Экономика

27 маусым, 2016

Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ: Биыл болашақ баспагерлердің бағы жанады. Мамандық таңдау – адам өміріндегі ең жауапты, толғанысты сәт­тер­дің бірі. Еліміздің мыңдаған мектеп түлектері әдеттегідей биыл да жанарларын жоғары оқу орындарына үмітпен тігіп отыр. «Жүзден озған жүйріктерді» жазбай танып, іркілмей іріктеу үшін ЖОО-ларға қабылдау ережелеріне қажетіне қарай өзгерістер енгізіліп тұрады. Мұның өзі талабы таудай білімпаз, өнерлі жастардың зияткерлік әлеуетін ашып, үлкен өмірге жолдама беруді жеңілдету мақсатынан туындап отыр.  Үстіміздегі жылы «5В042200-Баспа ісі» мамандығын қалаған үміт­керлерді шығармашылық емтихан арқылы қабылдау туралы шешімнің шығуы бұған айқын айғақ.   Осыған орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факуль­тетінің болашақ баспагер-редакторларды баулитын баспагерлік-редакторлық және ди­зай­нерлік өнер кафедрасының меңгеру­шісі, профессор Жетпісбай БЕКБОЛАТ­ҰЛЫНА жолығып, жағымды жаңа­лық­тың жай-жап­сарын әңгімелеп беруді өтінген едік. – Биыл Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің 18 мамырдағы бұйрығы бойынша болашақ баспагерлер оқуға екі шығармашылық емтихан тапсырып түседі. Шығармашылық емтихандарды білікті кәсіби маман-педагогтардан тұратын шы­ғармашылық емтихан комиссиясы қабылдайды. Аталған комиссия емтихандардың объективті өтуін қам­тамасыз етеді. Шығармашылық конкурс екі кезеңде өткізіледі. Бірінші кезеңде үміткерлер шығармашылық жұмыс – еркін тақырыпқа шығарма-эссе жазады, екінші кезеңде ұсынылған мәтінді редакциялап, түзетеді, бұл емтихан ауызша алынады. Шығарма-эссе аудиторияда ұсынылған, әдеби шығармашылық туралы пікір білдіруден бұқаралық ақпарат құралдарының тілдік және стилистикалық ерекшеліктеріне дейін қамтитын үш тақырыптың біреуіне үш сағат уақыт ішінде жазылады. Шығармашылық жұмыстың тақырып үлгілерін шығармашылық конкурсқа жауапты журналистика факультетінің оқытушысы емтихан алдындағы кеңес беру кезінде хабарлайды. Жұмыстар қолжазба нұсқада қабылданады.  Шығарма-эссе мәтінін бағалаудың тақырыптың идеясын ашу, фактілерді орынды да дұрыс пайдалана білу, баяндаудың қисындылығы, дәлел мен тұжырымның иланымдылығы, мәтін композициясының айқындығы, мағыналылығы, баяндаудың жандылығы, бейнелілігі, әсерлілігі, жазба тілдің нормаларын меңгеру, сөздік қордың молдығы мен әртүрлігі, даяр сөз орамдары мен дайын сөз үлгілерінің болмауы сияқты өлшемдері бар.  Шығармада ой-өріс, мәдениет, ойлай білу, білімділік деңгейі, өзіндік еркін пайымдау, авторлық ұстаным айқындылығы, қоғамдық өзекті мәселелерді айқын түсіне алу, аңғарымпаздық, сауаттылық сынды тұлғалық сапа өлшемдері көрініс табуы тиіс. Үміткер шығармасындағы қателердің өлшем шегі мынадай межеде белгіленген: «өте жоғары» баға (25-20 балл) алу үшін өрескел емес еміле, тыныс белгілік немесе грамматикалық, стилистикалық жалпы 7 қатеден; «жоғары» баға (19-15 балл) алу үшін жалпы 9 қатеден аспауы тиіс. «Орташа» баға (14-10 балл) жалпы 11 қатеден аспаған шығармаға қойылады. Ал, «төмен» баға (10 баллдан кем) оқытушы көрсеткен 12 және одан көп емлелік, тыныс белгілік, грамматикалық және стилистикалық сипаттағы өрескел қателерге жол берілген жағдайда қойылады.  Конкурстың екінші кезеңінде талапкерлер берілген мәтінді редакциялап, түзетеді. Сондай-ақ оларға өз көзқарасы мен ұғымын ауызша жеткізу ұсынылады. Жұмыс әр талапкермен жеке, еркін сұхбат түрінде жүргізіледі. Сұрақтар мен жауап бағалары хаттамаға енгізіледі. Бұл кезеңнің негізгі міндеті – талапкердің шығармашылық мүмкіндіктерімен жете танысу, оның кәсіби бағдар деңгейін бағалау, тілдік мәдениетін байқау. Екінші кезеңде қойылатын ең жоғары баға – 25 балл, ең төмен баға – 10 балл.  Үміткер білімін бағалаудың орфоэпия, орфография және пунктуация ережелерін, тіл функцияларын білу, мәтіндегі кемшіліктерді көріп, түзете алу, мәтіннің стильдік бағытын айқындау сияқты өлшемдері бар. Талапкер іріктеу комиссиясына баспа және электронды бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген шығармаларын, аудио-бейнематериалдарын, баспа ісі бойынша шығармашылық конкурстарға қатысқанда алған жүлдесі туралы құжаттарын, мақтау қағаздарын, дипломдар мен куәліктерін, сертификаттарын ұсына алады.  Кафедрада редакциялау және стилистика бойынша республикамызда бірегей ғылыми мектеп қалыптасқан. Бастауында қазақ журналистика теориясының негізін қалаған профессорлар Тауман Амандосов, Абдул-Хамид Мархабаев тұрған бұл саланы факультет деканы, кафедрамыздың байырғы ұстаздарының бірі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сағатбек Медеубектің, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Роза Әбдиеваның, аға оқытушылар Лариса Мухамадиеваның, Дәрмен Смайылдың іргелі еңбектерінсіз көзге елестету қиын.  Кафедра­мыздың оқулық-әдістемелік және ғылыми-зерттеу қызметінің келесі бір сүбелі бөлігі баспа-полиграфия технологиясы және кітап маркетингі болып табылады. Мәскеу полиграфия институтының түлегі, аға оқытушы Бәтіш Омарованың, Ресейдегі Куйбышев баспагерлік-полиграфиялық оқу орнын және Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ техникалық университетін тәмамдаған аға оқытушы, кафедра меңгерушісінің оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы бойынша орынбасары Қарлығаш Мергенбаеваның ғылыми және оқулық-әдістемелік еңбектері отандық полиграфия және баспа экономикасы ғылымының ізашарлары саналады. Кітап маркетингі және логистикасы бойынша Бақыт Әсембаеваның, Ақмөлдір Тілепбергеннің, ізденуші-докторант Нұрлыайым Данаеваның оқу құралдары мен ғылыми мақалалары осы саладағы тұңғыш ізденістер қатарында.  Ұжымыздың ғылыми-зерттеу және оқулық-әдіс­темелік қызметін замана талабына лайықтауда жыл сайын өткізіліп отыратын ғылыми-тәжірибелік конфе­рен­циялардың алатын орны ерекше. Мәселен, биылғы ІІІ Фараби оқулары аясында өткізілетін, Орталық Азияның баспагерлік және дизайнерлік өнеріндегі дәстүр мен жаңашылдық тақырыбына арналған республикалық ғылыми коференцияда түркі әлемінің кітап мәдениеті хақында сөз қозғалды. Кафедраның материалдық-техникалық базасы заман талаптарына сай қайта құрылып, жаңартылу үстінде. Дизайнерлік студиялар, баспагерлік кабинет жабдықталуда. Мұның өзі әрбір студентпен жеке, шығармашылық жағдайда жұмыс істеуге мүмкіндік береді. «Баспа ісі» мамандығы бойынша магистратура жұмыс істейді, докторантура ашу мәселесі қолға алынды. Жуырда Иван Федоров атындағы Мәскеу баспагерлік институтымен жасалған келісім-шарттар да өрісімізді ұлғайта түсті. Келісім-шартқа сәйкес біздің студенттеріміз Мәскеуде оқып, халықаралық дәрежедегі қос құжатты – Ресей және Қазақстан дипломдарын иелене алады. Халықаралық қа­рым-қатынастар іргетасы қалана бастағанын, атап айтқанда өткен жылдың қараша айында аға оқытушы Бейсенбек Серікбай мен екінші курс студенті Тілек Ырысбек аталған оқу орнында әдістемелік тағылымдамадан өтіп, халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесіне қатысып қайтқанын қанағатпен атап өтеміз.   Кафедра ұстаздары бүгінгі студенттің елдің ертеңіне елеңдейтін зерделі азамат болып тәрбие­ленуіне баса көңіл бөліп отыр. Себебі, оларға халықтың рухы, ділі мен тілі сақталатын асыл мұра – кітап тағдыры жүктелген. Біз өз түлектеріміздің уақыт алға қойып отырған міндеттер үдесінен шығатынына кәміл сенімдіміз. 

Жазып алған Рымтай САҒЫМБЕКОВА