Жас та болса Бас
Ғалымқайыр Мұтанұлы Мұтанов Қазақстанның тәуелсіздігі тұсында шыққан ғылымның жас ұрпағының аса көрнекті өкілі. Бүгінгі замандағы техникалық ғылымның нәріне сусындаған, қай саланың болсын проблемаларымен таныс, жан-жақты білімді жас. Ол 1979 жылы «Автоматика және телемеханика» мамандығы бойынша қазақ политехникалық институтын жақсы оқып бітірген. Содан кейінгі тәжірибеден өтуі, аспирантура мен докторантурада оқуы Мәскеуде, Болат және қорытпалар институты, тау-кен университеті сияқты беделді жоғары оқу орындарында өткен. Жасанды интеллект элементтерін пайдалана отырып, технологиялық процестерді, автоматикалық басқарудың теориясы мен практикасын зерттеген. Сол тұстағы одақтық ғылымның өзінде жөнді қарастырылмаған бұл мәселені түбегейлі зерттеген қазақ ғалымы өмірін осыған арнап, диссертацияларын жоғарғы деңгейде қорғап, 36 жасында ғана елге оралған.
Содан кейін ғана өзін тәрбиелеген Қазақстанның жоғары оқу орындарында (Рудный индустриялық институты, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Қазақстанның білім және ғылым министрлігі, Шығыс Қазақстан техникалық университеті, әл-Фараби атындағы Қазақтың ұлттық университеті) басшылық және ғылыми жұмыстар жүргізген. Осылардың барлығының ғылыми потенциалын көтеріп, ұйымдастыру жұмыстарымен бірге білімді кадрлармен толықтыру саласында елеулі өзгерістер жасаған. Қазір осы жоғары оқу орындарында Ғалымнан қалған із, қолының табы қалған. Ол Солтүстік Қазақстан педагогикалық институты мен жоғарғы техникалық колледжді біріктіріп, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін құрды. Аз жылдың ішінде солтүстік аймақтың көрнекті оқу орнына айналды. Сонда істеген жеті жыл ішінде университеттің ғылыми-педагогикалық абыройын көтерді, мамандарын көбейтті, материалдық-техникалық жабдықталуын қамтамасыз етті. Қазір «М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті» деп аталатын республикадағы ең көрнекті жоғары оқу орнының бірі.
1900–1902 жылдары қазақтың атақты жазушылары, осы облыстың туғандары Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің 100 жылдық юбилейлері аталған кезде, сол сөз шеберлерінің өмірі мен шығармашылық қызметі жөнінде ғылыми-теориялық конференциялар ұйымдастыруға қатысып, осы өлкеге барғаным бар еді. Барлық мәдени шаралар университет қабырғасында өтті. Ғылым мен білімге арналған көрмені тамашаладық. Менің таңғалғаным – Солтүстік Қазақстаннан Ғылым академиясының мүшелері көп шыққаны. Біз санап шықтық, корреспондент-мүшелерін қоспағанда, таза 14 академик шығыпты. Бұрын бізде академиктері ең көп өлке Павлодар, Баян маңы деген ұғым қалыптасқан еді. Онымыз бекершілік екен. Ғылым, білім жолында қызмет істеп, өздерінде және басқа облыстарға ауысқан солтүстікқазақстандықтар ғылым саласында салмақты рөл атқарғанын мойындадық.
Осы жолы біз Ғалымқайыр Мұтанұлымен таныстық. Жас жігіт, техника маманы, жаңалық жаршысы – осының бәрі оқу жүйесінде де, көрмелерінде де көрініп тұр. Әкесі қарапайым ауыл мұғалімі екен, сол тойға келіп бізбен амандасып танысты. Отырыстарда қатар отырып, Әлия Сәрсенқызымен (ана ғой) шүйіркелесіп көп сөйлесті. Баласының алғашқы жауапты қызметті атқарып жүргенін айтып, оны апасына тапсырып та қойыпты. «Көп адамды танисыздар, көп жүресіздер, балама көз сала жүр» депті. Әлия Сәрсенқызы соны әрдайым есіне алып, Ғалымды баласындай бауыр тартады. Ғалымқайыр өзі елпілдеген, бойында төрешілдіктің нышаны да жоқ, кімге болса да иіліп сөзін тыңдап, қолма-қол іске асыруға ұмтылып жүрді. Сәбит пен Ғабит тойларын біз екі рет жиналып өткіздік. Соның екеуінде де Ғалымқайыр халқына, ағаларына үлкен ілтипатпен қызмет істеді. Университет территориясында таяуда ғана ақталып, аты қайта шыға бастаған Мағжан Жұмабаевтың бюсті қойылған екен. Оны да құрметтеп, ескерткіштің айналасын тартымды етіп сәндеп қойыпты.
Содан кейінгі кездесулерде Ғалыммен біз ескі таныстарша, ағалы-інілі адамдарша жылы шыраймен табысып жүрдік. Талай рет дәмдес те болдық. Дәмдестік деген қазақтың жақын тартқан, сыйлас болған адамдары аттап өтпейтін ата дәстүрлерінің бірі ғой, сол құрметке біз де бөлендік.
Біз қашан да, қайда жүрсе де Ғалымның жүрген жолына, ғылыми табыстарына көз тігіп отырамыз. Талантты, білімді жас жігіттің еңбекқорлығы басшылардың көзіне түсті. Оны Білім және ғылым министрлігі бірінші орынбасарлығына Елбасы өзі шақырыпты. Жұмыс бабымен талай тапсырмалар беріп орындатты. Петропавлға барған сапарларында Президент әрдайым университетке соғып, Ғалыммен әңгімелесіп кетеді екен.
Кейін Шығыс Қазақстан техникалық университетіне барғаннан кейін де Ғалымның атқарып жүрген жұмыстарын назарынан тыс қалдырған жоқ. «Университет-Технопарк» құрылды. Университет қасынан мектеп оқушылары үшін жас академия ашылды. Жоғары сыныптағы оқушылар үшін арнайы журнал шығарылды, инновация менеджерлері дайындалды. Университет халықаралық инженерлік педагогика орталығына айналып, ЮНЕСКО білім жүйесіндегі информациялық технология институтын ашты.
Университет инициативасымен Шығыс Қазақстанда құрылған Алтай ғылыми-технологиялық паркі лабораторияларында 63 инвестициялық жоба іске асты.
Осы игі жұмыстар мен табыстар университет атын әлемге әйгіледі. Инновациялық жоғары оқу орнын ашқаны үшін оған халықаралық қордың (Женева) алтын медалі табыс етілді. Оның жұмыстарына ұлыбританиялықтар да қатысты. Қазақстанда техникалық ғылым мен білімді өркендетуге сіңірген еңбегі де зор бағаланды. Бір жолы Шығыс Қазақстанға келген Ресей Президенті Д. Медведевті Елбасының сонда алып барғаны бәрінің есінде. Ғалым істеген жеті жылдың ішінде сол университетке үш рет барғаны жайдан-жай емес. Техника ғылымын, ғылым адамын сыйлағанының, қолдағанының белгісі екені даусыз. Кейін Ұлттық университеттер құрылған кезінде Ғалымды Алматы университетіне ұсынған да Елбасы болатын.
Көп адам істеп кеткен, әрқилы «мұра» тастап кеткен жаңа ортада жұмыс істеу оңай болмайтыны түсінікті.
Ғалымға да қазақ университеті оңай «тиген» жоқ. Талай арыздар жазылды, талай хаттар жоғарыға жолданды. Жұмыс стилі таза, адал іске берілген адамның ғылыми еңбектеріне жала жабылып, мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған зерттеу еңбегі бөгеліп қалды. Бірақ әділдік қашан да жеңетіні белгілі ғой. Ғалымның іскер, адал, қарапайым еңбекқорлығы мойындалды. Ғылыми еңбегіне Нобель сыйлығының иегері Д. Нэш жақсы пікір жазды. Оны ғылым саласындағы еңбектерді жариялайтын әлемдегі ең үздік баспа «Шпрингер» жеке кітап («Mathematical Methods and Models in Economic planning, Management and Budgeting») етіп басып шығарды. Бәйге жарысы өтіп кетті, бірақ еңбек пен оның авторы тазарып шықты.
Ғ. Мұтановтың жетекшілігімен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жаңа өрлеуді басынан кешуде. Ол ғылыми-зерттеу университеті болып қайта құрылуда. Халықаралық рейтингте кезекті сатыдан көтеріліп, Орталық Азия аймағы мен Қазақстан жоғары оқу орындары арасында алғашқы болып әлемнің 250 үздік университеті қатарына енді. Бұл жерде осы топқа бұрынғы ТМД елдерінен Мәскеу университетімен екеуі ғана өткенін ескеру артық емес. Рейтинг кезінде менеджмент, басқару жүйесі мен еңбекті рейтингтік бағалау жүргізілді. Шетелдік рейтингілік ғылыми журналдарда жарияланған мақалалардың ішінде әрбір үшінші мақала университет ғалымдарынікі болып шықты. Бұл – дүниежүзілік ғылым нарығындағы бәсекенің жеңісі. Әлемдік экономикалық рейтингте Қазақ университеті 200 таза оқу орнының қатарына кірді.
Осының бәрінде университет жетекшісінің еңбегі бар. Ғалым қазір оннан артық халықаралық академияның мүшесі, 400-ден астам еңбегі жарияланған, оның ішінде 20 монографиясы, оқулығы мен оқу құралдары бар есімі көпке таныс ғалым. Еңбектері Америкада, Чехияда, Швецияда, Германияда, Швейцарияда, тағы басқа көптеген елдерде басылған. 50-ден астам патентке автор.
Ғ. Мұтанов – қазір халықаралық инженерлік педагогика қоғамының, оның Орталық Азия бөлімшесінің және мониторингтік Комитетінің Президенті (Швейцария), ЮНЕСКО қасындағы информациялық технология институтының басқарушы кеңесінің мүшесі (Париж), Техникалық жоғары оқу орнының «Еуропалық дәрежедегі оқытушысы». Қазақстанда алған атақтарының өзі бірсыпыра. Ол «Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы белгісімен», Жоғарғы мектеп халықаралық академиясының, Қазақстан Жаратылыстану ғылымдары академиясының, «Біріккен Еуропа» қоғамының алтын медальдарімен марапатталды. Халықаралық библиографиялық Орталықтың (Кембридж) күміс медалін алды. Оксфорд 2016 жылы математика саласы бойынша оны «Ғылым адамы» деп атаған. Ғылым мен технологиядағы Исеско бәйгесін алды. Франция Академиялық «Пальма бұтағы» орденін, Португалия «Ғылым мен инновациядағы аса көрнекті табыстары үшін» медалін берген.
Ол – халықаралық эконометрикалық қоғамдастықтың, король басқаратын экономикалық қауымдастықтың мүшесі. Спорт шебері, ақын.
Әйдік ғалым, мейірбан баламыз Ғалымның өмірі жарқын, денсаулығы мықты болсын! Ол жас та болса бас боп жүрген үлкен Азаматымыз, мақтанышымыз!
Серік ҚИРАБАЕВ,
ҚР ҰҒА академигі