Қаржылық сауаттылық бағыты бойынша «Жинақ және қаржылық» тақырыбында
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Философия және саясаттану факультетінің әлеуметтік - тәрбие жұмысы жөніндегі декан орынбасары- Аязбаева Бейбіт Бөлтекқызының ұйымдастырумен 20.02.2026ж. экономика және бизнес жоғары мектебінің әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі декан орынбасары Илияс Оңғарұлы Кулиев және Қаржы және есеп кафедрасының аға оқытушысы Абай Жаңбырбайұлы Кукиев сұхбат алынды.
Сұхпат алушы: Төлеуғали Алия Талғатқызы философия және саясаттану факультеті
Қаржылық жинақ дегеніміз не және оның маңызы қандай?
Қазіргі нарықтық экономика жағдайында қаржылық жинақ – жеке тұлғаның экономикалық тұрақтылығы мен әлеуметтік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі құралдардың бірі. Қаржылық жинақ дегеніміз – табыстың белгілі бір бөлігін ағымдағы тұтынудан саналы түрде бас тартып, болашақ қажеттіліктерге, күтпеген жағдайларға немесе инвестициялық мақсаттарға бағыттау үдерісі деп айтуымызға болады. Ғылыми тұрғыдан алғанда, жинақ нормасы (savings rate) жеке адамның қаржылық тұрақтылығының индикаторы болып саналады. Экономикалық теорияда табыс пен тұтыну арасындағы тепе-теңдік ұзақ мерзімді әл-ауқаттың кепілі ретінде қарастырылады. Демек, қаржылық жинақ – тек ақша сақтау емес, ол – болашақ тәуекелдерді басқару және экономикалық дербестікті қалыптастыру механизмі. Ал, қаржылық жинақтың маңызы: күтпеген жағдайларда (ауру, жұмыссыздық) қаржылық қауіпсіздік қоржынын құру; ірі мақсаттарға (білім, баспана, кәсіп бастау) қол жеткізу; инвестициялық мүмкіндіктерді пайдалану; қарызға тәуелділікті азайту; қаржылық тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастыру болып табылады.
Табысты дұрыс жоспарлау үшін қандай кеңестер бересіз?
Біріншіден, бюджеттеу қағидаты – табысты үш негізгі бөлікке бөлу:
міндетті шығындар (тамақ, жолақы, оқу);
жинақ;
жеке қажеттіліктер.
Халықаралық тәжірибеде кең таралған 50/30/20 ережесі (50% – қажеттілік, 30% – жеке шығын, 20% – жинақ) студенттерге де бейімдеп қолдануға болады.
Екіншіден, қаржылық мақсат қою – қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді мақсаттарды нақтылау. Мақсат өлшенетін, нақты және мерзімі белгіленген болуы тиіс.
Үшіншіден, алдымен өзіңе төлеу қағидасы – табыс түскен бойда оның белгілі бір пайызын жинаққа аудару.
Төртіншіден, шығындарды талдау және бақылау – ай сайынғы шығын құрылымын жазып отыру, қажетсіз тұтынуды қысқарту.
Бесіншіден, қаржылық сауаттылықты арттыру – банк өнімдері, депозит, инвестиция, салық және инфляция туралы базалық білімді меңгеру.
Студенттер жиі жіберетін қаржылық қателіктер қандай?
Импульсивті тұтыну – эмоциялық шешімдер негізінде жоспарсыз сатып алу.
Жинақтың болмауы – «табыс аз, сондықтан жинақ мүмкін емес» деген қате түсінік.
Қарызға тәуелділік – кредиттік карталарды немесе онлайн қарыздарды бақылаусыз пайдалану.
Қаржылық жоспардың жоқтығы – айлық табыстың қайда жұмсалатынын нақты білмеу.
Алаяқтық тәуекелдерін елемеу – қаржы пирамидаларына сену, дропперлік әрекеттерге қатысу.
Бүгінгі сұхбатымызды түйндесеңіз?
Айтқанымызды қорытындылай келгенде қаржылық жинақ – жеке тұлғаның экономикалық мәдениетінің көрсеткіші. Студенттік кезеңде қаржылық тәртіп пен жоспарлау дағдыларын қалыптастыру болашақта экономикалық тәуелсіздік пен әлеуметтік тұрақтылықтың негізін қалайды. Жинақ мәдениеті – тек табыс көлеміне емес, қаржылық іс- әрекет пен жауапкершілік деңгейіне де байланысты. Осыны ескеріңіздер.
Басқа жаңалықтар