ҚазҰУ-дың жас ғалымдары ЭКСПО көрмесіне жобаларын ұсынды

24 мамыр, 2017

Астана қаласында 10 маусым күні басталатын ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне 100-ден астам мемлекет қатысады. Қазірдің өзінде көрмені көруге 2 миллионға жуық турист келеді деген үміт бар. «Болашақтың энергиясы» тақырыбында өтетін шара алматылық жас ғалымдарды да қанаттандырып отыр. Қарапайым электр шамын енді сымсыз-ақ жағуға болады. Бұны Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің физико-техникалық факультетінің студенттері Руслан Исаев пен Мағжан Тәшенбай дәлелдеп отыр,- деп хабарлайды 24.kz.

Төрт айдың ішінде олар электр энергиясын сымтемірсіз жеткізу жобасын жасап шығарған. Жігіттер қолданатын генератордың тесла трансформаторына ұқсайтынын айта кеткен жөн.

Мағжан Тәшенбай, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті:

- Электр энергиясын тасымалдаудың тиімді тәсілдерінің бірі электр энергиясын тасымалдаудың резонанстық толқындық әдісі болып табылады. Ол әдістің тиімділігі электр энергиясын тасымалдағандағы шығындарды азайту. Және де электр энергиясын сымсыз тасымалдауға мүмкіншілік бар.

Мөлдір Әбдіхан да өзінің достарымен бірге электр энергиясын үнемдеудің жолын табуды зерттеп жүр. Жас ғалымдардың үш бірдей жобасы елордасы Астана қаласында өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қойылуы мүмкін. Солардың бірі үнемді шам деп аталады.

Мөлдір Әбдіхан, Жоғарғы оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің студенті:

- Маторға қуат беру арқылы біз білікті айналдырамыз. Ал ол білік айналу арқылы генераторға тоқ береді де екі батареяны бірінен кейін бірін қуаттап отырады. Ол батареяның бірін зарядтаған кезде екі лампаға жарық береді де, ал одан тоқ біткен кезде екінші батареяға автоматты түрде ауысады.

Асылбек Серғазин мен Асқар Сағидулданов ойлап тапқан «жел қозғалтқыштары» да экономикалық әрі экологиялық жағынан тиімді болмақ. Желден алынатын энергиямен тұтас қаланы қамтамасыз етуге болады дейді жастар. Болашақ ғалымдардың жасаған жобалары қолданысқа ену үшін байқауға қатысулары керек немесе бизнес инкубаторлардың көмегіне жүгінулері қажет дейді.

Маратбек Ғабдуллин, Ұлттық нанотехнологиялық зертхананың директоры:

- Алдын-ала қаржы бөлініп, зертханалық нұсқасын сынап көреміз. Сынақтан өтсе, қаржыландыру көздері көп. Жуырда Коммерциаландыру туралы заң қабылданды. Заңда өміршең жобаларға қаражат қарастырылған.

Жақында Технопарк студенттерінің жұмыстарымен ЭКСПО-2017 көрмесінің комиссары Рапиль Жошыбаев танысты. Ол бірнеше жобаны ерекше атап өтті. Олардың арасында жел қозғалтқышы, биогаз қондырғысы және электр энергиясын сымсыз жеткізу жұмыстары бар. Рапиль Жошыбаев қазақстандық жастардың жаңалықтары шетелдік студенттердің жобаларынан еш кем емес деген баға берді.

 

24.kz