Міндетіміз – жастарды ізденіс пен жауапкершілікке үйретуFarabi University

Міндетіміз – жастарды ізденіс пен жауапкершілікке үйрету

17 наурыз, 2026

«ЖОО үздік оқытушысы – 2025» республикалық байқауына 89 жоғары оқу орнынан 502 оқытушы қатысты. Олардың ішінен 37 ЖОО-дан 150 оқытушы жеңімпаз атанды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұстаздары да бұл додада әдеттегідей топ жарды.

ЖОО оқытушысы – тек бі­лім­нің көзі емес. Ол болашақ ма­мандардың кәсіби әрі адами қалыптасуына ықпал ететін көшбасшы болуы керек. Қазіргі заманда ғылым мен білімдегі жаңа үрдістер өте жылдам өзгеруде, сондықтан оқытушы үнемі ізденісте болып, жаңа­шыл­дыққа ашық болуы тиіс.

Өткен жылы Қытай Халық Рес­публикасына біліктілікті арт­тыру мақсатында барып қайт­тым. Сол сапар ба­ры­сында білім беру жүйесіндегі цифрландыру деңгейін, жа­сан­ды интеллектіні оқу про­це­сіне тиімді енгізу тәжірибесін көріп, көп нәрсе үйрендім. Бұл маған қазіргі таңда жоғары бі­лім беру жүйесінде жасанды интеллектіні қолдану мен ци­фр­­лық технологияларды мең­геру аса маңызды екеніне тағы бір мәрте көз жеткізді. Соны­мен қатар ЖОО оқытушысы мін­дет­ті түрде ғылыми бел­сен­ді болуы қажет деп санаймын. Яғни тек дәріс оқып қана қой­май, ғылыми зерттеу жүргізіп, мақалалар жариялап, ғылым мен өндіріс арасындағы бай­ланысты нығайта алатын зерт­теуші болуы керек. Ғылымсыз сапалы жоғары білім бол­май­ды.

Үздік оқытушыға педаго­ги­калық шеберлік те аса ма­ңыз­ды. Күрделі ақпаратты сту­дентке түсінікті тілмен жеткізу, олар­дың қызығушылығын ояту – үлкен өнер. Әділдік пен та­лап­шылдық та оқытушының басты қасиеттерінің бірі. Ба­ға­лауда ашықтық танытып, ака­де­миялық адалдықты сақтау – білім сапасының кепілі.

Мен үшін ұстаз болу – тек білім беру емес, тәрбиелеу. Студенттердің азаматтық ұс­та­нымын, жауапкершілігін, адам­гершілік құндылықтарын қалыптастыру – оқытушының маңызды миссиясы. Сонымен қатар әр студенттің ерек­ше­лігін түсініп, қолдау көрсете білу, инклюзивті әрі қолайлы орта қалыптастыру – қазіргі білім беру жүйесінің басты та­лаптарының бірі.

Ең бастысы – оқытушы үне­мі дамуға ұмтылуы керек. Жаңа технологияларды мең­ге­ріп, заманауи әдістерді қол­дана отырып, өзін кәсіби және тұлғалық тұрғыдан жетілдіру бүгінгі заман ұстазының негізгі қағидаты деп есептеймін.

Жалпы, дәріс оқитын пәнім бойынша мен оқу бағ­дар­ла­масы қазіргі білім стан­дарт­тарына сай және кәсіби маман даярлауға жеткілікті деп есеп­теймін. Бағдарламада теория мен практика бір-бірімен үй­ле­сімді түрде беріледі. Мысалы, мен оқытатын «Фармөндірісі тех­нологиялары» бағдар­ла­ма­сы аясында «Медико-био­ло­гия­лық мақсаттағы поли­мер­лер химиясы» пәні бойынша жап­пай ашық онлайн курс жасалып, оқу бағдарламасына енгізілді. Оны тек ҚазҰУ сту­дент­тері ғана емес, еліміздің басқа университеттерінің сту­дент­тері мен шетел аза­мат­тары да оқи алды.

Дегенмен ғылым мен тех­нология тез дамып келе жатқан за­манда оқу бағдарламасын үнемі жаңартып отыру қажет. Менің ойымша, оны жетіл­ді­рудің басты жолдарының бірі – цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект элемент­те­рін оқу процесіне енгізу. Екіншіден, өндіріс пен ғылым арасындағы байланысты кү­шей­тіп, практикалық сабақ­тар­ды нақты өндірістік мін­дет­термен ұштастыру маңызды. Мысалы, осы оқу жылы сту­денттер дәрістер мен ла­бо­ра­ториялық жұмыстарды «Дор­плас­тинвест» және басқа өн­­діріс орындарында өткізді.

Сонымен қатар сту­дент­тердің зерттеушілік қабі­лет­те­рін дамыту үшін жобалық оқы­ту әдістерін көбірек қолдану тиімді. Академиялық мобиль­ді­лікті және халықаралық тә­жірибені ескере отырып, пән мазмұнын әлемдік үрдістерге сәйкестендіру де өзекті.

Жалпы, білім беру бағ­дар­ламасы – бұл өзгермейтін құ­жат емес. Оны үнемі дамытып, за­ман талабына сай жетілдіріп отыру тиіс. Тек осы жағдайда біз бәсекеге қабілетті, кәсіби мамандарды даярлай аламыз.

Тағы бір айтарым, білікті маман даярлау тек универ­си­тет­тің міндеті емес, бұл – қо­ғам, мемлекет және өндіріс ара­­сындағы ортақ жауап­кер­шілік.

Менің ойымша, қоғамдағы басты кемшін тұстардың бірі – теория мен практиканың ара­с­ындағы алшақтық. Кейде бі­лім беру мазмұны еңбек на­ры­ғының нақты сұранысымен толық сәйкес келе бермейді. Өндіріс орындары мен жоғары оқу орындары арасындағы байланыс әлі де жүйелі түрде күшейтуді қажет етеді. Сту­дент­тер оқу барысында нақты өндірістік жобаларға көбірек тартылуы тиіс.

Екінші мәселе – жастардың кәсіби бағдарлануы. Кей жағ­дайда мамандық таңдау са­налы шешімнен гөрі кез­дей­соқ немесе сыртқы факторларға байланысты болып жатады. Бұл болашақта мотивацияның төмендеуіне әсер етеді. Сон­дық­тан мектептен бастап кә­сіби бағыт-бағдар беру жұ­мысы күшейтілуі керек.

Сонымен қатар қазіргі қо­ғам­да жылдам нәтиже күту тен­денциясы бар. Ал шынайы кәсіби шеберлік уақытты, та­бан­дылықты және үздіксіз ең­бекті талап етеді. Біз жастарға төзімділік, жауапкершілік және еңбекқорлық құндылықтарын көбірек насихаттауымыз қа­жет.

Тағы бір маңызды тұс – ци­фр­­лық сауаттылық пен тіл­дік құ­зыреттілік. Қазіргі маман ха­лық­аралық ақпарат кеңіс­ті­гін­де еркін жұмыс істей алуы ке­рек.

Қорыта айтқанда, білікті ма­ман даярлау үшін білім са­пасы, өндіріс байланысы, құн­дылықтық тәрбие және за­ма­науи құзыреттер қатар да­муы тиіс деп ойлаймын.

Жалпы алғанда, қазіргі жас­­тардың білімге деген мүм­кіндігі өте жоғары. Ақпаратқа қолжетімділік кеңейді, ци­фр­­лық ресурстар, онлайн курс­­­тар, халықаралық бағ­дар­­ла­ма­­лар бар. Бұл үлкен ар­­­­­тық­шылық. Көптеген сту­денттер белсенді, ізденімпаз, жаңа технологияларды тез мең­гереді. Дегенмен білім деңгейі әртүрлі. Кей жағдайда теориялық білім болғанымен, оны практикада қолдану дағ­ды­лары жеткіліксіз болып жа­тады. Сондай-ақ жүйелі ойлау, терең талдау жасау, ғылыми мә­тінмен жұмыс істеу мә­де­ние­тін дамыту қажет.

Менің ойымша, мәселе – тек жастардың білімінде емес, олар­дың мотивациясында және мақсат айқындығында. Егер студент өз бағытын нақты түсініп, болашақ мақсатын айқындаса, оның білім деңгейі де жоғары болады. Сондықтан біздің міндетіміз – тек білім беру емес, жастарды ойлануға, ізденуге, жауапкершілік алуға үйрету. Сонда ғана олардың әлеуеті толық ашылады деп сенемін.

Перизат ҮРКІМБАЕВА,

профессор міндетін атқарушы, химия және химиялық технология факультеті