДЫ

 

Қазақстан Республикасы Конституциясы – мемлекеттіліктің негізін айқындайтын, билік институттарының қызметін реттейтін әрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кепілдендіретін басты құқықтық құжат. Ол қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етіп қана қоймай, ел дамуының стратегиялық бағытын белгілейді. Осы тұрғыдан алғанда, жаңартылған Негізгі заң жобасы заман талабына сай саяси жүйені жетілдіруге, құқық үстемдігін күшейтуге және азаматтық қоғамның рөлін арттыруға бағытталған маңызды қадам.

Ұсынылған өзгерістер қоғамның әділеттілікке ұмтылысын, мемлекеттік басқаруда ашықтық пен жауапкершіліктің арта түсуін көздейді. Заңның үстемдігі қағидатын күшейту арқылы билік пен халық арасындағы сенімді нығайту, құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру және сот жүйесінің тәуелсіздігін арттыру сынды түйінді мәселелерге басымдық беріліп отыр. Бұл – демократиялық дамудың негізгі шарттарының бірі.

Жоба қоғам өмірінің барлық негізгі салаларын қамтып, елдің ұзақ мерзімді даму стратегиясымен сабақтасады. Әсіресе мәдениетке, ғылым мен білімге берілген назар мемлекеттің болашағын айқындайтын фактор ретінде қарастырылады. Өйткені интеллектуалдық әлеуетті арттыру, ұлттық құндылықтарды сақтау және ғылыми-инновациялық серпінге жол ашу – жаһандық бәсекеге қабілеттіліктің кепілі. Бұл бағыттағы конституциялық басымдықтар рухани жаңғыруды жүйелі түрде жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жаңа Конституциялық жоба тек заңдық нормалар жиынтығы ғана емес, ол мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілікке негізделген жаңа қоғамдық келісімнің іргетасы ретінде бағаланады. Азаматтардың басқару үдерістеріне қатысуын кеңейту, қоғамдық бақылау тетіктерін дамыту және халық пікірінің шешуші рөлін арттыру – осы келісімнің өзегін құрайды. Оның тағдырын жалпыхалықтық референдум арқылы айқындау халық егемендігінің нақты көрінісі болып, әрбір азаматтың ел болашағына қатысты шешім қабылдауға қатысуына мүмкіндік береді.

Фариза ӘМІРБЕКОВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

Зоология, гистология және цитология

кафедрасының аға оқытушысы, PhD

 

 

 

ЖАҢА УАҚЫТТЫҢ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ

 

 

ЖОО оқытушысы ретінде қоғамдағы өзгерістерді тек теория деңгейінде емес, күнделікті оқу үдерісінде, студенттермен жұмыс барысында анық байқаймын. Бүгін жиі айтылатын жаңа уақыттың құндылықтары – абстрактілі ұғым емес, ол жастардың ойлау жүйесінен, сұрақ қою мәдениетінен және болашаққа деген көзқарасынан көрініс табады.

Қазіргі заманның басты белгісі – өзгерістің жылдамдығы. Бұл үрдіс табиғи-географиялық жүйелерде де, әлеуметтік кеңістікте де қатар жүреді. Алайда жылдамдық әрдайым сапамен үйлесе бермейді. Ақпарат көп, бірақ оны талдау, себеп-салдарлық байланыстарды түсіну күрделене түсті. Сондықтан жаңа уақыттың маңызды құндылықтарының бірі – ойлау мәдениеті мен жауапты таңдау.

Осы тұрғыдан алғанда, Конституцияға енгізіліп жатқан жаңашылдықтарды да тек құқықтық өзгеріс ретінде емес, қоғамдық санадағы құндылықтар трансформациясы ретінде қабылдаған дұрыс. Конституциялық деңгейде адам құқықтары, әділдік, жауапкершілік және мемлекет пен азамат арасындағы өзара сенім мәселелерінің күшейтілуі – жаңа уақыт талаптарына берілген жауап.

Білім беру кеңістігінде бұл өзгерістердің маңызы ерекше сезіледі. Бүгінде жастардан тек білімді меңгеру емес, өз ұстанымын қалыптастыру, заң мен қоғам алдындағы жауапкершілікті түсіну талап етіледі. Бұл – Конституцияда бекітілген қағидаттардың күнделікті өмірде жұмыс істеуінің нақты көрінісі.

Шынайылық пен ашықтық та жаңа дәуірдің басты өлшеміне айналды. Студенттер жасандылықты тез байқайды, формалды сөзге емес, нақты әрекет пен өмірлік логикаға мән береді. Конституциялық жаңашылдықтардың да басты құндылығы – олардың қағаз жүзінде қалмай, қоғамдық тәжірибеде іске асуында.

Жаңа уақыт білімге деген көзқарасты да өзгертті. Дипломнан бұрын ойлай алу, талдай алу және жауапкершілікпен әрекет ету қабілеті маңызды. География ғылымы сияқты кешенді пәндер осы құндылықтарды қалыптастыруға мүмкіндік береді, өйткені ол табиғат пен қоғам арасындағы өзара байланысты түсінуге үйретеді.

Дәстүр мен жаңашылдықтың тепе-теңдігі де назардан тыс қалмауы тиіс. Конституциялық өзгерістер өткенді жоққа шығармай, қоғамның тарихи тәжірибесіне сүйене отырып дамуды көздейді. Географиялық тұрғыдан алғанда да, өз негізінен ажырамаған жүйе ғана тұрақты дамуға қабілетті.

Жаңа уақыттың құндылықтары мен конституциялық жаңашылдықтар – бір-бірінен бөлек емес. Олар қоғамның даму бағытын айқындайтын ортақ кеңістікте тоғысады. Ал сол кеңістіктің қалай қалыптасатыны әрқайсымыздың кәсіби ұстанымымыз бен азаматтық жауапкершілігімізге байланысты.

Ақтоты БЕКЖАНОВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

География және табиғатты пайдалану

факультетінің оқытушысы

 

 

 

 

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ БЕРІК НЕГІЗІ

 

Жаңартылған Қазақстан Республикасының Конституциясы адамды, оның қадір-қасиеті мен құқықтарын мемлекеттің басты құндылығы ретінде айқындайды. Заңның үстемдігі, әділеттілік пен тең мүмкіндік қағидаттары қоғамдық дамудың негізгі бағытына айналып, мемлекет пен азамат арасындағы сенімді нығайтады.

Конституцияда билік тармақтарының тепе-теңдігі мен жауапкершілігі күшейтіліп, шешім қабылдау үдерістерінің ашықтығы мен қоғамның қатысуы кеңейтіледі. Бұл өз кезегінде мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, азаматтардың ел тағдырына белсенді араласуына жол ашады.

Сонымен қатар жаңа Конституция әлеуметтік мемлекет қағидатын тереңдете отырып, білім, ғылым, денсаулық сақтау және экологиялық қауіпсіздік салаларындағы міндеттерді нақтылайды. Аймақтардың тең дамуы, ұлттық байлықты ұтымды пайдалану және келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік басты назарда болады.

Жаңартылған Негізгі заң – бұл тек құқықтық құжат емес, ол қоғамның ортақ келісімі мен болашаққа деген сенімін білдіреді.

Әділетті, тұрақты және өркендеген Қазақстан үшін – жаңа Конституцияны қолдайық!

Қайрат АУҒАМБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

Картография және геоинформатика

кафедрасының аға оқытушысы

 

 

ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖҮЙЕНІ ЖАҢҒЫРТУДАҒЫ МАҢЫЗДЫ КЕЗЕҢ

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы елдің мемлекеттік-құқықтық жүйесін жаңғырту жолындағы маңызды кезең болып табылады. Бұл құжат заңдылық, әділеттілік және адам құқықтарын құрметтеу қағидаттарына негізделген неғұрлым кемелденген демократиялық қоғам қалыптастыруға деген ұмтылысты көрсетеді. Конституцияда жеке тұлғаның құқықтық кепілдіктерін күшейтуге, оның қадір-қасиетін қорғауға және мемлекеттің азаматтар алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға айқын басымдық берілген.

Халықтың егемендіктің негізгі иесі әрі биліктің қайнар көзі ретіндегі рөлін бекіту, сондай-ақ азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту ерекше маңызға ие. Ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер саяси институттарды жетілдіруге, олардың тиімділігі мен қоғам алдындағы есептілігін арттыруға, сондай-ақ билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтуға бағытталған. Мұның барлығы мемлекеттік басқарудың неғұрлым ашық әрі жауапты жүйесін қалыптастыруға деген ұмтылысты айқындайды.

Жалпы алғанда, жаңартылған Конституция Қазақстанның ұзақ мерзімді тұрақты дамуға, саяси модельді жаңғыртуға және мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған бағытын көрсетеді. Құжатта көзделген нормалар тек декларация күйінде қалмай, азаматтардың күнделікті өмірінде нақты іске асуы аса маңызды. Осындай жағдайда жаңа Конституцияны қабылдау әлеуметтік-экономикалық ілгерілеудің, құқықтық тәртіпті нығайтудың және неғұрлым әділетті әрі заманауи мемлекетті қалыптастырудың берік негізіне айнала алады.

Гүлмира Ілиясова,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

 Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика

кафедрасының аға оқытушысы

 

 

БОЛАШАҚҚА БАҒДАР

Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасы елдің сыртқы саяси бағыты мен халықаралық қатынастардағы ұстанымдарын айқындайтын маңызды құқықтық негіз болып табылады. Жобада мемлекеттің егемендігі, тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығын сақтау басты қағидат ретінде белгіленуі Қазақстанның халықаралық аренада дербес саясат жүргізуіне мүмкіндік береді. Бұл нормалар еліміздің өзге мемлекеттермен тең құқықты және өзара құрметке негізделген қарым-қатынас орнатуына құқықтық кепіл болады.

Сонымен қатар Конституция жобасында халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттарын мойындау Қазақстанның бейбітшілікті, тұрақтылықты және қауіпсіздікті қолдайтын сыртқы саясат ұстанатынын көрсетеді. Бұл Қазақстанның халықаралық ұйымдармен және аймақтық бірлестіктермен ынтымақтастығын нығайтып, жаһандық мәселелерді шешуге белсенді қатысуына жол ашады. Осы тұрғыдан алғанда, Конституцияның жаңа жобасы Қазақстанның халықаралық қатынастар жүйесіндегі сенімді әрі жауапты мемлекет ретіндегі беделін арттыруға бағытталған маңызды құжат деп бағалауға болады.

Жазира Қуанышқызы,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының доценті

 

 

MЕМЛЕКЕТТІҢ «РЕАКЦИЯСЫ» ӘРҚАШАН ХАЛЫҚТЫҢ ИГІЛІГІ

Жуырда Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңартылған жобасы көпшілікке ұсынылды. Заң – бұл катализатор. Ол қоғамдық процестерді тездетеді және дұрыс бағытқа салады. Жақсы заңдар елдің дамуын химиялық катализатор сияқты жеделдетеді. Ал егер де біз Конституцияның әр бабын ЖИ нейрожелісінен өткізсек, ол «әділдік» пен «теңдік» коэффициентінің жоғары екенін көрсетер еді. Демек, мемлекеттің «реакциясы» әрқашан халықтың игілігіне бағытталуы тиіс.

Заң – катализатор, қоғам – реакциялық орта, ал мемлекетіміздің әр азаматының сенімі – температура мен қысым деп қарастыратын болсақ, ең мінсіз катализатордың өзі қолайсыз ортада жұмыс істемейді. Сондықтан Конституция тек әділ жазылып қана қоймай, оны іске асыратын институттар ашық, ал қоғам оған сенетін деңгейде болу керек.

Жасанды интеллект заң мәтінінен теңдік пен әділдік коэффициентін өлшей алады, бірақ әділеттіліктің нақты нәтижесін тек өмірдің өзі көрсетеді. Сол үшін Конституция – статистикалық құжат емес, ол қоғаммен бірге «эволюцияланатын тірі жүйе». Егер кері байланыс үзілмесе, мемлекеттің реакциясы халық мүддесіне тұрақты түрде бағытталып отырады. Демек, Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңартылған жобасы еліміздің жарқын болашағын айқындайтынына сенімім мол.

Әсем Қабдолдина,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

химия және химиялық технология факультеті

Химиялық физика және материалтану кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD

 

 

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯСЫ – ЕЛ ДАМУЫНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ КЕЗЕҢ

Конституцияда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын күшейту, әділетті қоғам құру және билік тармақтарының теңгерімін қамтамасыз етуге бағытталған нақты өзгерістер көрсетілген. Жаңа Конституцияда ғылымға аса назар аударылған. Химия және мұнай-химиясы елімізде маңызды сала ретінде дамып келе жатқан бағыттардың бірі. Химиялық өндіріс секілді нақты салаларға қатысты ережелер Конституцияда көрсетілген экономикалық саясат заңдарымен, мемлекеттік бағдарламалармен реттеледі. Жаңа Конституция – бұл тек заңдар жиынтығы емес, ол біздің болашаққа деген ортақ жауапкершілігіміз.

Әрбір қазақстандық болып жатқан өзгерістердің мәнін саналы түрде түсініп, еліміздің дамуына өз үлестерін қосады деп ойлаймын. Еліміздің болашағы – өз қолымызда.

Шолпан Ғабдрашова,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

химия және химиялық технология факультеті

Химиялық физика және материалтану кафедрасының доценті м.а., PhD

 

 

 

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ: ИНКЛЮЗИВТІ ЖӘНЕ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ ЭКОНОМИКАҒА БАСТАР ЖОЛ

Қазіргі жаһандану жағдайында елдің экономикалық дамуы тек қаржылық ресурстарға ғана емес, ең алдымен, берік институционалдық негізге, құқықтық тұрақтылыққа және адами капиталдың сапасына тәуелді. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституция жобасы Қазақстанның ұзақ мерзімді экономикалық дамуына бағытталған маңызды стратегиялық құжат болып табылады.

Жаңа Конституцияның басты басымдықтарының бірі – адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау. Экономикалық теория тұрғысынан бұл фактор инвестициялық тартымдылықты арттырады, кәсіпкерлік белсенділікті ынталандырады және нарық қатысушылары арасындағы сенімді күшейтеді. Құқық үстемдігі сақталған ортада меншік құқығы қорғалып, бизнес үшін тең әрі әділ бәсекелестік жағдай қалыптасады. Бұл өз кезегінде экономиканың тұрақты өсуіне негіз болады.

Инклюзивті экономика – қоғамның барлық мүшелері экономикалық дамудың нәтижелеріне қол жеткізе алатын модель. Жаңа Конституция жобасы әлеуметтік әділеттілік, тең мүмкіндіктер және халықтың әл-ауқатын арттыру қағидаттарын күшейту арқылы дәл осы инклюзивті экономиканың қалыптасуына жол ашады. Әлеуметтік осал топтардың құқықтарын қорғау, білім мен денсаулық сақтау жүйесін дамыту адами капиталдың сапасын арттырып, еңбек өнімділігінің өсуіне ықпал етеді.

Сонымен қатар Конституцияда бекітілген инновациялық еркіндік пен азаматтық бастамаларды қолдау бәсекеге қабілетті экономиканың маңызды шарты болып табылады. Инновацияға ашық, шығармашылық пен кәсіпкерлікке мүмкіндік беретін орта жаңа технологиялардың дамуына, шағын және орта бизнестің кеңеюіне, экономиканың әртараптануына жағдай жасайды деп сенемін.

Гүлмира Есенгелдиева,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Экономика және бизнес жоғары мектебі

Экономика кафедрасының аға оқытушысы

 

 

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ЗАМАНАУИ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ТҰҒЫРЫ

Жаңа Конституция жобасы еліміздің дамуына бағытталған маңызды әрі уақыт талабына сай құжат болып отыр. Құжатта адам құқығын қорғау басты орынға қойылғаны анық байқалады. Әсіресе өмір сүру құқығының абсолюттілігі, жеке тұлғаның қол сұғылмауы, жеке деректердің қорғалуы сияқты нормалардың нақты бекітілуі – азаматтардың қауіпсіздігі мен еркіндігін күшейтетін оң қадам.

Сонымен қатар білім, ғылым және инновацияны мемлекеттің негізгі даму тірегі ретінде айқындау болашақты ойлайтын стратегиялық шешім деп есептеймін. Қазіргі заманда елдің басты байлығы табиғи ресурстар емес, білімді де білікті адам капиталы екені анық. Осы тұрғыда Конституцияда бұл бағыттың нақты көрініс табуы Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуына берік негіз қалайды.

Жаңа Конституция жобасында саяси жүйені жаңғыртуға, қоғамдағы әділдік пен сенімді арттыруға бағытталған өзгерістер де маңызды орын алады. Азаматтардың жеке, әлеуметтік-экономикалық және саяси құқықтарына берілетін кепілдіктердің күшейтілуі мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілікті арттыра түседі.

Қорытындылай келе, жаңа Конституция жобасы адамды, оның құқықтары мен бостандықтарын ең жоғары құндылық ретінде қарастыратын, әділетті және заманауи мемлекетті қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам деп ойлаймын.

Айнұр Боранбаева,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Экономика және бизнес жоғары мектебі

Қаржы және есеп кафедрасының

аға оқытушысы, PhD

 

 

ЖАҢА КЕЗЕҢГЕ НАҚТЫ ҚАДАМ

 

 

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия еліміздің жаңа Ата Заңының жобасын көпшілік назарына ұсынды.

Бұл құжат саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің, отандық және шетелдік сарапшылардың ұсыныстарын жан-жақты талдау, сондай-ақ кең ауқымды қоғамдық ашық талқылаулардың қорытындылары негізінде әзірленді.

Жаңа Конституция жобасын дайындау барысында заманауи сын-қатерлер мен қоғамның сұраныстарына жауап беретін жаңа нормалар мен ережелерді мұқият пысықтау басты назарда болды. Ата Заңның жаңа Преамбуласында адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің ең жоғары құндылығы әрі негізгі басымдығы ретінде айқындалды. Ынтымақтастық пен ұлттық бірлік, ұлтаралық және дінаралық келісім Тәуелсіз Қазақстанның берік іргетасы ретінде бекітілді. Мемлекеттің егемендігі мен тәуелсіздігі, елдің біртұтастығы мен аумақтық тұтастығы өзгермейтін, мызғымас құндылықтар қатарына енгізілді. Сонымен қатар әділеттілік, заң мен тәртіп қағидаттары, сондай-ақ қоршаған ортаға, табиғатқа ұқыпты әрі жауапты көзқарас Конституция деңгейінде алғаш рет нақты түрде орнықтырылды.

Ата Заңның жаңа мәтініндегі басты идея – білім мен ғылымды, мәдениетті, инновацияны ел дамуының негізгі қозғаушы күштері ретінде тану. Сондай-ақ цифрландыру үдерісіне ерекше мән беріліп, оны мемлекеттік дамудың стратегиялық бағыты ретінде айқындау көзделді. Жаңа Конституция жобасы Қазақстанның жарқын болашағы минералды ресурстар мен табиғи байлықтарға ғана емес, ең алдымен адами капиталға, азаматтардың біліміне, қабілетіне және жетістіктеріне негізделетінін айқын көрсететін маңызды бетбұрыс болып табылады. Осы тұрғыда Конституцияның жаңа редакциясының басты ерекшелігі – адам құқықтарына бағдарланған, әлеуметтік әділетті және құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтуы.

Қазақстан Республикасының Конституциясы – Тәуелсіз еліміздің Ата Заңы, мемлекеттік билік пен қоғамдық өмірдің құқықтық негізін қалыптастыратын аса маңызды құжат. Сондықтан Жаңа Конституцияның тағдыры бойынша түпкілікті шешімді ел азаматтары жалпыұлттық референдум арқылы қабылдайды.

Конституцияның жаңа жобасында Преамбула, 11 бөлім және 95 бапты бекіту ұсынылып отыр. Бұл құжат еліміздің демократиялық дамуын жаңа сапалық деңгейге көтеруге, азаматтық қоғамды нығайтуға және Қазақстанның ұзақ мерзімді тұрақты дамуына берік құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталған.

Гүлшара Тастемірова,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті,

Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушысы

 

 

 

 АДАЛ ҚОҒАМ КОНСТИТУЦИЯДАН БАСТАЛАДЫ

 

Адал қоғам құру – кез келген мемлекеттің басты стратегиялық мақсаты. Адалдық үстемдік еткен ортада заңға құрмет, әділетке сенім және азаматтардың жауапкершілігі жоғары болады. Мұндай қоғамның іргетасы – Конституция. Өйткені Конституция – мемлекеттің құқықтық негізін айқындайтын, билік пен халық арасындағы қатынасты реттейтін ең жоғарғы заңдық құжат.

Конституцияда адамның құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық ретінде бекітіледі. Бұл қағида адал қоғамның басты өлшемі болып саналады. Егер мемлекет әр азаматтың құқығын қорғап, заң алдында бәрінің теңдігін қамтамасыз етсе, онда әділеттілік орнығады. Әділет бар жерде сенім бар, сенім бар жерде тұрақтылық пен даму болады.

Адал қоғам тек заң арқылы ғана емес, олардың нақты орындалуымен қалыптасады. Конституциялық нормалардың іс жүзінде жүзеге асуы  құқықтық мәдениеттің деңгейіне тікелей байланысты. Азаматтар өз құқықтары мен міндеттерін біліп қана қоймай, заң талаптарын құрметтеп орындағанда ғана қоғамда жемқорлық, құқық бұзушылық сияқты теріс құбылыстар азаяды. Сондықтан құқықтық сауаттылық пен азаматтық жауапкершілік – адал қоғамның маңызды шарттары.

Қазіргі кезеңде конституциялық реформалар мемлекет дамуының жаңа бағытын айқындап отыр. Билік тармақтарының теңгерімі, қоғамдық бақылаудың күшеюі, ашықтық пен есеп берушіліктің артуы – адал қоғам құру жолындағы нақты қадамдар. Бұл өзгерістер заң үстемдігін нығайтып, әр азаматтың мемлекет ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтеді.

Адал қоғам – кездейсоқ қалыптаспайтын, жүйелі құқықтық саясаттың нәтижесі. Оның бастауы – Конституция. Негізгі заң қағидалары өмірде толық іске асқанда ғана әділетті, жауапты әрі өркениетті қоғам қалыптасады. Сондықтан Конституцияны құрметтеу – адал қоғам құрудың басты алғышарты.

Мәнсия ӘСЕМБАЕВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Жылуфизика және техникалық физика кафедрасының доценті, ф.-м.ғ.к.

 

 

 

 

 КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМА: 

МӘДЕНИ ҚҰНДЫЛЫҚ ПЕН ҚҰҚЫҚТЫҚ НОРМА ҮЙЛЕСІМІ АЗАМАТТЫҚ САНА ТРАНСФОРМАЦИЯСЫНЫҢ АЛҒЫШАРТЫ

 

Қазіргі кезеңдегі қазақстандық қоғамда көрініс тапқан сана трансформациясына ықпал ететін жаңа бір толқын легі көпшілікті бір «сілкіп» оятқан конституциялық реформа болды. Конституциялық реформа – тек құқықтық нормаларды жаңарту үдерісі ғана емес, ол – қоғамдық сананың трансформациясын айқындайтын өркениеттік қадам. Конституция мәтіні өзгерген сайын қоғамның құндылықтық бағдары да нақтылана түседі. Бұл тұрғыда реформаны саяси акт ретінде емес, мәдени-рухани жаңғырудың институционалдық көрінісі ретінде қабылдау маңызды.

Сана трансформациясы жауапкершілік мәдениетін қалыптастырудан басталады. Заң үстемдігі, әділеттілік, адам қадір-қасиетін құрметтеу сияқты ұстанымдар тек декларативті норма болып қалмай, қоғамдық мінез-құлықтың ішкі өлшеміне айналуы тиіс. Мұндай ішкілендіру (интериоризация) үрдісі мәдени құндылықтар арқылы жүзеге асады.

Қазақстан көпконфессиялы қоғам ретінде тарихи тұрғыдан діни төзімділік пен өзара құрмет моделін қалыптастырды. Конституциялық реформаның табысты болуы да осы конфессияаралық диалог мәдениетінің сақталуы мен дамуына тікелей байланысты. Дін – тек сенім жүйесі емес, ол қоғамдық келісімнің этикалық негізін құрайтын әлеуметтік институт. Сондықтан құқықтық жаңару діни қауымдастықтармен ашық әрі тең диалог аясында өрбуі қажет.

Бүгінгі реформалар бізден тек құқықтық сауаттылықты емес, мәдени кемелдік пен диалогтық ойлауды талап етеді. Конституциялық өзгерістердің түпкі мәні – азамат пен мемлекет арасындағы сенімді күшейту, ал сенім – ортақ құндылықтар мен өзара құрметке негізделеді.

Мәдени құндылықтар мен құқықтық нормалардың үйлесімі – тұрақты дамудың кепілі. Егер реформа азаматтық жауапкершілікті күшейтіп, әрбір адамның ел тағдырына ортақтасу сезімін арттырса, онда бұл өзгерістер шынайы сана трансформациясына алып келеді. Ал сана жаңарған жерде қоғамдық келісім нығаяды, конфессияаралық сенім тереңдейді, ұлттық бірегейлік заманауи мазмұнмен толығады.

Жанна ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Дінтану және мәдениеттану кафедрасының қауымдастырылған профессоры 

 

 

 

ҰЛТТЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН БЕЙБІТ ДАМУЫНЫҢ КЕПІЛІ

 

 

Конституцияға енгізіліп жатқан өзгерістер Қазақстанның халықаралық бейбітшілік, ынтымақтастық және құқық үстемдігіне негізделген саясатын одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды әрі өзекті қадам. Бұл жаңартулар мемлекеттің әлемдік қауымдастық алдындағы жауапкершілігін арттырып, тұрақты даму мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Халықаралық қатынастардағы бейбітшілік пен ынтымақтастық саясаты Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғысында айқындалған негізгі қағидаттарға сүйенеді. Атап айтқанда күш қолданбау және күш қолдану қатерінен бас тарту, халықаралық дауларды келіссөздер, делдалдық, арбитраж және сот арқылы бейбіт жолмен шешу қазіргі заманғы өркениетті халықаралық қатынастардың басты тетігі болып саналады. Сонымен қатар мемлекеттердің егемен теңдігін сақтау, ішкі істеріне араласпау, аумақтық тұтастық пен шекаралардың мызғымастығын құрметтеу, халықтардың өзін-өзі анықтау құқығын мойындау және халықаралық міндеттемелерді адал орындау қағидаттары жаһандық тұрақтылықтың негізін қалайды.

Конституцияға енгізіліп жатқан өзгерістер аталған халықаралық нормалармен үйлесім тауып, Қазақстанның бейбіт, жауапты және құқықтық мемлекет ретіндегі ұстанымын айқындай түседі. Бұл реформалар елдің сыртқы саясаттағы беделін арттырып қана қоймай, қоғамда заңға құрмет, азаматтық жауапкершілік және бейбітшілік мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Жоғары оқу орнының оқытушысы ретінде мен бұл өзгерістерді болашақ ұрпаққа халықаралық құқықты құрметтеу, дауларды бейбіт жолмен шешу және жаһандық ынтымақтастыққа ашық болу құндылықтарын дарытудың маңызды алғышарты деп есептеймін. Конституциялық жаңғыру – Қазақстанның тұрақты дамуына, халықаралық сенімге және бейбіт болашағына бағытталған стратегиялық қадам.

Ерлан МАҚАШЕВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Компьютерлік ғылымдар кафедрасының

ассистент-профессоры

 

 

 

ДАМУ МҮМКІНДІКТЕРІН КЕҢЕЙТЕТІН ІРГЕЛІ ҚҰҚЫҚТЫҚ НЕГІЗ

 

 

Жаңа Конституция жобасын заманауи қоғамдық-саяси үдерістерге сай, өзекті әрі маңызы жоғары құжат ретінде бағалаймын. Ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер елдің орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Әсіресе білім мен ғылым, мәдениет пен инновация мемлекеттің стратегиялық дамуының негізгі тіректері ретінде қарастырылады. Жоғары білім беру саласына қатысты жаңашылдықтар мемлекеттің стратегиялық дамуының негізін айқындайды.

Бұл өзгерістер адами капиталдың сапасын арттыруға, ғылым мен инновациялық әлеуетті күшейтуге, сондай-ақ халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті кадрлар даярлауға мүмкіндік береді. Әсіресе олар жас ғалымдардың кәсіби қалыптасуына, ғылыми ортада еркін дамуына және өз әлеуетін толық іске асыруына қолайлы жағдай жасайды. Жасанды интеллект сияқты озық цифрлық технологияларды білім беру мен ғылыми зерттеулерге кеңінен енгізуге мүмкіндік береді. Жасанды интеллектіні дамыту жоғары оқу орындарында заманауи білім беру бағдарламаларын қалыптастыруға, деректерге негізделген ғылыми зерттеулер жүргізуге және технологиялық серпіліс жасауға жол ашады.

Аталған құжат Қазақстанның жаңару кезеңіне жүйелі түрде қадам басуына ықпал ететін, елдің даму мүмкіндіктерін кеңейтетін іргелі құқықтық негіз деп есептеймін.

Әсем ШАЯХМЕТОВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Жасанды интеллект және Big Data

кафедрасының қауымдастырылған

профессоры, PhD

 

 

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯНЫҢ МӘНІ ЖӘНЕ МАҢЫЗЫ

Жоба ауқымды және құрылымдық сипатында жаңа Конституцияға өзгеріс енгізіліп, ұлттық заң мәтінінің шамамен 84 пайызы жаңартылған (11 бөлім, 95 бап) – бұл тек түзету емес, толық реконструкция деңгейіндегі реформалар екенін көрсетеді. Реформа тарихи маңызы бар қадам ретінде бағалануда. Жобада егемендік пен аумақтық тұтастық, адам құқықтарының ядролық принциптері және мемлекеттің негіздері қайта жаңғыртылады.

Референдум қағидаты Конституцияға кез келген өзгерістер тек жалпыхалықтық референдум арқылы енгізілуі тиіс деген норма ұсынылады, бұл үздіксіз халықтық легитимдікке сүйенуді көздейді. Институционалдық реформалар, уникамералды парламент ұғымы енгізілуде. Жоба бойынша Qurultay құрылады және ол заң шығарушы билікті жүзеге асырады. Бұл – суперпрезиденттік жүйеден кең ауқымды институционалдық тепе-теңдікке көшу бағыты.

Президенттен Парламентке өкілеттіктердің бірқатары жылжиды, бұл елдің саяси жүйесінде биліктің шоғырлануын азайтуға арналған.

Халық Кеңесі – жаңа консультативтік орган ретінде ұсынылып отыр. Ол қоғамдық институттар мен азаматтық белсенділерді біріктіреді және заң шығару бастамасын жүзеге асыра алады.

Вице-президент лауазымы енгізіліп, қоғам мен билік арасындағы әлеуметтік және мәдени байланыстарды күшейту мақсатында сыртқы және ішкі саясатта үйлестіруші рөл ойнайды.

Айдана Отыншиева,

PhD докторы,

Халықаралық құқық кафедрасының аға оқытушысы

халықаралық қатынастар факультеті

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

 

 

КОНСТИТУЦИЯ – ҚҰНДЫЛЫҚТАР ЖҮЙЕСІ

Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасындағы адам құқықтары мен бостандықтарына қатысты нормалар – еліміздің құқықтық мемлекет ретінде дамуының маңызды көрсеткіші. Бұл өзгерістер тек ұлттық мүдделерге ғана емес, сонымен қатар халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттары мен стандарттарына толықтай сай келуі тиіс.

Адам құқықтарын қорғау саласындағы конституциялық нормалар Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы (1948), Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт (1966), Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пакт (1966), сондай-ақ БҰҰ-ның негізгі конвенциялары бекіткен әмбебап қағидаларымен үндес болуы қажет. Бұл құжаттар адамның қадір-қасиетін, заң алдындағы теңдігін, ар-ождан, сөз бостандығын, әділ сотқа қол жеткізу құқығын және әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етуді мемлекеттің басты міндеті ретінде айқындайды.

Конституция – тек құқықтық құжат емес, ол адамға, оның еркіндігі мен абыройына деген мемлекеттің көзқарасын білдіретін құндылықтар жүйесі. Сондықтан адам құқықтарын кеңейту, олардың орындалу тетіктерін нақтылау және халықаралық стандарттармен үйлестіру – Қазақстанның демократиялық және құқықтық дамуының берік іргетасы.

Біз болашақ заңгерлерді, саясаткерлерді және азаматтарды Конституцияны құрметтеуге ғана емес, оны адам құқықтарын қорғаудың нақты құралы ретінде түсінуге тәрбиелеуіміз қажет.

Университеттің оқытушы-профессорлық құрамы ретінде менің ұстанымым айқын. Конституциядағы әрбір құқық – қағаздағы сөз емес, нақты өмірде жүзеге асуы тиіс шынайы кепілдік болуы керек.

Айжан Рысалдиева,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

 халықаралық қатынастар факультеті

Халықаралық құқық кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторы