ҚАЗҰУ-ДА БІЛІМ БЕРУ САПАСЫН ДАМЫТУҒА АРНАЛҒАН СТРАТЕГИЯЛЫҚ ТАЛҚЫЛАУ ӨТТІ
2026 жылғы 3–6 наурыз аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Академиялық мәселелер жөніндегі департаментінің ұйымдастыруымен университеттің факультет басшылары мен оқытушы-профессорлық құрамына арналған «Академиялық басқару және білім беру сапасы: жетекшілер мен оқытушылар үшін қарқындылық» атты сараптамалық стратегиялық сессия өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – жоғары білім беру жүйесіндегі басқару тиімділігін арттыру, академиялық үдерістерді жетілдіру және білім сапасын қамтамасыз ету бағытындағы заманауи тәсілдерді талқылау болды.
Аталған стратегиялық сессияға Шығыстану факультеті оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі декан орынбасарлары, кафедра меңгерушілері мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ оқытушы-профессорлық құрам өкілдері қатысты. Сессия барысында білім беру үдерісін жетілдіруге бағытталған бірқатар өзекті тақырыптар қамтылды. Атап айтқанда, «Үдерістерді жүйелеу: оқу қызметіндегі процесс-менеджмент», «Дуальды оқыту мен микробіліктілікті енгізу: кафедра меңгерушілеріне арналған практикум», «Университет стратегиясы және рейтингтік көрсеткіштер: кафедраның жауапкершілігі», сондай-ақ «Оқыту этикасы және қақтығыстарды басқару» мәселелері жан-жақты қарастырылды.
Сессия нәтижелерін тиімді тарату және тәжірибені кафедра деңгейінде дамыту мақсатында Шығыстану факультетінің Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасының басшылығы мен оқытушы-профессорлық құрамы арнайы стратегиялық-әдістемелік семинар ұйымдастырды. Семинар барысында стратегиялық сессияда қарастырылған негізгі бағыттар кеңінен талқыланып, кафедра қызметінде қолданудың тетіктері ұсынылды.

Әдістемелік семинар аясында кафедра меңгерушісі А. Халел Дуальды оқыту мен микробіліктілікті енгізу тақырыбында баяндама жасап, оқу бағдарламаларын жаңарту – өндіріс талаптарына сәйкес мазмұнды жетілдіру, әлеуметтік серіктестікті нығайту – кәсіпорындармен тұрақты байланыс орнату, практикалық бағыттың күшеюі – оқытудың сапасы мен нәтижелілігін арттыру, икемді білім беру моделі – қысқа мерзімді сертификатталған курстар енгізу туралв үздіксіз білім беру кеңістігінде қолданудың халықаралық тәжірибесіне тоқталды. Ол бұл тәсілдің білім алушылардың кәсіби құзыреттілігін арттырудағы маңызын атап өтті.
Сонымен қатар кафедраның ғылыми-инновациялық және халықаралық байланыстар жөніндегі меңгеруші орынбасары А.Қырқымбекова SciVal аналитикалық платформасын пайдалану арқылы кафедра деңгейінде ғылыми қызметті талдау және басқару мүмкіндіктерін таныстырды. Баяндамашы ғылыми жарияланымдардың сапасы мен санын арттыру, халықаралық ғылыми көрсеткіштерді жақсарту мақсатында аналитикалық құралдарды жүйелі қолданудың маңыздылығын атап өтті.

Кафедраның оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі меңгеруші орынбасары Ж.Аделбаев оқу үдерісін ұйымдастырудың маңызды бағыттарының бірі – Қорытынды бақылау нысандары мен платформаларын таңдау тақырыбында қорытынды бақылауды ұйымдастырудың әдістемелік талаптарын меңгеру, таңдалған бақылау нысаны мен платформа бойынша негізделген шешім қабылдау уралы баяндама жасады. Ол оқу үдерісін тиімді ұйымдастырудың ерекшеліктерін түсіндіріп, Шығыстану факультетінде білім алудың артықшылықтарына назар аударды

Семинар барысында білім беру сапасын арттырудағы цифрлық мүмкіндіктерге де ерекше көңіл бөлінді. Доцент Дулаева Э. мен аға оқытушы Назарова А. оқыту үдерісінде генеративті жасанды интеллект құралдарын қолданудың тиімді әдістері мен практикалық тәсілдерін таныстырды. Баяндамашылар GenAI технологияларының оқу материалдарын әзірлеу, студенттердің зерттеу дағдыларын дамыту және білім беру процесінің интерактивтілігін арттырудағы әлеуетін атап өтті.
Аталған әдістемелік семинарға кафедраның барлық оқытушы-профессорлық құрамы қатысып, білім беру сапасын арттыруға бағытталған жаңа әдістер мен академиялық басқарудың заманауи құралдарын талқылады. Мұндай бастамалар университеттің білім беру қызметін жетілдіруге, академиялық мәдениетті нығайтуға және халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Басқа жаңалықтар