Адам жанының көркем философиясыFarabi University
Референдум 15 марта

Адам жанының көркем философиясы

25 ақпан, 2026

Қазақ әдебиетінің тарихында Мұқағали Мақатаевтың алатын орны айрықша. Ұлы ақынның туғанына 95 жыл толуы – ұлттық руханият үшін маңызды мәдени-әдеби оқиға. Бұл мерейтой Мұқағали Мақатаевтың шығар­ма­шы­­лығын тек еске алу деңгейінде ғана емес, оның поэзиясын ғылыми-әдеби тұрғыдан қайта зерделеп, қазіргі за­ман­ның рухани-мәдени кон­тексінде пайымдауға мүмкіндік береді.

Мұқағали Мақатаев – ХХ ға­сырдағы қазақ поэзиясын маз­мұндық әрі көркемдік тұр­ғыдан жаңа сапалық деңгейге кө­тер­ген көрнекті ақын. Оның шы­ғармашылығы ұлттық поэ­зия дәстүрінің сабақтастығын сақ­тай отырып, поэтикалық ой­лау жүйесінде жаңашыл си­па­ты­мен ерекшеленеді. Ақын өлең­дерінде лирикалық кейіп­кер­дің ішкі рухани әлемі, адам бол­мы­сының күрделілігі, уақыт пен тағдыр категориялары те­рең философиялық пайым­дау­лар арқылы көрініс табады. Осы тұрғыдан алғанда, Мұ­қа­ғали поэзиясының негізгі өзегі – адам және оның рухани бол­мысы.

Ақын лирикасына тән басты ерекшеліктердің бірі – шы­найы­лық пен табиғилық. Мұ­қағали поэзияны жасанды па­фостан арылтып, күнделікті өмір құбылыстарын терең көр­кем­дік-эстетикалық деңгейге көтере білді. «Мен таулықпын», «Ақ­қулар ұйықтағанда», «Фа­риза, Фаризажан» сияқты шы­ғар­малары ақынның дүние­та­нымын, көркемдік танымын және эстетикалық ұстанымын айқын танытады. Бұл туын­дыларда табиғат пен адам, жеке тағдыр мен қоғамдық бол­мыс өзара сабақтасып, тұ­тас көркемдік жүйе түзеді.

Мұқағали Мақатаев поэ­зия­­сындағы философиялық ой­­лау жүйесі ерекше назар аудартады. Ақын өмірдің мәні, адам жауапкершілігі, уақыттың өткіншілігі сынды мәңгілік мә­се­лелерді көтере отырып, эк­зис­тенциалдық ой-тол­ғам­дар­­ды ұлттық дүниетаныммен ор­ганикалық байланыста бе­реді. Оның өлеңдерінде адам жеке тұлға ретінде қоғамнан оқшау қарастырылмайды, ке­рі­сінше, әлеуметтік орта мен қоғамдық жауапкершілік ая­сын­да пайымдалады. Осы тұр­ғыда Мұқағали поэзиясы көр­кем шығарма болумен қатар, рухани-этикалық бағдар қыз­ме­тін де атқарады.

Сонымен бірге Мұқағали Ма­­қатаевтың тілдік шеберлігі – ғылыми талдауға лайық маңызды қырлардың бірі. Ақын қазақтың бай ауыз әдебиеті мен дәстүрлі поэтикалық құ­ралдарын шығар­машылықпен иге­ре отырып, поэзия тілін жаңа мазмұнмен байытты. Қа­рапайым лексикалық бірліктер ар­қылы терең философиялық мағына беру, метафора мен символиканы ұлттық мәдени кодтармен ұштастыру – оның поэтикалық стиліне тән басты белгілер. Бұл ерекшеліктер Мұ­­қағали жырларының оқыр­ман­ға әсерлі әрі түсінікті бо­луын қамтамасыз етеді.

Қазіргі кезеңде Мұқағали Мақатаев шығармашылығының тәрбиелік және танымдық ма­ңы­зы да арта түсуде. Оның поэ­зиясы отансүйгіштікке, адам­гершілікке, рухани та­залық пен азаматтық жауап­кер­шілікке үндейді. Ақын мұрасын оқу мен ғылыми тұрғыдан талдау әде­би-эстетикалық талғамды қа­лыптастырып қана қоймай­ды, оқырманның азаматтық ұс­танымын нығайтуға ықпал ете­ді. Мұқағали жырлары – ұлттық бол­мысты, ана тілі мен мә­де­ниетті терең түсінудің көр­кем­дік мектебі. 

Жасұлан БАЙҒАРАЕВ,

тарих пәнінің оқытушысы