23 ақпан күні орыс филологиясы және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Едренова Назгүл Тілепбергеновна «Кино және медиа» білім беру бағдарламасының студенттерімен бірлесіп «Когда герой заговорил…» тақырыбында оқу-тәрбие іс-шарасын өткізді. Аталған шара Біріккен Ұлттар Ұйымы жариялаған Тұрақты даму мақсаты №4 — «Сапалы білім» бағытын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – болашақ кино және медиа саласы мамандарының кәсіби тілдік құзыреттілігін қалыптастыру, экрандық образды тілдік талдау негізінде зерделеу дағдыларын дамыту, сондай-ақ студенттердің ауызша және жазбаша сөйлеу мәдениетін жетілдіру.
Іс-шара барысында келесі мәселелер қарастырылды:
• кейіпкер образын жасаудағы реплика мен диалогтың рөлі;
• киногеройдың тілдік портреті және оның мінезін ашудағы маңызы;
• интонация, лексика және стилистикалық құралдардың кейіпкерді қабылдауға ықпалы;
• сценарий мен экран кеңістігіндегі кейіпкердің сөйлеу ерекшелігі.
Студенттер көркем фильмдерден алынған үзінділерді талдап, кейіпкерлердің сөйлеу мәнеріне, коммуникативтік стратегияларына және диалогтардың стильдік сипатына назар аударды. Әсіресе кейіпкер тілінің оның әлеуметтік, мәдени және психологиялық болмысымен өзара байланысына ерекше мән берілді.
Практикалық бөлімде студенттер берілген образға сәйкес тілдік портрет құрастырып, авторлық реплика жазып, тілдік құралдардың өзгеруі кейіпкерді қабылдауға қалай әсер ететінін талқылады.
Іс-шара медиамәтінмен жұмыс істеу барысында студенттердің аналитикалық ойлау қабілетін, коммуникативтік мәдениетін және кәсіби дағдыларын дамытуға ықпал етті. ТДМ №4 аясында филологиялық білім мен медиапрактиканы ықпалдастыру арқылы сапалы білім берудің маңыздылығы айқындалды.
Қорытындысында студенттер кейіпкер образын жасауда тілдің шешуші құрал екенін терең түсініп, кино және медиа саласындағы кәсіби қызметте тілдік құзыреттіліктің маңызын айқындады.
Басқа жаңалықтар