Ғылыми кеңес отырысы: стратегиялық шешімдер мен академиялық бастамалар
2026 жылғы 24 ақпанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география және табиғатты пайдалану факультетінің ғылыми кеңесінің отырысы өтті. Отырыс салтанатты жағдайда факультеттің құрметті профессорларын 75 жас мерейтойларымен құттықтаудан басталды. Факультет ұжымы география ғылымдарының докторы, метеорология және гидрология кафедрасының доценті Евгений Александрович Талановқа және техника ғылымдарының кандидаты, география, жерге орналастыру және кадастр кафедрасының доценті Таир Даутқанович Джуламановқа ғылымды дамытуға, жоғары білікті мамандар даярлауға және факультеттің ғылыми мектептерін қалыптастыруға қосқан көпжылдық еңбегі үшін терең ризашылықтарын білдірді. 

Университет Ғылыми кеңесінде және факультет деканатында қаралған мәселелер мен оларды іске асыру шаралары туралы баяндама жасаған факультет деканы А.С. Ақтымбаева білім беру сапасын арттыру, ғылыми нәтижелілікті күшейту және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған басым міндеттерді атап өтті. Күн тәртібіне сәйкес декан 2025-2026 оқу жылының қысқы емтихан сессиясының қорытындылары, индикативтік жоспардың бірінші жартыжылдықтағы орындалуы және университеттің ғылыми-инновациялық дамуының стратегиялық бағыттары бойынша жан-жақты аналитикалық материалдар ұсынды.
Баяндамасында декан емтихан нәтижелері басқарушылық шешімдер қабылдаудың маңызды құралы болып табылатынын, олардың оқыту сапасын, үдерістердің ұйымдастырушылық жетілгендігін, бағалау құралдарының дұрыстығын, цифрландыру деңгейін және академиялық адалдық жағдайын бағалауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
2025-2026 оқу жылының қысқы сессиясында 746 емтихан өткізіліп, 11 161 емтихан тапсыру әрекеті тіркелді. 3516 білім алушының 164-і (4,7%) академиялық қарызға ие. Сонымен қатар FX қайта тапсыру санының өткен оқу жылымен салыстырғанда төмендеуінің оң динамикасы байқалды. Университет бойынша академиялық адалдық қағидаларын бұзу жағдайларының жалпы саны 631-ге дейін азайып, шамамен 36%-ға төмендегені атап өтілді. 
Отырыстың жалғасында декан 2025–2026 оқу жылының бірінші жартыжылдығы бойынша факультеттердің индикативтік жоспарды орындауына талдау жасап, оның QS, THE халықаралық рейтингтері мен БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары көрсеткіштерімен үйлестірілгенін атап өтті. Жоспар құрылымында ғылыми-зерттеу қызметінің үлесі 55%, оқу-әдістемелік жұмыс – 25%, әлеуметтік-тәрбие жұмысы – 20% құрайды. 2028 жылғы рейтингтерде университет позициясына 2021–2025 жылдардағы жарияланымдар мен 2021–2026 жылдардағы дәйексөздер көрсеткіштері тікелей әсер ететініне ерекше назар аударылды. Scopus деректер базасындағы Q1 журналдарындағы жарияланым үлесі, дәйексөз келтіру деңгейі (FWCI), халықаралық гранттар көлемі, Impact маркері бар жарияланымдар және жасанды интеллект негізіндегі жобалардың дамуы талданды.
Al-Farabi AGI Center (ALFA Center) университеттің стратегиялық инновациялық платформасы ретінде ерекше аталып өтті. Әлемнің жетекші ғылыми орталықтарымен халықаралық серіктестіктер, Q1/Q2 журналдарындағы жарияланымдар, патенттер алу, стартаптарды дамыту және ЖИ шешімдерін нақты секторға енгізу нәтижелері көрсетілді. Жобалардың медициналық, экологиялық, геокеңістіктік және технологиялық бағыттарды қамтитын пәнаралық сипаты ерекше атап өтілді.
Сондай-ақ отырыс барысында «8D0204 – Метеорология» білім беру бағдарламасы бойынша «Климат динамикасы» оқу құралын баспаға ұсыну және докторанттар мен магистранттардың шетелдік ғылыми тағылымдамадан өту мәселелері қаралды.

Отырыс факультеттің білім сапасын қамтамасыз ету, ғылыми әлеуетін дамыту және халықаралық бәсекеге қабілеттілігін нығайту бағытындағы жүйелі әрі стратегиялық тұрғыдан негізделген ұстанымын көрсетті.
Басқа жаңалықтар