Жоғары көрсеткіш

21 маусым, 2016

Әлемнің барлық ЖОО үшін білім беру нарығында халықаралық дәрежеде мойындалу мен табысты бәсекеге қабілеттілік уақыт өткен сайын ерекше мәнге ие болып келеді. Жетекші университеттердің дәрежесі ең алдымен халықаралық рейтингтерде анықталады. Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен 2020 жылға дейін Қазақстанның кем дегенде екі жоғары оқу орны әлемнің ең үздік университеттерінің қатарына қосылу міндеті қойылды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аз ғана уақыт ішінде әлемдік білім беру рейтингтерінде қарқынды алға жылжып, халықаралық QS (Ұлыбритания) рейтингінің көрсеткіші бойынша үздік-300 университеттердің қатарына енді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық QS (Ұлыбритания) рейтингіндегі жетістіктері алыс-жақын шетелдердегі көптеген университеттердің қызығушылығын арттырып отыр. Шетелдік әріптестердің ресми іс-сапары соған дәлел. Ресейдің Оңтүстік Орал мемлекеттік университетінің ректоры Александр Шестаковтың басшылығымен келген делегация өкілдері ҚазҰУ-дың нәтижеге бағытталған басқару (НББ) қызметін жоғары бағалады. Аталмыш жүйе негізінде оқытушылар мен қызметкерлердің жұмысын рейтингтік бағалауда таза тәртіп орнатылған. Ол университеттің халықаралық рейтингте жоғары көрсеткішке қол жеткізуіне айтарлықтай әсер етті.

«Біздің мақсатымыз әлі де кең етек жаятын Еуразиялық экономикалық одақ аясында өзара ынтымақтастықты дамыту. Университетпен танысқаннан кейін, ҚазҰУ – Еуропа елдерінде теңдесі жоқ, керемет студенттік орталық пен кампус деп айта аламын. ҚазҰУ феномені, оның саясаты мен ендігі екі жоғары оқу орыны арасындағы мүмкіндіктер мен өзара тиімді әріптестік орнату біздің университеттерді дамытуға бағытталған сәтті қадам», – деді Оңтүстік Орал мемлекеттік университетінің ректоры Александр Шестаков.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов өз кезегінде бірлескен жұмыстың мүмкіндіктері мен бірінші кезекте орындалатын істердің тізімін айқындады. «Еуразиялық экономикалық одақ аясында бүгінде ҚазҰУ 119 келісімшарт негізінде Ресей Федерациясының көптеген жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық қарым-қатынас орнатқан. Келесі жылы «ЭКСПО-2017» көрмесінде «Келешектің энергиясы» басты тақырыптардың бірі болмақ. ҚазҰУ БҰҰ-ның «Академиялық ықпалдастық» бағдарламасының Жаһандық Хабы болғандықтан, аталмыш көрмеде жасыл экономика және қайта қалпына келетін энергия көздері бағытында жасалған бірлескен жобаларды көрсету қоғам үшін өзекті әрі қызықты болады», - деп атап өтті ҚазҰУ ректоры. Кездесу соңында екі жақ «Жылуэнергетика» мамандығы бойынша қосдипломды білім беру бағдарламасы аясында келісімге қол қойды. Сонымен қатар тіл үйрену, соның ішінде қазақ тілі мен ағылшын тілін жетілдіру мақсатында шетелдік студенттермен алмасуға келісіп, бірлескен жаңа жобаларды қолға алу мәселелерін талқылады.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Баспасөз қызметі (727) 377 31 48/49

www. kaznu.kz

Фотолар авторы: Жүнісбеков Марат