Зұлқайыр Аймұхаметұлы 1948 жылы 26 маусымда қазіргі Алматы облысы, Сарқанд елді мекенінде дүниеге келген. 1963 жылы Талғар қаласындағы орта мектепті бітіргеннен кейін, сол жылы өзі қалаған С.Киров атындағы мемлекеттік университеттің химия факультетіне қабылданады. Студенттік жылдарында Одаққа танымал болған химия саласының майталмандары Б.Бірімжанов, М.Козловский, М.Усанович, Д.Сокольский сияқты ғалымдардан лекция тыңдап, білім алған Зұлқайыр ағамыздың да шығар шыңы биік еді.
Зұлқайыр Аймұхаметұлы 1968 жылы университетті бітіргеннен кейін өзі маманданған физикалық химия кафедрасында еңбек жолын жалғастырады. Арасында бір жыл әскерде болып, Отан алдындағы борышын атқарады. 1970 жылы қайта оралып, өзінің физикалық химия кафедрасына аспирантураға түседі. 1973 жылы кандидаттық диссертация қорғап, аспирантураны бітіреді. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дегеніңіз осы болса керек.
Зұлқайыр Аймұхаметұлының ағылшын тілінде еркін сөйлей алатынына таңқалатынмын. Кеңес заманында білім алып, еңбек еткен адамдардың ағылшын тілін біліп, сөйлеген кездерін сирек көретінбіз. Өйткені, КСРО-ның кезінде мектептер мен ЖОО-да жастарға, негізінен, шет тілі ретінде неміс тілінің оқытылғаны мәлім. КСРО-ның жоғары және орта білім беру министрлігі Англияға жыл сайын жас ғалымдарды жіберіп отырады екен. 1980 жылы 250 ізденуші жасты аталған елге іс-сапарға жіберу үшін іріктеу жұмысын жүргізеді. Мәскеу Мемлекеттік университетінің демалыс үйінде бір ай ағылшын тілі мен аймақтану курсын тыңдаған Зұлқайыр ағамыз курс соңынан тапсырылатын емтихандардан сүрінбей өтіп, Англияға баратындардың қатарынан табылады. Осылайша ол кісі 1981 жылдың 13 қаңтары мен 1982 жылдың 23 қаңтары аралығында Ұлыбританиядағы Эссек университетінде алдымен тілдік курстан, содан кейін Лондон университетінің химия және биохимия технологиясы кафедрасында ғылыми тағылымдамадан өтеді. Тағылымдама барысында Шеффилд, Лидс, Эдинбург, Саутхемптон қалаларында болып, сол елдің Г.Диксон-Льюис, Феликс Вейнберг сияқты ғалымдарының зертханалық жұмыстарымен танысады. Өзінің ізденіп жүрген саласы бойынша көп тәжірибе жинақтаған ғалым тек ағылшын тілін ғана игеріп қоймай, терең теориялық білімді де меңгереді. Курстың аяқталар тұсында профессор Шеффилдтің кеңесімен «Профили составов в предварительно перемешанных пламенах» тақырыбында жасаған баяндамасы шет ел ғалымдарының үлкен қызығушылығын туғызады.
1990 жылы «Неизотермические холодные пламена углеводородов» тақырыбында докторлық диссертация жұмысын қорғауы да қызықты оқиғаларға толы. Докторлық диссертацияны Мәскеуде қорғайық деген ғылыми кеңесшісінің сөзін тыңдамай, Украинадағы Черноголовск қаласында орналасқан КСРО Ғылым академиясының Құрылымдық макрокинетика институтында қорғауды жөн көреді. Қорғалатын докторлық диссертацияның авторефератымен танысқан Докторлық кеңес мүшелерінің ескертулеріне жеке-жеке жауап берген ғалым аталған мәселе төңірегінде өзіндік көзқарасын білдіреді. Сол кезде Георгий Иванович Ксандопуло «Зұлқайыр, сен тым болмаса кейбір ескертулермен келіссеңші» деп жуып-шаймақшы болады. Ақыр соңында Докторлық кеңес төрағасы А.Мержанов «докторлық жұмысты жазу барысында үлкен көлемдегі эксприментальды жұмыс атқарылған, теоретик ғалымдарға жақсы материалдар болып табылатын жаңа мәліметтерге қол жеткізілген» деген бағасын береді.
Кеңес одағы тарағаннан кейін тәуелсіз, егемен Қазақстанда тұңғыш Жану мәселесі институтын құрған ғылыми ұжым еліміздің экономикалық дағдарысқа ұшырауына қарамастан, өз зерттеулерін кең ауқымда жалғастыра берді. 1992 жылы Зұлқайыр Аймұхаметұлы Мансұров 1971 — 1991 жылдар аралығында «Фундаментальные исследования химических основ процессов горения» тақырыбында жарық көрген еңбектердің негізінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері атанады.
Тәуелсіздік алғаннан кейін Зұлқайыр ағамыз басқаратын ЖМИ нарықтық заманның талабына сәйкес, шетелдік гранттармен жұмыс істей бастайды. Алғаш, 1993 жылы Сорос қорының қаржысымен жұмыс бастаған институт кейіннен DAAD (Бонн, Германия, 1995, 2003 және 2006), Ливермор зертханасы (АҚШ, 1997), ІNTAS (2001, 2002) және МНТЦ (2002) сияқты қорлармен, сондай-ақ, зерттеу институттарымен бірлескен жобаларды жүзеге асырады.
Халықаралық QS рейтингілік орталығының 2015 жылғы қорытындысы бойынша академик Ғ.Мұтановтың басшылығымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әлемдегі озық 800 университеттің ішінде 275-орынды иеленді. Осынау рейтинг орталығының негізгі критерийлері қатарына Tomson Reuters және Skopus базасы кіретін жоғары рейтингтік журналдарында университет ғалымдарының еңбектерін жариялау мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Осы жағынан алғанда Зұлқайыр Аймұхаметұлының ауыз толтырып айтатындай жағдайы да баршылық. Соның бірі ретінде ғалым ағамыздың редакторлығымен елімізде тұңғыш рет ағылшын тілінде басылып шығатын «Eurasіan Chemіco-Technologіcal Journal» химия-технологиялық журналын атап өтуге болады. 1999 жылы бірінші нөмірі басылып шыққан журнал туралы ҚР Президенті Н.Назарбаев «Құрметті ғылыми қауым мүшелері! «Eurasіan Chemіco-Technologіcal Journal» жаңа басылымының шығуына орай менің құттықтауымды қабыл алыңыздар. Мен жаңа басылымның Азия, Еуропа мен әлемнің өзге елдері ғалымдарының арасындағы ғылыми байланыстардың артуында маңызды орын атқаратындығына сенімім мол», – деп атап өткен болатын.
Бүгінде Зұлқайыр Аймұхаметұлының есімі химия және физика саласы ғалымдарының арасында кеңінен танымал. Ғалым 1996 жылы Брюссель қаласында орналасқан халықаралық ІNTAS ұйымының Ғылыми кеңесінің мүшесі ретінде үш жыл жұмыс атқарды. Соңғы 20 жылда ғалым Ұлыбритания, Германия, Италия, Польша, Түркия, ҚХР, Бельгия, Тайвань, АҚШ, Канада сияқты дамыған елдердің университеттерінде өзінің зерттеп жүрген мәселесі бойынша дәрістер оқып, ел даңқын асқақтатып жүр. Зұлқайыр Аймұхаметұлы басқаратын Жану мәселесі институтының ғылыми саладағы жеткен жетістіктерін әлемнің дамыған елдері кеңінен пайдалануда. Сондай патенттердің бірін Жапония мемлекеті сатып алғандығы туралы еліміздің баспасөз орындары жарыса жазғаны мәлім.
Мен төрағасы болып табылатын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподақ ұйымының жұмысы да Зұлқайыр ағамыздың қоғамдық жұмысымен тығыз байланысты. Олай дейтінім, университетімізде ардагер-ұстаздарымызға деген құрмет ерекше жолға қойылған. Осы жерде университет ректоры, ҰҒА-ның академигі Ғалымқайыр Мұтанұлының да еңбегін атап өткен жөн. Ол кісінің ұйымдастыруымен университетімізде ҚазҰУ-дің Ақсақалдар кеңесі жұмыс істейді. Кеңеске мүше ретінде университет қабырғасында ұзақ жылдар қызмет жасаған соғыс және еңбек ардагерлері тағайындалған. Бүгінде құрамында жасы 97-ге келген соғыс ардагерлері – Ғаббас Жұматов пен Уахит Шалекенов ағаларымыз бар. Кеңеске ҚР ҰҒА-ның академигі Сұлтан Сартайұлы басшылық етсе, орынбасарлық қызметті Зұлқайыр Аймұхаметұлы атқарады. Қазір Ақсақалдар кеңесі үлкен істі қолға алып, «Өнегелі өмір» айдарымен университетте жұмыс істеген ғалымдар мен ардагерлердің өмірі мен қызметіне, жалпы еңбектеріне арналған 81 томдық кітапты жарыққа шығарды.
Қазақта «Тереңнен тартқан тектілік» деген сөз бар. Зұлқайыр Аймұхаметұлының шыққан тегінен де тектілікті тануға болады. Ол өзінің ата-анасы жайлы: «Әкем Аймұхамет Көпежанұлы – Ұлы Отан соғысының ардагері, майдандағы ерлігі үшін бірнеше орден-медальдармен марапатталған. Соғыстан оралған соң отыз жылдан аса Талдықорған және Алматы облыстарында ірі аудандық партия ұйымдарын басқарған. Аймақтың экономикасы мен мәдениеті һәм білім беру салаларының дамуына сүбелі үлес қосты. Анам Мәкен Тұрсынбекқызы – жеті баланы дүниеге алып келген ардақты жан. Ата-анамыз бізге отбасын, әулетті, сондай-ақ, Отанды құрметтеуді үнемі есімізге салып отыратын, сонымен бірге сабақты жақсы оқуымызды, еңбек етуімізді, қиындықтарға мойымауды талап ететін. Әкеміз де, шешеміз де нағыз еңбекқор адамдар болатын. Осы жағынан алғанда ата-анамыз бізге өмір бойы үлгі болып өткен еді», – деп жазады өз естелігінде.
Ұзақ жылдар кеңестік партия саласында қызмет еткен Аймұхамет атамыздың балаларына берген тәлім-тәрбиесі де мол болғаны байқалады. Ол кісі жайлы ағамыз «Әкем қабылдауыңа келген адам кіре берісте көп тосып қалмасын» деп айтқанын еске алатын. Зұлқайыр Аймұхаметұлымен үзеңгілес болып, проректордың көмекшісі қызметін атқарған кезімде қабылдауында ұзақ отырып қалған бірде-бір адамды көрген емеспін. Жұмысының көптігіне қарамастан қабылдауына келіп отырған адамның бұйымтайын тыңдап, мүмкіндігінше шаруасын шешіп беруге тырысатын. Бұл әке тәлім-тәрбиесін көңіліне тоқығандығының белгісі деп білем.
Зұлқайыр Аймұхаметұлының бір туған бауырлары – әпкесі – Бахытгүл, інілері – Тайыр, Бәкір, Қайыр, қарындастары – Гүлнафис, Гүлнар. Бұлар да – текті әулеттің ұрпақтары ретінде еліміздің дамуына өз үлестерін қосып келе жатқан тұлғалар. Көрнекті қоғам қайраткері Тайыр Мансұров жайлы Зұлқайыр ағамыз: «Әкем зейнетке шығар алдында Алматы облысы, Жамбыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарды. Өзінің жұмысына қатысты қызметтік іс-сапарларға інім Тайырды ертіп апарып жүретін. Бұл жағдай кейіннен Тайырдың мінезінің қалыптасуына үлкен әсерін тигізді. Ол – адамдармен тіл табыса жұмыс істеп, кез-келген мәселенің оң шешілуіне ықпал ете білетін адам. Інімнің бұл қасиеті оның атқарған барлық жауапты қызметтерінде көрініп тұратын» деп мақтанышпен айтқанына куә болғам. Тайыр Аймұхаметұлы Кеңес одағы тұсында комсомол, партия саласында жауапты қызметтер атқарса, бүгінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Оның Солтүстік Қазақстан облысының әкімі, Еуразиялық Экономикалық қауымдастықтың Бас хатшысы қызметтерінде жүріп, еліміздің өсіп-өркендеуіне ерен еңбек сіңіргені белгілі. Ол кісі, сондай-ақ Мәскеудегі «Қазақстан» Даму қорының президенті, Ресей мен Финляндиядағы Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі, ҚР Президентінің кеңесшісі қызметтерін де атқарды.
Бәкір Аймұхаметұлы – Қазақстанның алғашқы ЖОО-ның бірі – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, өз саласының майталманы, елімізге танымал азамат.
Ал Қайыр Аймұхаметұлы ағамыз енді ғана өмірдің биік асуларын бағындырып, еліне, жұртына қызмет ете бастаған тұсында (52 жасында) сұм ажалдың арамыздан алып кеткендігі ағамыздың отбасын ғана емес, олардың жанашырлары мен тілеулестерінің де өзегін өртеді. Талай жауапты қызметтер атқарды. Ресейдің ең ірі әуе компанияларының бірі — «Трансаэроның» Қазақстандағы өкілі болатын. Талантты да талапты Қайыр Аймұхаметұлына арнап ағалары Зұлқайыр мен Тайыр Мансұровтар «Каир Мансуров – Прерванный полет» атты монография құрастырып, 2012 жылы басып шығарды. Бұл – жақсы көрген інілеріне деген үлкен құрмет еді.
Зұлқайыр ағамыздың әпкесі Бахыткүл апайымыз да зейнеткерлікке шығып, немере-шөбере сүйіп, тәрбиелеп жатқан жайы бар. Ал қарындастары Гүлнафис пен Гүлнарға келер болсақ, Гүлнафис Аймұхаметқызы кезінде Алматы қаласы бойынша заң саласындағы үлкен мекеменің басшысы қызметін атқарып, полковник дәрежесіне дейін көтерілді. Мұндай жетістікке қазақ қыздарының барлығы бірдей жете бермесе керек. Қазіргі уақытта Гүлнафис апай заңды демалысқа шығып, еңбегінің зейнетін көруде. Гүлнар Мансұрова – Алматы қаласының үлкен бір аудандық әкімшілігінде қызмет атқарып, шаһарымыздың дамып-өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген асыл жандардың бірі.
Адамның қызметте белгілі бір жетістікке жетуі оның отбасылық жағдайымен тығыз байланысты болатыны белгілі. Осы жерде Зұлқайыр Аймұхаметұлының жары, көрнекті ғалым, химия ғылымдарының докторы, профессор Раушан Мағзұмқызы жайлы да айтып өткенді жөн көріп отырмын. Ағамызбен бір курста оқыған апайымыз 1968 жылы университетті аяқтап, ҚР ҰҒА-да еңбек жолын жалғастырады. Дәл осы жылы ағамызбен отбасын құрғандығын да айта кеткеніміз орынды болар. 1979 жылы кандидаттық диссертациясын, 2001 жылы докторлық диссертациясын қорғап, ағамызға тек жары ғана емес, әріптесі ретінде де қанаттаса жүріп еңбек еткен талантты ғалым еді.
300-ден артық ғылыми еңбектер, 17 куәлік пен патенттердің авторы болумен қатар, 10-нан аса ғылым кандидаттарын қорғатқан Раушан Мағзұмқызы еліміздің химия саласында өз ізін қалдырған ғалым ретінде есімі ел есінде мәңгі қалатыны анық.
Зұлқайыр Аймұхаметұлы мен Раушан Мағзұмқызы отбасында Қадыр мен Батыр атты екі ұл тәрбиелеп, өсірді. Өкінішке қарай, үлкен ұлы Қадыр Мәскеу физика-техникалық институтының молекулярлық және химиялық физика факультетін үздік дипломмен бітіріп, елге оралар сәтінде қазаға ұшырады. «Әке көрген оқ жонар…» дегендей, ағамыздың жолын қуар азамат болар ма еді?! «Жазмыштан озмыш жоқ» деген осы да.
Ағамыздың кіші ұлы Батыр да университетіміздің физика факультетін бітіріп, қара шаңырақта қызмет етіп келеді. Батыр Зұлқайырұлы – «Eurasіan Chemіco-Technologіcal Journal» журналының шығуына, шетелдік ғалымдармен хат алмасу, рецензия жазу, тіпті, басылымның жоғары сапада көркемделуіне сүбелі үлес қосып келе жатқан жас ғалым. Батырдың зайыбы Мәдина – механика-математика факультетінің доценті. Батыр мен Мәдинадан тараған немерелері Беназир мен Нұр-Қадыр — Мансұровтар әулетінің үлкен қуаныштары. Жаратушы Жаппар Ие көп көрмегей.
Зұлқайыр Аймұхаметұлындай ағаларды ардақ тұту – қасиетті парыз. Себебі, олар – саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған адамдар. Олардың өмір жолы – нағыз майталман маманның, ғұлама ғалымның, ұлағатты ұстаздың, абзал әкенің, еліміздің ардақты азаматының өнегелі жолы.
Талғат МЕКЕБАЕВ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағының төрағасы.