Егемен Қазақстан

19 шілде, 2016

2016 жыл «Ұлт Жос­пары – қазақстандық ар­ман­ға бастайтын жол» атты Елбасы ба­ғ­­дары­­нан бас­тау алды. Онда Президент еліміз Тәуел­сіздіктің 25 жылды­ғына қадам баса отырып, «Қазақстан-2050» Стра­тегиясының негізгі мақсаты мен «бес институттық реформаны жүзеге асырудың 100 нақ­ты қадамымен» тең саналатын қазақстандық арманды құруға бет алғанымыз туралы атап өтті. Президенттің бастамасы сарапшылар қауым­дас­тығы ортасында ерекше қызығушылық тудырды.

Осы бағдарламаның әлеуметтік негізі неде? Білім мен ғылым Қазақстанның жаңғыру үрдісі шарттарында қандай орынға ие болуы керек? Қазақстан дамуының жаңа парадигмалары қандай? Осы мәселелерді біз әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының меңгерушісі, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Гүлмира ӘБДІРАЙЫМОВАМЕН талқылаймыз.

– Гүлмира Серікқызы, аталмыш бағдарламада Президент еліміздің 25 жылдық тәуелсіздігі тарихы шеңберінде жүргізілген рефор­маларға баға береді. Сіз реформалар бағдарламасы мен олардың идео­ло­гиялық тұғырнамасын қалай бағалар едіңіз?

– Өткенді сараптай келе, Елбасының әлеуметтік-инженерлік жобаны жүзеге асыру жолдарының стратегиялық тұр­ғы­дан нақты есептелгені мен саяси сәт­ті­лігін бағаламау мүмкін емес: реформалар көлемі бойынша да, тереңдігі бойынша да нығайды. Өткен жылы реформаларды жан-жақты тереңдетуге бағытталған негізгі міндеттер айқын­дал­ды, жол картасы мен оны жүзеге асырудың жоспары қабылданды. Эко­но­миканы, саясатты, мәдениет пен қоғам­ды сатылай жаңғырту секілді алға қойылған негізгі мақсаттарды жү­зеге асыру «Мемлекет құрудың 100 нақты қадамын» қарқынды іске асырумен байланысты. Еліміздің дамыған 30 елдің қатарына қосылуын жеделдету жолында мемлекет пен мемлекеттік басқарудың тиімді мүмкіндіктерін нығайту секілді алдымызға негізгі мақ­сат қойылған. Аталмыш мақсатқа жету жолында жаңа бағытты ұстану уақыты келді. 24 жыл өтті, негізгі реформалар өткеннің еншісінде, енді алдағы саясат – жауапкершілік пен жан-жақты талдауға негізделе отырып, оларды жүзеге асыру ісі. Барлық күш­тер­ді жұмылдыру мақсатымен Елбасы мем­лекетті кәсібилендіру, инвестициялық тартымды елге айналу және ғылымды қажет ететін экономиканы құру іспеттес мәселелерді шешу үшін реформалар­ды жан-жақты тереңдетуге ерекше назар ауда­рады.

Ұлт Жоспары – әрбір қазақстан­дық­тың өзіндік жауапкершілігін сезінуі мен өзіне жүктелген міндеттемелерді орындау маңыздылығын түсінуінің жаңа интел­лектуалдық ойлау деңгейі. Қазіргі әлемдік саяси тәжірибеде бұл сынды идеологиялық бағдарламалар стратегиялық жобалау мен болжаудың инновациялық парадигмасына негіз­делген құнды құжаттар болып табылады.

– Көптеген сарапшылар, сондай-ақ, шетелдік мамандар біздің Президент ұсынған бағдарламаның өміршең сипаты мен уақыттылығын атап көрсетеді. Жаһандық экономикалық дағдарыс жағдайында біз қандай шараларды жүзеге асыруымыз керек?

– Атқарылатын шаралардың орны мен уақытын дұрыс таңдау – Президент бағдарламасының ай­рық­­­ша сипаттарының бірі. Эконо­ми­­ка­­мен қатар, саясатқа әсер еткен жаһандық дағдарыс уақытында елі­мізде өзгертулерді нығайту оңайға түспейтіні анық. Елбасының сыртқы инвестициялардың жаңа көздерін тарту бастамасы да осымен анықталған. Егер Сингапур «ғажайыбының» тарихына көз жүгіртсек, оның туындауы­ның бірнеше буындарын атап өтуге болады: біріншіден, экономикада әлемдік нарықта бәсекелестікке қабілетті болу­ға баса назар аударылды, Сингапурға амери­калық және өзге де трансұлттық шетел­дік компаниялардың келуі мемлекет эко­но­­микасының гүлденуіне алып келді. Үкімет қуатты деп тапқан отандық және шетелдік кәсіпорындарды салықтан босатуы аталған елдің бизнес үшін қолайлы болуына және қара­пайым азаматтардың кәсіпке ұм­тылуына жол ашты. Бұл өз кезегінде инфрақұрылымды дамытуға үлкен үлес қосты. Екіншіден, мәдениеттер алуан­дығы идеясы мемлекетте әртүрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-бірімен толеранттылық қарым-қатынаста өмір сүрулеріне мүмкіндік берді.

Жаңа мемлекеттің ұлттық идея­сы – барлық азаматтарға заң мен әділеттік қағидалары аясында молшылықта өмір сүру ұмтылыстарын жүзеге асыруға мүм­кіндіктер беретін оңтайлы прагматизм. «Әлем бізді асырауға міндетті емес», деген Ли Куан Юдің танымал сөзі ең жоғары әлеуметтік стандарттар бойынша өмір сүретін қоғамның құры­луына алып келді.

Алда атқарылар жауапты жұмыстар көп. Мемлекетіміз қазіргі кезде «эко­но­м­икалық жаһандану жедел жүріп жатқан» және «халықаралық бәсеке­лестіктің күшейген» шарттарымен сипатталатын «жаңа жаһан­дық кеңістікте». Әлемдік тәртіптің жаңа моделін құру қажеттілігі заман талабына айнал­ды. Қазақстан қарқынды даму жолында қажетті шараларды қабылдай отырып, құрылымдық қауіптерге төтеп бере ал­ды, нәтижесінде жаңа жетістіктерге қол жеткіздік. Болашақта Президент бас­тамасымен даму, реформалау мен ашық­тық саясатын әрі қарай дамыту әрқай­сымыздың азаматтық міндетіміз іспеттес.

– Елбасы маңызды реформалардың бірі ретінде атап өткен мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру туралы сіздің ойыңыз қандай?

– Әлемдегі заманауи трендтер мен жаңалықтар мемлекеттік бас­қару аппаратын өзгертуді талап етеді. Кәсі­би­лендіру мәселесі, әрине, бар­лық деңгейлер үшін маңызды, әсіресе, бас­­қару тиімділігі мен нақтылы­ғы­на негіз­делген, мемлекет­тік бас­қару қыз­метінде ерекше мәнге ие. Мем­лекет­тік қызмет, бірінші кезекте, қоғам мүд­десіне, әлеуметтік тұрақ­тылықты, қауіпсіздікті және эконо­ми­ка­ның дамуы үшін қажетті барлық инфра­­құрылымның тиімді қызмет етуін қамтамасыз етуге бағытталған.

Әлбетте, бұл жоғары мәдениетті, заманауи білімі мен кәсіби құзырет­тіліктері бар, прогрессивті және креа­тивті ойлауға қабілетті, ал ең бастысы, мемлекеттің тұрақты дамуы үшін өз жауапкершілігін сезіне алатын сапалы мамандарды талап етеді.

2015 жылы Қазақстан жастарының арасында жүргізілген сауалнама мәлі­мет­тері бойынша соңғы жылдары мем­­лекеттік шенеуніктің мансабына ұм­тылатын жас­тар санының көбей­­генін көрсетіп отыр. Жастардың 30%-ы мем­лекеттік қызметті сәтті мансап құрудың тартымды жолы ретінде қарастырады. Ал 2012 жылы бұл көрсеткіш 17 пайызды құраған болатын. Үлкен ұлттық компаниялар пен корпорацияларда жұмыс істеуді қалайтындардың саны өзгермеген (22%). Жастар қалайтын салалардың тізімінде бірінші орында қаржы және банк жүйесі (37%) тұр. Жастардың 10%-ы ғана білім беру жүйесінде жұмыс істеу ниетін білдірді. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметке шағын қала жас­тары­ның ұмтылыстары ірі мегаполис жас­тарымен салыстырғанда басым екендігін атап өтелік.

– Кез келген мемлекеттің бә­се­ке­лестікке қабілеттілігі адам капиталының даму деңгейімен анық­талады. Сіздің пікіріңіз бойынша, Қазақстанның жаңғыру үрдістерінде білім мен ғылым қандай орынға ие болуы керек?

– Әрине, кез келген мемлекет өзінің бәсекелестікке қабілеттілігі мен әлемдік аренада өзіндік рөлін сақтап қалуы үшін жауапты. Мемлекеттің бәсекелестік­ке қабілеттілігі әлеуметтік саясаттың қуат­ты­лығымен, денсаулық деңгейімен, сондай-ақ, білім мен ғылымның даму көрсеткішімен анықталады. Бұл мәнде, барлық бағдарламалық құжаттар әлеу­меттік сипатқа ие болады. Елбасы ұсынған шаралар әлеуметтік саланың сапалық деңгейін жетілдіруге және халық­тың әлеуметтік әл-ауқатын жоға­ры­латуға бағыт­талады. Жаңа әлеу­мет­тік саясатты құру – қазіргі уақыт­тың негізгі мәселесі бо­лып қала бермек.

Әлемнің барлық дамыған елдерінде білім мен ғылым институттарының даму деңгейі оның стратегиялық басым­дық­тарын анықтайды. 2010 жылдың өзінде Президент Н.Назарбаев білім саласына нақты міндет жүктеген болатын. 2020 жылға қарай Қазақстанның екі университеті әлемдік жоғары оқу орын­дарының топ-200 тізімінде бой көтеруі қажет. Бұл стратегиялық тұрғы­дан, уни­вер­ситеттердің – «ұлттық инно­ва­ция­лық жүйе­нің негізі» екендігін растайды.

Осы мақсатқа жету жолындағы біздің университетіміз – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жетістіктерін атап өтпесем болмас. 2015 жылы университет өзінің бәсекелестікке қабілеттілігін әлемдік 800 университеттің ішінде 275-орын алып, қайта дәлелдеді. Бұл тек жай сандар ғана емес. Бұл жетістік – Елбасы атап өткен міндеттерді жүзе­­ге асыру жолында ғалымдардың ин­тел­­лек­туалдық корпорациясының, бір­неше ұрпақ өкілдерінің күнделікті жасаған ерен еңбектерінің жемісі. Стратегиялық жоспардың, яғни «нәти­жеге бағытталған басқару жүйесі» негі­зінде қарапайым, бірақ маңызды қағи­далар жатыр: жетістіктер­ді рей­тинг­­тік бағалау; факультеттер мен кафед­ралар деңгейіндегі өзін-өзі бас­қару; ғылым мен білімде интернациона­л­дану­ды дамыту; халықаралық академия­лық қауымдастыққа кіру мен жаңа бағ­дар­ламалар қабылдау; тұрақты аудит – халықаралық аккредиттік ұйым­дар тарапынан білім сапасын баға­­лау; оқу ісіне тұрақты мониторинг жүр­гізу, студенттер арасында сауалнама жүр­­гізу және жұмыс берушілер мен түлек­­тер арасында кері байланыс орнату жү­йесін құру. Ал ең басты қағи­да – жо­ғары корпоративті мәдениет пен эти­ка негізінде қызмет ететін, бәсе­келес­­­тікке қабілетті кәсіби білім беру мен ғы­лыми қауымдастықты құру. Бұл – біздің ық­палымыз және негізгі артық­шылығымыз.

– Гүлмира Серікқызы, Ұлт Жос­парының басты аспектісі – қуат­ты құн­дылықтық негізге сүйен­ген ашық қоғамды құру. Сіз әлеу­мет­тану­шы ретінде «Мәңгілік Ел» тұжырымдамасының қай тұсына баса назар аударасыз? Жаңа парадигма жас қазақ­стан­дықтардың дүние­таным­дық және рухани құн­ды­лық­тық құрылы­мы­ның қалып­тасуы­на қалай әсер етеді?

– Қазақстандық қоғамның әлеуметтік жобалануы мен жаңғыру үрдістері туралы сөз қозғағанда, әрине, біз еліміздің тарихи өткені мен жаңа ұрпаққа мұра етіп қалдыратын, олардың бойына сіңі­ре­тін дәстүрлі құнды­лық­тарымызды әрқа­шан ұмытпауымыз қажет. Осы тұс­та Пре­зиденттің «Мәңгілік Ел» және Жал­пыға Ортақ Еңбек Қоғамы сын­ды идея­ларын азаматтық бірегейлік пен рухани құндылықтық негіздерінің қалыптасуы мен қазақстандық қоғамда бірлік пен келісімнің орын алуы үшін үлкен маңызға ие екендігін атап өтуіміз қажет.

«Мәңгілік Ел» – азаматтылық, ең­бек­­сүйгіштік, толеранттылық, пат­риот­­тық, намысқорлық, теңдік, ғылым мен білім культі сынды құнды­лық­тар­ды айқындай­тын ұлттық ойлау негізімен қалыптасқан реформа. Қазақ­стан жастарының арасында жүргі­зіл­ген зерттеулер жас ұлдарымыз бен қыз­дарымыздың 84%-ы өзін «қазақ­стандық» деп сәйкестендіретінін көрсетті. Алынған нәтижелер Қазақ­стан­да негізгі құндылықтарға сүйене отырып, пат­риоттық сезімдегі азамат­тық ұлтты қа­лыпт­астыру бастауларын жүзеге асыру мүм­кін­дік­терінің ауқым­дылығын қайта дәлелдеді.

Әлеуметтанулық зерттеулер жас қазақ­стандықтардың құндылықтық құры­лымындағы барлық өзгерістеріне өте сезімтал. Зерттеу нәтижелері бойын­ша, қазақстандық жастардың құн­ды­лық­тық бағдарларында едәуір өзгеріс­тер орын алғанын көре аламыз. 14-29 жас ара­лы­ғындағы жас ұрпақ бірінші кезекте соңғы жылдардағы әлеуметтік өзгерістердің «жемісі» болып табылады. 2015 жылы жас­тарды зерттеуге бағытталған сауалнамалар нәтижесінен мысалдар келтірейік. Өзін «өте бақытты» және «жеткілікті деңгейде бақытты» деп санайтын жастардың саны 84,2%. Өздерін бақытсыз санайтын жастардың үлесі бір пайыздан төмен. 6,1% респондент аталған сұраққа жауап беруге қиналды.

Зерттеу барысында жастардың отба­с­ылық құндылықтарды алға қояты­ны анықталды: сауалнамаға қатысу­шы­лардың көп бөлігі үшін «берік отбасы – тұлғалық сәттіліктің басты көрсеткіші» ретінде бірінші орында тұр. Сонымен бірге, басым қазақстандықтар үшін өмірдің негізгі мәні өз еліне, отбасы мен жақындарына қызмет ету болып табылады.

Негізінен, Қазақстан жастары елдің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын арттыруды қолдайтыны белгілі болды. Зерттеу нәтижелері материалдық игіліктерден қол үзіп қалу қорқынышы жас ұрпақтың негізгі көшбасшы үш қорқынышының қатарына кіретіндігі анықталды. Жас ерекшелігі бо­йынша аталған қорқыныш жас ұлғая келе арта түсетіні белгілі болды (14-19 жаста – 37,30%, 20-24 жаста – 41,50% және 25-29 жаста – 52,10%).

Отанның өткені мен бүгінін бағалау ұлттық және азаматтық бірегейліктің мәні болып табылады. Өмір өзгереді, уақыт өте келе тарих парақтары түрліше сарапталып, бағалана бермек. Өзінің ел өміріне қатыстылығын сезіну, өзін елімен сәйкестендіру, өз елінің бүгіні мен ертеңін мақтан тұту патриотизмнің негізгі құраушысы болып табылады. Жастардың 82,1%-ы өз елінің тарихын мақтан тұтады, жастардың тең жартысы Қазақстанда туып-өскеніне шексіз қуанышты екендіктерін айтады. Жас қазақстандықтардың 87%-ы «өз елін өте жақсы көретіндігін және өз елінің тарихи мұраларын білетіндігін, оны есте сақтап қастерлейтіндігін» айтады.

Қорыта келе, Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – қазақ­стандық арманға бастайтын жол» бағ­дарламасы жаңашыл ойларға, жаһан­­дық экономикалық кеңістіктегі өзгерістер­ді саралаудың заманауи әдісте­мелік бағыттарына қаныққан құнды құжат екен­дігін айтқым келеді. Білуімше, ең бас­тысы, Қазақстанның бүгіні мен тарихи өткенінің жаңаша өлшеміне қадам баса отырып, елімізде ойлаудың жаңа дискурсы мен дамуының жаңа парадигмасын қалыптастыру жалпықазақстандық мақсат болмақ.

Әңгімелескен
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ