Санаткер Cерік аға атындағы оқу залы

27 сентября, 2010

25 қыркүйек күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде мәдениет қайраткері, дарынды жазушы-журналист, аудармашы Серік Әбдірайымұлы атындағы оқу залының ашылу салтанаты болып өтті. Оның тұсаукесеріне ҚР қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен жазушылар: ҚР Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Бақытжан Әбдірайымов, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қалижан Әбдірайымов, жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы және т.б. қатысты.

Ашылу салтанатының алғашқы сөзі Журналистика факультетінің деканы Ғалия Ибраеваға берілді. «Осы күнге дейін журналистика факультетінде Т. Амандосов, Қ. Бекхожин, Т. Қожекеев және М. Барманқұлов атына аудитория берілген еді. Бүгін қоғам қайраткері, Д.Қонаевтың өмірін зерттеуге үлкен үлес қосқан зерттеуші Серік Әбдірайымұлының атына оқу залының ашылуына қош келдіңіздер. Осы орайда болашақта аға жолымен жүрер деген ниетпен үздік студенттерімізге арнайы шәкіртақы тағайындалып отыр. Олар біздің сенімімізді ақтайды деп білеміз»,- дейді декан. Астанадан арнайы келген Мырзатай Жолдасбеков ағамыз өз ойын былай тарқатты: «Ойлап отырсам, Серік ағамыз осындай еді деп, жаманымызды жасырып, жақсымызды асырып біз туралы сөйлеу керек еді, енді інісі туралы ағасы сөйлейтін жағдай болып отыр... Ойы да, бойы да биік, адамзатты сүйетін махаббаты өте зор, қарапайым, қайырымды, жасымызға қарамай еркелетіп, «Айналайын, Мырза аға» деуші еді. Өзіңнен жасы кіші адамның бұлай сөйлеуін бұрын естімеген едім. Серіктің туған ортасы, ұясы жақсы... Менің 60-жылдығымда марқұм Алтынбек «аға, сіз туралы кітап жазғалы отырмыз, оны Серікке тапсырдық» дегенде қуанып қалдым, оның атын «Ел тағдыры - ер тағдыры» деп қойған да Серіктің өзі болатын. Мен Серікке сабақ беріп едім. Артында жұрты, халқы, елі бар. Ұрпағы бар. Бақытжан сияқты қанаты бар. Мақтан тұтып отырған баламыз, ініміз. Димекеңнің басына күн туғанда қасынан табылған да Серік еді. Бір жағында Серігі, бір жағында Олжасы жүрді. Димекең туралы жұрт айта алмайтын сөздерді ашық айтып кетті. Осындай оқу залын ашып отырған, басымызды иіп кіретұғын қарашаңыраққа алғысымды білдіремін. Арнайы ас берілгелі де отыр. Ақселеу екеуі егіздің сыңарындай еді. Әрқайсысы сайдың тасындай, арқардың құлжасындай азамат еді». Ақселеу Сейдімбек «Сапа белгісі бар жігіт» деп айтуы берер бағаның орындысы болса керек. «Өтті дәурен осылай» атты Д.Қонаев туралы кітаптың дүниеге келуі де С.Әбдірайымұлының жемісті еңбегінің бірі. Н.Омашев бір сөзінде «әлі күнге дейін бұдан асқан мемуар оқығаным жоқ» дейді. Ал, журналистика факультетінің оқытушысы Абдул-Хамит Мархабаев: «Серік Әбдірайымұлы сабаққа кешікпей, қайта ерте келіп, балалармен араласып, сөйлесіп, аудитория атмосферасын білейін дейтін. Қаламгер қолына қалам ұстағаннан кейін өз объектісін таңдап, өзі де сол объектісіне жетуге талпынады. Өзінің объектісін әдемі таңдап алған, өзі үнемі сондай үлкен фигураларды алатын, Мәдениет пен ғылымдағылар жөнінде әдемі жазған адам» деді.

«Халықта аталы жұрттың басы еді, алтынды ердің қасы еді» деген сөз бар. Сол аталы жұрттың бірегейі, алтынды ердің қасы осы Серік ағамыз. «Санат» баспасының басшысы болған 1991 жылдан соңғы кезіне дейін, ғылымның 32 тарауы бойынша 450-дей еңбек жарыққа шығарды. Серік ағамыз білімді, білікті азамат, жазушы, журналист, көсемсөзші, ұстаз, аудармашы болды... Серік ағамыздың аудармаларын оқығанда қазақ суреткері жазғандай әсерде боласыз. Сөзінде бір кібіртік жоқ, қамырдан қыл суырғандай. Осы университетте 36 жыл сабақ берді. Ұлтымыздың санаткері, қайраткері болды. Болмысы бекзат адам, бұл кісіде нәзіктік деген керемет еді. Аудиториясы құтты болсын, жақсылық пен білімнің, біліктіліктің аудиториясы болсын. Университет басшыларына рахмет. Серік ағамыздың тамыры жеті қат жерге жетсін, Серік ағамыздың бәйтерек бұтағы жеті қат көкті орасын. Серік ағамыздың рухы жасасын», - деген профессор Серік Тілегенге Мырзатай аға «ден қойып кітап жазшы, байқап отырмын, нобайы дайын екен» деп ұсыныс-ақылын айтты.

Оқу залдың ашылу салтанатына келген Бексұлтан Нұржекеұлы: «Секентайды құрметтеу – университеттің өз түлегін құрметтеуі. Ісі мен сөзінде оның алшақтық болмайтын. Асанбай Асқаровтың, Нұрғиса Тілендиевтің, өзі араласқан адамдардың көп қырын ашты. Сол кезде Серік жазбағанда оны кім жазар еді. Сіздер шынымен халыққа қызмет ететін адамдарымызды ұмытпайтындарыңызды көрсетіп отырсыздар. Сіздерге рахмет!»-, деді.

Сондай-ақ, екі қызы мен ұлы да арнайы келіп, Серік Әбдірайымұлы атындағы атаулы шәкіртақыны студенттерге табыс етті. 50000 теңге көлеміндегі шәкіртақы «Баспа ісі және БАҚ дизайны» мамандығының 1-курс магистранты Әйгерім Дәуірбаеваға тапсырылса, 3-курс студенті Олжас Байжанға (ол келесі жылы С.Әбдірайымұлының баспагерлік қызметін дипломдық тақырып етіп алғысы келетінін атап кетті), 4-курс студенті Шапағат Қаратаеваға, журналистика мамандығының 4-курс студенті Мирас Ниятовқа 30000 теңге көлемінде шәкіртақы тапсырылды.