ҚазҰУ-да «AI сауаттылығы» қысқа курсы сәтті аяқталдыFarabi University

ҚазҰУ-да «AI сауаттылығы» қысқа курсы сәтті аяқталды

28 наурыз, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінде оқытушылар мен студенттерге арналған «Жасанды интеллект және машинамен оқыту негіздері» атты тегін «AI сауаттылығы» қысқа курсы сәтті аяқталды. Заманауи технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында ұйымдастырылған бұл білім беру бастамасы студенттердің цифрлық құзыреттерін дамытуға, жасанды интеллект құралдарын тиімді әрі жауапты қолдану мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.

Төрт аптаға жоспарланған курс компьютерлік ғылымдар зертханасының инженер-зерттеушісі, жасанды интеллект саласында 10-нан астам жоғары цитаталанатын ғылыми жарияланымдардың авторы Самсон Дауит Бекеленің жетекшілігімен өткізілді. Бағдарлама аясында теориялық білім мен практикалық дағдылар үйлестіріліп, қатысушылар жасанды интеллект және машинамен оқыту технологияларының негізгі қағидаларымен жан-жақты танысты.

Оқу барысында студенттер генеративті жасанды интеллект құралдарын қолдану, деректерді жинау және өңдеу тәсілдері, машинамен оқыту алгоритмдерінің жұмыс істеу принциптері, модельдерді талдау және нәтижелерді интерпретациялау мәселелері бойынша білім алды. Сонымен қатар, академиялық адалдық қағидаларына ерекше назар аударылып, жасанды интеллектіні білім беру және ғылыми ортада этикалық тұрғыдан дұрыс пайдалану жолдары талқыланды. Сабақтар интерактивті форматта ұйымдастырылып, нақты практикалық кейстер мен жобалық тапсырмалар арқылы білім алушылардың аналитикалық және зерттеушілік қабілеттерін дамытуға мүмкіндік берді.

Курс қатысушылары жасанды интеллект технологияларының білім беру, ғылым, бизнес, цифрлық индустрия және әлеуметтік салалардағы қолданылу мүмкіндіктерімен танысып, заманауи еңбек нарығында сұранысқа ие базалық кәсіби дағдыларды меңгерді. Практикалық жұмыстар барысында студенттер деректермен жұмыс істеу, модель құру, нәтижелерді талдау және интеллектуалды жүйелерді жобалау бойынша алғашқы тәжірибелерін қалыптастырды.

Бағдарламаның қорытынды кезеңінде курсқа белсенді қатысқан барлық тыңдаушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Сертификаттар қатысушылардың жасанды интеллект және машинамен оқыту бағытындағы білімдерін растаумен қатар, олардың кәсіби дамуына қосымша мүмкіндік береді.

Аталған білім беру бастамасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға да өз үлесін қосты. Атап айтқанда, ТДМ 4 — сапалы білім беруді қамтамасыз ету, ТДМ 9 — инновациялар мен технологиялық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ ТДМ 10 — білім алуда тең мүмкіндіктер қалыптастыру бағыттары қамтылды. Курс барлық студенттер үшін ашық форматта ұйымдастырылып, білімге қолжетімділікті арттыруға бағытталды.

«AI сауаттылығы» қысқа курсы университеттің инновациялық білім беру саясатын жүзеге асырудағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Мұндай бастамалар студенттердің ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыруға, цифрлық трансформация жағдайында бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға және жасанды интеллект технологиялары негізінде тұрақты болашақ қалыптастыруға ықпал етеді.