- Басты бет
- Жаңалықтар
- ЗАҢ МЕН ТӘРТІП ҚАҒИДАТЫ АЯСЫНДА «CUBER GUARD» – КИБЕРҚЫЛМЫС ПЕН ФИШИНГТЕН ҚОРҒАНУ: СТУДЕНТТЕРГЕ АРНАЛҒАН ҚҰҚЫҚТЫҚ НҰСҚАУЛЫҚ
ЗАҢ МЕН ТӘРТІП ҚАҒИДАТЫ АЯСЫНДА «CUBER GUARD» – КИБЕРҚЫЛМЫС ПЕН ФИШИНГТЕН ҚОРҒАНУ: СТУДЕНТТЕРГЕ АРНАЛҒАН ҚҰҚЫҚТЫҚ НҰСҚАУЛЫҚ
13 ақпан күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті География және табиғатты пайдалану факультетінің Картография және геоинформатика кафедрасының ұйымдастыруымен факультет студенттеріне «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Cuber Guard» – киберқылмыс пен фишингтен қорғану бойынша құқықтық нұсқаулық атты тағылымды іс-шара өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – жастардың цифрлық сауаттылығын арттыру, интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлердің алдын алу және заң мен тәртіп қағидаларын кеңінен түсіндіру болды. Кездесуге құқық қорғау органдарының тәжірибелі мамандары қатысып, киберқылмыстың түрлері, алаяқтық әрекеттер, фишингтік шабуылдардың белгілері мен олардан қорғану жолдары туралы нақты мысалдар келтірді.
Спикерлер қатарында Бостандық ауданы Полиция басқармасы жанындағы полиция бөлімінің жеке құраммен жұмыс жөніндегі орынбасары, полиция капитаны Г.У. Бутакулов, Алматы қаласы Полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Р.Б. Токтарбеков сөз сөйледі. Сондай-ақ Бостандық ауданы Полиция басқармасының Әкімшілік полиция бөлімінің бастығы, полиция майоры С.Б. Рахматуллаев жол қозғалысы қауіпсіздігі туралы баяндап, студенттерге жол ережелерін сақтаудың маңызын түсіндіріп, тақырыпқа қатысты арнайы бейнероликтер көрсетті. Сонымен қатар кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі полиция қызметкерлері жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және түнгі уақытта заң талаптарын сақтау бағытында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Кездесу барысында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, интернеттегі жеке деректерді қорғау, күмәнді сілтемелер мен хабарламаларды ажырату, әлеуметтік желілерде қауіпсіздік шараларын сақтау жөнінде нақты кеңестер алды.
Осындай мазмұнды іс-шаралар жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, заманауи цифрлық қоғамда жауапкершілікпен әрекет етуге үндейді. «Cuber Guard» жобасы – қауіпсіз әрі саналы қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды бастамалардың бірі.
Басқа жаңалықтар