ҚазҰУ-да педагогикалық практика аясында «Мақал-мәтелдердің танымдық-тәрбиелік сипаты» тақырыбында ашық лекция өттіFarabi University
Референдум 15 марта

ҚазҰУ-да педагогикалық практика аясында «Мақал-мәтелдердің танымдық-тәрбиелік сипаты» тақырыбында ашық лекция өтті

2 наурыз, 2026

2026 жылғы 02 наурызында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тарих факультетінде 8D02211 - Этнология и антропология мамандығының 1-курс докторанты Махамбетова  Лайла Алиевнаның педагогикалық практика аясында

«Этнография және фольклор: тарихи-салыстырмалы зерттеулер теориясы пәні бойынша ашық лекция сабағын өткізді. Лекцияның тақырыбы — « Мақал-мәтелдердің танымдық-тәрбиелік сипаты» Іс-шара «7М02220 – «Этнология және антропология» мамандығының 1-курс магистранттарына арналды.

Сабақ барысында қазақ халқының асыл қазынасы – мақал-мәтелдердің тарихи негізі, ғылыми зерттелуі және тәрбиелік мәні жан-жақты талданды. Презентацияның теориялық бөлімінде мақал мен мәтелдің айырмашылығы түсіндірілді.

Мақалдың – өмір тәжірибесінен туған тұжырымды ой екені, ал мәтелдің – белгілі бір жағдайға байланысты айтылатын бейнелі сөз тіркесі екені атап өтілді.Тарихи сабақтастық мәселесі де кеңінен қамтылды. Қазақ мақал-мәтелдерінің тамыры көне түркі жазба ескерткіштерінен бастау алатыны айтылып, Күлтегін жазбасы мен Тоныкөк жазбасы мәтіндеріндегі мақалдық құрылымдар мысалға келтірілді. Сондай-ақ ортағасырлық мұралар – Диуани лұғат ат-түрік және Құдатғу білік еңбектеріндегі афористік ой-тұжырымдар талқыланды.

Жинақтау және зерттеу кезеңдері сөз болғанда, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Әбубәкір Диваев сынды ғалымдардың еңбегі ерекше аталды. Сонымен қатар Мұхтар Әуезов мақал-мәтелдерді ғылыми тұрғыдан талдап, олардың ұлттық ерекшелігі мен поэтикалық құрылымына терең баға бергені айтылды.

Іс-шараның негізгі өзегі – мақал-мәтелдердің тәрбиелік маңызы болды. Бала тәрбиесі, ата-ана жауапкершілігі, ар-ождан, адалдық пен адамгершілік мәселелері халық даналығы арқылы түсіндірілді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» сияқты нақыл сөздер арқылы ұлттық тәрбиенің өміршең қағидалары көрсетілді.

Іс-шара педагогикалық практика шеңберінде ұйымдастырылып, жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыруға және магистранттардың кәсіби құзыреттілігін жетілдіруге бағытталған оқу үдерісінің құрамдас бөлігі болып саналады.