Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті агробиостанциясында Алматы облысы әкімі Амандық Батолов Ұлттық университет басшылығымен және Донгук университетінің (DKU, Оңтүстік Корея) өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында Қазақстанда тұқымдық картоп пен құлпынайды өсірудің жаңа әдістерін қолдану мәселелері талқыланды.
ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов оңтүстік кореялық серіктестермен нәтижелі жұмыс жасауға болатындығын ерекше атап өтті. Ұлттық университетте бүгінде Samsung инновациалық академиясы жұмыс жасайды, қайта қалпына келетін энергия көзіне көшу, сонымен қатар Ёнсе университетімен бірге медициналық кластер құру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
«Өсімдіктерді дәстүрлі түрде топырақта өсіру қоршаған ортаға айтарлықтай зиян келтіреді. Құлпынай мен тұқымдық картопты қоректік ерітіндіде өсіру арқылы оларды вирустық зақымданудан қорғап, көп өнім алуға мүмкіндік бар. Аталмыш жоба Канада мен Ресейде апробациядан өтіп үлгерді», – деп атап өтті ауылшаруашылық ғылымдарының профессоры Чонг Хён-Бок.
Картоп пен құлпынай өсірудің жаңа технологиясы LED электро-лампасын, құрамында вермикулит пен какос талшықтары бар жасанды қатты топырақты, тоқылған қопсытқыш пен су жылу жүйесін пайдалану негізінде құрастырылған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ биология және биотехнология факультетінің биология ғылымдарының докторы Кенже-Кәрім Богуспаевтің айтуынша вермикулитті құрылыста қолданады, тау-кен жынысы өсімдік өсіру шаруашылығында топырақтың бетін жабу мен топырақ арасына ауа жіберуде, сонымен қатар топырақты тыңайтуда субстрат ретінде де кеңінен қолданылады. Және гидропоникада, өсімдіктерді топырақсыз, жасанды қоректендіргіш ортада өсіру барысында таптырмас құрал болып табылады.
Құлпынай мен тұқымдық картопты аталмыш технологиямен өсіру табиғи жолмен көбеюге мүмкіндік береді. Құлпынайлар гүлдеген кезде аралар арқылы тозаңдану процесі жүреді, сонымен қатар өнімдерді химиялық зарарсыздандырудан сақтайды.
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов алдымен вирустық зақымданудан қорғалған құлпынайдың өскіндері мен картоптың тұқымдарын фермерлерге үлестіру мақсатында бірқатар шаруаларды атқаруды ұсынды. Сонымен қатар, облыс әкімі ҚазҰУ-дың агробиостанциясында жүзеге асып жатқан жобаларды ары қарай дамыту үшін мемлекет меншігіндегі жерлерді қолдануға мүмкіндік беру мәселелерін шешуде облыс әкімдігі қолдау көрсететінін жеткізді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ арқылы бүгінде облыс көлемінде көптеген инновациялық жобалар жүзеге асуда. Алдағы уақытта технологиялық жаңа идеяларды Ұлттық университет арқылы Республика көлеміне тарату жоспарда бар.
Индустриалды-академиялық әріптестік қорының вице-президенті Пан Чанг-Сик алдағы уақытта тәжірибе алмасуға және әріптестікті ары қарай дамытуға дайын екендерін жеткізді. DKU мен ҚазҰУ-дың ашылу тарихы өте ұқсас. Дегенмен DKU профессоры ҚазҰУ-ды «аға университет» деп атады. Себебі DKU Ұлттық университет ашылғаннан кейін он жылдан кейін, 1947 жылы өз жұмысын бастаған.
Кездесу соңында жоғары оқу орындары өкілдері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың екі магистрантын ғылыми-зерттеу бағытындағы тағылымдан өткізу туралы келісім жасады.
Анвар Ушуров
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Баспасөз қызметі
8 (727) 377 31 48/49