Рухани айдағы берекелі басқосу: студенттерге ауызашар дастарханы жайылды
Қасиетті Рамазан айында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттеріне арнап ауызашар кеші өткізілді. Рамазан – мұсылман жұртшылығы үшін рухани жаңғырудың, сабыр мен шүкіршіліктің, мейірім мен қайырымдылықтың айрықша айы. Бұл кезеңде жасалған әрбір сауапты іс еселеніп, қоғамдағы жанашырлық пен бауырмалдық сезімдері нығая түседі.
Аталған игі шара университеттің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев пен Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығы бастамасымен жүзеге асырылып, үш күнге жоспарланған. Осы уақыт аралығында мыңға жуық студентке арнайы ауызашар мәзірі ұсынылады.
Рухани мазмұндағы кездесуде Рамазан айының тағылымдық мәні мен тәрбиелік маңызы кеңінен талқыланды. Жиынға қатысушылар ізгі амалдардың қоғамдағы рөлі, адамдар арасындағы сыйластық пен өзара құрметті күшейтудің қажеттілігі туралы пікір алмасты. Сондай-ақ мұндай басқосулардың жастар арасындағы достықты бекемдеп, өзара түсіністікті арттыратыны атап өтілді.
Бұл ауызашарға Химия және химиялық технология факультетінің 45 студенті қатысып, рухани кештен ерекше әсер алды. Олар қасиетті айда ұйымдастырылған шара үшін университет басшылығына және ұйымдастырушыларға шынайы ризашылықтарын білдірді. Студенттердің айтуынша, дастархан басындағы жылы жүзді кездесу олардың жүрегіне нұр сыйлап, бірлік пен татулықтың қадірін тереңірек ұғынуға жол ашқан.
Осындай қайырымдылық шаралар оқу ордасындағы рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтып, студенттер арасындағы ынтымақ пен бірлікті арттыра беретіні сөзсіз.
Факультеттің әлеуметтік-тәрбие жұмыстары жөніндегі деканның орынбасары Жақсылықова Г.Ж.


Басқа жаңалықтар