ҚАЗАҚСТАН–ПӘКІСТАН БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМ БАЙЛАНЫСЫ АЯСЫНДАҒЫ ҚЫСҚЫ МЕКТЕП
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 2026 жылғы 10-12 ақпан аралығында БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру аясында «Сапалы білім / Quality Education» (SDG 4) және «Мақсаттарға жету жолындағы әріптестік / Partnerships for the Goals» (SDG 17) бағыттары бойынша «Intellectual History in Contemporary Central and South Asia» («Қазіргі Орталық және Оңтүстік Азиядағы интеллектуалды тарих») атты онлайн қысқы мектеп өтті. Ұйымдастырушы – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы. Іс-шара 2025 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Қазіргі Заманауи Ұлттық тілдер университеті (NUML, Исламабад) арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандумның 2.1.4 тармағына сәйкес ұйымдастырылды. Бұл құжат қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді академиялық бағдарламалар аясындағы өзара іс-қимылды көздейді.
Қысқы онлайн мектептің мақсаты – Қазақстан мен Пәкістандағы интеллектуалды тарих контексіндегі әдіснама, негізгі тұжырымдамалар, идеялар эволюциясы, әдеби және фольклорлық дәстүрлер мен тарихнамалық тәжірибелерді зерттеу.
Дәрістер барысында интеллектуалды тарихтың теориялық және әдіснамалық негіздері, тарихи өткенді түсіндірудегі философиялық тәсілдер, әдеби және тарихи дереккөздерді талдаудың заманауи әдістері қарастырылды. Интеллектуалды тарихтың тұжырымдамалық модельдеріне, оның ішінде мәдени өзара ықпалдастық пен трансшекаралық байланыстар жағдайында интеллектуалдық үдерістерді қарастыруға мүмкіндік беретін «үшінші кеңістік» теориясы мен номадологияға ерекше назар аударылды. Қысқы мектептің қатысушылары Орталық және Оңтүстік Азия контексіндегі пуштундардың интеллектуалды дәстүрлерінің эволюциясымен, олардың әдеби, діни және қоғамдық-саяси мұрасымен, сондай-ақ фольклордың интеллектуалды ойды қалыптастырудағы рөлімен танысты. Дәріс барысында қазіргі урду поэзиясында көрініс тапқан әлеуметтік және философиялық идеялар, шетелдік зерттеулердің Орталық Азияның ғылыми және геосаяси дискурсын қалыптастыруға әсері, сондай-ақ жаһандану жағдайында мәдени бірегейлікті іздеу кеңістігі ретіндегі әдебиеттің маңызы талданды. Сонымен қатар пуштундардың интеллектуалдық тарихын зерттеудегі тарихнамалық тәсілдерге де ерекше көңіл бөлінді.
Сабақтарды Қазақстанның және шетелдің жетекші ғалымдары, ҚазҰУ мен Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-дың профессор-оқытушылар құрамы, жас ғалымдар, сондай-ақ Пешавар университеті мен Пенджаб университетінің оқытушылары жүргізеді.
Қысқы мектепке шығыстану, шетел филологиясы, саясаттану және халықаралық қатынастар білім беру бағдарламалары бойынша білім алып жатқан екі елдің магистранттары, докторанттары және жас жоғары оқу орны оқытушылары қатысады. Қатысушылар саны 40 адамды құрады.
Спикерлер:
Филология ғылымдарының докторы, профессор Г.Е. Надирова. Дәріс тақырыбы: «Constructing the Past: Methodological Approaches in Intellectual History – from Philosophical Foundations to Empirical Analysis» («Өткенді құрастыру: интеллектуалдық тарихтағы әдіснамалық тәсілдер – философиялық негіздерден эмпирикалық талдауға дейін»). Профессор Г.Е. Надирова интеллектуалдық тарихтың теориялық негіздерін, әдеби дереккөздермен жұмыс істеудің заманауи тәсілдерін және историографиялық талдау мәселелерін ашып көрсетті.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор-зерттеуші Л.Г. Ерекешева. Дәріс тақырыбы: «Intellectual History in a Third Space: Conceptual Frame and Nomadology» («Үшінші кеңістіктегі интеллектуалды тарих: концептуалдық негіздер және номадология»). Өз баяндамасында Л.Г. Ерекешева интеллектуалды тарихтың концептуалдық шеңберлерін, оның негізгі мектептерін, сондай-ақ номадология мәселелерін қарастырды.
Пешавар университетінің профессоры, PhD доктор Шабир Ахмад Хан. Баяндама тақырыбы: «Intellectual history of Pakhtuns/Pashtuns in the context of Central and South Asia» («Орталық және Оңтүстік Азия контекстіндегі пахтундар/пуштундардың интеллектуалдық тарихы»). Өз баяндамасында профессор пахтундардың (пуштундардың) интеллектуалды дәстүрінің қалыптасу ерекшеліктерін тарихи және мәдени тұрғыда қарастырды. Профессор пуштун қоғамының интеллектуалдық мәдениетінің дамуындағы әдеби мұраның, діни ойдың, ауызша дәстүрлердің және қоғамдық-саяси идеялардың рөлін талдады.
Профессор-зерттеуші Л.Г. Ерекешева. Дәріс тақырыбы: «Hybridity, Nomos and the Search for Identity in the Intellectual History of Kazakhstan (Based on the Early Works of O. O. Suleimenov)» («Қазақстанның интеллектуалды тарихындағы гибридтілік, номос және болмыс ізденісі: О.О. Сүлейменовтің алғашқы еңбектері негізінде»). Дәріс барысында Л.Г.Ерекешева әдебиеттегі номадизм тұжырымдамасын және оның қазіргі гуманитарлық зерттеулердегі философиялық қайта пайымдалуын Олжас Сүлейменовтің алғашқы шығармалары негізінде қарастырды. Сонымен қатар, қазақстан қоғамындағы мәдени болмысты іздеу мәселелерін талдады.
Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Еуразиялық ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, PhD докторы А.М. Мұратбекова. Дәріс тақырыбы: «Soviet Foreign Studies in Central Asia as a Geopolitical Intellectual Project» («Орталық Азиядағы кеңестік шетелтану – геосаяси интеллектуалды жоба»). Дәріс барысында А.М. Мұратбекова Орталық Азия халықтарының дипломатиялық өкілдігінің ерекшеліктерін, шығыстану ғылымының Кеңес Одағының сыртқы саяси стратегиясын қалыптастырудағы рөлін, сондай-ақ кеңестік ғылыми саясаттың аймақтық зерттеу орталықтарының дамуына ықпалын қарастырды.
Пешавар университетінің PhD докторы Мұхаммад Али Динакхил. Баяндама тақырыбы: «Intellectual History in Pashtun Folklore: Traditions and Thought» («Пуштун фольклорындағы интеллектуалды дәстүрлер мен ойлау жүйесі»). Мұхаммад Али Динакхил өз баяндамасында пуштун фольклорын қоғамның интеллектуалды ойы мен мәдени құндылықтарының қалыптасу көзі ретінде қарастырды. Ол ауызекі дәстүрлер, аңыздар мен поэзиялық шығармалар арқылы пуштун халқының әлеуметтік нормалары, тарихи жадысы және философиялық көзқарастарының қалай жеткізілгенін көрсетті.
Пенджаб университетінің PhD докторы Мұхаммад Наим. Баяндама тақырыбы: «Social and Intellectual Discourses in Modern Urdu Poetry» («Қазіргі урду тілі поэзиясындағы әлеуметтік және интеллектуалды дискурстар»). Өз баяндамасында спикер ақындардың көркем бейнелер арқылы әлеуметтік әділеттілік, мәдени трансформациялар және рухани құндылықтар мәселелерін қалай көтеретінін көрсетті.
Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университеті Ясауи ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, гуманитарлық ғылымдар магистрі Т.Б. Урумова. Баяндама тақырыбы: «Literature as a Space for Searching Cultural Identity in the Age of Globalization» («Жаһандану дәуіріндегі мәдени болмысты іздеу кеңістігі ретіндегі әдебиет»). Баяндамашы көркем мәтіндердің мәдени трансформация үдерістерін, дәстүр мен заманауилық арасындағы диалогты қалай бейнелейтінін, сондай-ақ ұлттық өзіндік сананы сақтауға қалай ықпал ететінін қарастырды.
Шығыстану факультетінің 1 курс докторанты Н.Д. Жарбосынова. Баяндама тақырыбы: «Historiography of the Intellectual History of the Pashtuns» («Пуштундардың интеллектуалды тарихының тарихнамасы»). Спикер пуштун халқының интеллектуалды мұрасын зерттеудегі ғылыми тәсілдердің қалыптасуына түрлі зерттеушілердің қосқан үлесін атап өтіп, осы саладағы заманауи тарихнамалық үрдістерді таныстырды.
Талқылау барысында қатысушылар пікір алмасып, дәріскерлер қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Бағдарлама студенттердің сыни ойлау қабілетін дамытуға және шығыс қоғамдарының әлеуметтік әрі интеллектуалдық контексін терең түсінуге бағытталды. Сонымен қатар білім мен идеялардың қалыптасу мәселелеріне, шығармашылық қызметтің қоғамдық өмірдегі рөліне және әлеуметтік тарих мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қысқы онлайн мектеп халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға, академиялық диалогты кеңейтуге және жас зерттеушілердің кәсіби дамуына ықпал етті. Бағдарламаны жүзеге асыру Орталық және Оңтүстік Азиядағы интеллектуалды үдерістерді зерттеудің заманауи ғылыми тәсілдерін қалыптастыруға жаңа мүмкіндіктер ашып, қатысушылардың академиялық әлеуетін дамытуға ықпал етті.


Жарбосынова Н.Д.
Урду тілі бөлімінің меңгерушісі
Басқа жаңалықтар