8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні – дүниені түлеткен көктеммен бірге жанға шуақ, көңілге қуаныш сыйлайтын ерекше мереке. Бұл күн – аяулы аналарымыздың, ардақты апаларымыздың, сүйікті қарындастарымыздың және қоғамның түрлі саласында еңбек етіп жүрген нәзік жандылардың құрметіне арналған айтулы мереке. Қазақ халқы қашан да әйел-ананы шаңырақтың ұйытқысы, ырыс пен ынтымақтың алтын діңгегі ретінде бағалап, олардың қоғамдағы орнын ерекше құрметтеген.
Осы орайда Халықаралық әйелдер күніне орай 2026 жылғы 6 наурызда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінде «Білімді әйел – болашақ кепілі» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шараны Компьютерлік ғылымдар және Ақпараттық жүйелер кафедралары бірлесіп өткізді.
Мерекелік көңіл-күй шара басталған сәттен-ақ ерекше сезілді. Факультет корпусына кірген сәттен бастап әйел-аналарымызға, оқытушылар мен қызметкерлерге студенттер гүл шоқтарын табыстап, жылы лебіздері мен шынайы құттықтауларын жеткізді. Бұл құрмет пен ілтипат нәзік жандыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мерекенің мәнін айшықтай түсті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдағы әйелдердің кәсіби, зияткерлік және көшбасшылық әлеуетін бағалау, олардың ғылым мен білім саласындағы жетістіктерін насихаттау, сондай-ақ студент жастарға әйелдердің қоғамдағы маңызды рөлін түсіндіру болды.
Мерекелік кеш барысында факультеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері әйелдердің қоғамдағы орны, ғылым мен білім саласындағы жетістіктері және заманауи қоғамдағы әйел көшбасшылығы туралы өз ой-пікірлерімен бөлісті. Қатысушылар әйелдердің тек отбасының тірегі ғана емес, сонымен қатар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып жүрген белсенді тұлғалар екенін атап өтті.

Сонымен қатар студенттердің қатысуымен мерекелік бағдарлама ұйымдастырылып, құттықтау сөздер айтылды. Өлеңдер оқылып, музыкалық және шығармашылық номерлер ұсынылды. Бұл іс-шараның мазмұнын байытып, қатысушыларға ерекше мерекелік атмосфера сыйлады.
Қорытындылай келе, «Білімді әйел – болашақ кепілі» атты мерекелік іс-шара қатысушыларға ерекше әсер қалдырып, әйелдердің қоғамдағы рөлін дәріптеуге, олардың білім мен ғылымдағы жетістіктерін насихаттауға бағытталған тәрбиелік мәні зор мерекелік шаралардың бірі болды.
Басқа жаңалықтар