Ғылыми жобалардың зерттеулер сапасына әсері
Сағдат ТӘЖІБАЕВА, х.ғ.д., Аналитикалық, коллоидтық химия және сирек элементтер технологиясы кафедрасының профессоры
ҚазҰУ-дың әлемдік университеттер рейтингінде алатын орнының жылдан-жылға жоғарылауы оқу процесінің ұйымдастырылуы халықаралық талаптарға сәйкестігін көрсетеді. Алайда бір айта кетерлігі, бұл жерде білім беру ісімен бірге, ғылыми зерттеу жетістігінің рөлі де ерекше. Соңғы жылдары университеттік ғылымды дамытуға мемлекет тарапынан қолдау жақсы, соның нәтижесінде зерттеу жұмыстарының басым бөлігі қаржыландырылған жобалар шеңберінде орындалуда.
Аналитикалық, коллоидтық химия және сирек элементтер технологиясы кафедрасының «Коллоидтық химия» бағытында бірталай практика жағынан маңызды зерттеулер осындай жобалар арқылы орындалып келеді. Олар көпфункционалды полимерлер негізінде композиттер, дәрілік заттардың тасымалдаушыларын алуға, құбырмен тасуға жарамды отын ретінде көмір-су суспензияларын тұрақтандыруға, антиэйджингтік тағамдар, биоыдырағыш орамалар, ауыр металл иондарын өндірістің қалдық суларынан бөлетін сорбенттер алуға, ақуыздық жем қоспаларын, көбік түзгіш өрт сөндіргіштерін және мұнайдың деэмульгаторларын жасауға арналған.
Біздің жақында аяқтаған ғылыми жобамыз су бетіне төгілген мұнайды бөліп алу үшін сорбенттер жасауға бағытталған. Ол үшін табиғаты майға жақын, яғни мұнайға ынтықтығы жоғары материалдар табу қажет болды. Бұл мәселе Қазақстанның диатомит, вермикулит сияқты саз топырақтарының бетін өңдеу және жүгері сабағы, жаңғақ, арахис ағаштары мен қабықтары сияқты ауылшаруашылық өнімдерінің қалдықтарын карбонизациялау арқылы шешілді. Ал мұнайды сіңірген сорбенттердің жылжу траекториясын сырттан басқару үшін олардың құрамына магнетит нанобөлшектері енгізілді.
Зерттеу жұмысының басым бөлігі Физика-химиялық зерттеу және талдау орталығының және кафедраның лабораторияларында жүргізілді. Бұл жерде соңғы жылдары осындай зерттеу гранттарының арқасында лабораторияларымыздың заманауи физика-химиялық зерттеу құрал-жабдықтары және құрылғыларымен толықтырылғанын атап айтқанымыз жөн. Сонымен қатар жоба міндеттерін орындауға университетіміздің «Нанотехнология» лабораториясының, биология және биотехнология факультетінің, Жану мәселелері институтының, Полимерлік материалдар мен технологиялар институтының, Сәтбаев университеті ғалымдарының және ғылыми-зерттеу базаларының едәуір көмегі тиді.
Қазіргі заманда ғылыми зерттеулер жүргізудің ерекшелігі – әр салалардағы, тіпті алыс-жақын шетелдердегі әріптестердің ынтымақтастығының қажеттігі. Алынған мұнай сорбенттерінің сипаттамаларын анықтау үшін Ресей ғылым академиясының А.В.Топчиев атындағы Мұнай-химиялық синтез институтының және Қытай Халық Республикасының Шаньдун мұнай және химиялық технология институтының лабораторияларында зерттеулер жүргізілді.
Жоба міндеттерін орындауда ұстазымыз, Қазақстанда коллоидтық химия мектебінің негізін қалаушы, ҚР Жоғарғы мектеп академиясының академигі, профессор Қуанышбек Мұсабековтің ғылыми кеңестерінің рөлі ерекше болды.
Тағы бір айта кететін жайт, осындай ғылыми жобалар шеңберінде алынған нәтижелер оқу үдерісінде кеңінен қолданылады. Мысалы, биоыдырағыш орамалар алуға арналған жоба нәтижелері негізінде кафедра меңгерушісі, доцент Ақмарал Арғымбаеваның ұсынысы бойынша «Химия» білім беру бағдарламасына «Биоыдырағыш үлдірлер», ал «Тағамдық химия және технология» мамандығына «Тағам өнімдерінің биоыдырағыш орамалары» атты пәндер енгізілді. Тіпті «Тағамдық химия және технология» мамандығын ашудың өзіне кафедрадағы тағамдық өнімдерді алу, талдау және сертификаттау бойынша жүргізілген ізденістер негіз болды.
Жоба нәтижелерін жариялауда патенттеуге қатысты бір көкейкесті мәселе бар. Өнертабысқа берілген өтінішті қарастыру мерзімінің ұзақтығынан әріптестеріміз өнертабыс патентінің орнына пайдалы модельге өтініш береді. Бірақ пайдалы модельдің жарияланым ретінде рөлі анықталмаған: егер өнертабыс патенті ҚР ҒЖБМ Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған журналдарда шыққан мақалаға теңестірілген болса, пайдалы модель тек автордың жаңалыққа ұсыныс берудегі біріншілігін, басымдығын растайды. Бұл мәселе ғылыми нәтижелерді бағалау үшін де, рН-докторанттар мен ғылыми қызметкерлерге ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар тағайындау үшін де маңызды. Осыған орай, пайдалы модельдің ғылыми жарияланым ретінде статусын анықтау қажет деп есептеймін.
Ғылымдағы әйел әріптестеріме, шәкірттеріме 8 Наурыз мерекесі қарсаңында әдемілік пен нәзіктік, ғылымда шабыт пен табандылық тілеймін!
Басқа жаңалықтар