Қазіргі қала тіліндегі белсенді үдерістер: эколингвистикалық мүмкіндіктерді жүзеге асыруFarabi University
Референдум 15 марта

Қазіргі қала тіліндегі белсенді үдерістер: эколингвистикалық мүмкіндіктерді жүзеге асыру

24 ақпан, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары қазіргі урбанизация жағдайындағы тіл дамуын жаңа ғылыми парадигма – эколингвистика аясында зерттеуге бағытталған кешенді жобаны жүзеге асыруда. «Қазіргі қала тіліндегі белсенді үдерістер: эколингвистикалық мүмкіндіктерді жүзеге асыру» атты бұл зерттеу еліміздің зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған басым ғылыми бағыттар шеңберінде жүргізілуде.

Қазіргі қоғамда тіл тек қарым-қатынас құралы ғана емес, әлеуметтік, мәдени және психологиялық өзгерістердің айнасы ретінде қызмет етеді. Әсіресе қала кеңістігінде тіл үнемі қозғалыста, үздіксіз трансформация үстінде болады. Урбанизация, көші-қон, ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы, жаһандану үдерістері – мұның барлығы қала тілінің лексикалық, семантикалық, стилистикалық және прагматикалық құрылымына ықпал етеді. Осы тұрғыдан алғанда, қаланың «тілдік өмірін» зерттеу әдеби тілдің даму динамикасын, нормалардың өзгеру себептерін және жаңа тілдік құбылыстардың қалыптасуын түсінудің маңызды алғышарты болып табылады.

Жобаның негізгі мақсаты – қазіргі қала тіліндегі белсенді үдерістерді эколингвистикалық тәсіл арқылы анықтау және олардың даму бағыттарын айқындау. Зерттеу барысында тілдегі позитивті және негативті өзгерістер, әлеуметтік-саяси және мәдени факторлардың сөздік құрам мен стильдік түрленулерге әсері, тілдік деңгейлердің өзара ықпалдасуы сарапталады.

Қала – әртүрлі этникалық және әлеуметтік топтардың тоғысқан кеңістігі. Сондықтан да мұнда көптілділік пен көпдиалектілік құбылыстары қатар жүреді. Бір жағынан, тіл жаңа сөздермен, терминдермен, кірме бірліктермен толығады; екінші жағынан, дәстүрлі лексикалық қабаттардың көмескіленуі, мағыналық бұлдырлық, клишелердің көбеюі, аббревиатуралардың шамадан тыс қолданылуы байқалады. Кейбір жағдайларда сөйлеу мәдениетінің төмендеуі, жаргон, арго және тұрпайы сөздердің белсенділігі артуы да назар аудартады. Осындай құбылыстарды ғылыми тұрғыдан бағалау эколингвистикалық талдауды қажет етеді.

Зерттеу жұмыстары Қазақстанның бірнеше ірі қалаларында жүргізіледі. Деректер жинау сауалнама алу, аудио және бейнежазбалар жасау, күнделікті ауызша коммуникацияны бақылау әдістері арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар жазбаша тілдік материалдар – жарнамалар, көше атаулары, маңдайшалар, медиа мәтіндер – арнайы корпус ретінде талданады. Жиналған материалдар сипаттамалы, салыстырмалы және статистикалық әдістер арқылы өңделіп, тілдік белсенді үдерістердің жүйесі айқындалады.

Жоба аясында лексика мен фразеология саласындағы өзгерістерге, сөзжасамдағы неодеривация мен апроприация құбылыстарына, морфологиялық категориялардың қызметіндегі аналитизм мен синтетизмнің арақатынасына, синтаксистік құрылымдардың ықшамдалуына ерекше назар аударылады. Сондай-ақ интернет коммуникацияның ауызша және жазбаша тілге әсері, тілдік ойын феномені, мәдени апроприация рефлекстері зерттеледі.

Эколингвистикалық тәсілдің басты ерекшелігі – тілдік құбылыстарды «жақсы» немесе «жаман» деп субъективті бағалаудан гөрі, олардың функционалдық-прагматикалық тиімділігін және тіл жүйесіне ықпалын анықтау. Тіл – өзін-өзі реттейтін, бірақ сыртқы әлеуметтік факторларға тәуелді күрделі жүйе. Сондықтан жобада тіл дамуының ішкі заңдылықтары мен сыртқы ықпалдардың өзара әрекеттесуі кешенді түрде қарастырылады.

Зерттеудің маңызды нәтижелерінің бірі – «Қазақ жыл сөзі» онлайн-тезаурусын әзірлеу. Бұл дескрипторлы ақпараттық-іздестіру жүйесі қала тіліндегі белсенді қолданыстағы сөздерді мағынасы мен контекстік сипаттамалары бойынша іздеуге мүмкіндік береді. Аталған ресурс тек ғылыми ортаға ғана емес, жалпы тіл қолданушыларға да пайдалы болмақ. Ол тілдік өзгерістердің статистикалық көрінісін көрсетіп, сөздердің семантикалық эволюциясын бақылауға жағдай жасайды.

Жоба нәтижелері халықаралық деңгейдегі рецензияланатын басылымдарда жарияланып, ғылыми қауымдастыққа ұсынылады. Сонымен қатар, университет базасында онлайн және офлайн семинарлар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, зерттеу қорытындылары кеңінен талқыланады. Бұл ғылыми коммуникацияны нығайтып, жас зерттеушілердің кәсіби дамуына ықпал етеді.

Әлеуметтік тұрғыдан алғанда, зерттеу нәтижелері қоғамда тіл мәдениетін арттыруға, сөйлеу сапасын жақсартуға және тілдік жауапкершілікті күшейтуге бағытталған ұсыныстар әзірлеуге негіз болады. Экономикалық тұрғыдан, тілдік мониторинг жүргізетін ғылыми мектептердің қалыптасуына, тілдік деректерді жүйелі талдауға мүмкіндік беретін инфрақұрылымның дамуына жол ашады.

Қазіргі кезеңде ұлттық тілдің «бұлыңғырлану» қаупі, ақпараттық кеңістіктегі экспансия, жаһандық коммуникация үдерістері тілдік тепе-теңдік мәселесін алдыңғы қатарға шығарып отыр. Осындай жағдайда қала тілін зерттеу – тек лингвистикалық міндет емес, ұлттық мәдениетті сақтау мен дамытуға бағытталған стратегиялық қадам.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары жүргізіп отырған бұл жоба қала тіліндегі өзгерістерді ғылыми негізде саралап, тіл дамуының экологиялық жағдайын бағалауға мүмкіндік береді. Тіл – тірі организм. Оның даму бағытын түсіну үшін бүгінгі белсенді үдерістерді дер кезінде анықтап, ғылыми тұрғыдан талдау қажет. Аталған зерттеу осы міндетті жүзеге асыруға бағытталған кешенді әрі маңызды ғылыми бастама болып табылады.