Ғылыми жобалардың зерттеулер сапасына әсеріFarabi University
Референдум 15 марта

Ғылыми жобалардың зерттеулер сапасына әсері

10 наурыз, 2026

Сағдат ТӘЖІБАЕВА, х.ғ.д., Аналитикалық, коллоидтық химия және сирек элементтер технологиясы кафедрасының профессоры

ҚазҰУ-дың әлемдік университеттер рейтингінде алатын орнының жылдан-жылға жоғарылауы оқу процесінің ұйымдастырылуы ха­лық­ара­лық талаптарға сәйкестігін көрсетеді. Алайда бір айта кетерлігі, бұл жерде білім беру ісімен бірге, ғылыми зерттеу же­тіс­тігінің рөлі де ерекше. Соңғы жылдары университеттік ғылымды дамытуға мемлекет тарапынан қолдау жақсы, соның нәтижесінде зерттеу жұмыстарының басым бөлігі қаржыландырылған жобалар шеңберінде орындалуда. 

 Аналитикалық, коллоидтық хи­мия және сирек элементтер тех­но­логиясы кафедрасының «Коллоид­тық химия» бағытында бірталай прак­тика жағынан маңызды зерт­теу­лер осындай жобалар арқылы орын­далып келеді. Олар көпфунк­цио­налды полимерлер негізінде композиттер, дәрілік заттардың тасымалдаушыларын алуға, құбыр­мен тасуға жарамды отын ретінде көмір-су суспензияларын тұрақ­тан­дыруға, антиэйджингтік тағам­дар, биоыдырағыш орамалар, ауыр металл иондарын өндірістің қалдық суларынан бөлетін сорбенттер алу­ға, ақуыздық жем қоспаларын, кө­бік түзгіш өрт сөндіргіштерін және мұнайдың деэмульгаторларын жа­сауға арналған.

Біздің жақында аяқтаған ғылы­ми жобамыз су бетіне төгілген мұ­най­ды бөліп алу үшін сорбенттер жасауға бағытталған. Ол үшін та­биғаты майға жақын, яғни мұнайға ынтықтығы жоғары материалдар табу қажет болды. Бұл мәселе Қазақстанның диатомит, верми­ку­лит сияқты саз топырақтарының бе­тін өңдеу және жүгері сабағы, жаң­ғақ, арахис ағаштары мен қа­бық­тары сияқты ауылшаруашылық өнімдерінің қалдықтарын кар­бо­ни­за­циялау арқылы шешілді. Ал мұ­найды сіңірген сорбенттердің жыл­жу траекториясын сырттан басқару үшін олардың құрамына магнетит нанобөлшектері енгізілді.

Зерттеу жұмысының басым бө­лігі Физика-химиялық зерттеу және талдау орталығының және кафе­дра­ның лабораторияларында жүр­гізілді. Бұл жерде соңғы жылдары осындай зерттеу гранттарының арқасында лаборатория­лары­мыз­дың заманауи физика-химиялық зерттеу құрал-жабдықтары және құрылғыларымен толықтырыл­ға­нын атап айтқанымыз жөн. Сонымен қатар жоба міндеттерін орындауға университетіміздің «Нанотех­ноло­гия» лабораториясының, биология және биотехнология факультетінің, Жану мәселелері институтының, Полимерлік материалдар мен тех­но­логиялар институтының, Сәт­баев университеті ғалым­дарының және ғылыми-зерттеу базаларының едәуір көмегі тиді.

Қазіргі заманда ғылыми зерт­теу­лер жүргізудің ерекшелігі – әр салалардағы, тіпті алыс-жақын шет­елдердегі әріптестердің ынты­мақ­тастығының қажеттігі. Алынған мұнай сорбенттерінің сипаттама­ла­рын анықтау үшін Ресей ғылым академиясының А.В.Топчиев атын­дағы Мұнай-химиялық синтез инс­­ти­тутының және Қытай Халық Рес­пуб­ликасының Шаньдун мұнай және химиялық технология инс­ти­ту­тының лабораторияларында зерт­­­теулер жүргізілді.

Жоба міндеттерін орындауда ұс­­тазымыз, Қазақстанда колло­ид­тық химия мектебінің негізін қа­лаушы, ҚР Жоғарғы мектеп ака­де­миясының академигі, профессор Қуанышбек Мұсабековтің ғылыми кеңестерінің рөлі ерекше болды.

Тағы бір айта кететін жайт, осын­дай ғылыми жобалар шеңберінде алынған нәтижелер оқу үдерісінде кеңінен қолданылады. Мысалы, био­ыдырағыш орамалар алуға арналған жоба нәтижелері негізінде кафедра меңгерушісі, доцент Ақ­марал Арғымбаеваның ұсынысы бойынша «Химия» білім беру бағ­дарламасына «Биоыдырағыш үл­дір­лер», ал «Тағамдық химия және технология» мамандығына «Тағам өнімдерінің биоыдырағыш орама­ла­ры» атты пәндер енгізілді. Тіпті «Тағамдық химия және технология» мамандығын ашудың өзіне кафе­дра­дағы тағамдық өнімдерді алу, талдау және сертификаттау бойын­ша жүргізілген ізденістер негіз бол­ды.

Жоба нәтижелерін жариялауда патенттеуге қатысты бір көкейкесті мәселе бар. Өнертабысқа берілген өтінішті қарастыру мерзімінің ұзақ­ты­ғынан әріптестеріміз өнертабыс патентінің орнына пайдалы мо­дельге өтініш береді. Бірақ пайдалы модельдің жарияланым ретінде рөлі анықталмаған: егер өнертабыс патенті ҚР ҒЖБМ Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған журналдарда шыққан мақалаға теңестірілген болса, пайдалы мо­дель тек автордың жаңалыққа ұсы­ныс берудегі біріншілігін, басым­ды­ғын растайды. Бұл мәселе ғылыми нәтижелерді бағалау үшін де, рН-докторанттар мен ғылыми қыз­мет­керлерге ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар тағайындау үшін де маңызды. Осыған орай, пайдалы модельдің ғылыми жарияланым ретінде статусын анықтау қажет деп есептеймін.

Ғылымдағы әйел әріптестеріме, шәкірттеріме 8 Наурыз мерекесі қарсаңында әдемілік пен нәзіктік, ғылымда шабыт пен табандылық тілеймін!