- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және кәдеге жарату» І Халықаралық онлайн қысқы мектебі өз жұмысын бастады
«Қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және кәдеге жарату» І Халықаралық онлайн қысқы мектебі өз жұмысын бастады
2026 жылдың 26 ақпанында География және табиғатты пайдалану факультеті, Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының ұйымдастыруымен және Баку мемлекеттік университеті (Әзербайжан), Ж. Баласагын атындағы Қырғыз ұлттық университеті (Қырғызстан), Экожүйелер мен биоалуантүрлілікті қорғау бойынша Орталық Азия – Герман институтының қолдауымен «Қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және кәдеге жарату» тақырыбындағы І Халықаралық онлайн қысқы мектебі өз жұмысын бастады. Іс-шара Халықаралық Zero Waste күні қарсаңында өткізілуде. Іс-шара модераторы – Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының меңгерушісі Базарбаева Турсынкул Аманкельдиевна.
Аталған іс-шара БҰҰ Бас Ассамблеясының 2022 жылғы 14 желтоқсандағы 77/161 қарарына сәйкес жыл сайын 30 наурызда атап өтілетін Халықаралық қалдықсыз өндіріс күніне орай өткізіліп жатыр. 
Қысқы мектептің мақсаты – қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару, сұрыптау және қайта өңдеу саласындағы заманауи тәсілдермен таныстыру, айналмалы экономика қағидаттарын насихаттау, сондай-ақ тұрақты даму бағытындағы ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастықты нығайту.
Ашылу барысында География және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Актымбаева Алия Сагындыковна, Баку мемлекеттік университетінің доценті Юсифова Махлуга Маил кызы және Ж.Баласаған атындағы Қырғыз ұлттық университетінің доценті Осмонбекова Раушан Болотбековна қатысушыларға құттықтау сөз сөйледі. 
Қысқы мектеп аясында тұрақты даму және айналмалы экономика жүйесіндегі қатты тұрмыстық қалдықтар, қалдықтарды басқарудың ғаламдық мәселелері, морфологиялық талдау әдістемесі, термиялық өңдеу тәсілдері, қалдықтардың экожүйелерге әсері, Zero Waste тұжырымдамасы, экологиялық заңнама және озық халықаралық тәжірибе мәселелері қарастырылады.
Бағдарлама 2026 жылғы 4 наурызға дейін жалғасады. Қатысушылар үшін дәрістер, бейнематериалдар, практикалық тапсырмалар және өзіндік жұмыстар қарастырылған.
Қысқы мектеп ТДМ 12 - жауапты тұтыну мен өндірісті іске асыруға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды халықаралық білім беру алаңы болып табылады.
Басқа жаңалықтар