География және табиғатты пайдалану факультетінің студенттеріне арналған «Жорыққа дайындық» тақырыбындағы Shymbulak Outdoor дәрісіFarabi University
Референдум 15 марта

География және табиғатты пайдалану факультетінің студенттеріне арналған «Жорыққа дайындық» тақырыбындағы Shymbulak Outdoor дәрісі

27 ақпан, 2026

2026 жылғы 27 ақпанда сағат 16:00-де Б4-5А аудиториясында университет студенттеріне арналған «Жорыққа дайындық» тақырыбында дәріс өтті.

 

Іс-шара әлеуметтік-ағартушылық бастамалар аясында Chimbulak Development компаниясы мен Shymbulak Outdoor бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілді. Аталған бастамалар таулы аймақта қауіпсіз демалыс мәдениетін қалыптастыруға және жеке жауапкершілік деңгейін арттыруға бағытталған.

 

Дәріс барысында Shymbulak Outdoor мамандары жорыққа дайындалудың негізгі аспектілері туралы жан-жақты ақпарат ұсынды. Атап айтқанда, маршрутты жоспарлау, ауа райы жағдайларын талдау, жеке және топтық қажетті құрал-жабдықтарды дұрыс таңдау, сондай-ақ алғашқы медициналық көмек көрсету негіздері қарастырылды. Төтенше жағдайлар туындаған кездегі әрекет ету алгоритмдеріне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар, табиғи ортада тәртіп сақтау, жеке жауапкершілік және мінез-құлық мәдениетінің маңыздылығы ерекше атап өтілді. Спикерлер таудағы қауіпсіздік тек құтқару қызметтерінің жұмысына ғана емес, әрбір адамның дайындық деңгейіне де тікелей байланысты екенін жеткізді.

Кездесудің өзектілігі статистикалық деректермен де расталады: құтқару қызметтерінің мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың алғашқы 9 айында 302 іздестіру-құтқару операциясы жүргізіліп, 482 адам құтқарылған, оның ішінде 88-і — кәмелетке толмағандар. Бұл көрсеткіштер жүйелі профилактикалық жұмыстың және жастардың қауіпсіздік мәселелері бойынша хабардарлығын арттырудың маңыздылығын айқын көрсетеді.

Өткізілген дәріс студенттердің қауіпсіз туризм саласындағы білімін кеңейтіп, таулы аймақта демалу мәдениетіне жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға ықпал етті.

Аталған бастама БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына сәйкес келеді: ТДМ 3 – Жақсы денсаулық және әл-ауқат, ТДМ 4 – Сапалы білім,

ТДМ 15 – Құрлық экожүйелерін сақтау.