ҚазҰУ магистранттары академик Әбдімәлік Нысанбаевты еске алу жиынына қатысты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия кафедрасының 2-курс магистранттары ғылыми тағылымдама аясында Философия, саясаттану және дінтану институтында өткен академик Әбдімәлік Нысанбаевты еске алуға арналған кеңейтілген отырысқа қатысты.
2026 жылдың 26 ақпаны Философия, саясаттану және дінтану институтының Әлемдік және қазақ философиясы орталығында Ұлттық ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Әбдімәлік Нысанбаевтың өмірі мен ғылыми мұрасына арналған тағылымды жиын өтті.
Іс-шара институт басшылығының кіріспе сөзімен ашылып, ғалымның әріптестері мен шәкірттері оның отандық философия ғылымын дамытудағы өлшеусіз еңбегін, биік азаматтық болмысын және ұстаздық өнегесін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, 2027 жылы аталып өтетін ғалымның 90 жылдық мерейтойына дайындық жұмыстары талқыланып, ұйымдастырушылық бағыттар айқындалды.
Әбдімәлік Нысанбаев 1937 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Ол саналы ғұмырын ұлттық философия ғылымының өркендеуіне арнап, ғылыми қызметтің барлық сатыларынан өтіп, тәуелсіздік жылдарында қазақ философиясының институционалдық дамуына жетекшілік етті. Ғалым диалектикалық логика, ғылым философиясы мен методологиясы, қазақ және түркі философиясы, әлеуметтік-саяси философия бағыттарында іргелі зерттеулер жүргізіп, жүздеген ғылыми еңбек пен ондаған монография жариялады. Көптеген ғылым докторлары мен кандидаттарын даярлап, ғылыми мектеп қалыптастырды.
Академиктің бастамасымен қазақ философиясы тарихын жүйелі зерттеу жолға қойылып, іргелі көптомдық еңбектер жарық көрді. Оның ғылыми және қоғамдық қызметі мемлекеттік және халықаралық деңгейдегі жоғары марапаттармен бағаланды.
Әбдімәлік Нысанбаев - ұлттық философияның дамуына зор үлес қосқан, ғылым мен қоғамға адал қызмет еткен көрнекті тұлға. Оның ғылыми мұрасы мен рухани тағылымы кейінгі ұрпақ үшін құнды бағдар болып қала береді.
Басқа жаңалықтар