Биоалуантүрлілікті сақтау және климатқа бейімделу (ЦУР 12, 13, 15): студенттердің өндірістік практикасыFarabi University
Референдум 15 марта

Биоалуантүрлілікті сақтау және климатқа бейімделу (ЦУР 12, 13, 15): студенттердің өндірістік практикасы

2 наурыз, 2026

2026 жылғы 9 ақпанда Ботаника және агроэкология кафедрасының 6B05102 – «Биология» білім беру бағдарламасының студенттері өндірістік практикадан өту мақсатында Ботаника және фитоинтродукция институтына барды. Практика студенттердің кәсіби құзыреттерін қалыптастыруға, университетте алған теориялық білімдерін нақты ғылыми-тәжірибелік жұмыстармен ұштастыруға және өсімдік ресурстарын сақтау бағытындағы заманауи зерттеу әдістерімен танысуға бағытталды. Іс-шара кафедра оқытушылары Ахтаева Нурсулу Зияхановна және Тилеубаева Жанар Слямханова жетекшілігімен ұйымдастырылды.

Практика барысында студенттер институттың ғылыми-құрылымдық бөлімдерінің қызметімен танысып, өсімдік интродукциясы мен акклиматизациясы саласындағы негізгі ғылыми бағыттардың мазмұнына қанықты. Әсіресе Интродукция және акклиматизация бөлімі, Декоративті өсімдіктер зертханасы, сондай-ақ Тропикалық және субтропикалық өсімдіктер зертханасында (оранжерея) жүргізілетін жұмыстар жан-жақты түсіндірілді. Аталған бөлімдердегі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік жұмыстың мақсаты, интродукцияланған өсімдіктерді күтіп-баптау, сақтау, вегетативті және генеративті жолмен көбейту ерекшеліктері, фенологиялық бақылау жүргізу тәртібі сияқты практикалық мәселелерді студенттерге Шолпан Қуанышбаевна егжей-тегжейлі баяндап, әр тәсілдің ғылыми және қолданбалы маңызын нақты мысалдармен көрсетті.

Тәжірибелік бөлім аясында студенттер оранжерея жағдайындағы микроклиматты реттеу (жарық, температура, ылғалдылық), суару режимін жоспарлау, субстрат құрамын таңдаудың өсімдік физиологиясына ықпалын бағалау сияқты дағдылардың маңызын түсінді. Сонымен қатар, интродукциялық коллекциялармен жұмыс істеу кезінде өсімдіктердің морфологиялық белгілерін анықтау, сыртқы орта факторларына физиологиялық жауап реакцияларын салыстыру, зиянкестер мен аурулардың алдын алу шараларын ұйымдастыру мәселелері қозғалды. Мұндай мазмұндағы таныстыру студенттердің ғылыми ойлауын дамытып қана қоймай, зертхана мәдениеті мен биоқауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жұмыс істеу дағдысын бекітуге мүмкіндік берді.

Ботаника және фитоинтродукция институтының гүл өсіру лабораториясында жүзеге асырылатын тропикалық, субтропикалық және сирек кездесетін өсімдіктерді интродукциялау және өсіру бойынша зерттеулер қазіргі заманғы экологиялық және биологиялық басымдықтарға толық сәйкес келеді. Аталған бағыттағы жұмыстар өсімдік биоалуантүрлілігін сақтау, генетикалық ресурстарды қорғау, экожүйелердің тұрақтылығын қамтамасыз ету секілді өзекті мәселелерді шешуге арналған кешенді ғылыми жүйе ретінде көрініс табады. Бұл зерттеулер БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының бірқатарымен, ең алдымен 15-мақсат – «Құрлықтағы өмір» бағытымен тікелей үндеседі: сирек және жойылып кету қаупі төнген түрлерді ex situ жағдайында сақтау, тірі коллекциялар қалыптастыру, олардың биологиялық және морфо-физиологиялық ерекшеліктерін зерделеу табиғи популяцияларға түсетін антропогендік қысымды төмендетіп, генетикалық қорды ұзақ мерзімге сақтауға жол ашады.

Сонымен бірге тропикалық және субтропикалық өсімдіктердің жаңа экологиялық жағдайларға бейімделу қабілетін зерттеу, климаттық факторларға физиологиялық жауаптарын бағалау БҰҰ-ның 13-мақсаты – «Климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл» міндеттерімен тығыз байланысты. Ал өсіру технологияларын жетілдіру, су мен субстрат ресурстарын ұтымды пайдалану, интродукцияланған түрлерді тұрақты басқару қағидаттарын енгізу БҰҰ-ның 12-мақсаты – «Жауапты тұтыну және өндіріс» талаптарымен үйлеседі. Осылайша, институттағы интродукциялық зерттеулер табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, экожүйелік тұрақтылықты арттыру және ғылыми негізделген экологиялық мәдениет қалыптастыруға ықпал ететін маңызды ғылыми тетік болып табылады.

Практика қорытындысы бойынша Ботаника және фитоинтродукция институтының гүл өсіру лабораториясында жүргізілетін интродукциялық және өсіру бағытындағы ғылыми зерттеулер экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, өсімдіктердің климаттық факторларға бейімделу әлеуетін айқындауға және биологиялық ресурстарды ұтымды пайдаланудың ғылыми негіздерін қалыптастыруға бағытталған. Аталған зерттеулер өсімдік биоалуантүрлілігін сақтау, генетикалық қорды толықтыру және табиғи экожүйелердің орнықтылығын қолдау мәселелерін кешенді түрде қамтып, БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға бағытталған ғылыми бастамалардың практикалық жүзеге асуына елеулі үлес қосады. Сонымен қатар, студенттердің өндірістік практикадан өтуі олардың теориялық білімдерін нақты ғылыми-зерттеу үдерісімен ұштастыруға, кәсіби дағдыларын дамытуға және болашақта ботаника, экология және өсімдік интродукциясы салаларында білікті маман ретінде қалыптасуына берік тәжірибелік негіз қалайды.студенттер өздерінің кәсіби қызығушылықтарын нақтылап, болашақта ғылыми жоба, курстық және дипломдық жұмыстарын интродукция, өсімдіктер физиологиясы, биоалуантүрлілікті сақтау бағыттарымен байланыстыру мүмкіндіктерін қарастырды. Мұндай тәжірибе студенттердің зерттеушілік әлеуетін арттырып, ғылым мен өндірістік дағдының сабақтастығын күшейтетін мазмұнды қадам ретінде бағаланды.

 
 
 
Ботаника және агроэкология кафедрасы