Қорғаныс министрі кеңес өткізді.
Бүгін Елбасы - ҚР Тұңғыш Президенті атындағы Ұлттық қорғаныс университетінде ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов әскери оқу орындарының басшылығы және профессорлық-оқытушылық құрамның қатысуымен әскери білімді жетілдіру жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі. Кеңес барысында оқу жылы қорытындыланып қана қоймай, жаңа оқу жылының бағыттары анықталды, сондай-ақ министр әскери білім реформаларының негізгі ережелеріне жеке тоқталып өтті.«Әскери білім - жалпы білім ретінде - тұтас ел үшін, оның қарулы күштері мен әскери қызметшілері үшін жаңа бәсекелестік алаңы. Бүгінде ол тек білікті қызмет үшін ғана емес, берік болып күшею үшін қажет. Жылдамдық пен қарқындылық - бұл ХХІ ғасырдағы зияткерлік революциясының ерекшелігі», - деді
Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов. «Білім беру туралы» ҚР Заңының әскери білім ерекшеліктеріне қатысты бөліміне айтарлықтай өзгерістер енгізілді. 2016 оқу жылында жоғары әскери оқу орындары әскери білімнің ерекшеліктерін ескере отырып кредиттік технология бойынша оқыту жүйесіне өтеді. Осының арқасында академиялық ұтқырлық мәселесі шешіліп, курсанттар Назарбаев университеті, ҚБТУ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және басқа да жетекші азаматтық жоғары оқу орындарының арнайы пәндерін (кибер кеңістікпен байланысты техникалық және басқа) зерделейді. Сондай-ақ оқу жылының басынан бастап білімді бағалау балдық көрсеткіш жүйесі бойынша жүргізіледі, бұл сыбайлас жемқорлықтың орын алуын азайтып, білім алатындардың өз жетістіктеріне сәйкес жеке көрсеткішін құруына мүмкіндік береді. Бұдан өзге, әскери мамандықтарды топтастыру қаралды - жаңаша топтастыруда әскери мамандықтар ауқымы кеңейді. Бұл әскери қызметшілерге запасқа шыққанда азаматтық ортада өзінің кәсіби ерекшеліктерін қолданатын орындар табуына ықпал етеді. Сонымен қатар топтастыру барысында киберқауіпсіздік ауқымында қазіргі кезде талап етілетін мамандықтар қаралды.
Биылғы жылы 10 әскери кафедра ашылады. Әскери кафедралар желісінің артуы қажетті жұмылдыру ресурстар санын қалыптастыруға және әскери-патриоттық тәрбиеге жастарды кеңінен тартуға мүмкіндік береді. Ақтөбеде ашылған әскери-медициналық факультет іс жүзінде қолдану сатысына жақын екенін айта кеткен жөн.«Алдағы жылдары әскери оқу орындарының түлектері үлкен қақтығыстарды шешуге қабілетті және қойылған міндеттерді орындауға дайындығын көрсете отырып, бөлімшелерді басқаратын болады. Бітірушілер жауынгерлік іс-қимылды жүргізуде тосын әдістерді қолдана алуы, киберқауіпке нәтижелі түрде қарсы тұра білуі тиіс. Бітімгершілік қызмет әскери іс-қимылдың бір түрі болып қалыптасып келеді. Сондықтан болашақ әскери қызметшілерге тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету операцияларын жүргізу және гуманитарлық көмек көрсету бойынша білім беру қажет», - деп атап өтті қорғаныс ведомствосының басшысы. Аталған кеңесте Т. Бигелдинов атындағы «Жас Ұлан» республикалық мектебінің бастығы полковник Атығай Балғабеков, ҚМ Кадет корпусының бастығы полковник Талғат Баудинов, Құрлық әскерлері әскери институтының бастығы генерал-майор Василий Рысбаев сөз сөйледі.
ҚазАқпарат